Қазақстанның елордасы Астанаға – ширек ғасыр
06.07.2023 2634

XX ғасырда Қазақстанның астанасы болу құрметі бірнеше қалаға: Орынбор мен Қызылордаға, Алматы және Ақмолаға бұйырған еді. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы 1997 жылға дейін Алматы болғаны да баршаға мәлім. 


Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында астананы Алма­тыдан Ақмолаға көшірудің өткір мәселесі туындады. Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында астананы Алматыдан көшіру идеясы 1992 жылы-ақ ойымызға келгенін жазады. Бірақ ол кезде бұл мәселені көтеру әлі ерте болды, өйткені ел экономикасының әлеуеті мұндай қадамды іске асыруға жетпес  еді [1]. 

Еліміздің сол кездегі  Президентіне, бұл идеяның негізгі бастамашы­сына күмәншіл адамдарды бұл қадамның дұрыстығына, қажет екеніне сендіруге тура келді. Шындығында, астананы жаңа орынға ауыстырудың уәжді негіздемелері бар еді. 

Біріншіден, астананың солтүстікте орналастырылуы геосаяси себептерге байланысты болды: тәуелсіздікті қамтамасыз ету және сақтау мүдделерінде астана елдің географиялық орталығына айналуға тиіс-тін. Н.Ә.Назарбаев «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Қазақстан бұл әрекетімен Солтүстіктің Оңтүстікпен, Шығыстың Батыспен теңқұқылы ынтымақтастығына өзінің ашықтығын жария етер еді», – деп жазды. [2] 

Екіншіден, астананы көшіру қажеттігі елдің индустриялық­инновациялық дамуын нығайту міндеттерінен туындаған болатын. 

Үшіншіден, Алматы ол кезде өз дамуының аумақтық ресурстарын сарқып болған-ды. Қала ары қарай аумағын кеңейте дами алмайтын болды, өйткені оны іс жүзінде барлық жағынан таулар қоршаған. Қала небары 400 мың тұрғынға арналып жобаланған, ал халқының саны XX ғасырдың 90 жылдарының ортасына қарай бір миллион адамнан асып кетті. Оның үстіне, елдің оңтүстік мегаполисін сумен жабдықтау мәселесі де қиындай түсті. 

Төртіншіден, Алматыда экологиялық жағдай айтарлықтай нашар­лап кетті. Қаланың ауасын желдетіп, тазарту қиын болды. Кәріз жүйесі мәселесі де өткір еді. Қаланы ауызсумен және жылумен жабдықтау ісінде қиындықтар пайда болды. Қала маңында заңсыз және бей­берекет құрылыстардың жедел қарқын алуы онсыз да қиын жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі қаупі туды. Сейсмика тұрғысынан да кейбір қиындықтар пайда болды.

Бесіншіден, жаңа жағдайларда әуе, теміржол, автокөлік жолдарының қиылысында тұрған Алматының қолайлы көлік қатынастары болмады. 

Бүгінгі күн биігінен қарағанда, біз астананың оңтүстіктен сарыарқаның солтүстігіне көшірілуінің маңызды себептерінің тағы бірін айтпай өте алмаймыз: елдің оңтүстігі халық, әсіресе тұрғылықты жұртшылық (қазақтар) өте тығыз орналасқан өңірге айналды. Сондықтан республикамыздың жаңа басшылығына демографиялық және ұлттық саясаттың бағытын да біршама өзгерту керек болды. 

«Еуразия факторы» да соңғы орында қалған жоқ: бұл жайында  Н.Ә.Назарбаев сөзбе-сөз: «Қазақстан – еуразиялық ел. Ақмола – еуразия континентінің географиялық орталықтарының бірі. XX ғасырдың кикілжіңге толы тарихында біз алғаш рет мемлекет астанасы туралы шешімді дербес қабылдап отырмыз», – деді [3]. 

Ал Ақмола жаңа астана ретінде іс жүзінде халықаралық стандарт­тардың барлық 32 өлшеміне, оның ішінде: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық жағдайлар, қоршаған орта, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, құрылыс кешені, еңбек ресурстары және басқалары бойынша толық дерлік сай келеді. 

Жаңа тәуелсіз Қазақстанда өткізіліп жатқан реформалардың елеулі табыстары енді тікелей астананың жаңа орынға көшірілуіне байла­нысты мәселенің шешім табуына тәуелді болуы мүмкін еді. Қазақстандық қоғамның дұрыс ойлайтын бөлігі жаңа Қазақстанды жаңа астанада құру қажет екенін түсіне бастады. Бұл идея жұртшылықты бірте-бірте иландырды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 1993 жылдың соңында-ақ астананы Алматыдан республикамыздың басқа бір қаласына көшіру туралы ойын алғаш рет ашық айтқан-ды. Әртүрлі қалалар: Ұлытау, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау және басқалары аталды, бірақ мемлекет басшысы Ақмоланы таңдады. 

Жүзеге асқан идея. Бұл бастама ресми деңгейде 1994 жылы шілденің 6-сында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он үшінші шақырылған сессия­сында сөйлеген сөзінде жария етілді. Депутаттар бұл бастаманы өздерінің қаулысымен ҚР Президентінің туған күнінде қолдады (сол отырысқа Жоғарға Кеңес хатшылығының мүшесі ретінде аппарат қызметкерлері қатарында біз де қатысқан едік) [3]. 

Ары қарай оқиғалар қарқынды қадаммен дамыды: 1995 жылы қыркүйектің 15-інде Мемлекет басшысы астананың Ақмолаға көшірілетіні туралы жарлық шығарды, ал қыркүйектің 28-інде ел үкіметі мемлекеттік мекемелердің Ақмолаға көшірілуі жөнінде комис­сия құрды.

1997 жылы қазанның 20-сында тәуелсіз Қазақстанның өмірінде маңызды тарихи оқиға орын алды: Президенттің жарлығымен Ақмола қаласы елдің астанасы болып жарияланды. 

Ал 1997 жылы қарашаның 8-інде мемлекеттік биліктің нышандары: ту, елтаңба және президенттік штандарт жаңа астанаға жеткізілді. 

ҚР Парламентінің қос палатасының біріккен отырысында экс-Прези­дент Н.Ә.Назарбаев: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасы өкіметінің жоғары органдары, 1997 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап мемлекетіміздің астанасы Ақмола болатынын салтанатты түрде мәлімдейміз», – деді. 

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 1998 жылы мамырдың 6-сында Ақмола қаласының атауы «Астана» деп өзгертілді. Қазақстанның бас қаласы – Астананың халықаралық таныстырылуы 1998 жылы маусымның 10-ында өтті. Тұрғындарының саны 300 мыңға жуық қала Қазақстанның жаңа елордасына айналды. Бүгінгі таңда бұл жерде алдыңғы жылдарға қарағанда үш жарым есе көп халық тұрады. Жаңа елордамыз – Астана қаласының алғашқы әкімі болып белгілі мемлекет қайраткері Жақсыбек Әділбеков тағайындалды [4]. 

Сонымен, елорданы көшіру туралы бастама көтеріп, оны жүзеге асырған бұрынғы президентіміз Н.Ә.Назарбаев болды. Қазақстан басшысының осындай стратегиялық маңызды қадамның пайдалы және қажет екенін алдын ала көре білгенін уақыт дәлелдеді. Енді біздің Астанамыз – ТМД елдерінің, тіпті Еуразияның да ең жас елордаларының бірі. ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша 1998 жылы Қазақстанның елордасы - Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атақ берілді. Астана 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін қабылдады. 2012 жылы Астана ТМД елдері арасындағы ең үздік елорда ретінде танылды. Ал 2017 жылы ол «болашақ энергиясы» ұранымен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізді [3].

Биыл Астананың (бұрынғы Ақмола) елорда мәртебесіне ие болғанына 25 жыл толды. Осынау ширек ғасырда ел астанасының адам танымастай өзгергеніне куә болдық. Есілдің сол жағалауы болашағына батыл қадам басқан Тәуелсіз Қазақстанның жаңа бейнесіндей көрінеді.

Сөйтіп, Соңғы жиырма бес жылдың көлемінде жас Астана жаһан құлақ түрген ауқымды оқиғалардың орталығына айналды. Ғаламдық келіссөздер, кездесулер мен басқа да ауқымды іс-шаралар өтіп, талай мемлекет басшылары, аузы дуалы саясаткерлер, қаржыгерлер елордада бас қосып, әлемдік күрделі оқиғалардың да күрмеуін шешіп жатты. Сөйтіп, Астана қазақстандықтар үшін құтты мекенге айналды.

 Жиырма бес жыл кез келген қала үшін, оның ішінде біздің Астанамыз үшін де ұзақ мерзім емес. Дегенмен, жоғарыда айтып кеткеніміздей, осы уақыт аралығында Президент пен Үкіметтің басшылығымен қыруар жұмыс атқарылып, ен далада жаңадан қала тұрғызылды, бүгінде бұл шаһарда қазақстандықтардың жаңа буыны бой түзеді. Экономикаға салынған инвестиция көлемі 44 есе өсті. Экономика мен географиялық қарқынды өсімі қаланы заманауи урбанизация, өмір сүру сапасы жоғары жəне инновациялық жаңашылдықтардың орталығына айналдырды [3].  

Мақаламның соңында  әріптестерімді Астананың ширек ғасырлық тойыменен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге үлкен шығармашылық табыстар, Отанымызға тыныштық, әрқайсыларыңызға зор қуаныш пен сарқылмас күш-қуат тілеймін!  

 

Әдебиеттер:

Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан жолы. – Астана, 2007  Н.Ә. Назарбаев. Еуразия жүрегінде. – Алматы, 2005  Т.М.Әминов. Қазіргі Қазақстан тарихы. Оқу құралы. – Алматы, 2020 К.М. Ильясова, С.А. Багдатова. Астана – новая столица. – Астана, 2017

 

Талғатбек Әминов –

Мемлекет тарихы институтының

 аға ғылыми қызметкері, 

т.ғ.к., қауымдастырылған профессор