Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтеді
16.06.2023 1147

Ертең Түркістан қаласында Президенттің қатысуымен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтеді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы


Қазіргі уақытта құрылтай өтетін алаң қазақтың он екі қанатты киіз үйі тәрізді безендірілген. Алқалы жиынның алғашқы күні үш тақырып қаузалады. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен "Қоғамдық консолидация" саласы жан-жақты талқыланбақ. Одан кейін құрылтай қатысушылары "Мәдениет. Өнер. Руханият" саласында сөз қозғайды. Соңғы секция "Білім және ғылым" тақырыбына арналады.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурызда халыққа арнаған Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Соған сәйкес, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына жаңа құрылымның іргетасы қаланды.

«Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады», – деген еді  Президент Қ. Тоқаев. 

2022 жылдың 16 маусымында Ұлытауда ұлттық құрылтайдың тұңғыш отырысы өтті. 

Маусымда Ұлытауда ұлттық құрылтайдың тұңғыш отырысы өтті. Оған құрылтай құрамына кірген Қазақстанның барлық өңірлерінен 117 адам қатысты. Олардың арасында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-қауымдастықтар, сарапшылар қауымдастығының өкілдері бар.

Ал Ұлттық құрылтайдың негізгі жиыны ертең өтеді.