ASTANA OPERA опера академиясының солисі вокал байқауының бас жүлдесін иеленді
Бөлісу:
17.05.20231728
ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов атындағы «Дауыс» республикалық вокалистер байқауында бірден үш жүлделі орынды иеленді. Әйгерім Аманжолова бас жүлде иегері атанса, бірінші орынды Дінмұхамед Көшкінбаев, үшінші орынды Валерий Селиванов қанжығасына байлады.
Марат Әйтімов атындағы байқау алғаш рет 2019 жылы өткізілген болатын және оған танымал әнші әрі вокал ұстазы, Димаш Құдайбергендей шәкіртті тәрбиелеп өсірген тұлғаның есімі берілді. Биыл әншілік додаға бүкіл Қазақстаннан 46 жас орындаушы қатысты. Оның жеңімпазы Әйгерім Аманжолова өз жеңісінің елеулі бөлігі оқытушыларына тиесілі екеніне сенімді.
– Кез келген байқау жақсы дайындықты, ұстазбен мұқият жұмыс істеуді талап етеді. Менің жетістікке жету жолымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыркөзов үлкен рөл атқарды. Біз онымен бірге бағдарлама құрып, вокал, екпін, стиль, бейне бойынша жұмыс істедік, – деп атап өтті солист. – Әлбетте, кәсіби қалыптасуымда Халықаралық опера академиясының маңызы зор болғаны сөзсіз. Мұнда бізге атақты әншілер мен вокал ұстаздары сабақ береді, біздің міндетіміз – олардан бар жақсыны алу.
Іріктеу кезеңіне қатысу үшін Әйгерім Аманжолова Дж.Пуччинидің «Богема» операсынан Мимидің ариясын орындаған бейне жазбаны жолдаған. Бірінші және екінші кезеңде Дж.Пуччинидің «Манон Леско» операсынан Манонның ариясын, П.Чайковскийдің «Ночи безумные» романсын, «Ахау, бикем» халық әнін, Ғ.Жұбанованың «Еңлік – Кебек» операсынан Еңліктің ариясын, сондай-ақ «Из травы я взлетела…» романсын шырқады.
Вокалистің айтуынша, академияның арқасында ол әйгілі әлемдік операларда басты рөлдерді орындауға мүмкіндік алған.
– Өткен жылы мен италиялық режиссер Алла Симонишвилидің қойылымында В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсынан Донна Эльвираның партиясымен, биыл П.Чайковскийдің аттас операсынан Иолантаның партиясымен өнер көрсеттім. Қазір біз оқуымызды қорытындылайтын келесі өнер көрсетуге дайындалып жатырмыз: маусымда «Астана Операның» үлкен сахнасында Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасы өтеді.
Бұл Әйгерімнің академияда білім алған жылдар ішіндегі екінші бас жүлдесі. Алғашқы бас жүлдені ол Мұқан Төлебаев атындағы Халықаралық вокалистер байқауында иеленген болатын.
Ақтөбеде «Дауыс» байқауында бірінші орын алған Дінмұхамед Көшкінбаев те вокал додаларына енді ғана қатысып отырған жоқ, ол Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер байқауының бас жүлде иегері болып табылады. Солист қатысушылардың дайындық деңгейлері жоғары болғанын атап өтті.
– Жас орындаушылардың барлығы да тәжірибелі, вокалдық қабілеттері жақсы, сондықтан байқау жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Мен де дайындалып бардым, бұл вокалдан беретін ұстазым Азамат Жылтыркөзов пен концермейстер Зәру Жазықбаевамен өткен күн сайынғы сабақтардың нәтижесі, – деп атап өтті солист.
Байқаудың ерекшелігі сол, мұнда қазақ композиторларының, оның ішінде Батыс Қазақстанның тумалары – Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың туындыларын орындау міндетті болып табылады. Дінмұхамед Көшкінбаев Естайдың «Құсни Қорлан» әнін, А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсынан Абайдың «Ей, халайық» ариясын және А.Жұбановтың «Жыр жазамын» шығармасын орындады.
Валерий Селиванов байқауда үшінші орын иеленді. Академияның тағы бір тыңдаушысы Нұрқанат Тәпиев дипломант атанды.
Айта кету керек, республикалық және халықаралық байқауларға қатысу ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясында жас орындаушыларды дайындаудың маңызды құраушы бөлігі болып табылады. Бұл кәсіби шеберлік деңгейін паш етуге, сонымен қатар жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.