täuel[dı]sız қоғамдағы проблемаларға өнер арқылы қарсылық танытатын арт-жоба
28.04.2023 1273

Алматыға Астанадан келген täuel[dı]sız жобасы  HÏKAYA заманауи өнер кешін өкізді. Өнер кешіне белгілі қаламгерлер мен тәуелсіз ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысты. Аталмыш кеште жоба авторларымен тілдестік.


täuel[dı]sız – əн мен əуендi, би мен өнердi поэзиямен ұштастырған арт-жоба.

 

täuel[dı]sız жобасы 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мақсаты – қоғамдағы түрлі әлеуметтік, өзекті мәселелерді өнер арқылы кең көпшілікке жеткізу. Сондай-ақ, заманауи поэзия өкілдері — жас авторлар мен олардың шығармашылығын таныту. Жоба "Тәуелсіздік ұрпақтары", Internews грантының және халықаралық ARTIF Awards байқауының жеңімпазы.

 

 

Кеште адамзат пен жасанды зият байланысы, саяси ахуал, табиғат пен діл мәселесі және әлем назарын аулаған сұм соғыс медиасауат тұрғысынан сахналанады.

 

Руслан Жұбаныш арт-жоба продюсері әрі авторы

 

«2019 жылы студент болып жүріп, осы арт-жобаны құруды ойладым. Қыз-жігіттердің басын қосып, осы жобаны ұсындым. Поэзияның қалыптасқан формадан шығарайық деген ой болды. Өзім мектепте оқып жүріп поэзия оқуларына қатысатын едім. Сол кезде маған қатысушылардың өлең оқығаны ұнамайтын еді. Шаблон болатын. Негізі қазақ поэзиясының әлеуеті кең ғой. Интеллектуал позия бар. Біздің поэзия адамзаттық тақырыпты, экологияны, жасанды сананы, саясатты қойзғай алады. Тек оны іздеу керек, табу керек. Солай құрылдық. 2019 жылы алғашқы кешімізді өткіздік. Ол кезде жаспыз, кем-кетігі болды. Солай ақырындап үлкен деңгейге жетті, ауқымды өткізетін болдық. Жарық, дыбыс сапасы артты. Бүгінгі Алматыдағы кеш алтыншы кешіміз. Осылай täuel[dı]sız арт-жобасы өмірге келді»,-дейді жобаның авторы.

täuel[dı]sız заманауи ақындардың өлеңдерін таңдап алады. Ол жерде әлеуметтік, экологиялық және саяси мәселелер сөз болады.

«Алдымен тақырып таңдаймыз. Былтыр Алматыға келгенде «Бетперде» деген тақырыпта кеш өткіздік. Өлеңдерді де тақырыпқа сай іріктеп алдық. Дәл солай жыл сайын тақырыптар таңдап аламыз. Әлемде және елімізде қандай тақырыптар өзекті біз де сол тақырыпты қозғауға тырысамыз. Мысалы, «Бетпердені» не үшін таңдадық? Ол кезде пандемиядан кейін бетперде кию керек болды», - дейді Руслан Жұбаныш.

täuel[dı]sız арт-жобасында негізінен бес адам. Ал кеш өткізетін кезде қалған адамдарды кастинг арқылы таңдап алады. Олар: digital директор – Айдана Жүніс, музыкалық продюсер – Ғазәлі Орман, кастиң директор – Әсем Құлманова және бас редактор – Нұржауған Мұқанова.

«Кастинг сайын құрам жаңарып отырады. Бұл біздің ұстанымымыз. Осылай өзімізге жаңа мүмкіндіктер аша түсеміз. Әр өнерпаз өзінше ерекше, әдемі һәм талантты», дейді жоба продюсері.

Руслан қаржы жағы қиын болатынын айтады. Арт-жоба негізінен гранттармен жасалады. Тәуелсіз болғаннан кейін тәуелсіз болып қалуға тырысады.

«Былтыр Internews деген халықаралық ұйым қолдады. Біз өзіміз журналистер болғасын таныстарымыз «қатысып көріңдер» деп ұсынды. Қатыстық, грант алдық», - дейді Руслан Жұбаныш.

täuel[dı]sız арт-жобасының алға қойған жоспарлары да бар. Алдағы уақытта ауқымын кеңейткісі келеді.

«Бізде кеңістік жоқ. Мысалы, мына кешке бір мектептің залын сұрап екі ай бойы дайындалдық. Осы Алматыға келгенде де мына театр сахнасын жалға алдық. Бірақ өте қымбат. Біз бағасын түсірттік. Астанада демеушіміз бар. Кешіміз аншлагпен өтті. Ал Алматыда көрерменді қамту қиын болды. Астанадағы қаржыны осында салдық», - дейді Руслан.

 

Кастиң директор – Әсем Құлманова

 

Әсем Құлманова арт-жоба құрылғаннан бері келе жатыр. Мамандығы журналист.. Кей тақырыптардағы өлеңдерді өзі жазады. Әсем арт-жобаның құрылған кезін бізге айтып берді.

«Ол кезде 4-курс еді. Диплом қорғайтын кез жақындап қалған. Руслан мен Нұржауған келіп айтты. «Осындай арт-жоба бастайын деп жатырмыз» деп. Біз бір курста оқыдық. Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналист мамандығын бітіргенбіз. Ол кезде бізде қаражат болған жоқ. Сахнаны алу үшін Астанадағы Жастар театрмен бартер жасадық Олар «300 билетімізді сатсаңдар сахнаны береміз» деді. 240 мың теңгеге билет сатып бердік. Жетпей қалған 30 мың теңгені өзіміз қостық. Алғашында белгілі тақырып болмады. Афишаны да кештің басталуына 2 күн қалғанда жарияладық.  Тегін өткіздік. Солай алғашқы кешімізге 100 жақты көрермен келді», - дейді жобаның кастиң директоры Әсем Құлманова.

 

täuel[dı]sız арт-жобасы өздерін театр деп атамайды. Олай атасақ кәсіби театр алдында әділетсіз болар еді деп санайды. 

«Біздің кешіміз театрға келмейді. Өзінің жеке жүйесі бар. Сондықтан арт-жоба, өнер жобасы деп атадық. Арамызда кәсіби актер жоқ, журналистер мен мұғалім бар. Кастинг арқылы келетіндердің ішінде де актерлер болмайды. Актер болмасақ та өнерді жан-тәнімізбен жақсы көреміз. Театрларға, әдебиіс-шараларға жиі барамыз. Салыстырып, көріп жүреміз», - дейді Әсем.

 

Әсем кейде нөмірге арнап өзі де өлең жазады.

«Бетпердедегі» «Әйел»  және бүгінгі қойылымдағы « Humanus» өлеңінің авторы өзім. Өйткені «Бетперде» кешінде әйел тақырыбын көтеретін өлең таппай қиналдық. Қаншама ақындардың өлеңін ақтарып шықтық. Ақын әпкелеріміз бен замандас ақындардан сұрадық. Бұл тақырып өзімнің де жан-жүрегімді ауыртатын мәселе. Сондықтан өзіме челлендж жасап көрдім. Мектеп кезінде өзімді ақын санап, өлең жазғаным бар. Кейін оның бәрін мықты ақындарды көргесін қойдым ғой. Сосын өзіме: «өлеңге таласы бар адам ретінде жүрдің ғой, кәне, жазып көр» дедім. Солай бір түннің ішінде жазылды. Басында мен жазғанымды айтпай, достарыма көрсеттім. Олар жалпы ұнап тұр, бірақ авторға айтып, кей жерлерін өзгертейік деген ұсыныс айтты. Содан кейін ғана өлең авторы өзім екенімді айттым. Көреремен тарапынан жылы лебіз естіген кезде «жазуға болады екен» деп ойладым. Соғыс тақырыбын қозғағымыз келгенде де қазақша өлең таба алмадық, басқа тілдерден алғымыз келмеді. Сондықтан бір-екі сағаттың ішінде өзім жазып шықтым. Арнайы кеш үшін жазылса да бұл мені алаңдататаын мәселе», - дейді Әсем.

 

« Humanus»

Мен... Сен... Ол... Біздер жалғызбыз.

Ал ОЛАР көп.

ОЛАР көп қорқытады.

Терең батырады.

Оларға нан мен су ас емес,

Және де ауа жұтпайды,

Олар аналардың жанын жұтады.

олар сәбилердің қанын жұтады.

Ал әкелердің қайратын жаншып,

Күйретіп тұғырын,

Жалмайды ғұмырын...

Сосын... Сосын...

Жігіттердің рухын сындырып,

Арулардың арын төгеді.

Олар... және...

Әжелердің әжім жуған жүзіндегі көз жасымен көшеді.

Аталардың қарғысымен өседі.

ОЛАРдың қолына түссе, тек адам өлмейді

Ғалам өледі.

Ел өледі.

Жер өледі.

Ғылым, білім, өнеркәсіп,

Өлекселер ортасында солқылдап жылап жатады.

Ал өркениет қираған үйлермен бірге құлап жатады.

Иә, солай...

Олардың бетіне бар ғасыр түкірді,

Бар дәуір нәлет айтты.

Олар қаншама Отанды отқа орады,

Бірақ тоқтамады.

Керісінше олар мақтанып,

Кеудесінің өңіріне ӨЛІМ лентасын байлап жүреді,

Ажалдың өзін алдына салып, айдап жүреді....

Ондайға тек қана жаналғыш періште

Дейсіз бе қабілетті?

Жо-жоқ...

Әзірейілдің өзі ОЛАРға қарағанда әділетті!

Біліп жүр,

Жеңіс пен жеңіліс деген ұғымды ОЛАР шығарды,

Дос пен дұшпанды,

Байлық пен жоқтықты,

Аштық пен тоқтыққа бөлудің бәрі

СОЛАРдан келген!

СОЛАРдан келген!

Ал мен

Олар таптаған әрбір тән үшін

Олар қорлаған әрбір жан үшін

Бәрін өз бойымнан өткізіп қиналамын!

Тістенем, ызыланам!

Оларды қандай күшпен дуалаған,

Дәл осылай жауыз боп туа ма адам?!

Сол үшін жек көрем Оларды!

Жек көрем!!!

Олардың атын жаттап алыңдар,

ОЛАР – садизмді сүйетіндер!

Олар – соғысты қалайтындар!

Олар – азғындықты ақтайтындар!

Олар – жауыздықты жақтайтындар!

Әлсізді басынатындар!

Қылмысты жасыратындар!

Ақшаға тоймайтындар,

Тек қана өз құлқынын ойлайтындар,

Ақиқатты айтпайтындар,

Тек өз дегенінен қайтпайтындар!

Уф... Ал егер...

Егер...

сенің ішіңде де олардың синдромы

болса ше?...

ойлан...

Соғып жүрме байқамай,

Қанға құмар сұрқиялар сойылын.

Біле білсең,

Олардікі кейіпкері тірі шықпас қойылым.

Мен түсінсем...

Соғыс деген –

Озбырлардың заңдастырып, құрып алған одағы,

Диктатор мен тирандардың жұмағы мен тозағы!

Мазахистер мазағы!

Құзғын сынды құлқынына тәуелді

Осыларды тағы көрсем, ал енді,

1 секунд та аялдамай,

Сиқыршыға ойнатып бір ғажайып әуенді

Алып құсқа айналып,

Қанатыммен тік көтеріп кеткім келеді

Сені. Оны

Және мынау ӘЛЕМДІ!

Және мынау ӘЛЕМДІ!

 

Нұржауған Мұқанова

Нұржауған Мұқанова арт жобаның редакторы. Өзімнің қарсылығымды өнер арқылы бергім келді дейді.

«2019 жылы президент ауысты. Оның алдында да саяси өзгерістерге қарсылығым бар еді. Бірақ мені ашындырған нәрсе бір күннің ішінде Астананың Нұрсұлтан атауына ауысып кетуі болды. Жаңалықтар қарамадым. Әлеуметтік желілерден оқып жүрдім, бірақ мән бермедім. Өйткен бас қаламыздың атауы бір күнде ауысып кетеді деген досымның "Марсқа барып келдім" дегені сияқты күлкілі естілді. Өзім Астанада емес едім. Бірақ ертеңіне ресми жаңалық шықты. Үш-төрт күннен кейін Астанаға келе жатып қала атауын жылдам ауысып кеткенін көрдім. Бұған қатты ашындым. Митингке шыққым келді. Бірақ Русландар "оған қарсылығыңды митинг арқылы емес, өнер арқылы бер" деді. Соған келістім, қолдадым. Біз қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп жүрген ақындарды іздейміз. Мысалы, «сол кездегі еліміздегі мәселелерді жазатын ақын жоқ па? Неге жазбай жатыр деп таңғалдық. Бұрын мәселелерді жыраулар жеткізген жоқ па, неге олар үнсіз?» деп іздей келе ондай ақындардың бар екенін, бірақ үні көпке жетпей жатқанын байқадық. Соларды насихатаймыз деп шештік.  Солай арт-жоба құрылды. Оған өнерге жақын, ішкі қарсылығы бар адамдарды тарттық.  Бәрі солай басталды. Өзімнің ішімдегі түрткі болған нәрсе проблемаларға өнер арқылы қарсы болу еді. Содан бері қоғамдағы мәселелерді көтеруге тырысып келеміз», - дейді арт-жобаның редакторы Нұржауған Мұқанова.

 

Жұлдыз Молдағали

Бұл кеште Жұлдыз Молдағалидың екі өлеңі оқылды. Ол қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік мәселелерді, адам ішіндегі қоғамға деген қарсылықты жазып жүрген заманауи ақындардың бірі.

«Заман түрленсе де, техника дамыса да, адам жаны - бәрібір тылсым. Шешімі жоқ жұмбақ. Ал Тәуелсіз сол жұмбақты шешуге тырыспайды, мақсаты да емес. Жай ғана адамның өзін өзімен бетпе-бет кездестіріп береді. Шын мәнінде, адами құндылықтардың бірінші орында жеткізгісі келеді. Әрине, ол туралы тек еркін адамдар ойлана алса керек. Жоба ұйымдастырушыларына келесі кештерде тыңдарманын жалықтырып алмайтындай ғажап дүниелер жасауына сәттілік тілеймін», - дейді осы кеште өлеңі оқылған ақын Жұлдыз Молдағали.

 

мейірі тасып нөсер төктірмес бұлтың кей.

мишығыңызда билеп жүре ме мың түрлі ой?

Хауа-ана, бәлкім, жаратылған жоқ адамнан.

Шыңғысхан өмір сүрмеген шығар, мүмкін ғой?!

 

ғұмыр екі рет берілген шығар сендерге.

империялар құрылды, мүмкін, бір демде.

Ескендір патша болмаған шығар, мысалы,

жібек жолынан өтпеген шығар керуендер.

 

сапта шығармыз, тапта шығармыз ең үстем.

рухымыз дәйім жұмақта шығар (келіспе!)

ізгі істерге бастаған шығар Ібіліс,

сол иығымызда отырған шығар періште.

 

суыған кеуде жылитын шығар ақпанда.

мейірім дәні өсетін болса бақтарда...

өлген шығармыз жердің үстінде жүріп біз.

тірілер шығар жердің астында жатқандар.

 

адамилықтың сіңірген шығар ғұрпын бой.

а, айтпақшы, бұл ой - емес бір түрлі ой!

осы өлеңді әлі жазбаған шығармын,

сіз де ешқашан оқымадыңыз. (мүмкін ғой.)

 

 

Жалпы HÏKAYA өнер кешінде заманауи қазақ поэзиясының өкілдері – Тұрсынбек Башар, Әсел Кәрібай, Жұлдыз Молдағали, Файзолла Төлтай, Мақпал Жұмабай, Ислам Қабыл, Әсем Құлманова, Бауыржан Майтай сынды ақындардың өлеңдері оқылды.