Елорда тарихының ежелгі іздері
25.04.2023 1385

Биыл Астана қаласының 25 жылдық торқалы тойы өтеді. Яғни, 1998 жылы 6 мамыр күні Прездент Жарлығымен Ақмола атауы «Астана» болып өзгертілсе, осы жылы 10 маусымда кіндік қаланың халықаралық тұсаукесері өтті. Міне, содан бері ширек ғасыр атқан оқтай, шапқан аттай зулап өте шығыпты. Расын айтқанда, жаңа қала бедерсіз белгісіз, жерге ғайыптан қоныстана салған жоқ. Бұл қаланың ежелгі іздері өткен-кеткен тарих бар.

Осы орайда Астана тарихына қатысты зерттеулер жүргізіп, материалдар жинаған қаланың байырғы тұрғыны, статистика саласының ардагері Жеңіс КӘРІБАЕВ мырзаны әңгімеге тарттық. 


  – Жеңіс Кәрібайұлы, бұған дейінгі зерттеулерде қала тарихының басын Ақмола бекінісінің салынуымен байланыстырып келдік. Ал сіздің пайымға жүгінсек, қала орналасқан өңіріндеғ яғни Есіл бойында қала типті қоныстар болғаны жайында айтып жүрсіз. Осыған қатысты нақты қандай деректер бар? 

 – Бүгінгі Астананың тарихы тым тереңнен  басталады. Дейтұрғанмен, бұл мәселе жүйелі түрде зерттелді деп айта алмаймыз. 1832 жылы Патшалық Ресей үкіметі Есілдің жағасындағы Қараөткел маңына әскери  бекініс салды.  Оған жергілікті топономикалық атау  «Ақмола» аты берілді. Дәл осы кезеңнен  қаланың пайда болу тарихы басталады деп келдік. Бұл дерек Елорданың нақты тарихи кезеңдерін толық қамти алмайды. Ақмола бекінісі жайында мұрағаттар Кенесарының көтерілісіне байланысты Омбы архивтерінде көп сақталған. 

Астана тарихын Ақмола бекінісінің салынуымен есептеу қате. Одан да ілгері замандарда бұл өңірде шағын қалалар болған, диханшылық дамыған. Осы өткен тарих туралы жүйелі зерттеу еңбегі әлі  жазылған жоқ. 

Өткен ғасырдың ортасында орыс археологы Василий Демьянович Солочинский  Қараөткел маңынан «Андронов мәдениетіне» жататын жиырмаға таяу адамзат тұрағын тапты. Бұдан басқа өлкетанушы Валерий Степанович Волошин  полеолит, мыс дәуірінде өмір сүрген адамдардың жетпіске таяу қабірі мен тұрағын тапты. Осы деректердің өзі-ақ Елорда маңы ежелгі адамдар мекені екенін, оның сан ғасырлық тарихы болғанын әйгілеп тұрған жоқ па.

Сондай-ақ тау-кен  инженері А.Козыревтың 1891 жылы Петербор қаласында жарық көрген «Гидрологическое описание Акмолинской области» кітабында Есіл өзенінің оңтүстік жағалауларында таспен тұрғызылған көне қорғандар бар екенін келтірген. Негізі Астана қаласының маңында жүргізілген көптеген қазба жұмыстары өлкеміздің тарихы ежелден басталатынын дәлелдеп отыр.

Бұл аз десеңіз шамамен қала іргесіндегі VIII ғасырға тән Бозоқ қалашығын қосып қойыңыз. Тіпті осы қала типті қонысты қазіргі Астананың түп атасы деуге негіз бар. 

–  Жалпы осы өлке тарихына қатысты көп жәдігерлер Ресей мұрағаттарында сақтулы, деген пікірді марқұм өлкетанушы Клара Әмірқызы айтқан еді. Сіз ол туралы не білесіз?

– Қазіргі Ресейдің тарихи-мәдени құндылығына айналған, сонау ақ патша заманынан бері келе жатқан Эрмитажда қазақ халқына қатысты жәдігерлердің  бары рас. Оны  этнология, этнография, тарих саласының мамандары жақсы білуге тиіс. Десек те атақты Эрмитажның бүгінгі тағдыры күйреген Одақ сияқты күйге ұшыраған. Кунсткамера өз алдына бөлініп шықты. Көптеген салалар жеке-жеке ғылыми-зерттеу орталықтарының қарауына беріліп кеткен. Соған байланысты  бұрынғы қазақ даласынан, соның ішінде осы Ақмола өңірінен жеткізілген жәдігерлерді бұрыңғы тіркелім бойынша таба алмай қалуыңыз әбден мүмкін. 

Бұрынғы Эрмитаждағы  «Сібір алтыны» аталып кеткен алтын мен басқа да көптеген байлықтар, аса құнды қымбат зергерлік бұйымдар негізінен қазақ жерінен жеткізілгені жайлы дерек бар. 1865 жылы Мәскеу қаласында «Ресей халықтарының жетістіктері мен өнімдерін таныстыру» деген атпен үлкен көрме ұйымдастырылады. Осы көрмеге Ақмола және Атбасар өңірінен 400-ге таяу асыл бұйымдар жіберілген көрінеді. Солардың арасында асыл таспен өрнектелген Абылай ханың бөркі және тағы басқа ханның өзі қолданған асыл бұйымдары апарылыпты. Осы дүниелер сонда қалып қойған.

Одан кейін 1876 жылы Петербор қаласында ұйымдастырылған ориенталистар конгрессіне ақмолалық ақ сүйектер:  Ақмола окургінің сұлтаны Ыбырай Жайықбаевтың баласы  Мұхемедьяр Жайықбаев,  Мұхамед Кошенов және атақты Паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынай Есов,  Сәмеке ханның ұрпағы Қоңырқұлжаның баласы Ыбырай Қоңырқұлжанов барып қатысқан. Олар алып барып тіккен кигіз үйі талайдың таңдайын қақтырған. 

 

–  Алғаш қазақ хандығы құрылған XV ғасырларда  осы өлкенің әкімшілік  билігі кімге бағынышты болды? 

– Қазіргі  Астана қоныстанған  Есіл өңірі Сібір аймағының оңтүстік бөлігі ретінде орыстың жылнамаларында жазылған. Бұл өңірді негізінен керей, қыпшақ, арғын, найман тайпалары мекен еткен көрінеді. Кейін  Алтын Орда мемлекеті құлағаннан кейін бұл жерлер Сібір немесе Төмен (Тюмен) хандығының құрамына енген. Сібір хандығының астанасы Шыңғыс Тұра (қазіргі Тюмен) қаласы болған. Бұл хандықтың билеуші бектері шыққан Тайбұқа, Қожа Мұхамед, Жәдігер, Бекболат, Сейдахмет дегендер екен.  Тіпті біраз уақыт Ақсақ Темірден қашып жүрген Тоқтамыста  билеген көрінеді.

1429 – 1445 жылдары Шыңғыс Тұра қаласын атақты Әбілхайыр хан астана етіп, соңынан астанасын Сығанақ қаласына көшірген. 1563 жылдары Сібір хандығының билігі Жәдігердің қолына өтті. Одан соң 1569 жылы хан тағына Көшім отырды.  Көшім хан көрші орыс воеводаларымен болған көп жылғы қақтығыстардан кейін, нақтылақ айтсақ 1598 жылдың 20 тамызда Қорғалжын өзенінің бойында өлтірілген. Сүйегі Астанадан оңтүстікке қарай 110 шақырым жердегі Бытығай қорымына жерленген.

 1599 жылы Көшім ханның бала-шағасы  тұтқындалып Мәскеу қаласына жіберіледі. Сол жерде оларды орыс патшасы Борис Годунов салтанатты түрде қарсы алып құрмет көрсетеді.  Патша сарайының қамқорлығында болады. Қыз берісіп, қыз алысады. Көшім ханның ұрпақтары христан дінін қабылдайды. 

– Көшім ханның кейбір балалары  қайта қашып келген жоқ па?

– Көшім ханның 17 ұлы болған. Солардың төртеуі мырза қамақтан қашып шығып Қорғалжын маңайын паналайды. Бұлар әкесінің хандығын қайта тірілту ниетімен Тобыл, Төмен, Қорған тарапына шабуылдар ұйымдастырған. Одан нәтиже шықпаған. Ақыры бұлардың барлығы Есіл өңірінде дүниеден өткен. Қорғалжын қорығындағы Көкай, Есенгелді, Есей өзендері сол Көшім хан ұлдарының қонысы. 

–  Осы кезден бастап Ресей патшасы қазақ  даласын отарлау саясатын  зор қарқынмен жүргізді.  Сол туралы құжаттамалар бар ма?

– Бәрімізге белгілі Абылай хан Ресей қол астына кірмей елінің тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысқан. Бұл әрине патша ағзамға ұнамайды. Сол себепті Ресей патшасы мен үкіметі қазақ даласын тезірек отарлау үшін бірқатар қаулы қабылдапты. Солардың ішінде бізге белгілісі  1747 жылдың 21 шілдесінде Ресей үкіметі тарапынан қабылданған № 164-ші құпия қаулы. Онда қызғыздарға (қазақтарға) атылатын қару, қорғасын сатпау жөнінде бұйрық беріліпті. Көп кешікпей осы жылдың соңы 31 желтоқсан күні тағы бір құпия қаулы қабылдапты. Онда: «Шекара маңындағы қазақтардың бетін қайтарып, қорқыту үшін Орынбор губерниясының маңында отырған  қазақтардың бірнеше ауылын шауып тірі жан қалдырмай қырып тастау» жайында нұсқау берілген.

Тағы да бір құжатта мынадай сорақы  дүние  бар. Оны 1747 жылы 10 сәуір күні  Ресейдің шетелмен жұмыс жүргізу коллегиясы қабылдапты.  Бұған да құпия мәртебесі берілген.  Онда: «Қырғыздармен (қазақтармен) күрес жүргізуді мемлекет әскеріне емес, солармен көршілес тұратын қалмақ, башқұрт, казак, мещер секілді  Сібір губерниясының тұрғындарына жүктеген дұрыс. Және бұларға қазақтарды ататын қару берген жөн» делінген. Бұлардан басқа 1768 жылы 17 ақпан күнгі қабылданған №80 жоғарғы жарғыда: «Қазақтардың арасындағы хан сайлау дәстүрін жойып, оны өзіміз тағайындайтын мүмкіндікке жету керек» деген екен. 

 

–  Абылай хан тарапынан ресейлік отарлау саясатына қарсылықтар болған шығар?

– Әрине, болды. Патшайым Екатерина ІІ 1779 жылы 4 қазанда қабылдаған жоғары қаулысында былай деп жазылыпты: «Абылай  Петропавловск қорғанысына бірнеше дүркін шақырылса да келмеді. Патшаның құзырына қызмет көрсетуге және марапат қабылдауға әр түрлі сылтау айтып жоламай жүр. Жіберген елшілермен дөрекі қатынасады. Барлау мәліметтері Абылай ханның Қытай елімен жақын қарым-қатынаста екендігін хабарлайды. Ордасында өте көп орыс адамдарын тұтқында ұстап отыр. Оларды патшалықтың сұрауына қарамастан, қайтаратын түрі жоқ. Өз адамдарына орыс көпестерін тоңауға рұқсат беріп келген. Ресейдің құзырына кірмеу арқылы ол орыс жұртына  қарсы әрекет етіп, қазақ халқының азаттығын қорғап қалмақшы. Сондықтанда Абылай ханға грамоталар, хандық марапаттар және де тағы басқа сыйлықтарды бермеу керек. Абылай ханның ордадағы дәрежесін төмендетіп, оған тең боларлықтай қарсылас табу керек. Әзірге Орта Азиядағы осы жағдай түзелгенше орыстарға қазақ ордасына баруға тиым салу керек...» делінген.

Ресей орта жүздегі Абылай ханның билігін әлсірету үшін балама тағы бір хан сайлау қажет тапты. Осындай түртпектеудің салдарынан Абылай Түркістан жаққа қоныс аударды. Содан 1781 жылы қайтыс болды. Өз билігін үлкен баласы Уәлиге қалдырды. Уәлидің билігін әлсірету үшін Патшалық Ресей үкіметі бір қатар сұлтандарға қолдау көрсете бастайды. Нәтижесінде 1815 жылы бүлік болып, Уәли хандықтан алынып орнына Барақтың ұрпағы Бөкей хандыққа сайланады. Бөкейден кейін қазақта хан болмаған. Ал 1822 жылы қазақ даласында хандық толықтай алынып тасталады.

Қазақтарды басқаруды оңтайландыру  үшін  М.Сперанский мырза «Устав о сибирских киргизах»  дегенді құжатты ойлап табады. Бұл құжат патшаның жарлығымен 1822 жылы 22 шілдеде күшіне енеді. Құжатта орта жүзді Батыс Сібір аймағының бір бөлігі ретінде тану керек делінген. 1839 жылға дейін Батыс Сібір аймағының астанасы Тобыл қаласы болады. Ал, 1839 жылдан кейін Омбы қаласы болып өзгертілді.

 Арқа қазақтары Батыс Сібір құрамына енгеннен кейін  7 округке бөлінді. Соның ішінде Ақмола округі 1832 жылы құрылды. Патшаның Сібір қазақтарына қатысты шығарған қаулысы бойынша:  бір ауылда 50 – 70 қожалық (жанұя) болды. 10 – 12 ауыл бір болыстық әкімшілікке бағынды. 15 – 20 болыс бір округті құрады. Округ басшылығына сұлтан отырды. Сұлтанның қол астында 4 кеңесшісі болды. Олардың екеуі орыс, екеуі қазақтан еді. Оларды 2 жыл мерзімге губернатор тағайындады. Сұлтан болса 3 жыл мерзімге сайланады. Оның әскери шені майордан кем болмауы және ол ақсүйектер әулетінен болуы ескерілді.  

1832 жылы генерал губернатор Вельяминовтың жарлығымен Ақмола округінің сұлтаны болып Қоңырқұлжа Құдаймендиев тағайындалды. Архив құжаттары бойынша осы кезде Ақмола округында 18254 қожалық, 3576 ауыл болған. Оларда 70961 еркек, 60301 әйел өмір сүрген. 

– Осы шамада Ресейдің отарлау саясатына қарсы Арқа қазақтарының көтерілісі тұтанды емес пе? 

– 1824 жылы Абылай ханның баласы Қасым сұлтан бастаған бір топ ел жақсылары патша үкіметінің жоғардағы қаулысына қарсы шығады. Олардың патша үкіметіне жіберген хаттыңда: «Сұлтандарға және адамдарымызға Абылай хан кезіндегідей еркіндік беріліп, сол кездегідей тәуелсіз өмір сүруімізге  мүмкіндік жасалсын»,-деп шарт қойған. Патша бұны құптамаған соң Қасым сұлтан бастаған қол Абылай хан ордасы орналасқан Бурабай, Шортанды (Щучье) қалаларын басып алады. Сол жерден Акмола округына шабуылдар ұйымдастырды. 

Осыдан кейін  патша үкіметі бекініс санын көбейте бастайды. Акмоладан оңтүстікке қарай Ақтау бекінісі салынды. Бекіністер арасында 20 – 30 шақырым қашықтықта шағын бекеттер  орын тебе бастайды. Кейін келе Ақмола маңына патша үкіметінің жарлығымен  орыстар көшіріліп әкелінді.  Солай патша өзінің негізгі күшін Ақмола облысының маңына топтастырмақшы болады.                                      

 Осы іс-әрекеттер ақырында  Қасым сұлтанның баласы Кенесарының көтерісті жалғастыруына түркі болды. 1836-1838 жылдар арасында Кенесары хан  бірнеше бекеттердің көзін құртып жіберді. Ақмола бекінісіне қарсы әскери жорықтар жасады. Кенесарының көзін құрту үшін патша үкіметі  өзіне бағынышты сұлтандарды айдап салды. 1845 жылы Кенесары ханға қарсы генерал-майор Вишневский бастаған отряд пен  Бұхар әмірі, Қоқан хандығының әскері қарсы шығады.  Кенесары хан жеңіледі. Адамдары түгелдей қырылып қалады.

Бұдан кейін Патша үкіметі қазақ жерін толықтай басып алу үшін жаңадан реформалар ойлап табады. Олардың бірі 1868 жылы 21 қарашада қабылданған «Дала облыстарын уақытша басқару жөніндегі бағдарлама» еді. Бұл бағдарлама бойынша қазақ халқы ХХ ғасырдың басында-ақ жері жоқ, халқы мәңгүрттенген  мемлекетке айналуы керек болатын. Бірақ құдай сақтап, аман қалдық. Қазіргі таңда ежелгі ізі бар Астана қаласы көркейіп даму үстінде. Осыған шүкір етуіміз керек.