Болат Атабаев: Ұлтқа керегі идеология емес, идея
21.02.2023 1807

«Талант деген - ішіп-жеу, ұйықтау, құдайдың бергені. Талантты ақын, талантты әртіс… талант деген бір күні құриды, өйткені шабыт болмай қалады, шабыт жоқ - талант та жоқ. Себебі, оның ғылыми негізі жоқ қой. Кәсібилік деңгейі төмен. Ал қашанғы отырамыз, оның шабыты қашан келер екен деп, оянбай да кетуі мүмкін. Жүрді ғой талай таланттар арақ ішіп, шабыт күтіп. Кәсіп ақылмен, еңбекпен келеді». 

Бұл – біз сұхбаттасқан режиссер, театртанушы Болат Атабаев пікірлерінің бір парасы ғана. 

 


Қазақ дегеніміз ою-өрнек қана ма?

 

- Мәдениеттануда үш құбылыс бар дейсіз. Адаптация, ассимиляция және аккультурация. Соңғысы – өзгенің өнерін не жетістігін ала отырып, өз өнерін дамыту. Мысалы, сіз операны пайдалана отырып, "Қыз Жібекті" мүлдем басқаша жасадыңыз. Бұған кеше өзіміз де куә болдық. Көрермендердің қабылдауы қалай болды?

 

- Осымен жиырмасыншы рет қойылып отырған "Қыз Жібек". Жұрттың бәрі бірдей қабылдасын деген ой жоқ менде. Көп адам түсінеді, көбі түсінбейді. Өнер деген өзі субъективті дүние. Объективті тек қана аспан, жер, тау, су - Алланың жаратқандары. Анық, ешқандай күмән жоқ нәрселер солар. Қалғанының бәрі күмәнді. Сондықтан өзім сахналаған "Қыз Жібек" те күмәнді. Өйткені, ол менің көзқарасым. Соны ойнап жүрген балалардың көзқарасы. Бекежанды бір әртіс былай ойнайды, екіншісі басқаша ойнайды. Сондықтан да мен көрерменнің көңілінен шығам деген мақсат қойған жоқпын. Қабылдауы да мүмкін, қабылдамауы да мүмкің, ол заңды нәрсе. Оған мен қиналмаймын.

 

- Сахнада кеңістік көп. Екі-үш матамен толқын да, тау да, төбешік те, мазар да бейнеленгендей болды. Алдында теледидардан өзіңіз сценарийін әзірлеген Сәуле Жанпейісованың кешінен де осындай бейнелерді көрдік. Мұндай тәсілді театр тілінде қалай атайды?

- Мұны театр тілінде минимализм дейді. Декорация деген декорировать деген сөзден шыққан. Яғни әшекейлеу. Меніңше, стенография – сахнаны әшекейлеудің қажеті жоқ. Кеңістікті ұйымдастыру керек. Біздегі бір кемістік сол - сахнаны әшекейлеп, өрнектеп, оюды келсін-келмесін жапсырып, қазақты оюдан ғана көретін бір бағыт бар. Бірақ, енді одан бірте-бірте арыламыз. Соңғы көзде қарап жүрмін, Асхат сияқты жастардың ойын, сөзін тыңдап жүрмін, бірте-бірте минимализмге келеміз. Сахнада сахнаның құдіреті - әртіс. Сол әртісті әшекейлемей, декорациямен буып, костюмнің арасына тығып қоймай, максимальды түрде көрсету керек.

 

- Қойылымда жастар бар, ішкі дүниесі бар, бірақ сол кездегі уақыт тынысы сезілмейді.

 

- Пушкин айтады: "Поэты судят по закону им же избрано" деп. Мысалы, сіздің мына костюміңізге мен пальтоның тұрғысынан келіп анализ жасамаймын ғой, сондықтан, бұл жерде проблема бар, махаббат проблемасы, қиналыс бар, бірақ сол 16-17-ғасырды ойнаймын деген мақсат жоқ менде, эпохада ойнамаймын. Егер эпоханы көргім келеді деген болса, онда архивке, музейге барсын, сол жерден деректі түрде көреді. Театр музей емес, театр, орысша айтқанда, самодостаточный вид искусства. 16- ғасырдағы Төлегендер мен Қыз Жібектер қалай жүргенін, қалай сөйлескенін мен білмеймін, білейін деген де мақсатым жоқ, мен бүгінгі күннің мәселесін көрсетуім керек. Егер сен зұлымдық жасадың ба, онда көмусіз қаласың. Бекежан сияқты отырасың. Мәңгілік қарғыс деген бар. Ол ерте ме, кеш пе, сенің үрім-бұтағыңнан көрінеді. Мысалы, Төлегеннің проблемасы. Әкесінен бата алмай кетті, әкесі оны жібермеймін деді, ақыры өлді. Осы қойылымды Тбилисиде қойғанда грузиндер Бекежанды жақтап шықты. "Неге Төлеген әкесіне қарсы шығады?» дейді, мен "ол өз махаббаты үшін күресті ғой" деймін. Олар айтады: "Жоқ, әкеге қарсы шықпау керек, қарсы шықты, өлді, әне, өзіне сол керек, сондықтан біз Бекежанды жақтаймыз, Бекежан дұрыс адам, Төлеген оңбаған", - дейді. Қарашы, ұлттық менталитеттің ерекшелігін! "Сіз неге Бекежанды көмбей қойдыңыз? Ол да көмілуі керек, ол неге ғасырлар бойы мөлиіп суға қарап қиналып  отыруы керек?" дейді. Грузияда менің трактовкаммен келіскен жоқ. Бекежан жағымды кейіпкер болып көрінді. "Мейлі, өлтірсін, - деді, - әкеге қарсы шыққан адам оңбайды" деп отырып алды. Міне, көрдің ғой, қалай қабылдану деген мәселе әрбір ортаға, әртүрлі дүниетанымға байланысты. Сосын келіп, өнер өзі екі тенденциямен дамиды. Бірінші тенденция - нормативтік қорғау, қызғыштай қору, екіншісі - экспериментті іздеу бағыты, меніңұстанған бағытым осы. Бірінші тенденциядағы режиссерлер Қазақстанда толып жатыр, іздемей-ақ қойыңыз, кез-келген театр нормативті қорғау аясында жұмыс істейді.Дәстүр дегенді біз былай ұғамыз, сөніп қалған күлді қорғап, «мынау менікі, менің қазағымның күлі» деп. Ол күлден жылу жоқ, неменеге қорғаймыз, ол күлді музейге апарып қою керек. Отырардың күлі мынау деп. Ал сахнада күлді неменеге көрсетеміз? Дәстүр деген мен үшін отты қайта маздату. Одан жылылық келу керек. Көбісінде "Мына Қыз Жібектің үкісі қайда, шолпысы қайда, қос етек көйлегі қайда, құдай-ау, мынаусы несі, хвостик жасап қойған ба Қыз Жібекке?!" деп бұрынғыны тілеп тұратын көзқарастар бар. Мен айтамын, ондайды көргің келсе музейге бар деймін. 

 

Әркімнің өз Қыз Жібегі бар

 

- Мұнда жастардың киімдері ыңғайлы, ықшам, түстері де ашық. Бидің тілімен де көп нәрсе аңғартуға күш салған. Жастардың аудиториясына көп жақын ба дейсің.

- Себебі бұрын Қыз Жібекті 50-ге, 60-қа жақындаған әртістер орындайтын. Бекежан да, Төлеген де сондай жаста болды. Оған кім сенеді енді? Ал мұнда жастар өздерін өздері ойнап жүр. Қазір бұлар 19-20-да. Олар адамға 16- ғасырдағыдай қарамайды. Бүгінгі күнгі жастар, жүрісі де сол, күлкісі де сол, махаббаттарын жеткізіп сыбырласқандары да сол. Көрермен қабылдамай қойды-ау деп ренжімеймін. Қақысы бар. Әр адамның өзінің Қыз Жібегі, Төлегені болады. Есімнен кетпейді, «Қыз Жібекті» алғаш әкеліп қойды, ауылда мектепте оқимыз, үй ішімізбен бір-бір орындық алып клубқа барамыз, сол «Қыз Жібекті» көріп алып қайтып келе жатқанда әкем мен шешемнің ұрсысқаны бар, шешем ана Қыз Жібек - Өтекешованы қабылдамайды, «Қыз Жібек ондай болған жоқ» дейді, "Сен көріп келіп пе едің Қыз Жібектің қандай болғанын, ұнаса да, ұнамаса да осы - Қыз Жібек, әрқайсымыздың Жібегімізді олар қайдан табады?" деп әкем. Сол күні аш қалғанбыз, «шешем әкеме ерегесіп, тамақ жасамай жатып қалды, бізге қата қалыңдар» деді, жатып қалдық та, қата қалдық. Сол есімнен кетпейді. Шынында да әр адамның Жібегі болады, бірақ кешіріп қой, әркімнің талғамындағы образды қайдан табам, менің талғамымдағы - осы.

 

- Студент кезімізде “Қазақ әдебиеті” газетіндегі театр деген арнайы бет мұқият оқитынбыз, сол кездерде қойылымдарыңыз, режиссерлік шешімдеріңіз біраз сынға ұшырады, «бүйректен сирақ шығарып» "қисынсыздық теориясын" ойлап тауып жүрген сияқты көрінетінсіз…

- Есті түрде өз еркіңмен жексұрын болу керек. Жексұрындық функцияны алу керек, қисық ағаш сияқты. "Қарагөзде" "Мен қисық біткен бұтақпын, тағдырым не боларын білмеймін " деп Сырым айтады ғой. Қазақ театрлары бір-бірінен аумайды ғой, аумайды. Кеше жас режиссер Асхат Маемиров те Атыраудың Баяны мен Алматының Баяны, Шымкенттің Баяны мен Оралдың Баяны бір-біріне қатты ұқсас екенін айтады. Германияда болып келдім, ол жерде маған ұнағаны - еркіндік. Таңдау бар. Қандай театр көргің келеді, сондай театрларды таңдайсың. Бір-біріне ұқсамайды да, ұқсағылары да келмейді. Біздер ұқсаймыз, қит етсе Станиславскийді ту ғып көтереміз. Басқа бір әдістемеміз жоқ сияқты. 

 

- Шиллердің "Зұлымдық пен махаббатын" қойдыңыздар. Ол - 17- ғасырдың оқиғасы. Сол арқылы қоғамға деген қайсыбір ой, қыжылыңызды айтқыңыз келгендей. Ал «Қыз Жібекті» неге таңдадыңыз? Бұрыннан бар Қыз Жібек емес пе? Сосынғы сұрақ – сіз пессимистсіз бе, солай көрінеді?

- Пессимист емес сияқтымын, онда ештеңе істемес едім ғой.

 

- Білмеймін, сізде бір шаршау бар сияқты ғой көңіл-күйіңізде?

- Шаршаймын кейде. Өйткені қоғамда өзгеріс жоқ, жүйе өзгермейді. Бәрі өтірік. Ар-ождан проблемасы қазір ушығып тұр. Ұят, иман деген жоғалып барады. Саясат та, экономика да, экология да, өнер де - бәрі өмір үшін болу керек. Біздің Ата Заңымыз Конституция бойынша адамның өмірі ең биік құндылық. Демек, саясат та, экономика да, өнер де өмірге тәуелді болу керек. Бәрі өмір үшін жасалып жатыр емес пе? Бізде неге саясат үшін өмірді құрбан қылады, неге экономикалық табыс үшін адамның өмірін қиып жібереді? Өнерде жолын ашу үшін басқа біреудің жолын байлап, түкіріп, итеріп, жермен-жексен қыламыз, неге? Мұның бәрінің астарында «проблема безнравственности» жатыр. Саясат та, экономика да - бәрі де өмір үшін болу керек, біз өмірді соларға тәуелді қылып қойып отырмыз, саясаткерлерді, бизнесмендерді өлтіріп жатыр, ұрлап жатыр, жауып жатыр. Бізде құндылықтар аянышты күйде. Бұл өмірде үш-ақ құндылық бар - материалдық құндылық - мұнай болса екен, зауытым, фабрикам болса дейді. Әлеуметтік құндылық - профессор болсам, не бөлім бастығы болсам дегенге саяды. Рухани құндылық - онда жүргендердің саны аз. Ол принцип үшін күреседі, идея үшін күреседі, көзқарасын іске асырғысы келеді, рухани бір қозғалыс, тебіреніс болса екен дейді. Рухани құндылыққа жеткен адам автоматты түрде қалған екеуіне қол жеткізеді. Немесе философ Диоген сияқты екеуін де қажет етпейді. Көне грек ойшылы Диоген бөшкеде тұрып өмір сүрген ғой. Жер қайысқан әскерімен Ескендір Зұлқарнайынның өзі келіп: "О, ұлы Диоген, сені ұлы дейді, данышпан дейді, ал тұрмысыңның түрі мынау, саған не көмек керек?" деген екен. Сонда ойшыл басын көтеріп: "Өтінішім - күнді көлегейлемеші, басқа тілегім жоқ" дейді. Көрдіңіз бе, рухани биіктікте жүрген адам тәуелсіз. Үкіметке, билікке тәуелсіз. Сол ар-ождан проблемасын көріп, сезініп тұрғаннан кейін жастарға "Қыз Жібекті» көрсеткің келеді. Ішкі еркіндігі бар адам көңілді жүреді, тәуелсіз болады, өміріне жауапкершілікпен қарайды. Тәуелді адам міндетті түрде біреуден қорқады. Кері шегінейік, Төлеген не істеді, "Қорықпаймын,  әке, бәрібір кетем" деді. “Жалғыз кетесің” деді әкесі, "Қасыңа ешбір жанды ертпеймін", - деді. Авторитаризмге қарсы шықты. Бұл - мен үшін үлкен проблема. Әдейі көрсеттім. Бастысы - сол. Махаббат өмір үшін, ал Бекежан өмірді махаббат үшін қиды да жіберді. Ал махаббат өмір үшін. Әрине, өмірде Бекежан Төлегенді өлтірмеген. Тарихты зерттедім мен, Бекежанның ұрпақтарымен кездестім. "Біз намыстанамыз, "Қыз Жібекке" бармаймыз, өйткені, өтірік қой" дейді. "Бұл - көркем шығарма, онда вымысел, яғни ойдан қосылатын болады, егер шығарма деректі болса, онда жала жауып отыр деп сотқа берулеріңізге болады". Ал көркем шығармаға ондай жүрмейді. Мысалы, Пушкинде Сальери Моцартқа у береді, ал тарихта олай болмаған. Бір-бірімен сапырылыстырып жіберу Шекспирдің пьесаларында да бар. Ол көркем шығарма болғасын солай.

 

- Дегенмен көрермен ретінде Бекежан ұнамды. Өзіне сенімді, еркін.

- Иә, ол да іштей қиналады, Жібектің күйзелісін көргеннен кейін қатты қиналыста болды. Ол бір зұлымдықпен өлтірейін деген жоқ-ты, өз махаббаты үшін күрескен түрі. Бірақ, гуманистік тұрғыдан қарасаң, оныкі жауыздық.

 

- Айтпақшы, әртістер хореографтар ма? Өздері билейді, опера да орындайды.

- Бұлар музыкалық драма деген факультетті бітірген. Ол жерде би, вокаль, драманы оқыды. Дайындық кезінде опера театры әртістерін шақырдық, сонда Рахима Жұбатырова деген ең даусы мықты әнші: "Бұл қалай, өлең айтып жүріп билеуге болмайды" дейді. Диафрагмасы бар, операсы бар, дыбысты тіреу керек дейді. Дирижер Дараковский айтады, «Олар қозғалуға болмайды дегенді білмейді» дейді. Білмегені жақсы сол. Бұлар - ауылдан келген балалар. Ең алдымен мәдениет болуы маңызды 

 

- Сіздің жаңағы театрлардың бәрі бірдей дегеніңіз ойыма орала береді. Бұл бір жағынан театр өнерінің проблемасы десек те, бір жағынан режиссерлердің әрқайсысының ішінде бір-бір цензор отырғандығынан.

- Олардың бәрі бұрынғы ғой. Бірдеңеден қорқып қалған әдет бар, бәрі бірдей ойлайды. 

 

- Өзіңіз жас режиссерлерден өзгешелік, ерекше қалып байқайсыз ба?

- Қайрат Сүгірбеков деген режиссер бар еді, марқұм болды, көп үміт күттіріп еді. Жас болмаса да Жанат Хаджиевтің "Қозы Көрпеш-Баян сұлуынан" асқан спектакльді мен әлі көргенім жоқ. Ол мына "Қыз Жібектен" де биік.

 

- Бүгінде өзіңіз жеке театрсыз. Басқалардың қойғанына барасыз ба, салыстырасыз ба?

- Қараймын. Көргім келеді. Қарағандыда Әлімбек Оразбек деген бір режиссер бар, соның шешімдері жақсы болады. Қазір дайындап жатырмыз, режиссер шығара аламыз ба, жоқ па, шығару керек енді.

 

-"Элитарлық өнер жасауға болады, бірақ бұқаралық мәдениет жасау керек" деп пікір айтқансыз бір кезде, әлі де солай ойлайсыз ба?

- Өйткені қазір ол уақыт емес. Бірақ, өнердің шыңына жету үшін ерте деп те айта алмаймын. Жасап та жүрмін, бірақ, көрерменге көп дүние айтуым керек. Белсенділік көрсетуіміз керек қой, отыра берсең, отыра бересің. "Мені түсінбейді, мен жалғызбын" деу - жұмыс істемеудің бір жолы. "Мал, тобыр мынау" деп отыра беруге де болады. "Көпте ақыл жоқ, ебін тап та, жолға сал" деп Абай өзінің істей алмай кеткенін айтып отыр ғой. Бірақ, уақыт жоқ, өмір қысқа. Өмір өтеді, уақыт өтеді дейді, өтірік, өмір де, уақыт та қалады, біз өтеміз. Келесі кезең - рухани адамның кезеңі (эпоха человека духовного).

Мәдениеттегі өмір. Қазір біз материалдық дүниеде өмір сүрудеміз (эпоха человека разумного). Сол келесі келе жатқан кезеңді он сантиметр болса да жақындатсам ғой. Мұхаммед пайғамбар, Иса пайғамбарлар, Леонардо да Винчи, Абайлар сол кезеңді жақындатқысы келді ғой.

 

- Дидар Амантайдың Абай туралы хабарын көреміз, Абайды тану арқылы қазақ үшін дұрыс жол табуға деген талпыныс бар. Дұрыс. Бірақ, біздің өзгеруге ниетіміз жоқ, кейде былай болады, жұмыс бабымен бастықтардың алдына барасың, кейбіреуі өздерін бір-бір құдай сияқты сезінеді. Дәп бір сен алақан жайып, мейірім не басқа бірдеңе тілеп келген сияқтысың, этикалық нормалар туралы емес әңгіме, жалпы ішкі дүниесінен примитивный көзқарас байқалады. Егер, қай салада болсын ең бірінші мәдениет орнаса, сосын қалғандары оған қызмет етсе ғой деген ішкі тілек болады.

- Мәдениетсіз, рухани негізі жоқ адам реформаны қалай жасайды, саясатпен қалай шұғылданады? Ал бізде шұғылдана береді. Соны көргенде "Зұлымдық пен махаббатты" қойғың келеді. Кейде менде ішкі эмиграция болады. Соған кіріп кетем, бір-екі айдай жоғалам, бір-екі айдан кейін басымды қылтитып шығарсам, баяғы тірлік. Сол қалпы. Өзгермеген. Дұрысында өзгертетін өзіміз. Әрекет керек. Керісінше, жағымпаздардың саны көбейіп кетті.

 

«Талант дегендер… жексұрын адамдар»

 

- Алда қандай жоспарыңыз бар, көрермендерді тағы қалай таңғалдырмақсыздар?

- Вертольд Брехтнің үш батырлық операсын қою туралы жоспар бар. Онда криминал мен билік туралы айтылады. Біздің өміріміз.

 

- Сізді ұлтын жақсы көрмейтін адам сияқты көрсетушілік бар сияқты. Әлде, бізге солай көріне ме… Сіз не, қазаққа қарсы жұмыс істеп отырсыз ба?

- Абайдың сөзі бар: "Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілемейтұғындығының, рас сөзі аз, қызметке таласқыш, өздерінің жалқау болатындығының себебі не?" дейді үшінші қара сөзінде. Мұны Абай қазақтарды жек көргеннен айтып отыр ма? Шындығында, қазақтың ең жалынды патриоты - Абай. Мен сыртқы пішіндегі ұлтжандылыққа қарсымын. "Қазақ болып туғанымды мақтан етем" дейді теледидардан біреу. Онда жексенбі күні сағат 9-да туғаныңды мақтан ет, немесе шашымның қара болғанын мақтан етейін. Екеуі бір нәрсе. Енді ойлашы, адам сол қазақ болып туғанын мақтан ете ме? Ол немене мақтан? Сөйтіп шатастырамыз ғой жастарды. Соны айтып отырған белгілі ақын. Германияда да бар, білектеріне жазып алады: "Мен неміс болып туғанымды мақтан етем" деген. Бірақ олар өздерін неонацистерміз дейді. Ал біздікілер өздерін патриотпыз дейді. Осындай жалған лозунгпен біз өнеміз бе? Көгереміз бе? 24 сағат бойы қазақ болып отырғысы келетіндер бар. 24 сағат бойы мұсылман болып отырғысы келетіндер бар, өтірік қой оның бәрі, мүмкін емес. Барлық жерден қазақтың бір ерекшелігін көргісі келеді. Мен айтам: "Ал айта қойшы, қазақ гинекологиясының ерекшелігі қандай?" Сондай популистік сөздерге жалпы жұрт сенеді. Жеме-жемге келгенде оның артында терең білім жоқ. Адам анасынан туғанда хайуан болып емес, адам болып туады, сосын барып қазақ болады. Бізде ұлттық мәселемен бәрі шұғылданады, Ақын да, жазушы да, тарихшы да, бірақ этнолог жоқ. Этнолог жоқ болғаннан кейін әрқайсымыз шұғылданып, халықты бірнәрсеге ұрындырамыз. Өйткені, ғылыми негіз жоқ.

 

- Артынан әрқилы пікірталас тудыратын дүниелерді қою үшін қаншама ізденіс, табандылық, жүйке керегі белгілі. Жалпы, қалай әзірленесіз, мәдениеттанушылармен ақылдасасыз ба?

- Өзім оқимын, дайындалам. Германияда университетті әлеуметтік мәдениет-тану бойынша бітірдім. Дайындықсыз бармаймын. Баяғыда дайындықсыз барам деп екі аяғым көктен келген. Көргеніңді істейсің, басында режиссерді ойнап жүрдім он шақты күн. Режиссер болукерек, ойнамау керек.

 

- Осы күні ұлтқа ақыл айтатын басылымдар идеология керек пе, ол қандай болу керек деген әңгімені көбірек қаузағысы келеді. Жалпы, осы әңгіме керек пе, керексінсек баяғы таз кепешімізді қайта киіп жүрмейміз бе? Ол және алдымен сіздің салаға салқынын тигізбей ме?

- Бірінші, түсініп алайық. Идеология деген - бір идеяға деген көзсіз махаббат. Бір идеология шықты дегенше, қалған идея өлді деңіз. Бір идеологияның соңында жүру, меніңше, ақымақтық. Бізге әуелі идея мен идеологияны ажыратып, байыбына жету керек. Идея – ашық дүние, идеология жабық. Ұлттық идеологияны ойлап табуымыз керек дейді, ол басқа идеяны құртады, мұның түбінде сауатсыздық жатыр. Егер ұлттық идея десе, мен түсінем. Білімді неге ұлттық идея деп алмасқа. Идея керек. Кәсіби деңгейде сөйлейтін кез жетті, таланттардың қойыртпақтарын қою керек, талант дегендер мен үшін жексұрын адамдар. Талант деген - ішіп-жеу, ұйықтау, құдайдың бергені.Талантты ақын, талантты әртіс… талант деген бір күні құриды, өйткені шабыт болмай қалады, шабыт жоқ - талант та жоқ. Себебі, оның ғылыми негізі жоқ қой. Кәсібилік деңгейі төмен. Ал, қашанғы отырамыз, оның шабыты қашан келер екен деп, оянбай да кетуі мүмкін. Жүрді ғой талай таланттар арақ ішіп, шабыт күтіп. Кәсіп ақылмен, еңбекпен келеді. Мысалы, Қадыр Мырзалиев - кәсіби деңгейдегі ақын-жазушы. Оның кәсібі - машығы. Бізге кәсіби деңгейге жетпей болмайды. Талант бір жылт етеді де қояды, кейде сол бір жылт еткенінің жылуы өмір бойына жетеді, сосын жүреді өмір бойы халыққа еркелеп. Бірақ, қашанғы бұрынғы инерциямен көкіректі қағып жүре береміз. Жастарды кәсіби деңгейге үйрету керек.

 

- Сонымен бар үмітім жастарда деңіз…

- Біздің буын құрығанбыз. Жалпылдап, жалтақтап, ұнасақ екен, сөзімізді өткізсек екен деумен өттік. Мен - сол буынның өкілімін. Қазіргі жастарда ішкі тәуелсіздік бар. Жалған ұранға сенбейді. Мен сеніп жүрдім ғой масқара болғанда. "Біздің елдей ел жоқ!" деп жүрдік қой, "қазақ болғанымды мақтан етіп". Ал олар ненің не екенін біледі. Қазіргі жастар менен екі-үш есе асып түсуі үшін соған жағдай жасап, заң қабылдауым керек. Менің балам менің итіңдеп өткен қырық жылымды қайталамасын. Ол өзінің баласына сондай жағдай жасау керек, даму сонда ғана болады. Әйтпесе бұл өмірге неменеге келдік?