Қазан төңкерісінің тарихи мәні неде?
20.02.2023 1785

Алаш, Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері жайлы сөз қозғау – қазақ бар кезде өшпейтін, өлмейтін тақырып. Өткен жолғы сұхбатымызда «Ақпан төңкерісінің тарихи мәні неде?» деген тақырыппен сол кездегі Алаш қайраткерлерінің рөлі жөнінде, оқиғаның қалай болғаны жөнінде көлемді сұхбатты жариялағанбыз. Қойылған сұрақтарға жауап берген әрі өзі жинап, зерттеп жүрген мәліметтерін айтқан спикеріміз – Астана қаласындағы Д. Қонаев атындағы 66 мектеп-лицейде тарих пәнінің мұғалімі, 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері кезеңіндегі Орал облысындағы қазақ зиялыларының қызметін зерттеген тарихшы Гүлнұр Шайхиева еді. Бүгін міне, сол кісімен енді Қазан төңкерісі хақында тілдесіп, қадірлі оқырман назарына көлемді сұхбатымыздың жалғасын ұсынып отырмыз!


Бұқараны революцияға оның өміріндегі мұқтаждық қана итермелейді...

 

- Жалпы Қазан төңкерісінің болуына нендей себеп түрткі болды? Большевиктік саяси позицияны қолдау өлкеде қалай жүзеге асты?

Революция халық тарихында аса күрделі мәселені, талас пен тартысты шешудің ең соңғы тәсілі болғанымен, ол елге үлкен қасірет, шығын әкелетіні де ежелден белгілі. Бұқараны революцияға оның басындағы мүшкіл материалдық мүдде, өміріндегі мұқтаждық қана итермелейді. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы халық жоқшылығын шеше алмады, бұқара төнген апаттан әрі әскери диктатурадан құтылудың жанталаса жолын іздеп, большевиктердің ұрандарына сеніп, енді социалистік революция жасауға қосылып, 1917 жылғы 25 қазандағы көтерілістің жеңісін қолдады. Бұл жеңісті Кеңестердің екінші бүкілресейлік съезі мақұлдап, жаңа үкіметті құрап, империалистік соғысты тоқтату, жерді шаруаларға беру туралы декреттер қабылдады. Халық күткен  ең ірі екі түйінді мәселені съезд бірден шешті. Бұл жаңа өкіметке жұмысшылар мен шаруалардың, солдаттар мен езілген ұлттардың сенімін арттырды. Елдегі демократиялық лагерь Кеңес өкіметіне үлкен үміт артып, оның қызметін қолдай бастады. Ресей губерниялары мен облыста Кеңес өкіметін орнату науқаны басталды. Бір жағынан бұрыннан бар Кеңестер енді жаңа, большевиктік саяси позицияны қолдап, құрамына осы бағытты жүзеге асырушылар енеді. Екіншіден, шаруалар не жұмысшылар, солдаттар, депутаттар Кеңесін жаңадан сайлап, ол қолына билікті алуға тиісті еді. Жаңа өкімет Ресей халықтарының бәрі тең құқықты, таптық қанау, сословиелік артықшылық болмайды деп жариялады. Бұл адамзат тарихында қағаз жүзінде де болмаған прогрессивті саясат капиталистер мен помещиктерге, саудагер мен ірі байларға, ірі қызметкерлерге, генералдар мен казактарға ұнамады, олар контрреволюция лагерін құрады. Уақытша үкіметтің Орал облысындағы комиссары Г.Бизянов 1917 жылы 4 қарашадағы мәлімдемесінде: «большевиктердің Ресей мемлекетінде жоғарғы өкіметті қолдарына алу мақсатындағы бүліншілігі  біздің Отанымызды азамат соғысы жағдайына соқтырады»,-деп сыбайластарының ойын айтып берді.

Ал «Яицкая воля» газеті Петрогардта қысқы сарайды бір топ шайка басып алып, елге билік жасамақ деген. Уақытша  үкіметтің Оралдағы облыстық атқару комитеті (УҮОАК)  Петроградтағы Қазан революциясының жеңісін көпшіліктен әуелі жасырып келген, ал сосын неше қилы  айла мен арбау арқылы бұқараны алдап, өзін өлкедегі демократияшыл ұйым деп көрсетуге тырысып, Кеңес өкіметін мойындауды  кешеуілдетіп, Кеңестердің  бүкілресейдік ІІ съезінің  декреттерін орындамаған. Орал  қаласындағы Кеңес  1917  жылы маусымда құралып, оның   Аткомы негізінен эсер мен  меньшевиктер болса  да мардымды  жұмыс  істемеген. Ал  Қазан  революциясы жеңісінен соң  бұл аткомды қаланың  еңбекші  бұқарасымен азғантай солдаттар қолдап отырса да, қаладағы  революцияшыл күштерді  біріктіре  алмады. Орал казак әскері басқармасының контрреволюциялық  пиғылына  қарсы  батыл  қимылға бармады. Бұл  екі партия  ұйымдары  революция потенциалын жергілікті халық мүддесіне  лайықты  бейімдеп, пайдалануды  білмеді. Революцияшыл  топтардың бытыраңқылығын  пайдаланып  Орал казак әскерінің  үкіметі офицерлер мен генералдардың, старшиналар  мен  бай казактар  мүддесіне  сай реакциялық  саясатын жасырмады, әскери  үкімет  басшысы генерал  Мартынов М.Ф. 1917  жылғы 4  қарашадағы  бұйрығымен бүкіл  облысты соғыс жағдайында деп  жариялады. Казак әскері  үкіметінің бұл  озбыр, өктемдік ісі  облыстағы демократиялық  қозғалысқа  жасалған қысым  деп  жұртшылықтың наразылығын туғызады.

Облыста оқу, ағарту, мәдени істерінің мешеу дамуы, өнеркәсіптің аздығы тұрғындардың әлеуметтік стратификациясы (жіктелуі, тарамдалуы) өте төмен жағдайында социалистік ілімді бұқараның  түсінуі, игеруі  де қиын  болды. Отаршылдық психология кең тараған өлкеде социалистік  идеяларды тиісінше және толығынан қабылдауы өте қиын. Облыс тұрғындары қаһарлы күйзелістен  оңай және тез шығып, өз тұрмысын  жақсарту жолдарын іздеу барысында Кеңестердің функциясын, большевиктердің кім екенін білмесе де, олардың саясатын көбі мақұлдады. Ал капиталистер, Овчинников, Стулов, Карев, Бородиндер сияқты  бай казактар, помещиктер, кулактар, қазақ байлары, офицер-генералдар Орал  қарулы  әскеріне сүйеніп, революцияға қарсы лагерді құрады. Халық та, Орал казак әскері  де екіге жарылды. Казактар  арасында «казак еркіндігін»  қорғайық, « казак  автономиясын жариялайық  » деген үгітін жалғастырады.

- Революцияға қарсы лагерьлер құрылғанын айттыңыз. Және оған ықпал еткен Орал казак әскерлері екен. Сонда олардың көксегені не? 

- Тарихи  деректер мен зерттеушілердің  еңбегінде  Орал казак  әскері  басшыларының  Жаңа  өкіметпен келіссөз  жүргізіп, ортақ  тіл табу, өз  мүддесін  бейбіт жолмен  қорғауға  тырысуы көрінбейді. Реакция күштерінің  ызғары  мен кедергісіне  қарамастан  облыс еңбекшілері  Қазан  революциясына жылы қарады, әр  жерде Кеңес  сайлауы  жүргізіліп немесе  бұрынғы  Кеңестер жаңа  өкіметті  қолдай бастаған. Жаңа  өкіметті, бүкіл  елді «Кеңестік»  деп жариялаудың, елдегі  «барлық  билік Кеңестерге  берілсін»  деген ұранның  кең  таралуы да  бұқараға  да үлкен  әсер  етсе керек. Гурьев  уезіндегі  Доссор Кеңесі  әуел  бастан-ақ орыс, қазақ,  ноғай  ұлт өкілдерінен  құралған еді, Қазан  революциясы  жеңісін, оның  ұранын  естісімен Доссорға жергілікті  өкімет  билігі Кеңестерге  көшкенін  бірден жариялаған. Көптеген  тарихи деректер майданнан  қайтқан  солдаттар мен  қара  жұмыстан оралған  қазақ  жігіттері, казак  әскерінің кей  тобы   Кеңес идеяларын  қолдап, елге  кең  таратқан. Олар  қалалардағы шағын  гарнизондар, майданнан келген солдаттар ел өмірін, армияны  демократияландыру  қажеттігін  елге өз  білгенінше  түсіндіре береді. Облыс  уездері мен  қоныстарда Кеңестерді  сайлау  жұмысы жандана  бастайды, жаңа  Кеңестер пайда  болады. Облыстағы  ең қашық  Темір  уезінде 1917  жылдың  қараша айында  жергілікті  гарнизон солдаттары тұрғындармен  бірлесе  отырып, қала мен  уездегі  буржуазия мен   байлардың  мүддесін  қорғаған  Уақытша  үкімет мекемелерін  таратып, жұмысшы, шаруа, солдаттар  депутаттары  Кеңесін құрап, билікті  қолына  алады. 

Кеңес  идеясының жылдам  және  тез тарағанын  Орал  облысының оңтүстік  қиыр  шетіндегі Бозашы  түбегіндегі  Александровск фортындағы  жұмысшылар, шаруалар, солдаттар  депутаттары  Кеңесінің кешікпей, қарашаның 22-де құрылғанын  көруге  болады. Орал уезінің солтүстік – батыс жағындағы  болыстарда  Кеңестер 1917  жылдың   желтоқсан айы мен   1918  жылдың қаңтар  айында  әр жерде  орнай  бастаған. Бұрынғы  болыс басқарушыларын  босатып, орнына  басқа  адамдарды сайлаған. Кеңестерде  сайлау  науқаны бейбіт  жолмен  көбіне  партияда  жоқ   адамдардың ынтасымен өткізілген. Тарихи деректердің  жетіспеушілігінен   облыстағы саяси  партиялардың  осы кездегі  жұмысын  баяндау, талдау  қиын болып  келеді. Кеңес  тарихшылары  Т.Елеуов, Т.Губа, П.Пахмурный, В.Григорьев т.б.  жергілікті Кеңес  өкіметін  орнатуда большевиктердің  қызметін  әсірелеп, басқалардың  еңбегін  тиісінше көрсетпеген.   Сол  кездегі  Кеңес  қызметі, бұқараны жаңа құбылысқа  қатыстыру  істері тиянақты   жазылмай  келді. Облыстағы  саяси ұйымдар  саяси-теориялық  жағынан деңгейі  биіктігін  көрсете алмады. Социал – демократия  ( РСДЖП  (б) )  болып мынадай аса  қиын, жауапты  кезеңде екіге  бөлінуі бұлардың  саны аздығымен  қатар, саяси  сауаттылығы мен  ұйымдық жағынан  осалдығын  байқатады. Ат төбеліндей  большевиктер  қаладан ұзап  шыға  алмаған. Дегенмен  большевиктер күрес  барысында  шыңдалып, қалың  бұқара арасында  әлінше  үгіт, насихат жұмысын  өте  қиын жағдайда  жүргізгенін  айтуымыз жөн. Олар қалалар  мен  қоныстарда, әскери  бөлімдер мен  жұмысшылар, шаруалар  арасында митингілер,  жиналыстар  өткізіп, бұқараны  алдағы  жұмыстарға жұмылдыруға  көп  еңбек еткен. «Уралец»  газетін  шығарып, орталықтағы жағдаймен таныстырып  отырған. Меньшевиктер «революциялық  қорғану» саясатын  насихаттаған, бұқара  арасында елеулі  ықпалға  ие болмаған.  Эсерлердің  көбі шаруалармен  байланысып,  солардың мүддесін  қорғамақ болады.  Бұл соңғы  екі  партия ұйымдары  жергілікті  ұлт арасында саяси  жұмыс  жүргізгендігі нақты  айтылмайды.

- Жергілікті қазақтар арасындағы саяси жұмыстар қалай жүрді?

- Империализм  дәуірінде артта  қалған  халықтардың ұлттық  қалыптасуы,  ұлт болып  өз  тағдырын шешу  міндеті  тәуелді және  отар  елдердің революциялық   қозғалысына  ұласып, ол империализмге  қарсы  күресі міндетіне  айналып, социалистік  революцияның  бір ағымын   құрайды  дегенбіз. Бұл   шешу саяси партиялардың  ғылыми  сауаттылығы мен  тәжірибесіне байланысты. Қазақтар арасында  социал – демократия   кең жайылмаған.

Облыста  600 мыңға  жуық  қазақ тұрғынының   басын  қосып, біріктіретін    жетекші саяси  күш,  партия болғаны  аталмайды. 1917  жылы желтоқсан  айында  өткен бүкілқазақтың  2 – съезі «Алаш»  деп   аталатын партия  құрылғанын,  бағдарламасы барын  білеміз. Бірақ  1918 жыл  басында  «Алаш»  партиясының  іс, қимылы  көрінбеді. Алаш  съезінде  «Алашорда»  үкіметін сайлаған,  ол  бүкіл қазақ  елін  басқарып, басталған  елдегі  бүліншілік пен күресті  ұйымдастыруға  тиіс еді. Бірақ  Алашорда  Семейге, яғни бір қиыр шетке көшіп кетті. Күллі  қазақ облыстарымен,  уездерімен  байланыс орната  алмады және  өзі жергілікті  Кеңес  органдарының қысымына  түсті. Ал  Орал облысында «Алаш» партиясы ұйымдарының  ұйымдастырылғаны,  не олардың  қызметі  туралы нақты  мәлімет  кездеспеді. Облыс  қазақтарының І съезі құрған қазақ азаматтық   атқару  комитеті Досмұхамбетовтердің басқаруымен  тіршілігін  жалғастыра берді.  Қазаткомның  облыстағы шаруалар  Кеңесімен,  жатжұрттықтар           ( инородцы )   Кеңесімен, қоныс  аударғандар Кеңесімен  байланысып,  төніп келген  әскери  өктемдікке қарсы  бірлесе  күресуге  талпынғаны  жөнінде  де дерек  жоқ. Сонда  да Кеңес  тарихшылары  қазақтың ұлт – азаттық  қозғалысы  қызметкерлеріне  жала жауып,  сұрқия  етіп көрсетуге  тырысты. 1918  жыл басында   Казатком  басшыларының    ОКӘҮ – імен еш  байланысы  болмаған. Бірақ  ОблКазатком қазақ  зиялыларының  да бірлігін  сақтай  алмаған. Кей  қазақ  азаматтары Кеңестер  жағына  ығыса берген.

Олар  аса күрделі  жағдайда  болашақ үшін  жанын  аямады, реакция  мен большевизмнің  озбырлығын  көріп, зорлығына  шыдады. Өйткені  үлкен үміт  жетелеген  Кеңес үкіметін  орнату  қиын болды. Сол  кездегі  саяси жағдайды  Орал  казагі, большевик  Ф.М.Неусыпов былай  деп  жазған, буржуазия  құрған «Атқару  комитет» өзін   революциялық демократиялық  ұйым  деп жариялап,  көпшілікті  алдап, революцияның  алғашқы  күндерінен бастап   жұмысшы   және солдаттар  Кеңесін  ұйымдастыруға ашық  және озбыр  кеселдік  жасады. Шындығында  да бұл  УҮООАК – ті  жұмысшы мен солдаттар  Кеңесінің  құрылуына кедергі  ретінде  өз жанынан  «Жұмысшы  тобы» деген  бөлім  ашады, ал  Кеңестерді  насихаттап  жүрген Ф.Неусыповты «арандатушы»  деп   байбалам салады. Бұнымен  қоймай  УҮООАК – ті солдаттар  депутаттарын  сайлау орнына  Теке  қаласында гарнизондық  әскери  комитет құрады. Бұл  аталған  екі ұйымның  басшылығына  Гордов, Фомичев  деген  меньшевиктер  қойылады. УҮООАК – ті  монархистердің  қолдауымен  Теке  қаласында   гимназия мен тағы  басқа  оқу орындары  оқушыларынан  ақ гвардия  отрядын  құрады. Бірақ бұл  әскери  топ кешікпей  майданнан  оралған  революцияшыл   казак  полкі күшімен  қарусыздандырылып  «гвардия»  таратылып, басшылары тұтқындалады. Осылай  облыста, қалада  ірілі – ұсақты  соқтығысулар болып  жатады.  Облыста Орал  казак  әскері Үкіметінің  «төтенше  жағдай»  жариялауы  демократияға  қысым жасау  деп  жұршылық наразы  болған  генералдар, офицерлер  өз  күшін жия  береді. Орталық  Ресейден қуылған  Н.А.Савельев  т.б. генералдар, офицерлер  келіп, қуат  беріп, казак әскерін  қайта  құруды қолға  алады.  Олар Жайық  өңірінде  демагогикалық түрлі  ұрандар  таратып  «большевиктердің   айуандығы мен  сұмдықтарын» мәлімдеп, казактарды сендірмекші  болып, казактар  арасында үгіт – насихат  жұмыстарын  жүргізеді. Орал казак  әскери басшылар  Ресейдегі  ақгвардияшылармен   шетел империалистерімен  байланысып   ағылшындардан  т. б. көмек күтеді,  Каспий  жағалауындағы ақгвардияшылармен    тікелей  байланысады.  Әскери  дайындықты  күшейту  үшін  казактар  армиясының  бас штабы  құрылады. Штаб ірі әскери  бөлімдерді  жасақтап, оларды    генералдар  Н.А.Савельев, А.П.Михеев,  В.Н.Акутин, Сладков, полковниктер  В.С.Толстов, Н.Н.Бородин, Кириллов,  Горбунов т. б. басқаруын  жобалаған. Бұлар  «казак еркіндігі»  деген   ұстанымын дамытып, казак автономия   алып,  казак тәуелсіз  республикасын   құру керек  деген  үгіт айтады. Ал  ол  «республика» кіммен, қай  жерде болатынын анықтамайды. Бұнымен  қатар казак генералдары М.Ф.Акутин, В.Н.Акутин, Питруев, Сладков,  Иванов  т.б.   кеңесімен  казак  бұқарасы алдарқатып, арамза  тактика  қолданады, біздер  Кеңес  өкіметіне бейтараппыз  десе,  сосын формальды  түрде  РСФСР халық  комиссарлар   Кеңесін мойындаған  болады,  онымен  хат  жазып та  тұрады.

-  Орал казак әскерлері болса, олардың мұздай қаруланып алуы сол кезде ел арасында дүрбелең туғызған жоқ па?

- Зерттеушілердің  пайымдауынша, Орал казак әскери үкіметі (ОКӘҮ) іс жүзінде облыстағы жұмысшылар, шаруалар, солдаттар депутаттары Кеңестерін  мойындамай, байкот  жариялаған. Ал  майданнан оралған  казактар офицер-генералдардың  ықпалына ере  бермеген. Сондайдың  бірі 7-ші  полк  1917 жылы  22  желтоқсанда Орал  вокзалына  келгенде, қаладағы  ақгвардия отряды полкті  қарусыздандырмақ болады,  бірақ  казактар көнбей  бас  тартып, казармаға  қару-жарағымен  орналасады. Олар  Кеңес өкіметін  қолдайтынын  жасырмапты, эсер,  меньшевик, большевик  ұйымдары революцияшыл  казактар  арасында үгіт  жүргізіп,  өз жағына  икемдегенмен нәтижелі  іс көрінбейді. Ал генерал   Мартынов  қалайда   7-ші   полкті өзіне  бағындырмақ  болып, 25  желтоқсан  күні өз   гвардиясымен   казактарға шабуыл  жасаған, бірнеше  кісі  жараланып,  бір  казак өлген. Бұған  ыза  болған 7-ші  полк    ақгварддияшыларды  қуып, таратып,  қаладағы  түрлі монархистік  мекемелерді  талқандайды. Келесі  күні полк  түгелімен   әскери штабқа  келіп,  әскери үкімет  төрағасы  М.Мартыновқа атаман  т.б.  лауазымынан кетуін  талап  етеді, генерал  көнеді. Полк қаладағы  ескі  режим  жасақтарын  орындарынан  кетіреді. Ал бұл  қолайлы  қимылды облыстағы  социалистер  (эсер, меньшевик,  большевиктер )  демократияны күшейтіп,  халық   мүддесіне сай   тиімді  іске пайдалана алмаған. Бұл  олардың  осалдығының,  бытыраңқылығының  бір көрінісі. Ал  бұл  осалдықты Орал  казак  әскери басқармасы  тағы  пайдаланып, жер – жерде  отрядтар ұйымдастыруын  жалғастырып,  генерал-лейтенант  Савельев бастаған  генерал, офицерлер  казактар  арасында  кең  үгіт жүргізіп, жаңа  отрядтар  жасақтай берген. Соның  біреуін   1918 жыл  басында, Гурьевте  полковник В.С.Толстов ұйымдастырады. Генералдар  Бородин,  Мартынов,  Михеев, полковниктер  Горбунов, Горшков,  Бородин, Кириллов  т.б. осындай   қарулы  отрядтар құруға  тырысады. Бұлардың  көмегімен  Гурьевте  юнкерлер  мектебі ашылады.

Орал  казак әскерінің  бұлай  жарақтануы орыс, қазақ, украин  тұрғындарын  алаңдатып, облыста шиеленісу басталады. Қарулы  казактар  бейбіт, қарусыз  елге  қысым жасай береді. Сол  кездегі жағдайды   Орал  уезіндегі Александров  деревнясындағы РСДЖП (б)   ұйымының  төрағасы Я.М.Мисюро  өз  орталық комитетінде: «біздің  деревня   Ресейден   алыстағы  жабайы  далада және  Орал  казактары қоршауында  болса  да, Оралда осы  кезге дейін деспотия  болса да, сіздің  шындық  үшін батыл  ерліктеріңіз  революциялық Петроградтан  естіліп,  біздің ұйқыдан  оянған  жүрегімізде ұялады»  деп   жазған хаты  айқындайды. Саяси  жағдай ауырлай  түседі,  ел тығырыққа  тірелді, большевиктер, Кеңес   өкіметін  мақтаушылар, Орал  әскері үстем  болса,  ол баяғы  дағдысына  салып ойрандауы  мүмкін.  Қазақ шаруалары үшін екеуі де орыс өкіметі, біреуін қолдау жөн. Ал алаш қарулы әскермен арпалыса алмас. Таңдау – Совдепті қолдауға ауады. Содан болар әр жерде облыс шаруалары депутаттары, кейде орыс, қазақ  аралас, қоныс аударғандардың және өзге қалалардан келгендердің депутаттары Кеңестері бөлек-бөлек сайланып жатты. Кеңестер мен ревкомдар құрамына негізінен РСФСР Халкомын заңды үкімет деп мойындаған  азаматтар сайланған Гурьевтегі тау-кен инженері өзінің бастығына 1918 жылы 27 қаңтардағы рапорттарында «Доссордағы» жұмысшы депутаттары Кеңесі мен завкомдар тек Халық комиссарлар Кеңесін заңды үкімет деп мойындайтын кісілерден құралады» депті. Кеңестер өз жұмыс көлемін, міндетін, стилін нақты білмесе де, күнделікті өмір талабына сай қызмет істеген. Доссор жұмысшы Кеңесі завком, қызметкерлер одағы ұлттық комитет өкілдерімен бірлескен мәжіліс өткізіп, кәсіп иелерімен ұжымдық шарт жобасын дайындайтын комиссия құрайды. Маңғыстаудағы Александровск фортындағы уездік атком азық-түлік комитетін, сосын армиядан келген солдаттар мен қазақ жігіттерінен қызыл гвардия, солдаттар депутаттары Кеңесі ұйымдастырылады. Артынша жұмысшы, шаруалар депутаттарының Кеңесі, почта-телеграф қызметкерлерінің одағы, мұсылман Кеңесі құрылады. Бұрынғы болыс, ауыл қызметкерлерін босатып, басқа адамадар сайланған. Жергілікті Кеңестер облыстық Кеңес съезіне дайындалады, делегаттар сайлайды.

- Осы уақытта облыстық съезге кімдер шақырылды, қандай ұсыныстар болды?

- Иә, осындай аласапыран, шиеленісті кезде шаруалар депутаттары съездері басталады. Әуелі шаруалар депутаттарының облыстық съезі 1918 жылы 15 қаңтарда ашылады. Бұған жұмысшылардың, қазақтардың, еңбекші қазақтардың өкілдері, майдангерлер шақырылды. Делегаттардың көпшілігі «солшыл» эсер позициясында болған, съезд «солшыл» эсер Д.Колостовтың бастауымен өтеді. Әртүрлі әлеуметтік топтар өкілдерін шақырып, съезд облыста өкімет мәселесін шешпек болады. Большевиктердің басшысы П.Дмитриев съезде РСФСР халком Кеңесін мойындауды, облыста Кеңес өкіметін орнатып, билікті қолға алуды ұсынды. Әрбір зиялы пікірге қазақ өкілдері наразылық білдіріп отырған. Бір топ қазақтар 29 қаңтарда шыршық шығарып мінбеге шығып Кеңес өкіметін айыптап, оны мойындамауға шақырды. Осы съезде отырған Орал казак әскері өкілдерінің екінші тобы бұл пікірге қарсылық білдіріп, офицерлер Н.К.Щелоков мінбеге шығып: «Бұл атамандар қысымы, Кеңестер халық қозғалысы, біз оны жоққа шығара алмаймыз» деген. Съезде көп қазақтардың өктем, озбыр қысымына наразы болып, бір топ казактар, офицерлер кетіп қалған. 

 

- Сонда большевиктердің ұсынысы не еді?

- Большевиктер ұсынысы – Орал казак әскери өкіметін тарату, арсеналды, қызыл гвардия ұйымдастыру, т.б. қабылданбайды. Осы жерде зерттеушілер екі пікір айтады. Т.Губа большевиктер өз жұмыстарымен съезден кетіп қалып, өз алдына бөлек жұмысын жалғастырып, ОблКеңестің большевиктік атқару комитетін сайлады деген. Ал деректерін атамайды. Енді Т.Елеуов «Орал облыстық шаруалар съезі большевиктердің ұсынысы бойынша шаруалар съезі облыста Кеңес өкіметін мойындау туралы қаулы алды» дейді. Ал «Орал қорғанысы» кітабының авторлары бұл съездегі қызу айтыс кезіндегі Мәскеуден Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті жанындағы казак бөлімінің мүшесі Н.С.Ружейников келіп, большевиктік позицияны қолдап съезд облыста Кеңес өкіметін жариялап, РСФСР Халкомсовының өкіметін мойындады деген. Большевиктердің арсеналды шұғыл алу, казак роталарын қарусыздандыру туралы ұсынысы өтпей, «солшыл» эсерлер өкіметті қарулы қақтығыс жолымен емес, бейбіт келіссөзбен алу жөн деп көнбеген. Шаруалар обл Кеңесі аткомының құрамына большевиктер де сайланған. 

Осы кезде Орал казак әскерінің өкілдерінің  кезекті съезі ашылып, зерттеушілер оның құрамы негізінен атамандар мен генерал сыбайластарынан, өпірім қазақтардан дейді. Бұл съезден Мартыновты атаман міндетінен босатып, оның орнына әскери үкіметтің төрағасы, атаманы, әрі жоғарғы қолбасшы етіп полковник Г.М.Фомичев сайланады. Шаруалар съезінің Кеңес өкіметін мойындап, облыста бірлесе өкімет құру ұсынысын казактар қабылдамаған. Съезд облыста өкімет орнату мәселесін, әскери дайындықты талқылаған. Орал казак әскері басқармасына Н.С.Ружейников Кеңес өкіметі өкілі ретінде барып сөйлескен, бірақ нәтиже болмаған. 

1918 жылы ақпан айы басында өзге қалалардан келгендердің (иногородцы) облыстық съезі басталған. Бұлар жұмысшылар, шаруалар, солдаттар депутаттары казак әскері жерінде тұратын орыс, қазақ, украиндар – жер, су, орман, т.б. табиғат байлығын пайдалануға құқы жоқ еді. Енді Кеңес өкіметі саясатынан үлкен үміт күткен.  Бұл съезде қалалық кәсіподақтар Кеңес өкіметін құттықтауын жылы қабылдады. Ал эсерлер Кеңес үкіметінің кейбір істерін сынай бастап еді, съезд делегаттары наразылық білдірді. Басқа мәселелерден де түсінісу болмаған эсерлер съезден кетіп қалады. Съезде 38 делегат жұмысын жалғастырып, Кеңесті қолдады.

Сонымен, негізінен орыс ұлты шаруаларынан құралған бұл үш съезд үш бөлек, үш бағытта болды, өзара түсінісуді казак әскері қабылдамады. Шиеленіс өршіп, апатқа келе жатты. 

Бұлармен қатар, 1 ақпаннан қоныс аударып келген шаруалардың депутаттары Кеңесінің облыстық съезі ашылды. Бұлар да Кеңес өкіметін өзіміздікі деп мойындап, үндеу қабылдады. Шаруалар облыстық Кеңестерінің депутаттары үйлеріне тарап, жергілікті билікті Кеңеске беру ісін жалғастырады. Ақпан айында Гурьев, Ілбішін қалаларында, уезде, наурызда Орал уезінің солтүстік-батысындағы  болыстарда Кеңес өкіметін мойындаған. Ал шаруалар Кеңесінің облаткомы шеттен келгендер, қоныс аударғандар Кеңестерімен, казак әскері басшылары съезімен де келіссөз жүргізіп, облыста жаңа өмірге көшу, өкіметті бірлесе құру мәселелерін әңгімелейді. Алайда казак әскері съезі облыста өкіметті өз қолына алу мәселесін талқылаған. 

Орынборда өткен бүкілқазақтың 2-съезі қаулыларын жүзеге асыру қиын болады. Атап айтқанда Алаш көсемдерінің күллі қазақты тапқа, әлеуметтік топқа (жікке) бөлінбейтін тұтас қауым деген концепциясы кешікпей-ақ өзінің зардабын тигізеді. Бұл ұғым 1917 жылы буржуазиялық  үкімет кезінде отарлықтан тез құтылу үшін тиімді еді. Осы жылы халықтың әлеуметтік жіктелуі, таптық қайшылық өршіді. Ол Қазан революциясын туғызды, билік басына жұмысшылар мен шаруалар өкіметі келді  және ол езілген ұлттардың ішінен өзіне әлеуметтік тірек іздеді, теңдік, автономия бермек  болды. Бұл алаш басшыларына белгілі еді, әйтпесе де өзгерген саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты өз түсініктеріне өзгеріс, тактикалық жаңалық ендірмеді. Бұның арты қазақ ұлт-азаттық қозғалысы алаш қызметкерлері үшін  ауыр болды. Бұл кемістік 1918 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен облыс қазақтарының 2-съезінде көрінді.1917 жылы Екінші Жалпықазақ съезінен Орынбордан қайтып оралған бойында Жаханша , Халел Досмұхамедовтер қазақтың батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті. Осы мақсатта облыстық құрылтай өткізу белгіленді, оның орны болып Қаратөбе алынды, өйткені қыс жағдайында жол қиындығы ескеріліп – Ойыл, Маңғыстау, Үйшік, Ақтөбеден келетіндер үшін Қызыл үйден гөрі ыңғайлырақ деп ойластырылған болатын. Құрылтай Қаратөбелегі мешіт үйінде өтті. Бұл жиынды елге танымал заңгер Жаһанща ашты. Осы жөнінде өз еңбегінде Ж.Ақбай: «Біздердің мақсатымыз үкімет құру және оның тірегі әскер жасақтау. Үкімет пен әскерге қаржы қажет», міне осы үш мәселені күн тәртібіне осы жиында енгізді. Съез талқылаған мәселелердің негізгісі – қаржы жинау, елге алым, салық мөлшерін белгілеу болды. Бай мен кедей мүддесін қатар қорғамақ болған қазақ зиялылары салықты кімге салу керек, кімдерді одан босату жөн деген мәселеден айтыс туады. Ж.Досмұхамедов, т.б. салықты бай, жарлы демей, бәріне түгел салуды қолдаса, Ғ.Әлібеков, Е.Қаратілеуов т.б. жарлыдан салық алмау керек деген. Кейін Қазақ АКСР он жылдығына шыққан материалдар жинағында Ораз Исаев алаш қозғалысының объективтік – революциялық сипатын атай отырып, алашорданың «әділ салық» дегені бай мен кедейге бірдей екен, «әйел теңдігі» дегені дін мен «әдет» шеңбері екенін көрсетеді. Осы жай Қаратөбедегі жиында қазақ зиялыларының  бірлігін босатып, жікке, топқа ыдыратады. Алаш азаматтарының бір тобы – С.Арғыншиев. М.Іпмағанбетов, А.Айтиев, Нұрғали Іпмағанбетов т.б. большевиктердің автономия береміз дегеніне сеніп,  Кеңес өкіметі жағына шығады. Ғ.Әлібеков, Е.Қаратілеуов, Б.Қаратаев т.б. Қаратөбедегі съезден кетіп қалады. Алаш көсемдері қыр қазағына сословиеге бөліну, алауыздық түсінігі жат десе, оның дәйексіздігін өмір көрсетті. Сұлтандар сословиесінен шыққан Б.Қаратаев, Б.Құлманов, т.б. шаруалардың көбі Совдепті қолдайтынын көріп, солар жағына шықты. Кешікпей, кедейлер алаш қарауынан қашып, Қызыл армия қатарына еркімен кірді. Бұл фактілер қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдайдың күрделілігін байқатады. Қазаққа салық салу, жинауда мөлшерден тыс көптігін Б.Қаратаев ОблКеңес съезінде қынжыла мәлімдеді. 

- Енді өңірдегі ахуалға оралайықшы... Батыс Алашорданың іргесі қашан қаланып еді? Және оның орталығын бекітуде гоеграфиялық ерекшеліктер ескерілді ме?

- Осыдан кейін Орал өңірі қазақтарының IV-інші облыстық съезі 1918 жылы 18 мамырда Жымпиты(қазіргі Сырым ауданының орталығы) Орал қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан елді-мекенде өткізілді. Алашорда басшылары болашақ қазақ билігінің астанасын Оралдан  18 км қашықтықтағы Барбастау елдімекенінде орналастыруды көздесе, кейіннен казак-орыстардың басты қамалы Теке (Орал) қаласынан аулағырақ Жымпитыға табан тіреу жөнінде шешім алды. Съездің ашылу сәтіне 300 делегат келіп үлгерсе, ол жұмыс істеген үш күннің ішінде тағы 150-дей адам қосылды. Съездің күн тәртібінде 20 мәселе енгізілді, оның соңғы төртеуі съездің барысында анықталды.

Съезді кіріспе сөзбен ашқан Халел Досмұхамедұлы өзінің Мәскеуде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесімен, Орал облысымен шекаралас кеңестердің жетекшілерімен келіссөздер жүргізгенін, Орал казачествосы ьасшылығымен жақындасу әрекеттерін жасағанын айтты. Осы келіссөздерге съезд саяси баға беретіндігін ескере отырып, Халел Досмұхамедұлы өзін съезд төралқасы құрамына сайламауды оның делегаттарынан сұрады. Съезд төралқасына Жаһанша Досмұхамедұлы(төраға), Дәулетшах Күсепқалиев, Жанғожа Мергенов (төрағаның орынбасарлары), Қалдыбай Асанов және Кәрім Жәленұлы (хатшылар) сайланды.

 

- Съезге 20 мәселенің енгенін айтып отырсыз. Оның негізгілері қандай еді?

- Съездің күн тәртібіне енген 20 мәселенің негізгілері мыналар:

1.Ресей мен Орал облысындағы ағымдағы жағдайға көзқарас.

2.Земство делегациясының Мәскеуге баруы жөніндегі есебі.

3.Орал облысытықземство басқармасының казачествомен одақтасу саясаты туралы баяндамасы. 

4. Жалпы саяси бағытты анықтау. 

5. Кіммен және қандай негізде одақ құру керек?

 6. Орал облысының қазақ бөлімінде мықты өкімет құру. 

7. Земство мекемелерінің билігін кеңейту.... 

8. Орталық земство басқармасын қырға көшіру…

Съезд күн тәртібінің мазмұнынан көрініп тұрғандай, онда жалпымемлекеттік, аймақтық және ұлттық саясаттың көкейкесті мәселелері қарастырылған. Сонымен қатар съезд талқылайтын мәселелер қатарында ымыраға келу, ұлттық бірлікті сақтауға байланысты мәселелер болғандығы айқындалып тұр. 

 

- Бұдан кейін жұмысшылардың, әсіресе мұнай саласындағы жұмысшылардың мәселесі қалай болды? 

- Кеңес өкіметі орнаған мұнай кәсіпшілігінде, қалалар мен болыстарда күнделікті тіршілік мәселелерімен шұғылданады. Мысалы «Ембі мұнай» Кеңес ауданында Атком 1918 жылы 14 ақпанында завкомдар, фирмалар өкілдерімен бірлескен мәжіліс өткізіп, мұнай әкімшілігі Кеңеске қарсы болмасын, арандату, не қарсы шығу әрекеттерін болдырмау туралы қарар қабылдайды. Қарарда Кеңес ауданында болып жатқан оқиғаларды Еңбек комиссары мен ішкі істер комиссариатына телеграфпен хабарлауды көрсетіледі. Кеңес тұрғындарды етпен қамтамасыз етуді талқылап, Гурьев пен Ракушиға ет сататын мүмкіндік іздеп өз өкілдерін жібереді. Жұмысшы ұйымдары өз қаулысын жүзеге асуына күш салып отырған, жергілікті Кеңестер мен завкомдар басқа шаруашылық мәселелерімен де шұғылданады. «Орал-Каспий» мұнай қоғамының жұмысшы комитеті 25 ақпанда еңбек тәртібін нығайту жөнінде де мәселені талқылап, жұмысшыларға еңбекақыны нақты істеген сағаттары бойынша төлеуге шешім қабылдады. Жұмысшы кешіккендерге, не себепсіз жұмысқа келмегендерге ақша төлемейтін болды.

Өз күші аз болғасын Орал большевиктерінің басшысы Дмитриев Орынбор, Саратов большевиктерінен көмек сұрауға мәжбүр болғанын ескермейді. Большевиктер басқарған облыстық Орал Кеңесі Уақытша үкіметтің жергілікті органдарын жоюға батылы бармай, банк, почта, телеграф, азық-түлік органдары казак әскері үкіметінің бақылауында қалған. Орал Кеңесі Қызыл гвардияны құруға байсалды кіріспеді, жұмысшы жасақтарын ұйымдастырып, қаруландырмады. Сөйтіп, басқа қалалардағыдай өзіне қарулы тірек жасай алмады, содан контрреволюционерлердің берілуін жүзеге асыратын қарулы күші болмады. Орал Кеңесі қазақтар арасында жұмыс істемеді, қазақ кедейлерін Кеңес үкіметін құру жұмысына жұмылдыра алмады. 

Большевиктер облыстағы зор күш – қазақ халқын, оның жұмысшы табын ұйымдастыра алмай, шетке, Петроградқа П.Парамонов пен Чижовты жіберіп, 1918 жылы 18 ақпанда РСДЖП Орталық комитетіне жағдайды баяндап, көмек сұрайды. Орталық Сарытау, Самар губаткомдарына  жәрдем беруді міндеттейді. П.Дмитриев Сарытау губаткомы мәжілісіне 3 наурыздағы баяндамасында Орал казак әскері депутаттар Кеңесін мойындамайтынын, Кеңестерге қарсы қарулы күшті де қолданады, олар сөз жүзінде Кеңес өкіметіне бейтараппыз дегенмен, іс жүзінде Халық Комиссарлар Кеңесінің декреттерін мойындамайды деп, Орал облысында Кеңестерді бірден-бір заңды өкімет деп мойындап, көмек беруін сұрайды. Сарытау Кеңесі мүшелері Орал Кеңесі мүшелерін тыңғылықты жұмыс істемеді деп сынап, 1918 жыл басында казактар бұлар ойлағандай күшті емес еді, оларда небәрі 6000 винтовка, 3 зеңбірек болғанын, тез қызыл гвардия жасақтап, үйрету керек еді деген. Саратов Кеңесінің атқару комитеті өзінің қарарында Орал облысындағы өкілетті орган өз төңірегінде жергілікті Кеңестерде халықтың ең кедей жіктерін біріктірген жұмысшылар, шаруалар, казактар мен қазақтар депутаттарының Кеңесі деп танылды. «Облыста ешқандай казактың сословиелік әскери өкіметі болуға тиісті емес. Өкімет органдары РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық атқару комитетінің декреттерін мойындауға тиіс» дей келіп, Сарытау губаткомы Орал Кеңесіне көмек көрсету жөнінде шараларды белгіледі. 

Сарытау губаткомы жәрдем беру үшін және Орал әскери үкіметімен келіссөз жүргізуге өз өкілін жібереді, тікелей сыммен сөйлесіп, әскери үкімет Кеңес үкіметін мойындауды, облыста жұмысшылар мен шаруалардың, қазақтар мен казактар депутаттарының Облыстық Кеңесін сайлағанша қазіргі жұмысшы – шаруа Кеңесін революциялық демократия органы деп білуді талап етеді. Сарытаудан Оралға темір жолмен барлық жүкті кідірте тұруды ұйғарады. Ал Орал социалистеріне өлкеде саяси жағдайды тұрақтандыру үшін тезірек жұмысшы, шаруа, қазақтар мен казактар өкілдерінің съезін шақырып, онда жаңа облыстық Кеңес сайлауын өткізуді ұсынды. 

- Облыстағы саяси жағдайдың шиеленісуіне қарай қандай да бір шара қолданылды ма? Арнаулы делегация жұмыс істеді ме?

- Сарытау басшылары Орал облыстық кеңесіне  қазақ жұртшылығын, оның жұмысшы табын саяси күреске белсендірек қатыстыру, оны Совдептің одақтасына айналдыру жөнінде ақыл бере алмады. Сөйтіп реакцияны бірлесе ауыздықтауға жұмылмады. Ал Ж.Досмұқамбетов басқарған Қазатком ОКӘ-імен күресуге қаншалықты күш салғаны әзір бізге беймәлім. Облыстағы саяси жағдайдың шиеленісуімен байланысты Халел, Жанша Досмұқамбетовтер делегация құрап, 1918 жылы наурыз айында РСФСР ХКК-мен келіссөз жүргізу үшін Петроградқа жүріп кетеді.

         Орал әскери үкіметі почта, телеграф, банк, т.б. мекемелерді басып алып, орталықтан келген почта, газет, қаржыны бермей, реакцияшыл басылымдарды ғана таратып келген. Облыста саяси жағдай шиеленісе береді, наурыз айында контрреволюция әр жерде бас көтеріп, күш көрсете бастайды. Демократтар қудалауға түсіп, қысымға ұшырай берген. 

Теке қаласында контрреволюцияшыл казактардың бел алып бара жатқанын облыстағы Александров қонысындағы большевик шаруалар өздерінің 1918 жылы 4 қаңтарда РСДЖП(б)П Орталық комитетіне жолдаған хатында анық жазады. Орал қаласында,- дейді олар,- казактардың қорғауымен әлі күнге дейін деспотизм өмір сүруде, - деген. Зерттеуші П.Пахмурный осы партия ұйымының мүшесі Д.Ф.Рой жолдастың Орталық комитетіне бұқара арасындағы жұмыс туралы жазғандарын ашып, «бірақ Орал қаласы өз төңірегіндегі казак станицалары біз бен сіздің арамыздағы кедергі болып тұр және естеріңізде болсын, бұл нағыз кедергі»,- деген сөздерін келтіреді. Александровтағы РСДЖП облыстық комитеті 1918 жылғы 27 қаңтардағы Орталық комитетке жазған хатында «Әскери үкімет» Орталықтан келген нұсқаулар мен хаттарды, газеттерді жойып, «Киевская мысль», «Яицкая воля» секілді буржуазиялық газеттерді кідіріссіз тарататынын мәлімдейді. 

 

- Шиеленісті жағдайлар көбейді... Контрреволюциялық күштер де пайда болды. Бұған қарсы қандай әрекеттер орын алды?

- Контрреволюция  Гурьевте «қалалық атқару комитетін» құрып, ол қазақтардың басшылығымен жұмыс істейді. Бұған В.С.Толстов та араласып көмек берген. Сөйтіп ол жергілікті саудагерлер мен балық, мұнай кәсіпқорларынан ақшалай көмек алып, Гурьев «қалалық атқару комитетіне» сүйене отырып, жұмысшылар мен солдаттар депутаттарының Кеңесіне шабуылға шыға бастады. Түрлі шыршық және күш көрсету жолымен әуелі революцияшыл солдаттар командасын таратып жібереді. Енді жұмысшылар, шаруалар депутаттары Кеңесін таратып жіберудің неше түрлі амалдарын істеді. Көмек сұрап Астраханға кісі жібереді, одан қару-жарақ алдырады. Енді олар Кеңес өкіметіне қарсы күреске шықты. Ол үшін жоғарыда айтқанымыздай, эсерлер мен меньшевиктер көмегі арқасында Кеңестерді қолдаған Орал, Гурьев гарнизондарындағы революцияшыл солдаттарды демобилизациялады. Майданнан келген казактарды үйлеріне қайырады. Содан облыста ақ гвардиялық қарулы жасақтар құра береді. 

1918 жыл наурыз айы басында Орал казак әскері өкілдерінің төтенше съезі шақырылып, ол Сарытау Кеңесінің Орал әскери үкіметі Кеңес үкіметін мойындау, Орал Кеңесімен келісу жөніндегі талабын қабыл алмады. Казактар съезі өзінің өткендегі казак автономиясын құру жөніндегі шешімін қуаттап, сол үшін күресетінін шешті. Онымен қоймай, облыс халқының 1/5 бөлігін құрайтын Орал казактары өз билігін бүкіл облысқа орнататынын, ол үшін қарулы күштерді құруды жеделдетуді, балық аулаудан, т.б. салық жинауды, ақша жасауды ендірмек болады.

 1918 жылы 2 наурызда Гурьевте түнде контрреволюцияшыл Орал әскері Кеңес үйіне шабуыл жасаған. Гурьев Кеңесі бұл жөнінде Орал облыстық Кеңесіне хабарлай отырып, контрреволюциялық казак элементтері Кеңес үйіне шабуыл жасай отырып, көптеген құжаттарды ұрлап кеткенін және контрреволюционерлер тарапынан қауіп күшейіп келе жатқандығын мәлімдеп, көмек сұраған. Орал облыстық Кеңесіне Гурьев пен Оралда контрреволюциялық элементтердің Кеңестерге шабуылы жиілегенін және бұған қарсы Орал казак әскері үкіметінен  шұғыл шара қолдану туралы талап қойғанын мәлімдейді. 

Ал казактардың жанжалы мен арандатуына қарамастан облыстың бірталай жерінде революциялық процесс жалғаса береді. Доссор мен Гурьевтегі мұнай кәсіпорындарының басқарушысы 1918 жылы 13 наурызда Петроградтағы өз басқармасына: «Жуырда мұнай өнеркәсібі жұмысшыларынан құралатын Доссор жұмысшылар депутаттарының Кеңесі кәсіпшіліктерде мемлекеттік және жергілікті өкіметті өз қолына алғанын жариялады» деген. Бұл әрине  маңызды саяси құбылыс. Бірақ Орал облыстық, Гурьев уездік Кеңестері жұмысшы бұқараның революциялық күш – жігерін Теке мен Үйшікте Кеңес өкіметін құрып, нығайту істеріне толық пайдалана алмады, олармен тиісті байланыстары байқалмайды . 

Казактар жарақтанып, Кеңестерге, большевиктерге қарсы оқ ата бастағанда мұнай жұмысшы ұйымдары өздерінің бейбіт шаруашылығымен шұғылдана береді, өздерінше революцияны қорғау,  сақтық шараларын істеген болады. Доссорда кәсіпшіліктің қазақ жұмысшылары контрреволюцияның арандатуына қарамастан, революцияны қорғау, сақтау шараларын істеді. Жиналыста жалпы кәсіпшілік конференциясына делегат етіп жұмысшы Д.Мұқтановты сайлайды. Сондай-ақ Доссор милициясының бастығы С.Нұрымовты және мұнайды сақтау жөнінде жауапты адамдарды сайлайды. Жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары Кеңесі жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбек ақысы  туралы мәселе қарады. Үш айдан бері еңбек ақы берілмей келген, сондықтан 5 мұнай өнеркәсібі фирмаларынан 250 мың сомды өндіріп алуға қаулы жасады және оған астық сатып алып, қалғанын ақшалай беруді жөн көрді. Контрреволюция күннен-күнге күшейе түседі. 1918 жылдың 23 наурызында В.С.Толстов Гурьевте контрреволюциялық төңкеріс жасайды. Уездік Кеңесті таратып, оның мүшелері Н.Внуков, А.Евсеев, Г.Машанкин, Н.Катков, Г.Николаев, И.Хотюшенко, Н.Якубович, т.б. тұтқындалады. Полковник В.С.Толстов енді өзінің ақ казактарымен Доссор, т.б.  мұнай кәсіпшілігіндегі жұмысшылар мен қазақтар Кеңестерін қуып жіберіп, оның мүшелерін тұтқындап алады. Кеңес өкіметі Ресейдің шығыс аймақтарымен байланыстың жолында тұрған Орал өлкесіндегі  контрреволюциялық жанжалды бейбіт жолмен, қан төкпеу әдістерімен шешуге күш салады. Петроградтан РСФСР ХКК-нің өкілі болып Ф.Неусыпов т.б. келеді. Бұлар қалың бұқараны Кеңес өкіметін орнату күресінде жұмылдыруға күш салумен қатар, Орал казак әскери үкіметімен ортақ тіл табысуға, Кеңес өкіметін мойындау негізінде жергілікті автономия беру секілді мәселелерді әңгімелейді. Бірақ Орал әскері түрлі бұлтаққа салып, еш көнбей қояды. 

 

- Сонымен оқиға қалай аяқталды?

- Облыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты 1918 жылы 18 наурызда Кеңестердің облыстық төтенше съезі шақырылды. Съезд казактар үкіметінің контрреволюциялық қимылдарын әдейі талқылап, казак әскери «үкіметі» мен Алашорда «үкіметін» тарату және контрреволюциялық тұтқындау  туралы қаулы алады. Бұнымен қатар облыстық съезд, егерде ақ казактар мен Алашорда бағынбаса елде мобилизация жасап Қызыл гвардия құрып, тиісті шараларды қолдануды жаңадан сайланған облаткомге тапсырады. Съезд облаткомның құрамын сайлады. Оның президиумына мына адамдар енді: төрағасы – П.А.Дмитриев (коммунист), екінші төрағасы – Д.Колостов (солшыл эсер), орынбасары – А.Айтиев, президиум мүшесі Меңдігерей Іпмағанбетов. Облыстық Кеңестің комиссарлары сайланды. Азық-түлік комиссарлары – Счетчиков, С.Пужалин, заң комиссары – Б.Қаратаев, қорғаныс комиссары – А.Айтиев, халық ағарту комиссары – П.Червяков, денсаулық сақтау комиссары – Нұрғали Іпмағанбетов – медицина қызметінің полковнигі, президиум мүшелері – С.Давыденко, А.Покатилов, П.Н.Парамонов. Облыстық Кеңестің төтенше съезі облыстағы революцияға қарсы күштерді –әскери үкіметті, Алашорданың батыс бөлігінің үкіметін, эсерлер басқарған қалалық аткомды тарату жөнінде, жұмысшы милициясын құру, Қызыл гвардияны ұйымдастыру және ірі буржуазия меншігін алу туралы қаулы алады. Съезд өз жұмысын 25 наурызда аяқтады. Бұл съезд облыс өміріндегі елеулі оқиға болды. Қалың қазақ жұрты сайлап, қолдап келген қазаткоммен келіссөз жүргізіп, ортақ тіл табудың орнына большевиктер тіке шабуылға шықты. 

Қоғамның рухани бастауларын қалыптастырудағы зиялылар қызметі жайлы…

- Енді қоғамның саяси, рухани, мәдени бастауларында тұрған қазақ зиялылары жайлы сөз қылайықшы... 

- Тәуелсіздікке қол жеткен, өз билігі өзіне тиген, империялық, тоталитарлық идеялогияның догмаларынан босаған елімізде, жаңа жағдайда отаршылдық саясаттың нәтижесінде бұрмаланып келген ұлттық тарихтың беттерін қайтадан қарап, бұрын зерделеуге тыйым салынып келген мәселелерге жаңа көзқарас тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік туған кез келді. Сол себепті қазіргі заманда белгілі тарихи процесстер мен құбылыстарға басқаша бағалар беріліп, зерттеулердің методологиялық негіздері өзгерген.Бұл заңды да. Өйткені Кеңес дәуірінде өмір сүрген тоталитарлық идеялогияның өктемдік құрған жағдайында мәдениетіміздің тарихын, оның әр түрлі кезеңдерін шындық тұрғысынан саралауға жол жоқ еді. Жазатынымыз да, айтатынымыз да белгілі штамп, қағидалар: «бұрын мәдениеті дамымаған ел», «социализм арқасында ғана мәдениеті гүлденген» ел болдық дегендерді құрғақ қайталау болды. Бұл жай ғана империялық өктемдіктен туған идеялогиялық насихаттың жалаң қағидалары емес еді. Ең бастысы – мұндай тұжырымдар ғылымның күмән тудырмас ақиқаты ретінде ұрпақтар санасына сіңірілді.

Ғасырлар бойы келе жатқан азаттық күрес ХХ ғасыр бас кезінде жаңа формаға ие болды. Бұл кезең тарих сахнасына қазақ интнллегенциясының шыға бастағанымен ерекшеленеді. Интеллегенция өкілдері халықтың қолға қару алып көтерілуінен гөрі олардың осы іске жан-жақты дайындалуына, яғни саяси саналылығының шыңдалуына көп көңіл бөлді. Сөйтіп, жергілікті дәрежедегі стихиялық толқуларды ел азаттығы, тәуелсіз мемлекет үшін бірыңғай саналы күрес арнасына бұруға күш салды.

Жалпы, Қазан төңкерісіне дейін 100-ден аса қазақ түрлі жоғары оқу орындарын аяқтаған. Жастар дүниедегі өзгерістерді, патшалық Ресейдегі дағдарыс, қайшылықтарды сезінді, үкіметтің қазақ халқына істеп отырған зорлық – зомбылықтарын көрді. Ресейдің орталық қалаларында, сондай-ақ жергілікті жердегі қалаларда оқитын жастар өз үйірмелерін құрды, үкімет саясатын әшкерелейтін пікірлер айтып, қазақ еліне саяси теңдік, автономия берілуі жөнінде мәселелер көтереді.

 

- Ұлттық интеллигенцияның саяси ықпалы қай кезден басталады?

- Ұлттық интеллигенцияның саяси күш ретіндегі белсенді қоғамдық қызметі 1905 жылдан басталады. Бұл – заңды процесс. Ресесйдегі революциялық дүмпулер шет аймақтарға өз әсерін тигізе білді. М.Дулатов 1913 жылы «Қазақ» газетіне «1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да бас пайдасын қолға ала бастады...» деп жазғаны осы тұжырымды растайды.

ХХ ғасыр басында отарлыққа қарсы күрес тәсілдері мен түрлерін өзгерту қажеттігі туындады. Осыған байланысты Алаш қозғалысының жетекшілері азаттық күрестің саяси түрін таңдады. Күрестің жаңа түрінің мақсат-міндеттерін айқындау, нақтылау үшін Әлихан Бөкейханов пен оның серіктері 1905 жылдан 1917 жылдың жазына дейін табандылықпен әрі мақсаткерлікпен еңбектенді. Олар ең алдымен халқымызды саяси тұрғыдан ояту және сол арқылы қалың бұқара арасында отаршылдыққа қарсы хал-ахуал қалыптастыруға көп күш салды. Міржақып Дулатовтың "Оян, қазағы" (1909ж), Ахмет Байтұрсыновтың  "Масасы" (1911ж), 1911және 1913 жылдардан шыға бастаған "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті, 1917 жылы шілдеде қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық "Алаш" партиясының құрылуы отаршылдыққа қарсы саяси күрестің жарқын көріністері болды.[30]

ХХ ғасырдың басы қазақ халықының тәуелсіздік жолындағы күресінің шырқау кезеңі болды. 1905-1907 жылдары Ресейдегі буржуазиялық революциядан бастау алған қазақ өлкесіндегі ұлттық демократиялық жаңғырулар қараңғылықтағы қазақ халқының рухани оянуына ұлт қамын ойлайтын күрескер оқыған зиялы қауымның шоғырының пайда болуына ықпал етті. ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани зерделі игі  жақсылар қазақтың  ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар сабақтастығы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал.Олар өз қызметінің басты мұраты қазақ халқының ұлттық төлтумалығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи өткенін қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдау деп санаған.

 

- Зиялы қауымның ұлттың жоғын жоқтап, болашағының ойлауы қандай күштің арқасында деп ойлайсыз?

- ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялы қауымының қалыптасып, ұлттың рухани жағынан оянуы, мәдени-ағартушылық істің жолға қойылуы және сол дәуірдегі саяси аласапыран кезінде ұлттың ертеңін ойлап, елдігін сақтауды көздеген асыл азаматтардың зор күшке айналуы қазақ жастарының оқу-білімге бет бұрғандығының арқасында болды. Өлкетанушы Исатай Кенжалиев «Батыс Қазақстанның қасіретті жылдары (1917-1920 жж)» атты тарихи еңбегінде Бөкей Ордасындағы оқу ісінің дамуы, қазақ ұлттық интеллигенциясының жаңа буынының қалыптасуы жөнінде мәліметтер келтірілген. Бөкей Ордасында 1830 жылы Жиделі құмында, Таловкада қазақ мектебі болған. Хан ауылындағы қазақ балаларына арналған мектеп 1841 жылы ғана ашылған. Осылайша, Бөкей Ордасындағы мектеп ашу ісі одан сайын дами түсті. Бөкейлікте 1865 жылғы архив мәліметі бойынша 93 қазақ мектебі болған, оларда 3142 бала оқыған, 1200-дей қыз балалар. Бірақ қазақ өлкесіндегі оқу ісінің дамып, қараңғылықтағы халықтың сауатының ашылуы патша өкіметіне ұнамады. Сондықтан 1868 жылы әр қисымда орыс-қазақ мектебін ашты, молдаларды орысшаға үйретті. Оған да қанағаттанбай Бөкейлікте оқу ісінің инспекторы А.Е.Алектров бұратана халықты орыстандырудың екі тиімді жолы барын ашық жазды. Бірі, православие дініне қазақтарды түрлі айламен кіргізу, екіншісі, орыс мектептерін көптеп ашу,- деді. Осылайша, Бөкейлікте «русско-киргизская школа» деген көбейді. Нарынның қақ ортасы Үштаған, Дінқызыл, Бекетай т.б. орысша мектеп халық есебінен ашылып жұмыс істеді. Бұрынғылары, Жәңгір мектебі де жабылып, «однаклассное», «2-х класссное высшее училищелер» ашылып, саны 100-ге жетті. Ислам мектебі де, медреселер де болды, бірақ олардың жайы мүшкіл болды. Оларда орыс тілі, тарих, кейде география, есеп пәндері де оқылыпты. Ал 1917 жылы Таловка, Жасқұс (Орда), Ганюшкин т.б. 2 класстық, Новая Казанкада 1 класстық, мұғалімі С.Меңдешов, Таловкада 2 класстық, мұғалімі Сейітхан Әжігереев, қыздар училищесінде А.Оразбаева, Жаңақалада – Мәдина Қожбанова, Нарында 1 класстық училищеде Н.Залиев, Қошқарда – Е.Т.Сереченко, Кішейде – Т.Воловод, Таловкада 4 училище болған, біреуінде М.Жақыбалиев істеген. 1917 жылы мұндай мектеп саны 106-ға жеткен. Мұнымен қатар Ресейге жол ашылуымен қазақ балалары Астрахань, Орынбор, Уфа, Қазан т.б. қалаларға барып оқыған. Жоғары білімділер 25-ке жуық, олардың саны Қазақстанның басқа облыс, губернияларынан Бөкейліктекөп. Б.Құлманов, Б.Ниязов - Санкт-Петербург, Сейіткерей Нұралыханов – Тарту, Сәлімгерей Нұралыханов - Санкт-Петербург, Сақыпкерей Жанболатов, А.Ниязов, Ғ.Бердин, Ж.Көбе т.б. Қазан университеттерін бітірген. Мұғалімдер семинариясын С.Меңдешов, Ә.Дінішев, Ж.Қарағаев, Пәнгерей Асқартов, Е.Бұйрин, Н.Залиев т.б., Кронштадтағы әскери медецина училищесін Мәмеков Қажығали, Сейтеков Есқайыр, Берғалиев Ыдырыс, Астраханьда Әліпов Сұңғат, Көбиев Ерғали, Ниязова Мүбина т.б. бітіріп, облыстағы қоғам жұмыстарына белсене араласады. Бұл кезде қазақтың ұлттық интелегенциясының жаңа буыны қалыптасқан. Бұларға шетел университеттерін аяқтаған Ғайсин Абдрахман (1899ж), Мұсағалиев Ғабдолғазиз (1903 ж), Құлыбаев Досқали, Абдрахманов Қалимолла, Шанов Ысмағұл, Алғазиевтер қосылып, халқына адал қызмет атқарды. Бұлармен қатар діни мектептерді бітіргендер де қоғамдық өмірге белсене қатысты. Орынбор, Уфа, Қазан т.б. қалалардағы медреселерде оқыған Нұғман Манаев, Қажым Басымов, Ахмет Мәметов, Ғұмар Қарашев, Ибрайым Мүлкәшев, Ғали Бегалиев т.б. оқу, мәдениет саласында халқына көп жұмыс істеді.

 

- Бұлардан бөлек тағы да кімдердің есім-сойын атауға болар еді?

- Халық мәдениетін дамытуға, оқу ісін жалғастыруға орта мамандық алған жастар көп еңбек сіңірді. Қазандағы мұғалімдер семинариясын Пәнгерей Асқартов, Халел Есенбаев, Орынборда Әсет Дінішев, ветеринар-дәрігер Мұстафа Көкебаев, Астраханьда дәрігер С.Алипов, Е.Көбеев т.б. оқып бітіріп, қызмет атқарды. Бұлардың қай-қайсысы да алғашында Таловка қисымында қызмет істеп, кейін айтулы қайраткер дәрежесіне көтерілді. Айталық, мұғалім Пәнгерей Асқартов, Халел Есенбаевтар кейін республикаға белгілі халық ағарту, кеңес қызметкерлері болды. Бақтыгерей Ниязов қисым басқарса, Мәжит Шомбалов дәрігер, халком болып елге көп еңбек сіңірді. Осылайша Таловка қисымынан көптеген талапты да талантты жастар өсіп шығып, орта, жоғары білім алып, оқу-ағарту, денсаулық сақтау т.б. салаларда еңбек етті. Ұлттық интеллигенциямыз қалыптаса бастады. 

Бөкей Ордасындағы оқыған қазақ жастарының ғасыр басындағы ұлттық демократиялық жаңғырулардың әсерімен қоғамдық саяси өмірге араласып, алғашқы мәдени-ағартушылық жасырын ұйымдарды құрғандығы жөнінде сол оқиғалардың куәгері Сейітқали Меңдешев өз естеліктерінде жазып көрсетті. Ол 1900 жылдың күзінде Қазан қаласына барып, оқытушылар семинариясына оқуға түседі. Онда үш жыл білім алады. Сейітқали 1903 жылы халық мұғалімі деген атаққа ие болып, Бөкей облысының ІІ Теңіз жағалауы округіне қарасты Ганоюшкино селосындағы екі жылдық училищеге екінші мұғалім болып тағайындалады. 1904 жылы Хан Ордасындағы екі класстық училищеге үшінші мұғалім етіп ауыстырылады. Ордада болған кезінде С.Меңдешов 1905 жылғы революцияға қатысады. Осындағы басқа да оқыған қазақ жастарын- мұғалімдер мен оқушылардың басын қосып, халық наразылықтарын ұйымдастырады. Әрине, жастардың бас көтерулері полицияның қақтығысымен басылып тасталды. Сейітқалидің өзі патша үкіметінің бақылауына түседі. 1906 жылы Ордаға әр түрлі саяси ағымдағы меньшевиктер, бундовшылар, эсерлер, большевиктер саяси қуғынға ұшырап келіп жатты. Сейітқали секілді көзі ашық қазақ жастары саяси қуғынға түскен адамдармен байланысып, олардың Ордадан қашып кетулеріне көмектесіп отырған.1906, 1907 және  1908 жылдары С.Меңдешев Бөкей Ордасында кәсіби және саяси мақсаттарды көздеген интеллигенцияның жасырын одағының ұйымдастырушысы болды. Бұл одаққа мұғалімдер, фельдшерлер бірікті. С.Меңдешев бұл одақтың қазынашысы және кітапханашысы болды. 1908 жылға қарай Бөкей Ордасындағы қазақ жастарының кәсіби одағы патша шенеуніктерінің көзіне түсіп жабылды. Бөкей Ордасындағы қазақ жастарының алғашқы қоғамдық ұйымға бірігуі қазақ қоғамының мәдени-ағартушылық ұйымдарға деген қажеттілігінен туындады. Бөкейлік оқыған жастар тұңғыш рет ұйым құрып, халықты мәдени-рухани жағынан жетілдіруге, оқу-ағарту ісін бір жолға қоюға, ұлттық тең құқылықты сақтауға ұмтылды.

 

- Сейітқали Меңдешевтің жанында тағы кімдер бар еді? Қателеспесем, бұларды сол кезде астыртын құрылған ұйымға қатыс бар деп те айыптаса керек.

- 1907-1908 жылдар шамасында Шәңгерейдің мекені – Самар губерниясына таяу князь Шыңғыс хуторында, қазақша Көлборысы жерінде он адамнан тұратын жасырын ұйым құрылады. Бұл астыртын қимылға қатысы бар тоғыз адамның – Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сәлімгерей Нұралыханов, Мұстафа Көкебаев, Сейітқали Меңдешев және Мұхтар Сәрсембиевтердің аты жөні аталған. Ұйым «Жігер» не «Ұлт қауымы» деп аталуы мүмкін. Себебі Кеңес өкіметі тұсында 1918 жылы Ордада меньшевик Мұстафа Көкебаевтің ұйымдастыруымен он адамнан жасақталған «Жігер» дейтін мәдени-ағарту қоғамы құрылады да, ол көп ұзамай Тарғын қисымында (Шәңгерей, Ғұмарлар елінде) «Ұлт қауымы», Жаңақала жағында «Білім бірлігі» деген отау бөлімшелерін ашқан болатын. 

Бөкей Ордасындағы қоғамдық одаққа топтасқан зиялы топ халықты сол заманның келбетінен хабардар етіп, мәдени-ағартушылық істі одан әрі өркендету мақсатында газет болуы қажет деп шешті. Газетті шығаруға губерниялық басшылардан рұқсат алу үшін 1910 жылы қыркүйекте Ішкі Ордалық халық мұғалімі Елеусін Бұйрин өтініш білдірді. Сонан соң Бұйринның өтінішін қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдаған губернатор 1911 жылдың қаңтарында «Қазақстан» деген атпен, орысша қосымшасымен, аптасына бір рет қазақша газет шығаруға келісімін берген куәлік тапсырды. Газеттің бағдарламасында үкіметтің өкім –жарлықтары, қоғамдық мәселелер, агенттік жеделхаттар, жергілікті өмір,биржа, сот хроникасы, әр түрлі сыртқы және ішкі хабарлар, өлеңдер көрініс табатындығы көрсетілді. «Қазақстан» газетінің алғашқы екі нөмірі Астрахандағы Окуръ және Апресъянц баспаханасынан шығарылды. Редактор Е.Бұйрин газет шығарудағы қиындықтарға байланысты жергілікті татар баспагерлерінің қолдауымен  Кавказдық газет шығарушылармен одақ жасасты. Баку қаласындағы қажы Зейнелғабиден Тағиев «Қазақстан» газетін шығарушыларға  1000 сом жәрдем берді. Дегенмен, газетті шығару қаржылық қиынлықтарға байланысты Орал қаласына ауыстырылды. 

«Қазақстан» газетін шығаруды жалғастыру және тарату үшін 1912 жылдың басында Орал қаласында қазақтың 27 жас интеллигенті жиналыс өткізеді. Бұл астыртын жиынға Ғ.Қараш, Б.Қаратаев, Е.Бұйрин т.б. қатысты. Астыртын кәсіподақ ұйымына мүше Н.Залиев, Ғ.Мұсағалиев, С.Меңдешевтен басқа ниеттес Ғұбайдолла Бердиев, Нұғман Манаев қатарда болуы мүмкін. Онда газетке қаржы жинауды талқылап, әрқайсысы 20 сомнан жарна жинап, айына 175 сом жиюға келіскен. Бұл фактыны татардың «Құяш» газеті де жазып, ізгі табыс тілеген. Мұның өзі «Қазақстан» газетінің аз мерзім өмір сүрсе де, көп жерге қызметі белгілі болғанын көрсетеді. «Қазақстан» газеті сол кездегі қазақ тұрмысынан көп мәселе көтерген. Қазақ халқының саяси санасын оятып, заман ағымының бағыт-бағдарынан хабардар етіп отырды.

 

- Одан соң «Қазақстан» газетінің болашағы не болды? Газетті ұзақ уақыт бойы ұстап тұру мүмкіндігі болды ма?

- «Қазақстан» газеті Орал қаласында бір жағынан қаржы тапшылығына, екіншіден полицияның қысымшылығына ұшырады. Мұғалімдер мен дәрігерлердің астыртын кәсіподақ ұйымының төрағасы болған С.Меңдешев 1936 жылы 14 маусымдағы мақаласында өз баспа органы жоқ «Қазақстан» газеті 18 нөмірін шығарып, жұмысын тоқтатқанын жазады. Газет қараңғы түнде айналаны жарық етіп, халқына алдағы өмірінің бағытын көрсетіп, жалындай сөнді. 

Бөкей Ордасындағы  алдыңғы қатарлы оқыған қазақ жастарының қатарының қалыптасуы, олардың халықты мәдени – ағарту жолында қоғамдық ұйымдарға бірігуіне әкелді. Алғашқы кезде жастар қараңғылық қойнауында жатқан халықты озық мәдениетті елдердің көшіне ілестіру мақсатын қойды. Оны жүзеге асыру жолы оқу – білім тарату, газет-журнал ашу, кітапхана, музей ісін ұйымдастыру, театр өнері мен әдебиетті дамыту болды. Міне, Ордадағы «Қазақстан» газетінің жарыққа шығып, халықтың ұлттық сана-сезімін ояту, саяси ой жүйесін дамыту, құқықтық тәрбие беру мақсатын жүзеге асыруы жігерлі жастардың еңбегінің арқасында болды. Бөкей Ордасындағы 1906-1908 жылдардағы жастардың алғашқы қоғамдық ұйымының пайда болып, мәдени –ағартушылық жұмыстың ілгерілеуі, саяси өмірде де белсенділік танытулары шын мәнінде жастардың зор күшке айналғандығының белгісі еді.

 

- Енді маған сол Орданың топырағында құрылған «Жігер» ұйымы жайлы айтып беріңізіші. Аталмыш ұйымда кімдер болды және оладың негізгі миссиясы, көздеген мақсаты не еді?

- Ақпан төңкрісінен кейін революциялық оқиғалардың орталығына айналған Ордада оқыған жігерлі жастардың ұйымы болды. 1917 жылы мамырда Хан Ордасында оңшыл эсер Қадыр Әзербаев, меньшевик Мұстафа Көкебаев, алашшыл Уалитхан Танашевтің бастауымен шынжыр балақ шұбар төс жиырма адамнан «Жігер» қауымы құрылды. «Жігер» қауымына топтасқан алашшыл топ Уақытша үкіметтің әрекеттеріне қолдау көрсетіп отырды. Ордадағы контрреволюциялық, ұлттық-демократиялық жастар ұйымы «Жігердің» мүшелері Азербаев Қадыр – «Жігердің» төрағасы, эсер, Көкебаев Мұстафа –төрағаның орынбасары және хатшысы, меньшевик, Сақауов Темірғали, Мұқашев Ғұсман, Алғазиев Абдрахман, Омаров Нығмет, Мұқашев Есенәлі, Тоғызбаев Еркін, Қарабаев Мұхамедрахым, Мұғалов Сақыпғали, Әлиев Өтепқали, Байтленов Әмірғали, Танашев Уалидхан, Шолтыров Шайыхгапар, Өтепов Қарасай, Бірімжанов Кәрім болды. 

1918 жылдың күзінде қауымның құрамынан Абдолқадыр Әзербаев бастаған «шынжыртай» байлар мен бұрынғы правительдердің кетуімен Мұстафа Көкебаев жетекшілік еткен он адамдық ынталы топ қауым қызметіне мәдени –ағарту үйірмесі дейтін жаңа мәртебе беріп, жарғысын жазады және еріеті дербес қоғамдық ұйым ретінде ресми тіркеліп, өзге өңірлерде отау бөлімшелерін ашады. «Жігердің» Тарғын уезіндегі бөлімшесі «Ұлт қауымы», Жаңа Қазандағы өкілдігі «Білім бірлігі» деп аталған. 

«Жігер» үйірмесінің бағдарламасы бойынша қазақ халқының мәдени –ағарту мұқтажын қанағаттандыру және өркениеттілік пен мәдениеттің ұрығын тарату, мектептен тыс оқу курсын ашу, жаңа мектептердің ашылуына көмектесу, кітапхан, оқу залын ашу, газет, журналдар, ғылымның әр саласынан көмекші құралдар шығару мақсаты болды. Сонымен қатар бұл үйірме қазақтың ескі тарихи мұраларын жинауды, халық үйін ашуды да міндетіне алып, мұқтаж оқушыларға жәрдем беру ниеті болған. 

1918 жылы Орда қаласында аудандық партия комитетінің басшылығымен комунист жастар ұйымы ұйымдастырылады. Бастап ұйымдастырушылар Серікқали Жақыпов пен Бисен Жәнекешев болды. Алашшыл жастардың «Жігер» ұйымы да қатар қызметтерін жүргізе берді. Олар коммунист жастардың ұйымын сынап қарсылас атанды. Мәдени –ағартушылық мақсатты көздеп құрылған «Жігер» ұйымы саяси күштердің арасалмағында орта бағытты ұстанғанымен Кеңестердің ықпалының артуымен енді біртіндеп солшыл бағытқа ойысы бастады. «Жігер» ұйымының жабылуы 1919 жылы май айында Бөкейдің облыстық съезіне Астрахань атқару комитетінен уәкіл болып Наримановтың келуімен байланысты еді. Бұл жиналыста Н.Нариманов Кеңес билігінің орнағанына екі жыл болғанда «Жігер» сияқты ұлттық-буржуазиялық ұйымның болуы масқара деп, оны тарату туралы қаулы шығарылды. 

 

- Сіз сөз етіп отырған «Жігер» ұйымы тарады. Ал қазақ зиялыларының бұдан кейінгі оқу-ағарту саласындағы қызметі жалғасын таба алды ма?

- Қазақ зиялыларының 20-шы жылдардағы оқу-ағарту саласындағы қызметі қым-қиғаш тартыс, «идеялық күрес» жағдайында өтті. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында алаш қозғалысының зиялылары басымдылық жағдайда болғаны белгілі. Оқу-ағарту және ғылыми жұмыстардың ұйымдастырушысы болған алғашқы ғылыми мекеме - 1921 жылы халық Ағарту комиссариатының жанынан құрылған Академиялық Орталық болды. Қазақ АССР-інде құрылған мұндай орталықтың жетекшісі Ахмет Байтұрсынов болса, Түркістан АССР-інің Академиялық орталығын Халел Досмұхамедов басқарды.

Осы орталықтың тапсыруымен қазақ зиялылары мектептер және басқа оқу орындары үшін оқулықтар мен оқу құралдарын жазып шықты. Мәселен, А.Байтұрсыновтың өзі бірнеше рет басылып шаққан "тіл құралының" авторы болды. М.Жұмабаев "Педагогика", Ж.Аймауытов "Психология", Қ.Сәтбаев      "Алгебра", Х.Досмұхамедов "Татбиғаттану", "Зоология" М.Дулатов "Арифметика" т.б. оқулықтарын жазған. 

Ұлт зиялылары туған мәдениеттің, әдебиеттің қамын ойлап, бірлесіп, ой-пікір біріктіріп болашаққа бағыт-бағдар беретін бірлестік құруға әрекеттенген. Солардың бірі ұлт қаламгерлерінің басын біріктіріп, әдебиеттегі ұлттық болмысты, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр сабақтастығын сақтау мақсатымен құрылмақшы болған шығармашылық ұйым - «Алқа» еді. 

 

- Иә, «Алқа» ұйымы жайлы көп айтылады. Одан бөлек Хәлел Досмұхамедов құрған қазақ-қырғыз мәдениетін дәріптейтін «Талап» деген ұйым болыпты. Сол туралы да айта кетсеңіз...

- Иә, ұлт интеллегенциясы мұрындық болған тағы бір қауымдастық Түркістан АССР-інің орталығы Ташкент қаласында 1922 жылы құрылды. Оның көш басында "Алаш" қозғалысының белгілі қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедов тұрды. Бұл ұйым мемлекеттік ғылыми кеңестің жанынан қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы "Талап" деген атпен құрылды. Қауымның мақсаттары былай анықталды: қазақ-қырғыз халқының әдеби тілін, ғылым атауларын, емлесін, әрі басқа мәселелерді тексеру; ұлт өнерін тәптештеу; қазақ-қырғыз халқының тарихын әрі салтын тексеріп қарастыру; қазақ-қырғыз мектептерінде оқыту мәселесін реттеп, жөнге салу; қазақ-қырғыз халқының білім қызметкерлеріне, әрі өнер қайраткерлеріне жәрдем көрсету. 

Сол кездегі заманның талабына байланысты үстем болған таптық көзқарас қазақ зиялыларын екіге бөліп, өзара пікір-таласқа түскені жылпы ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына көп кедергі болғаны даусыз. Осы жағдайда зиялылардың ең талантты және оқыған тобы шеттетілді. 20-шы жылдардың аяғында саяси күрестің шиеленісуі тапшыл ақын-жазушылардың өзін қиын жағдайға қалдырды. Бұл жағдай 1925 жылы Қазақтандағы партия ұйымына Ф.И.Голощекин басшылыққа келгеннен кейін өрістеді.

Ф.И.Голощекиннің ұстанған саясаты ұлт зиялыларына қарсы бағытталған еді. Ол зиялыларды қудалауға салу үшін оларға жалған «топ құрушылықты» таңып, оны саяси науқанға айналдырды. Оларға байтұрсыновшылдық, рысқұловшылдық, меңдешевшілдік, қожановшылдық деген сияқты ұлтшылдық айыптар тағылды. "Баспасөз беттерінде ұлт зиялыларын "әшкерелеген", "Байтұрсынов және байтұрсыновшылдық" "Сәкеншілік және Сәкен туралы" "Меңдешев туралы" т.б. осы сияқты мақалалар басылды. Бұл саяси науқанның аяғы ұлт зиялыларын тұтқындап, жер аударуға әкеліп соқты. А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, М.Дулатов сотталып, жер аударылды. Ж.Аймауытов Мәскеудің түрмесінде атылды. М.Әуезов түрмеге қамалды.   

20-шы жылдардың аяғынан бастап елде сталиндік тоталитарлық жүйе орнай бастауымен ұлт зиялыларының қатары қуғын-сүргінге, қудалауға ұшырай бастады. Ендігі кезеңдегі мәдени өмірге оқығандардың тек таптық идеологияны жаны-тәнімен қабылдап, сталиндік жүйеге беріліп қызмет ететін өкілдері қалды.

 

- Уақытыңызды бөліп, көлемді әрі мазмұнды әңгіме-дүкен құрғаныңыз үшін көп-көп Рақмет айтамын

- Сізге де рақмет!