Күй атасы – Құрманғазы
16.02.2023 2061

Жақында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі «Күй атасы –  Құрманғазы» атты Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына арналған кешті ұсынды.


Құрманғазы қазақ музыкасының тарихына аңызға айналған тұлға ретінде енді. Музыкант бала кезінен алғырлығымен, өткір тілімен ерекшеленіп, қос ішекті домбыраны жанынан тастамады. Оның орындаушылық шеберлігіне Ұлы дала тәнті болды. Оның күйлерінде туған жерге деген сүйіспеншілік, заманының бейнесі суреттеледі. Ұлтының ұлы мінезін бойына сіңіріп өскен болмысы бөлек, дүниетанымы кең, тәуелсіздікке ұмтылған Құрманғазы қазақ елінің азаттығын, еркіндігін аңсап өткен. Оның шығармаларында терең философия, замандастары мен ұрпақтарына мол тағылым, рухани құдірет бар. 

Құрманғазы 1818 немесе 1823 жылдары тарихшылардың әртүрлі мәліметтері бойынша Бөкей ордасында дүниеге келген. Қазақстандықтар үшін ұлы күйшінің мерейтойын атап өту ерекше себеп. Бұл еліміздің рухани-мәдени кеңістігінде айтарлықтай маңызды оқиға. Мәңгілік мұра қалдырған күйші-композитордың есімін ұлықтау – елге аманат.     

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов жетекшілік ететін қазақ оркестрі күйшіні еске алу шараларының қатарына қосылды.  

«Күй атасы – Құрманғазы» кешінде Құрманғазының «Ақбай», «Кішкентай», «Серпер», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Көбік шашқан», «Алатау», «Көк ала ат» т.б күйлері орындалды. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова, Мәдениет саласының үздігі Әмина Бошымова, республикалық байқаулардың лауреаттары Мұхит Салыбеков, Айым Бекбаева, Сұлтан Сәркенов, Қайрат Жұмағалиев қатысты. Дирижер – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.  

Ұлы бабамыздың өлмес күйлерін орындаушылық шеберлігі жоғары, ұлттық мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қазақ оркестрінің музыканттары мен солистері орындады.