Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туған күні
12.01.2023 2035

Бүгін қазақтың біртуар азаматы, қазақ халқының ардақты перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеге келген күні. 


Дінмұхамед Ахметұлы - аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, КСРО, шет ел ордеңдері мен медальдерінің иегері. Ол отыз жылдан астам уақыт ел басқарды.

Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы қаңтар айының он екісінде Алматы қаласында дүниеге келді.  Еңбек жолын 1936 жылы Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтын бітіргеннен кейін Қоңырат кенішінде бастады. Ол дипломын Қоңырат карьерінің қуаттылығын 90 мың тонна қара мыс беруге жеткізу жөнінде жазып, оны үздік бағамен қорғап шығады. Өзі жұмыс істеген үш жылда бұрғылау станогінің жұмыскерлігінен бастап цех бастығы, рудниктің техника бөлімінің меңгерушісі, бас инженері, директоры болып қызмет атқарды. Димаш Ахметұлының бұрғылау станогі ескерткіш ретінде Қоңыраттың кіре берісінде мәңгілік сақталуда.

Сол жылдары Қоңырат құрылысы қарыштап дамыған еді. Д.Қонаевтың өзі тұрған үй, балабақша, аурухана, мәдениет үйі салынды. Осындай қажырлы еңбегі үшін 1938 жылдың шілде айында "Ерекше еңбегі үшін" медалімен марапатталды.

Бұл оның бірінші марапаттау белгісі еді. Аз уақытта іскер басшы, зор талап иесі болып көрінген Д.Қонаевты Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті 1939 жылы Ридер кен басқармасының директорлығына ұсынды. Өйткені Ридер полиметаллкомбинатының жұмысы, әсіресе шикізат кеніштері ақсап қалған еді. Бұл ұсыныс кенді Алтайдың экономикасын жедел көтеруге жасалған шара болатын. Сонымен Орталық Комитет жас коммунист Қонаевқа зор сенім білдірді, ауыр міндет жүктеді. Тұралап қалған аса ірі кәсіпорынның жұмысын жолға қою оңай болмасын білсе де, Димекең "жігіт аспайтын бел,жүрмес жол болмайды" деп тәуекелге бел байлады. "Қашан да бірінші болу құрметті, бірақ тыңнан соқпақ салу, мешеу елде ірі кәсіпорынды жолға қою маған оңайға түскен жоқ" деп жазады өзінің естелік кітабында.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ол өндіріс жұмысын жоғары дәрежеде ұйымдастырушылардың қатарында ғана қалған жоқ, 1942-52 жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің орынбасары болды. Одан кейін 3 жыл Ғылым Академиясының Президенті болып қызмет атқарды. Республика Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып екі кезең-1955-60 жылдары және 1962-64 жылдары жұмыс істеді. Онан кейін Д.Қонаев республика партия ұйымын 1986 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін ширек ғасырға жуық уақыт басқарды.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.