Ер Жәнібектің жорық саптаяғы
04.11.2022 3763

Қазақтың жауынгерлік тарихына толы XVІІІ ғасырда (Ш.Уәлиханов) Жәнібек Бердәулетұлы дейтін батыр өткен. Батырлық жырларда немесе ел аузында бұл адам «Ер Жәнібек» деген атымен танымал. 


Атақты қанжығалы Бөгенбай дүниеден өткенде Үмбетай жырау батырдың қазасын хан Абылайға естірткен толғауында:

Аруағыңа болысқан,

Әділ билік қылысқан,

Қашпаған қандай ұрыстан

Керейде батыр Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Қу дауысты Құттыбай,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай –

Абылай, сенің тұсыңда,

Сол бесеуі болыпты-ай, - деген екен. Осы толғауда аты аталған керей тайпасының батыры Ер Жәнібек шамамен 1714 жылы туып, 1792 жылы дүниеден өткен, дейді зерттеушілер. Марқұмның сүйегі қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылы маңында жерленген екен. Батырдың үрім-бұтағы бүгіндері Күршім-Зайсан өңірінде және Алтай бетінде тірлік кешуде.

Жәнібек батырдың көзі тірісінде өзі қолданған бәзбір заттары күні кешеге дейін ұрпақтарының қолында сақталып келген. Атап айтқанда, пышағы, жорық саптаяғы, ағаш төсегі, ақ туы... т.б.

Осылардың ішінде батыр жорық кезінде үнемі қанжығалап, алып жүрген саптаяғы дәл қазір Алматы қаласындағы Мемлекеттік Ор¬талық музейдің екінші қабатында орналасқан «Дәстүрлі қазақ мәдениеті» залының тұрақты көрмесінде тұр. Экспонаттардың тізімі тіркелген музей журналында аталмыш жәдігер жайлы «...XVIII ғасырда өмір сүрген Жәнібек батырдікі, 1946 жылы ұрпақтарынан алынған 2000 сомға бағаланды...» деп жазылыпты.

Саптаяқты музейге әкеліп тапсырған академик Әлкей Марғұлан. Әлекең алғаш 1927 жылдары Руденконың экспедициясының құрамында Зайсанға барған сапарында бұл бұйымды көзімен көрген.

Зайсан өңірінің тумасы белгілі этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабаев аудандық «Ізгілік үні» газетінің 1973 жылғы 19-шы санында үлкен ғалым Әлкей Марғұланның аузынан жазып алған естелігін жариялапты. Онда академик атамыздың: «...Сендердің елдеріңде болдым, Жәнібектің саптаяғынан дәм де таттым. Ақсақалдар наурыз, құрбан айт мейрамдарында батырдың саптаяғына ет турап, Жәнекемнің саптаяғынан дәм татып келдік – деп үлкен мәртебе санайды екен. Мен музейге тапсырыңдар деп едім, бермеді, ақыры 1946 жылы алдырдым...» деген сөзін келтіреді.

Сонымен қатар бұл жәдігер жайлы зерттеу жүргізген фото-мұрағатшы Марат Ескендір-Әбдешов өзінің 2008 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ портреттерінің тарихы» атты еңбегінде: «Саптыаяқты музей қорына 1946 жылы Қазақ КСР ҒА әдебиет және тіл институтының қызметкері Бәдел Тұрсынбаев тапсырған. Түгендеу кәртішкесінде: «Бердәулет, Жәнібек, Дауылбай, Жібетер, Садақбай, Былшық» деп мұрасын сақтап келген батырдың үрім-бұтағының есімдері жазылған. Жәдігер 1946 жылы 75 жасар Былшықтың қолынан алынған» дейді.

Сөйтіп, 1946 жылы музей қорына алынған бұл бұйым 1970-ші жылдарға дейін ашыққа шығарылмаған. Себебі, сол жылдарда ұлттық көне дүниелер «ескінің қалдығы» есебінде мансұқталғандықтан саптаяқты көрсетуге мүмкіндік болмаған.

Бірақ 1970-ші жылдардың ортасында Орталық музей орналасқан 28-панфиловшылар паркінің ішіндегі Собор ғимараты жаңартудан өтіп, жаңадан тақырыптық-экспозициялық жоспар құрылатын болады. Жоспардың соңғы нұсқасын Мемлекеттік Лито қарап шығып, мақұл көрсе экспозицияға қойылатын заттардың тізімін бекітеді. Осы тізімге батырдың саптаяғы еніп, оған «ХVІІІ ғасырдың орта кезіндегі қазақтардың жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық қозғалысының күрескері Бердәулетұлы Жәнібектің жортуыл саптаяғы» деген түсінік беріледі. Бір қызығы, саптаяқ көрмеге қоюға ұлықсат етілген дүниелер қатарына кіреді. Содан бері бұл жәдігер музейдің тұрақты экспонатына айналған.

Зерттеуші С. Бекешовтің 2002 жылы жазылған «Қазақтың дәстүрлі ағаш ою өнері» диссертациялық жұмысының 43-бетінде жоғарыдағы саптаяққа ғылыми сипаттама беріліпті. Онда: «Саптаяқ тұтас ағаштан ойылған, сабы қысқа, жолға алып жүруге қолайлы, ыдыстың бірнеше жерін жез қаңылтырмен жамаған, ұзындығы 37 см, биіктігі 24 см, сабының ұзындығы 12 см, сиымдылығы 1,5 литр» делінген.