Кенесары хан майданда неге жеңілді?
26.10.2022 2921

Қасым сұлтан мен оның ұлдары Саржан мен Есенкелді Қоқан билеушілері тарапынан өлтірілгеннен кейін Кенесары хан атқа қонды. Патшалық және кеңестік Ресей кезіңінде «Кенесары көтерілісі» деп қалыптасқан термин шын мәнінде қазақ-орыс соғысы болатын. Міне осы 1837 жылы басталған қазақ-орыс соғысы Кенесары әскерінің майдан даласындағы ғаламат ерлігімен тарихта қалды. Өкінішке қарай Кенесарының Ресей империясына қарсы соғысы 1843 жылдан бастап әлсіреп, ұлы ханның қазасымен аяқталды. Хан Кене сыртқы жаулармен болған соғыста неге жеңілді?


Бұл сұраққа Елтоқ Ділмұхамедов өзінің «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» деген еңбегінде жан-жақты жазған болатын. Әрине тарихшының кейбір ойлары Тәуелсіз Қазақ елінің мүддесіне сәйкес келмеуі мүмкін. Себебі Сталин заманында жазылған монография Елтоқ Ділмұхамедов Советтік идеологияны басшылыққа алуға мәжбүр болған. Бірақ соған қарамастан аталған еңбек Кенесары ханның тарихи болмысын аша түседі.

Қош сонымен 1837 жылы басталған қанды жорық 1847 жылы Кенесары ханның қазасымен неге аяқталды? Бұл сұраққа тарихшы «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» деген еңбектің тоғызыншы және оныншы тарауында өз тұжырымын білдіреді. Мәселен «Кенесарының Қоқан хандығымен және қырғыз манаптарымен соғысы және оның жеңіліске ұшырауы» деген тоғызыншы тарауда «Кенесарыда екі-ақ жол бар еді: патша үкіметіне бағыну немесе шығысқа Қытай шекарасына қарай жол салу немесе Кіші жүз – Қызылқұмға кетіп қалу. Бірінші жолдан Кенесары үзілді-кесілді бас тартты: «Мен ешқашанда батырлығымды қоймаймын, таңғаларлық ержүректік танытып барып қана өлемін» – деп ант берген еді.

Екінші жолды іске асыру мүмкін болмады, өйткені қытай үкіметі оны қабылдаудан бас тартты. Қызылқұмға қарай жылжитын жолды патшаның жасақтары бөгеп тастады. Сондықтан да оған Ұлы жүзде қалуға тура келді», – дейді тарихшы. 

Ал «Кенесары Қасымов көтерілісінің жеңілуінің негізгі себептері» деген оныншы тарауда ұлы ханның жеңілуінің бірнеше себебін тарихшы алға тартады. 

«Кенесары Қасымов көтерілісінің жеңіліс табуының бірінші және негізгі себебі, ең алдымен, шаруалар соғысының жеңілулерінің жалпы жағдайларына байланысты еді. 

Қазақтардың осы азаттық үшін күресінің сипаты, отарлық тонау мен басқыншылар жағына шығып кеткен жергілікті феодал шонжарларға қарсы шаруалар көтерілісінің стихиялық сипатында болды. 

«Шаруалар көтерілісі тек жұмысшылар көтерілісімен үйлесетін болғанда және егер жұмысшылар шаруалар көтерілісін басқарғанда ғана табысқа жете алады. Жұмысшы табы басқарған бірлескен көтеріліс қана мақсатқа жеткізе алады». (Тарихшы Сталинның сөзін мысалға келтірді – СЖ)

Көшпелі қазақ шаруаларының көтерілісінің жаншылғандығының тағы бір себебі, ауылдық кедейлердің қалалық пролетариатпен одағы болмады, қазақтардың шаруалардан тұратын бұқарасы біріге алмады, олар қараңғы еді, бірақ әлдері келгенше күресіп бақты. 

Біздің қарастырып отырған көтеріліс кәдімгідей шаруалар қозғалысы болды: оның бір ғана аймақта болуы, шашыраңқылығы, күштерін біріктіре алмауы және жоспар бойынша соққы беруді жинақтай алмады. Ең үздік және көтеріліске берілген Маса батыр, Жеке батыр, Басықара батырлар қаза тапты; Наурызбай батыр ауыр жарақат алып, көзптеген батырлар тұтқынға түсіп қалды. 

Өзінің шарпыған аумағы бойынша Кенесары көтерілісі басқа көтерілістерден оқ бойы алда тұрғанымен, стихиялы түрдегі шаруалар көтерілісі болып қала берді», – дейді тарихшы.

Елтоқ Ділмұхамедов жоғарыда Сталинның сөзін мысалға келтіріп, ой қортуға мәжбүр болады. Егер тарихшы Сталиннің пікірін басшылыққа алмаса мұндай тамаша еңбектің жарыққа шығуға неғайбыл еді. 

Елтоқ Ділмұхамедов Кенесарының жеңіліске ұшырауының екінші бір себебі ретінде Қазақстанның патшалық Ресеймен салыстырғанда саяси, экономикалық және мәдени жағынан мешеулігі әсер еткенін жазады.  

«Патша үкіметі Кенесарыны құр «бүлікшіл», «бүлдіргіш» деп жариялады, дегенмен, Кенесары Қасымов басқарған көтерілісшілер ұзақ уақыт орыс патшалығының шабуылдарына тойтарыс беріп қана қоймай, өздері де шабуылдарға шығып отырды. Орыс патшалығы Ұлы жүздің аумағына көп әскери күшін тартып, патша губернаторлары мен олардың әскерлері шабуыл жасаудан басып алған жерлерін бекітіп алу мақсатында әскери бекіністер жүйесін салып тастады. 

Патшалық тарапынан құнарлы егістік және жайылымды жерлерден ығыстырып шығару саясаты жүргізілді, сондағы мақсаты – ол жерлерді «қазақ даласындағы патшалықтың сенімді тірегіне айналдыру үшін орыс шаруаларының кулактары мен казактарға» бөліп беру еді.

Кенесарының жеңілуінің үшінші себебі – қазақ халқында ауызбіршілік жоқ еді. Тайпалық рулық талас-тартыс Кенесарының қарулы көтерілісінің дамуына кедергі келтірді. 

Кенесарының ауылында 4 ай тұтқында болып, қашып шыққан орыс офицері Услар өзінің «Қырғыз даласындағы төрт ай» деген мақаласында: «Далада бір-бірімен дос рулар жоқ – олардың көбісі ғасырлар бойғы өшпенділікте өмір сүруде», - деп жазды. 

Кенесарының да қазақтарды біріктіруге деген талпынысы табысқа жетпеді. «Кенесары мен Наурызбай» поэмасында көтеріліске қатысқан Нысанбай жырау: «Қазақтар «ауыздары ала болған соң», яғни, келісімнің, келісе алмаушылықтың, белгілі бір рулық топтардың мүдделерінің барлық халықтық мүддеден басым болып кеткендігінен де жеңіліп қалды. «Қазақтың баласында ауызбіршілік болғанда, Кенеге тізгінді ұстатып, оған қолдау көрсеткенде бізді кім жеңе алар еді», - деп толғайды.

Жай ғана рулық күрестен басқа, Қыпшақ пен Жаппас руларының маңында көшіп-қонып жүрген Кіші жүздің Орта бөлігіндегі қазақтардың Шөмекей мен Төртқара рулары арасындағы бұрыннан келе жатқан тартыс та белгілі. Бұл тартыстың себебі сол баяғы жайылым жерлер: «Кенесары қозғалысынан шет қалған бірде-бір ру болған жоқ, олар осы күреске азды-көпті үлестерін қосты, бірақ көтерілістің бастан-аяғына дейін Кенесарыға кейбір рулар ғана адал қызмет етті».

Белгілі бір рулық мүдделердің барлық халықтың мүддесінен басым болып кетуі де заңдылық болып табылады, өйткені белгілі бір рулардың шектелген көшпелі шаруашылығы біркелкі экономикалық өмірдің құрылуына кедергі жасады, ал бұл, өз кезегінде, қазақтарды өз тәуелсіздігі үшін күресте бірігуге апармады», – деп жазады тарихшы.

Елтоқ Ділмұхамедовтың жазуынша, халықтық қозғалысқа кейбір би-старшындар да сатқындық жасаған. Өйткені оларға Кенесары басқарған қазақ халқының бірігуі тиімсіз еді. Тарихшы мұны «Олар орталықтанған мемлекет құрылса, өз рулары алдындағы беделдері мен биліктерінен айырылып қаламыз ба деп қорықты» деп түсіндіреді.

«Кенесарының қарулы әркеттерінің дамуының өз ерекшеліктері де болды. Бұқара халыққа қарсылық көрсетуші зор күшті жеңіп шығуға тура келді – күрес өздерінің феодалдық байшыкештеріне де қарсы жүріп отырды, әсіресе: патша үкіметінің негізгі одақтастары ретінде – Баймұхамед Айшуақов, Арыстан Жантөрин, Ахмет Жантөрин, Қоңырқұлжа Құдаймендин сияқты сұлтан-басқарушыларға және басқаларға қарсы күрес жүрді.

Көтеріліске үшке бөлініп кеткен байлар да қатысты: бір бөлігі (жеке адамдар) патшалыққа қарсы белсенді әрекеттер жасады; екіншісі – бұқара халықтың қысымымен қозғалысқа уақытша болса да қатысты; үшіншілері – патша әкімшілігінің қанатының астына тығылып, көтерілісті басып-жаншу үшін патша әскерлері жағында белсене қатысты. Мысалға, сұлтан-басшылар өтуі қиын тау-тастарда немесе сусыз айдалаларда барлаушылар мен жолсерік ретінде қаруланып алып, алдыңғы қатардағы бөлімшелердің рөлін атқарып, көтерілісті басуға белсене араласты. 

Көтерілісшілерге қарсы шабуылдарын үдете отырып, патшалық өз жағына қаратып алу үшін көрнекті тұлғалармен келіссөздер жүргізе бастады, бұған олар ақшаны да, наградаларды да аямады. Осындай адамдардың қатарында Есет Көтібаров, Әли Әділов, Барақ Сұлтанбаев, Бөлен Шанхаев және басқалары болды.

Көтеріліске шыққан қазақтардың тасы өрге домалай бастаған кезде, Кенесарының маңына қоғамдағы әртүрлі деңгейдегі адамдар көптен жинала бастаған. Жекелеген адамдар патшалықтың пайдасына тыңшылық жасай отырып, Кенесарыға қарсы құпия түрде зұлымдықтар жасаудан бір тынбады. Кенесары мал бағушылардың қалың бұқарасына сүйене отырып, ішкі жауларымен де аянбай күресті, оларды қуып жіберіп, кейде өлтіріп тастап та отырды. 

Кенесары қозғалысының жайылған қанаты ол Ұлы жүзге келгеннен кейін мүлдем әлсіреп қалды. Көтеріліске қосылған Ұлы жүз рулары қазақтарының көбісі және олардың ақсақалдары, билері, старшындары және сұлтандары Кенесарыдан кетіп қалды. Өздерінің риза еместігін атақты ақсақалдар мынадай сылтаумен түсіндіреді: Кенесарының маңында «Аннан қашқан, мыннан қашқан, жамандықпен көзін ашқан» қарақшылар мен қаңғыбастар екен», - дейді.

Сонымен қатар, қазақ ауылдарында алауыздыққа апаратын үгіт жүргізген және көтерілісті басып-жаншуға  мұсылмандардың батыс сібірлік басшысы – Ахун Абдірахмановтың басқаруымен діншілдер де белсене араласты», – деп жазады тарихшы.

Елтоқ Ділмұхамедов қозғалыстың жеңіліске ұшырауының төртінші себебі – Кенесары қозғалысының ішіндегі қиындықтар мен алауыздықтар болғанын алға тартады. Осының салдарынан қозғалыс күннен күнге өше берген.

«Көтеріліске қатысқан бұқара халық ұзаққа созылған әскери жорықтардан әбден титықтады, жоқшылыққа душар болды. Көтерілісшілердің бір бөлігі бітпейтін әскери қақтығыстарда қаза тапты, олардың құнарлы жерлері тартып алынды. Жыл өткен сайын жоқшылық күшейе түсіп, соған байланысты моральдық қалыпқа да қаяу түсе бастады. Герннің бағалауы бойынша, 1845 жылы Кенесары жасақтарындағы көптеген көтерілісшілер қайыршылықтың күнін кешкен екен. «Оның жақтастарының халдері өте мүшкіл, баспаналары мен киімдері  шекара маңындағы байғұстардыкінен де нашар», – деп жазды поручик Герн.

Оның үстіне Кенесарының өзі де жылу жинауды азайта қойған жоқ. Даулеткелді Бозбаев 1846 жылы Кенесары қырғыз манаптарына тұтқынға түсіп қалған өзінің жақтастарын сатып алу үшін ауылдардың барлық мүліктерін жинап ала бастады деп хабарлайды.

«Екі адамды босатып алу үшін ғана жабайы тастағы қырғыздарға: біріншісі үшін – 64 баран ат, екіншісі үшін – 10 түлкі терісі, 10 өрнектеп тоқылған халат, 10 кәмшат, 10 құла ат және 10 түйе» аталды.

Соңғы кездерде Кенесарының адамдары аштықтан өліп жатқандықтарын мұрағаттық деректер де көрсетеді. – «Осы қыста оның жақтастарынан 100 адамға дейін аштықтан өлді».

Материальдық және моральдық қиындықтардан басқа, «Кенесары ауылдарында тырысқақ ауруына ұшырағандардың саны артуда, осы аурудан бір түннің ішінде 60 адамға дейін қайтыс болып кетті деген әңгіме бар».

Жоқшылыққа ұшыраған көтерілісшілер патша армиясының көптеген әскерлеріне, патшалықтың күшейтіліп жинақталған шабуылы кезіндегі сияқты, көтерілісшілердің күштері өз бойларында болған Кенесары лагерінде ішкі қарама-қайшылықтар өршімеген 1837-1838 жылдар және 1843-1844 жылдардағы сияқты қарсы күрес жүргізе алмады. Кенесары лагері ішінде болған күрестің өршіп кетуі, түптің түбінде оның қозғалысының басшыларының арасындағы күрестің өршуіне алып келді. Мысалға, Алатау баурайындағы соңғы шайқас кезінде Сыпатай би мен Рүстем сұлтандардың өз жақтастарымен бірге қырғыз манаптарының лагеріне өтіп кетуі осының айғағы. Ал бұл, Кенесары қосынында ішкі қарама-қайшылықтардың асқынғандығы соншалық, Кенесары басқарған көтерілісшілердің тағдырын шешу үшін сыртқы әсердің болуы жеткілікті болғанын көрсетеді.

Кенесарының осы осал тұсына ден қойған патшалық, өз тарапынан көтерлістің күрес штабының күйреуінің жылдамдауына ықпал жасауға тырысып, қазақ феодалдарының кейбір жоғарығы топтары мен қырғыз манаптарын сатып алуға дейін барды», – деп жазады тарихшы.

Елтоқ Ділмұхамедов осы кезде Кенесары Қытайдың аумағына, Қызылқұм ішіне өтіп кетуге тырсып бақанын алға тартады. Сондай-ақ Хан Кене 1842-1843 жылдары Қоқан хандығынан тәуелсіз болу үшін күрес жүргізген қырғыз Алатауының шығыс жағына көшуді ойлады.

«Экономикалық және материалдық қиыншылықтарға тап бола отырып, көтерілісшілер Кенесары басқарған қозғалыстан біртіндеп кете бастайды, бірақ ол көтерілісшілердің жасақтан кетіп қалмаулары үшін барлық шараларды қолданды, оның ішінде қаталдық та көрсетті, өзімен бірге келгендерді кейін қарай көшуге кедергілер келтіріп, «тонап және өлтіріп тастап отырды». 

Кенесарының Жаппас руы қазақтарын шауып алғанын айтсақ та болады. «1844 жылы әртүрлі рулардың қазақтары одан қорыққандарынан ауыл-ауыл болып линияның ішкі жағына көшіп кетті».

Кенесары қосынындағы ішкі қарама-қайшылықтар өз күштерімен шешілмейтін де еді. Кенесарының өзі ірі феодалдардың қатарына жататын: мыңғырлаған малы болды, оның жеке меншігінде «6000-ға жуық жылқы мен 2 мыңнан астам қой болды».

«Әр уақытта тоналып алынған кілемдерден, терілерден, жібек маталардан және т.б. тұратын «бағалы заттардың» көбісі соның меншігінде еді».

Осы келтірілгендердің барлығы, Кенесары  мен оның туысқандары өздерінің жеке бастарының баюына көңіл бөлгендерін көрсетеді.

 

Осы көтерілістің басшылығы Қасымовтардың феодалдық билеушілерінің қолында қалып тұрған кезінде, қазақтардың қозғалысының таптық сипаты оңайлықпен көрініс таба қойған жоқ. Бұл үшін таптық күштердің ішкі ажырасулығы қажет еді, бірақ бұл Кенесары қозғалысы жылдары Қазақстандағы ішкі күрес барысында онша айшықталмады. Тек қана жекелей алған оқиғаларға байланысты тап күресі нысаны байқалады. Мысалға: қоқандық бекіністер болып табылатын Созақ пен Сауран бекіністерін басып алған соң, қазақтың еңбеккер бұқарасының өкілі Жанғожа Нұрмұхамбетов, Кенесарының көтерілісшілер қосынында қалуын өтініп сұрағанына қарамастан, Сырдарияға қайтып кетті. Кетерінің алдында ол Кенесарыдан «...қарапайым қырғыздарды ренжітпеуін және оларды қозғай бермеуін...» сұрады.

Жанғожа осылай айта отырып, еңбеккер қазақтардың мүддесін қорғайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, «қарапайым қазақтардың» өздері де өздерінің басшыларының соңынан феодалдық биліктегілермен таптық мүдделері сәйкес келгендіктен ерген жоқ, ал олардың барлық дүниетанымы патриархалдық-рулық тұрмыс нысанына байланысты болғандықтан ғана ерді. Ал осындай нысандар қазақтарды аға хандардан өз өкілін көруді үйреткендіктен, еңбекшілердің бұқарасын қалыптасып келе жатқан феодалдық билеушілерге «ақсүйектерге қарсы» күресуге жұмылуына жол бермеді. Бірақ, дегенмен де ішкі күрес элементтері Кенесарының соңғы жылдардағы әрекеттерінде зор маңызға ие болды. Кенесары қозғалысының таптық шаруалық негізінің көрініс таба бастауы ру басыларын қорқытып, оларды күресті тоқтатуға итермеледі. Олар «тыныштыққа» ұмтылды», – деп жазады ол.

Елтоқ Ділмұхамедов көтерліс болған кездердегі Қазақстанның халықаралық жағдайы Кенесарының жеңілуінің бесінші себебі болғанын айтады. Өйткені Хан Кененің көршілес мемлекеттермен одақтас болып, көмек алуына ешқандай мүмкіндігі болмады. 

«...Қазақтың жүздері оларды өз бетінше өмір сүретін бетбұрыстыққа жібергілері келмеген, даланы өз мүдделеріне пайдаланып қалғылары келген күштері мықты мемлекеттермен қоршалып жатыр еді.

Кіші және Орта жүздің даласынан, Ұлытау мен Кішітаудан, Торғайға, Ырғызға және Жемге, ол жақтан Ұлы Борсық құмы мен Қарақұмға, әрі қарай Сырдарияға, Түркістанға, Қаратауға, Сарысуға, Шуға, Ілеге, Балхашқа, ең соңынан қытай иеліктеріне ығыстырылған Кенесары, патша үкіметі мен ортаазия хандықтарының билеушілерімен нәзік дипломатиялық ойындар жүргізе отырып, өз күресін жалғастыра берді. Қытай иелігі аумағына көшіп-қонуға рұқсат етуін сұраған Кенесарының өтінішін Қытай үкіметі қабылдамай қойды. Сондықтан да бір бірімен мәңгі қырқысып келе жатқан руларды екі жақтың – Ресей империясы мен көрші хандықтардың қыспағында қалдыра беру мүмкін емес еді. 

Еңбеккер қазақтардың көтерілісінен патшалық, өзінің билігінің негізіне қауіп көрді. Сондықтан да патшалық әскерлер көтеріліске шыққандарды аяусыз жазалады: ауылдарды өртеді, өлтірді және жер аударды. Отарлық құлдыққа түсіруге қарсы күрес туын көтерген қазақ бұқарасына байланысты аяусыз басып жаншу әрекеттерін жүргізген патшалықтың негізгі күрес тәсілдері осындай болды», – деп қортынды шығарады.

Кенесары ханның Патшалы Ресейге қарсы майданда жеңіліске ұшырауына тарихшы айтқандай көптеген себеп болды. Оның ең басты себептерінің бірі қазақтың «игі-жақсыларының» Хан Кенеге қарсы саясаты болатын. Егер Құнанбай Өскенбайұлы, Баймұхамед Айшуақов, Арыстан Жантөрин, Ахмет Жантөрин, Қоңырқұлжа Құдаймендин сынды ықпалды адамдар Ресей патшасына қызмет етпей, ханды қолдағанда онда жағдай қалай болар еді? Мүмкін Хан Кененің Ресей империясына қарсы соғысы жеңіспен аяқталар ма еді? Кім білсін? Біздің бір білетініміз Хан Кененің туының астына бірікпеген «игі-жақсыларымызға» тарих соты әлі үкім шығарған жоқ.