Юэчжи: көше жүріп көшелі елге айналған
19.09.2022 2042

Ілгерідегі жазбалардың бірінде дала тайпаларының ұлы көші туралы сөз қозғап едік (https://e-history.kz/kz/news/show/33857/). Бүгін Орта жазықта өмір сүріп, кейіннен Орта Азия халықтарының қалыптасуына ықпал еткен, ерте тарихта Еуразия құрлығындағы қуатты 4 империяның бірі – Кушан мемлекетінің негізін қалаған юэчжилар жайын баян етпекпіз.


Дұнхуаңда тамыр жайған ұлыс 

Юэчжи біздің тарихта жиі аталатын, көпке таныс ұлыс емес. Алайда тарих ұңғысымен қарасақ, ғұн, үйсін, сақ, қаңлы тайпаларымен ортақ кеңістікте, бірде соғысып, бірде татуласып ықпалдаса өмір сүрген, тарихқа қосқан еселі үлесі бар  көшпелі тайпа екенін аңғарамыз.  

Жыл санауымызға дейінгі 5-2 ғасырда юэчжилар Хыши дәлізінің батысындағы Ганжоудан Дұнхуаңға (қазіргі ҚХР, Гансу өлкесіндегі екі қала. Бұлар сонымен бірге Жібек жолы бойындағы негізгі орталық болды) дейінгі атырапты мекендеді. Олар дала төсіндегі қуатты ұлыстың бірі еді. Батыста Алтай, Тянь-Шань тауларының шығыс сілемдеріне дейінгі аумақта да көшіп-қонып жүрді. Юэчжилар байлық пен әскери қуат тұрғысынан ғұндарға басты қарсылас болды. 

 

Сахараны билеген үш алып 

«Ханнамада» жазылуынша, Хань династиясының солтүстігі мен батысын қоршаған 3 ірі көшпелі ұлыс болды. Бұл қуатты ұлыстар: ғұн, юэчжи және дунху еді. Ғұндардың шығысын, Маньчжурия территориясын Дунху тайпалық одағы мекендесе, ғұндар батыс және оңтүстік батыста юэчжилармен шекараласты.  Осы үш үлкен одақ Солтүстік үстіртті мекендеген өзге ру-тайпаларға үстемдік жүргізді. 

Ханьдықтар аталған 3 көшпелі тайпадан әсіре қауіптенді. Олардың ат тұяғының дүбірінен-ақ ордасының ойран-топаны шығатынын жақсы түсінді. Сондықтан барынша амал-айламен, дипломатиялық жолдармен бейбіт келісімдерге жол тауып отырды. 

Бұл үш тайпа қытайлардың ұйқысын қашырып қана қоймай, бір-біріне де мезгілсіз қауіп төндірді. Отырықшы халықтардай емес, көшпенділер кез келген сәтте шабуыл жасай беретіндіктен қай-қайсысы да әсіре сақ болуға тырысты. Бір-бірінің қарыс қадамын қалт жібермей қадағалап, шалт қимылын кірпік қақпай бақылап отырды. Өзара жақын туысын, тікелей тұқымын аманатқа беру арқылы бейбіт өмірдің кепіліне ие болды. Дала дәстүріне сүйеніп, тыныштыққа қол жеткізді. 

 

Юэчжилар тұтқынынан ғұндар тәңірқұтына дейін

Кезекті бір жорықтан ғұндардың әлсірегенін аңдаған юэчжилар ғұндардан кепіл сұрайды. Мезгілсіз қан төгілу мен орынсыз ұрыстан сақтанған ғұн көсемі Түмен (Томан, Тоуман) тәңірқұты (шаньюй) біздің жыл санауымызға дейінгі 215 жылы үлкен ұлы Мөдені юэчжиларға кепілдікке береді. 

Түмен қағанның Мөдеден басқа кіші әйелінен туған тағы бір ұлы бар еді. Үлкен ұлы аманаттан аман қайтпаса, әке үмітін ақтауға тиіс оғлан сол болатын. Юэчжилар аманат сұратқанда Түмен қаған ойлана келе кенже ұлын қасына алып қалуды ұйғарды. 

Уақыттың өтуімен әскерін шыңдап, азығын топтап орайды күтіп жүрген Түмен қаған мезгілі пісіп-жетті-ау дегенде юэчжиге қарсы соғыс ашты. Бұл соғыс аманаттағы Мөденің өмірін тәуекелге тікті. Юэчжилар Түмен қағанға қаһарланып, бауыр еті баласын өлтірмек болғанда босағада жүрсе де үмітін үзбеген Мөдені оңтайлы сәтте ерен жүйріктің бірін таңдап мініп, тұтқыннан қашып шығады. Туған топырағына аман жетіп, әкесі Түмен қағанның қасында болады. 

Түмен қаған үлкен ұлына әскерінің бір қанатын береді. Мөде өз әскерін қатаң тәртіпке үйретіп, өлімнен қорықпайтын, нағыз жаужүрек сарбаздарға айналдырады. Оның қосынының ысқырған жебелерінен жаудың үрейі ұшып,  құты қашады. 

Біздің заманымызға дейінгі 209 жылы Мөде болашақ мұрегерлігіне қауіп төнбес үшін әкесі Түмен қаған мен оның екінші әйелін және бауырын өлтіріп билікке келеді. Өзін ғұндардың тәңірқұты деп жариялайды. 

 

Тағдыр талқысына түскен юэчжи

Біздің эрамызға дейінгі 177 жылы Дұнхуаң өңіріне толық иелік етпекші болған юэчжилар өзімен өрісі бір, қоңсы қонған көшпелі тайпа – үйсіндерге шабуыл жасады. Бұл кезде үйсіндердің әлі күш-қуаты әлсіз еді. Кескілескен ұрыста Нәнди көсем қаза тауып, үйсіндер жеңілді. Бас сауғалаған бір бөлігі ғұндардан пана тапты. Бұлардың арасында болашақ үйсін патшасы Елжау күнби де бар еді. Бір жарым жастан енді асқан шақалақ сәбиді ақсүйек туысы Бөже жабғу аман алып шыққан болатын. 

Үйсіндерге жасаған шабуылынан юэчжилардың үстемдікке ұмтылған араны байқалды. Бейқамдыққа салынса, өзінің де елдігіне қауіп төнетінін болжап, ғұндар ізін суытпай юэчжиларға қарсы соғыс ашты. Ата жауына қарсы Мөде қаған басшылық еткен шайқас б.з.д. 177 жылдың басынан басталып, 176 жылдың ортасына дейін ұласты. Жыл жарымнан артық созылған қанды соғыста ғұндар юэчжиларды жеңді. Бұл соғыс арқа жонын күдірейткен юэчжилардың азуын қағып алғандай болды. 174 жылы Мөде тәңірқұт өмірден өтіп, оның орнына көсем сайланған Лаушан қаған юэчжиларға қарсы тағы бір мәрте жойқын шабуыл ұйымдастырды. Әкелі-балалы ғұн қағандары Мөде мен Лаушаннан оңбай жеңілген юэчжилар бас көтере алмастай тұралады. Әрмен қарай табан тіреп тұра алмай, бір кезде өздері иелік етіп, қожа болған Дұнхуаң жазығынан шығсқа, Іле өзені мен Ыстықкөлге қарай үдере көшті. Бұл үркіншілікте юэчжилар екіге ыдырады. Көш түзеп, қоныс аударған бөлігі ұлы юэчжи (немесе үлкен юэчжи), ал Хыши дәлізінде жұртта қалған қалдық бөлігі кіші юэчжи деп аталды. 

Юэчжилар Шығысқа қоныс аударып, Іле мен Шу бойында ес жиып, етек жапқандай болды. Әйткенмен оларды алда тағы бір үлкен жаугершілік соғыс күтіп тұр еді. Бір кезде үйсінге шабуыл жасағанда аман қалған Елжау үйсін күнбиі атанып, елін-жерін көркейткен. Оның кеудесінде өткеннен қалған өштік, сәби шақтан шемен боп қатқан шер бар еді. 40 жылға жуық күткен сол кекті қайтарудың орайын күтіп жүрген Елжау жыл санауымызға дейінгі 139 жылы юэчжиларға қарсы ұзақ күткен қарымта шабуылын бастады. Соғыс бақандай 10 жылға жалғасты. Өліспей беріспейтін қиян-кескі шайқас екі жаққа да оңай соқпады. Дегенмен кезбелі дәулет, көшпелі бақ бұл жолы үйсіндерге ауды. Ұлы  юэчжилар енді орнығып, оңала бастаған шағында Іле өзені алабын тастап көшіп, тағы да боса жылжыды. Шығыс оңтүстікке бет түзеген олар Әмударияның солтүстік жағалауына жетіп тоқтады. «Ханнамада» айтылғандай бұл жолы да көшке ілеспей жұртта қалған ұлы юэчжилардың бір бөлігі үйсіндерге қосылып, сіңісіп кетті. 

Осы ретте Дұнхуаңнан Ілеге бет алған әуелгі көште қалып қойған кіші юэчжилар жайын бір ауыз айта кетсек. Кіші юэчжилар ғұндарға бағынышты болып, оңтүстікке қоныс аударды. Цинхай, Гансу өлкелерінің түйіскен шекараларында ғұмыр кешті. Бұл аймақтар ғұндар иелігінде болғандықтан олар ғұндар билігіне толық мойынсал болып, ұзақ уақыт өзара сіңісіп, араласа өмір сүрді. Соның негізінде ғұндардың бір тармағы болған Лушуэйху атты тайпа негізін қалыптастырды. Бұл тайпа Хань және Оңтүстік, Солтүстік Чао династиясы тұсында (б.з.д. 2 ғ. – 6 ғ. дейін) Хыши дәлізі бойында белсенді әрекет етті. Кейін уақыт өте келе бір бөлігі қытай ұлтының ықпалында соларға сіңіссе, енді бір бөлігі қазіргі тибет тектес Цяң ұлтына айналды.      

 

Күйреуден көркеюге

Әмударияға тұрақтауы юэчжилардың ұзаққа созылған ауа көшуін тоқтатты. Біздің дәуірімізге дейінгі 1-ғасырдың басында ұлы юэчжилар Бактрияны жаулап алды. 

Бактрия (Бактриана, Бактра) біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта Орталық Азияда қалыптасқан мемлекет еді. Бұл батыс пен шығыстың тоғысқан тұсы, түйіліскен нүктесі болды. Онда Орта Азия және Грекия мәдениеттері өзара тоғысып, жаңа эллин өркениетін тудырды. Парсы тілінде Бактрия атауының «Шығысқа қарайғы өлке» мағынасын үстеуі де осыны айғақтайды.

Бактрия аса жоғары деңгейде дамыған ежелгі мемлекеттердің бірінен саналды. Онда теңгелер құйылып, сауда қызу өрістеді. Дәрісханалар, құлшылық орындары мол болды. Бактрия сондай-ақ «мың бір қала» мемлекеті деген ныспыға ие болды. Өйткені мұнда Балх (Бактрия), Термез (Деметриас), Самарқанд (Мараканда), т.б. үлкен қалалардың аты шартарапқа жайылып, Бактрияның атын мәдениет, білім орталығы ретінде көпке мәшһүр еткен еді. 

Бактрия туралы жазба мәліметтер қытай жылнамаларында, «Авеста» кітабы мен Дари (парсы патшасы) әмірімен жазылған «Бехистун» және «Нақш-и Рүстем» еңбектерінде ұшырасады. Бактрияны жыл санауымызға дейінгі 329-321 жылдары Ескендір Зұлқарнайын жаулап алды да, ол кейіннен ыдырап, орнына б.з. д. 250 жылдар шамасында Тохарстан мемлекеті бой көтерді. Бұл мемлекетті батыс тарихшылары өз еңбектерінде грек Бактрия патшалығы деп жазады. Аумағы қазіргі Тәжікстанның батысын мен Өзбекстанның Сурхандария облысын, Түркіменстанның шығысы мен Ауғанстанның солтүстігі бөлігін және Шығыс Түркістанның Қашқар қатарлы аймақтарын алып жатқан Бактрияның тағдыры юэчжилар келуімен тағы да өзгеріске ұшырады. 

Сюми, шуаньмо, кушан, пандун және думи аталатын 5 тайпаның одағынан құралатын Юэчжилар құрамындағы Кушан тайпасы қалған 4 тайпаны бойсұндырып, Бактрия орнында әйгілі Кушан империясын құрды. Ұлы юэчжидің жарты ғасырға созылған екі реткі ұлы көші олардың өз тағдырына өзгеріс әкеліп қана қоймай, тұтас дала төсіндегі ұлыстарға да бетбұрыс жасады. Бактрия патшалығы жойылып, сақтардың тайпалық бірлестігін Солтүстік Үндістанды жаулап алды. Ғұндарға қарсы әскери одақ құру мақсатымен Хань императорының юэчжиларға аттандырған елшісі Чжан Цянь Кушан мемлекетіне жетті. Осылайша ұлы жібек жолының алғашқы сілемі қалыптасты. 

 

Ұлы юэжидің Термездегі «іздері» 

Француз археологтары Өзбекстанның Термез қаласынан көне қаланың қирандыларын тапты. 2000 жылдан астам уақыт бұрынғы ежелгі қаланың орнын бірнеше жылдық қазба жұмыстары нәтижесінде Лерих бастаған археологтар тобы анықтады. Бұл Орталық Азияның ірі мемлекеті – Кушан патшалығының сауда және мәдени орталықтарының бірінің көне жұрты еді. Термез қаласының ежелгі қабырғалары әскери қорғаныс үшін пайдаланылған болып, табылған бөлігінің ұзындығы 500 метрді құраған және қабырғаның айналасынан 15 шаршы мұнара табылып отыр. 

Термез – Өзбекстанның оңтүстігіндегі Әмудария аймағында, Ауғанстанға жақын жерде орналасқан қала. Археологиялық деректер Термездің біздің дәуірімізге дейінгі 3-ғасыр шамасында пайда болғанын көрсетеді. Біздің дәуірімізге дейінгі 1-ғасырда Кушан патшалығы құрылып, бірте-бірте күшейе түскен. Кушан патшалығы орналасқан аймақ Жібек жолының күре тамыры әрі Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды жалғайтын транзиттік нүкте болды. Қаланың негізін қалаған бактрия халқы ұлы юэчжилар болғандықтан ежелгі Қытай деректерінде Кушан патшалығын ұлы юэчжи деп те атаған. 

2017 жылы Орталық Азияны зерттеуші археологиялық ғалымдар тобы Өзбекстанның оңтүстігіндегі Сурхандария облысы Байсун қаласындағы Рабат зиратынан 52 қабірді ашты. Тарихи жазбалардағы дерек және қабірдің мәдени қабаттарын танушы ғалымдардың болжауынша бұл археологиялық жәдігерлер де батысқа қоныс аударған ұлы юэчжилардың қалдырған мұрасының бір парасы  болса керек.