«Сенің түбіңе жылқы жейтіндер жетеді»
10.01.2022 2323

Аңыз бойынша жас Наполеонға балгер дәл осылай деген екен. Болашақ Empereur des Français балгердің бұл сөзіне тек қарқылдап күлген екен, алайда көп жыл өткен соң, ол Бірінші Империяға жылқы етін азық қылатын далалықтар интервенциясының қаупі төніп тұрғанын айтып, француз ұлдарын еріктілер қатарына шақырады. 


Тарихи деректерге сүйенсек, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың қырғыз, одан да сирек қырғыз-қайсақ деп атанғаны белгілі. Сол кездегі барлық қазақтар башқұрт полктерінің құрамында соғысқанына қарамастан, еуропалықтарға қазақтарды, айталық, патша армиясының басқа бөліктерінде соғысқан казактардан немесе қалмақтардан ажырату қиын болған жоқ. Қазақтарды башқұрттардан ерекшелейтін басты белгі қару-жарақтарындағы айырмашылық болуы мүмкін. Өйткені, 1736 жылдан бастап патша саясаты башқұрттарды қарусыздандырудың ұйымдасқан және әдістемелік бағытын ұстанды. Башқұртстанды күштеп отарлау нәтижесінде рулық жерлерінен айырылып қалу қорқынышы - башқұрт көтерілістерінің себебі, патшаның жергілікті халыққа қарсы қабылдаған шараларына деген реакциялық жауап болды. Салықтардың өсуіне наразылық, жоғары шенеуніктердің қиянаты мен озбырлығы еңбекші бұқараның феодалдық және ұлттық езгіге қарсы қарулы қарсылықтарын тудырды. Башқұрттардың 1681-1684, 1704-1711 және 1735-1740 жылдардағы көтерілістерінің нәтижесіндегі ауыр шығындардан кейін патшалық Ресей үкіметі Башқұртстан мұсылмандарын христиандандырудан бас тартуға шешім қабылдап, башқұрттардың жерге деген құқығын растады, бірақ башқұрттарға атыс қаруы мен ұстаханалар ұстауға тыйым салды. 1812 жылғы Отан соғысында башқұрттардың көп бөлігінің қару-жарақсыз қалуының себебі де осы болуы мүмкін, ал бұл тыйымның қазақтарға қатысы болған жоқ.

Соғыс қимылдарына тікелей қатысудан басқа қазақтар одақтастардың әскери бөлімшелерін азық-түлікпен, атап айтқанда, мықты және қолжетімді етпен қамтамасыз етті. Қазақтардың Орынбор өлкесіне әкелген мал мен мал шаруашылығы шикізатын, әсіресе, Наполеон салған континенттік оқшаулауды ескерсек, бағаламауға болмас. Сондай – ақ, 1804-1815 жылдар аралығында әскер мұқтаждықтары үшін Кіші жүз 1 мыңнан астам, ал Бөкей ордасы 48 мыңнан астам мал басын сатқаны белгілі.


Қазақтардың Франция империясымен соғысқа Орыс-француз соғысы басталғаннан әлдеқайда ерте кіруінің ықтималдығы жоғары. Австрияны бірқатар аумақтардан айырған Прессбург бейбітшілігі нәтижесі болған, Неополитан патшалығы тәуелсіздігін жоғалтқан, Франция, Испания, Бавария және Италия Австрияға, Ресейге, Ұлыбританияға, Швецияға және Неополитан мемлекетіне қарсы соғысқан үшінші коалиция соғысының аяқталуымен, Төртінші оалиция соғысы басталды. Патшалық Ресейдің орасан зор шығыны, құрамында көп қазақ бар Орынбор башқұрттарынан көмек сұрауға мәжбүр етті. Көмекке кеткен әскердің жалпы саны 7 мыңнан асады.

Алғашқы қазақ сарбаздарының есімдері Ресейде соғыс басталғаннан кейін бірінші айда белгілі болды. 1812 жылғы 27 шілдеде Малаево Болото жанындағы қақтығыста Мұрат Құлғоранұлы мен Еріш Азаматұлы ерекше көзге түскен. Сол жылдың 26 тамызында Бородино деревнясының түбіндегі Бородино шайқасында (француз тарихшылары оны Мәскеу өзені жанындағы шайқас деп атайды) мыңдаған қазақ ерлікпен қаза тауып, көпшілігі күміс медальмен, көгілдір лентадағы медальмен (Қарынбай Зындағұлұлы), Әулие Георгий орденімен (Әкім Болат) марапатталды.


Тараптардың шығыны шамамен тең болған әскерлер шайқасының белгісіз нәтижесі патша әскерінің қарсы шабуылға дайындала бастауымен жалғасты. Француздардың қашқан әскерінің соңынан атаман Платов бастаған Дон казактары қуаласа, ал қираған Мәскеу көшелерінен келесі болып 1-ші Башқұрт полкі өтті. Бұған Орынбор генерал-губернаторы Г.С. Волконскийге фельдмаршал М. И. Кутузовтың жазған хаты дәлел бола алады: «қашқан қарсылысты қуалаған әрбір орыс сарбазының жүзіндегі қуаныш пен ләззат сезімін және оларды жайратып жатқан біздің әскерлеріміздің, оның ішінде кейбір башқұрт полктары да бар, батырлығын, елестете алмайсыз, жоғары мәртебелім». Рамоново түбіндегі шайқастарда Боранбай Шуашабайұлы, Ықсан Әубәкірұлы батылдығымен, ерлігімен көзге түскен. Вязьма түбіндегі шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін есаул Сағит Хамитұлы Әулие Анна орденімен марапатталған.


Патша әскері құрамындағы қазақтар шегінген Наполеон әскерінің соңынан шекараға қарай жылжыды. 1812 жылғы күздің соңында француз әскері Березина өзеніне ығыстырылып, генералдар Чаплиц пен Витгенштейннің күшімен жойылды. Соңғысының корпусының құрамында 4-ші және 5-ші башқұрт полктері шайқасты. 1813 жылдың қаңтар айының алғашқы күндерінде Платов әскерінің құрамындағы 1-ші башқұрт полкінің қазақтары Висладан өтіп, жаудың 40 мың әскері орналасқан Данциг бекінісін қоршауға алады. Көп ұзамай оларға құрамында көптеген қазақ батыры бар тағы да 10 шақты полк келіп қосылады.