Қазақ этносы Гумилев пайымдауларында
26.10.2015 3762
Ғалым қазақ тарихын көне түріктермен, ғұндар және Түрік қағанаты тарихымен байланыстыра зерттейді. Қыпшақ, қаңлы, арғындар мен қимақ, қарлұқ тайпаларының қазақ этногенезіндегі орны туралы да айтылады

«Тарих дейтін: бұрынғы өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын, бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын бір ілім. Қазақтың көбі оны «шежіре» деп айтады. Бұ заманның ғалымдары тарихты ең оңды мұғалім деп түсінеді. Тарих – түзу жөнді үйретуші деп айтады. Тарих халықты түзу жөнге сілтеуші болса, оған дүние де түзушіліктің кітабы. Тіршіліктің жолбасшысы деуге де болады. Келешек күннің қандай болашағын білуге тарих анық құрал болады», – деп қазақтың нар тұлғасы Әлихан Бөкейхан айтқандай, біз қазақтың өткен тарихын зерттеп-зерделеу арқылы ғана ел болашағын айқындай аламыз. Бұл арада сөз қазақ этносының тарихын зерттеуге зор үлес қосқан белгілі тарихшы-ғалым Лев Гумилев турасында болмақ. 

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озбақ» деп айтқаны бар. Ал, Лев Николаевич Гумилев болса, түркі халқы тарихы сыңаржақты бағаланған совет заманында Ұлы Дала тарихы туралы іргелі зерттеулер жүргізіп, ой тереңдігімен, соны пайым-тұжырымдарымен, ерекше дарындылығымен, ғылымға деген шынайы адалдығымен оза білген дара тұлға, ғалым. 

Л.Н. Гумилев көшпенділердің әлем тарихына қосқан үлесін бұрмалап көрсетуге тырысқан еуроцентристік біржақты пікірлерге үнемі қарсы шықты. Лев Гумилев көшпенділер тарихынсыз әлем тарихын тұтастай қарастыру мүмкін еместігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Оның ғылыми мұрасын «Ғұндар» (1960), «Хазарияның ашылуы» (1966), «Ежелгі түркілер» (1967), «Қиял патшалығын іздеу» (1970), «Ежелгі Русь және Ұлы Дала», «Этногенез және Жер биосферасы» (1989) және Еуразия халқы тарихы турасындағы тағы басқа зерттеулері құрайды. 

Л.Н. Гумилевтің қазақ этносының қалыптасуына қатысты жазған ғылыми зерттеулері де бар. Осы орайда оның «Происхождение казахского этноса» деп аталынатын дәрісін атауға болады. Бұл дәрісті 1985 жылы наурыз айында Э.Е. Дильмухамедова жазып алған. Дәріс 2003 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Еуразияшылдық және Қазақстан» атты Еуразиялық ғылыми форумның еңбектер жинағында алғаш рет жарияланған болатын. 

Аталған дәрісте Л.Н. Гумилев қазақ этносының шығу тарихы тікелей алдыңғы түркі халықтарының этникалық тарихымен байланысты деп жазады. Ғалым қазақ тарихын көне түріктермен, атап айтқанда, ғұндар және Түрік қағанаты тарихымен байланыстыра зерттейді. Сондай-ақ, қыпшақ, қаңлы, арғындар мен қимақ, қарлұқ тайпаларының қазақ этногенезіндегі орны туралы да айтылады. Әрине, Л.Н. Гумилев қазақ этносының қалыптасу тарихын сол кездегі Еуразия Даласындағы тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып қарастырады. Мәселен, ХІІІ ғасырдағы Шыңғысхан шапқыншылығы тұсындағы Қазақстан тарихы егжей-тегжейлі берілген. Ғалым моңғолдардың жаулап алу соғысы кезінде Қазақстан территориясына келген тайпалар туралы мағлұмат береді. «Шыңғысханмен Шығыс Сібірден келген қоңыраттар арғын, найман және шығыс қыпшақтармен бірге төрттік одақ – Орта жүзді құрды» [1; 11-18], – деп жазады. Қазақтың шығу тегі, тарихы, шежіресі жайлы зерттеу жүргізген ХХ ғасыр басындағы қазақтың біртуар ойшылы, ақын, жазушы, тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлы да «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» деген еңбегінде Орта жүзге қатысты осындай мәлімет береді. Онда: «1220 жыл шамасында бұрынғы қырғыз (қазақ – авт.) жерінің, яғни Сарыарқаның күншығысыменен оң тұс арасында арғын, найман, керей деген елдер араласып, көшіп жүрді» деп келтірілген [2; 34]. 

Л.Н. Гумилев қазақ жүздері тайпалық одақтар ретінде алғашқы жүз – Ұлы жүз Жоңғарияда, одан Шығыс Қазақстанда Орта жүз, ал Қазақстанның батысында Кіші жүз құрылғандығын жаза келе, соңғы жүз құрамында ең көп рулар болғандығын айтады. Ғалым мұның себебін былайша түсіндіреді: «түрікмендер қазақтар үміттенген жерлерді басып алған, сондықтан қазақтардың ең жаугер бөлігі түрікмендерді Арал теңізінен оңтүстікке қарай ығыстырған. Осылайша қазақтар өздерін Үстірт, Ембі, Жайық бойында қоныстармен қамтамасыз етті» [1; 16]. 

Ұлы жүз мекен еткен территория мәселесіне қатысты Ш. Уəлихановтың «Об управлении казахами большого жуза» атты мақаласына тоқталатын болсақ, онда: «Достаточно взглянуть на карту и сообразить соотносительное положение сей страны с сопредельными землями и племенами, достаточно удостовериться, что весь край за рекой Чу до самых вершин гор Кунгей Алатай, Боролдайских и Каратауских занимается кочевьями кайсаков, преимущественно дулатовцами и джалаирами, принадлежащими Большой орде» [3;5] деп, дулат, жалайыр тайпаларының мекен еткен жерлері туралы мəлімет беріледі. 

Л.Н. Гумилев аталған еңбегінде көрсеткендей Кіші жүз құрамы ірі үш рулық бірлестіктен тұратындығын Ш. Құдайбердіұлы да жазған-тын: «Бұл күнде кіші жүз үш ру: әлімұлы, байұлы, жетіру деген. Әлімұлы алты ру: қарасақал, қара кесек, қытай, төртқара, шөмекей, шекті. Байұлы он екі ру: адай, жаппас, алаша,байбақты, масқар, беріш, таздар, есентемір, черкес, тана, қызылғұрт, шайығлар. Жеті рулар: табын, тама, кердері, кереит, жағалбайлы, тілеу, рамадан» [2; 34]. 

Бұл арада айта кететін жайт, Ш. Құдайбердіұлы Кіші жүз құрамына енген ру аттарын көрсеткенде бірқатар өзгешеліктер кездеседі. Мысалы, Əлімұлы құрамына кіретін кете руының қытай деп, ал Байұлы құрамындағы шеркеш руының – черкес деп берілуі. Алайда, Ұлы Дала тарихын зерттеуші, түркітанушы-ғалым Лев Гумилев пен қазақ шежіресіне арнайы еңбек жазған Алаш зиялысы Шәкәрім Құдайбердіұлының зерттеулерінің бір арнадан тоғысып жатуы, қазақ жүздерінің құрылмын, олардың мекен еткен территориясын тереңнен қарастыру, тұтас қазақ тарихын зерттеуде аса маңызды екендігін көрсетеді. Мұның себебіне көрнекті Алаш қайраткері М. Тынышпаев былайша тоқталады: «...Қырғыз (қазақ – авт.) халқының əрбір жеке руының шығу тегін, алдын-ала зерттемей, сондай-ақ оның кіммен жəне қандай уақыттарда бас қосқанын анықтамай қырғыз (қазақ – авт.) халқының тарихи тағдырының жалпы көрінісін көзге елестету мүмкін емес» [4]. 

Лев Николаевич Гумилев «жаңа этнос ландшафтар түйісінде туындайды» деп тұжырымдады. Қазақ этносы далалы, жазықты және таулы ландшафттар түйісінде пайда болды деп көрсетті. «Алтай, Тарбағатай, Тянь-Шань іргелес жазықтармен үйлесуінен түрлі ландшафт қазақ этносы туындаған орын болды және осы жерден Еуразияның ұлан-ғайыр даласына, Жайыққа дейін кеңейтілді. Қазақтар этнос ретінде өте әдемі, табиғи бай және жайлы елден шыққан» [1; 16,17], – деп жазады Л. Гумилев қазақтардың шығу тарихы турасында. 

Ғалым осы зерттеуінде монотонды ландшафт әдетте қалыпты болады және оның мекендеушілерін ширықтыру да қиынға соғады. Ондағы әлсіз ықпал сөнеді. Ал қашан ландшафт әртүрлі болса, онда этностар оңай қайта құрылады және жаңа этнос құрылады деген пайымдау жасайды [1; 17]. 

«Қазақ» этнониміне қатысты Л.Н. Гумилев «қазақ» (казах) сөзі бастапқыда әр түрлі халықтармен пайдаланылып келді дейді. Ол Дон, Кубань және Теректің хазар-славяндармен аралас шыққан және православие дінін ұстанушы тұрғындары өздерін «казактармыз» деп атағанын, католиктік Польшадан Запорожьеге қашқан орыстар да «казактар», «козактар» деп аталынғандығын келтіреді. Л. Гумилев: «Татарлардан өзгеше далалы түркі тайпалары өздерін «қазақ» деп атады. Өйткені, татарлар деп Алтын Орда ханына шын бағынғандар, ал қазақтар деп олардан тәуелсіз көшпелі, ерікті көшпенділер аталды. Алтын Орда құлауымен «қазақ» этнонимі туындады деп айтуға болады. Бірақ, қазақтар, халық ретінде, әрине, бұдан бұрын да өмір сүрген», – деп дәйектейді. Жалпы алғанда, бүгігі күні «қазақ» терминіне байланысты әр түрлі дерек көздері кездеседі. Жазбаша әдебиетте «қазақ» термині 1245 жылы мамлюктік Египет мемлекетінің қыпшақтары ортасында жасалған араб-қыпшақ сөздігінде жазбаша деректемелер ішінде бірнеше рет қолданылған деп саналып жүр. Онда «қазақ» сөзіне «еркін, кезбе» деген мән беріледі [5]. «Народ казак (қазақ – авт.) разделяется на три сотни – юз, которые русские называют ордами и которые по старшинству у них называются Большая, Средняя и Меньшая сотня (Улу юз, Урта юз и Кичи юз)» [6], – деп жазды Ш. Уəлиханов. 

Кез келген этноәлеуметтік организмнің өз аумағы шегінде экономикалық байланыстардың белгілі бір қауымдастығы болады. Қазақ халқы мен оның этникалық аумағының құрылу, қалыптасу дәуіріндегі белгілі бір шаруашылық-мәдени үлгі, этносаяси үрдістер негізінде қалыптасқан ірі аумақтық тайпалар бірлестіктері (немесе одақтары) – жүздер этноәлеуметтік организмнің жоғары санаттарының бірі болды. Қазақтар тарихындағы мұндай бірлестіктер: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз [7; 308]. 

Л.Н. Гумилев қазақтың үш жүзі туралы «өзара саяси және мәдени байланыстармен бірікті, бұл Далада көшпенділердің бейбіт өмір сүруі үшін барынша қолайлы түрі болды» деп атап көрсетті. Ол: «Егер ХІІ ғасырда Дала Қытай мен Хорезмнің пәрменді қысымынан қорғануы қажет болды, өйткені хорезмдік гулямдар көшпенділерді жауыздықпен қырып-жойды, осындай жағдайда басында хандар тұрған мықты әскери ұйымдар құру қажет болды. Әйтпегенде, ХV ғасырдың өзінде Орта Азия да толық күйреу жағдайында болса, моңғолдарды қуып шыққан және Мин әулеті билігі қол астына өткен Қытай да Даланы жаулап алу үшін қажетті әскери дарындылық танытпады. 

Осы уақытта Далада (Қазақстан, Моңғолия және Батыс Қытайда) соғыспай-ақ өмір сүруге болатын еді. Көшпенділер, соның ішінде қазіргі қазақтардың ата-бабалары соғыс жүргізген жоқ. Олар әскери билікпен бірге өмір сүрудің бейбіт нысанын – тайпалық одақтар құрды», – деп қарастыра келе, батысқа қарай, басқа жағынан Алтай мен Тарбағатайға орналасқан көшпенді-түркілер үш Қазақ жүзін құрып, қалмақтар мен қазақтар арасында егес басталғанға дейін бейбіт өмір сүргендіктерін айтады [1; 17]. 

Л.Н. Гумилев ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қалмақтар қазақтарға қарсы соғысқандығын, сол бір қиын жағдайда қазақтар өз еріктерімен қытайлық емес, ресейлік патшаларға бағынды деп жазады. Сонымен, Лев Николаевич Гумилев аталған дәрісті қазақтар ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Ресей бодандығында болғандығымен, ал ХХ ғасырда жағдай өзгергендігімен аяқтайды. Әрі бұл жағдайдың «қалай өзгергендігін барлығы менсіз де біледі» деп ой түйіндейді. 

Л.Н. Гумилев Еуразия Даласын мекен еткен қазақ пен орыс халқы арасындағы мінез-құлық ұқсастықтары мен ерекшеліктерін де қарастырған. Ол: «Еуразия континентіндегі біздің – еуразиялықтардың діліміз, дүниетанымымыз ортақ, әсіресе, қазақтар мен орыстар арасында. Мәселен, қазақтар мен қырғыздар бастапқы қарағанда өзара қатты ұқсас көрінеді. Алайда қазақтар сол қырғыздардан гөрі, орыстармен тез тіл табысады. Неге? Жауапты этногенез теориясы береді. Өйткені, қырғыздар Қиыр Шығыстан шыққандар екен, сондықтан олар бізге қарағанда кәріс, қытайлықтар сияқты мүлде өзгеше ділді, бізден өзгешелеу болып келеді. Мысалы, оларда әзіл-қалжың сезімі болмайды. Оларға әзілдеу, демек, ренжіту. Ал, қазақтар орыстар сияқты үнемі оңай әзілдесе алады, тіпті өзін-өзі де сынай алады» [8], – деп ой пайымдайды. Осылайша, Л.Н. Гумилев Еуразия халықтары арасындағы мінез-құлық, діл ортақтастығы мен ерекшеліктеріне де ерекше ден қойған. 

Қорыта айтқанда, Л.Н. Гумилев зерттеулерінде әр түрлі этникалық жүйелердің қатар өмір сүре алу мәселесінің мәні ашылып көрсетілді. Оның тұжырымдамалары мен ой-пайымдаулары әр түрлі халықтар арасында ынтымақтастық, ымырашылдық мәдениетін қалыптастырып, дамытуға мүмкіндік береді. «Тікелей менің өзіме қазақтармен, татарлармен, өзбектермен тығыз байланыс жасау, бұл халықтармен достасу қиын емес, тек қана ағыңнан жарылған ақ көңіл, адал әрі ізгі ниетті болсаң, сосын олардың өзіндік болмыс-бітімін сыйласаң жеткілікті. Өз әдет-ғұрыптарын және қалыптасқан үрдістерін олар ешкімге зорлықпен таңбайды» [9; 21] деген болатын Лев Николаевич Гумилев. 

Теңгеш Қаленова, тарих ғылымдарының кандидаты

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Гумилев Л.Н. Происхождение казахского этноса // Евразийство и Казахстан: труды евразийского научного форума «Гумилевские чтения». Том 1. – Астана, 2003. – С. 266. 

2. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: «Қазақстан», «Сана», 1991. – 80-б. 

3. Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Табын. ІІ том. Бірінші том. –Алматы: «Алаш», 2006. – 424-б. 

4. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.1. – Алма-Ата, 1984. – С. 180. 

5. Курышжанов А. К. Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника ХІІІ века. – Алма-Ата, 1970. – С. 232. 

6. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.2. – Алма-Ата, 1985. – 151-б. 

7. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 2 том. – Алматы: «Атамұра», 1998. – 640-б. 

8. Гумилев Л.Н. Я молюсь на восточные зори, а о западных только скорблю // Известия, 2001. 28 сентября. 

9. Әбдіманапов С.Ә. Л.Н. Гумилевтің өмірі мен ғылыми қызметі. – Астана, 2004. – 60-б.