Бұл мереке – тарихи сана жаңғырығының орайлы сәті
10.09.2015 1236
Қазақ хандығы 550 жылдық мерейтойының қарсаңында мерекенің маңызы мен игілігі жөнінде идеология мамандары мен қоғам қайраткерлеріне сауалнама жүргізіп көрдік

1. Қазақ хандығы 550 жылдығының тойлануының мемлекет үшін маңызы қандай? 

2. Бұл мереке біздің мемлекеттігіміздің тарихының тереңдігін айқындай ала ма? 

3. «Қазақ хандығы – Алтын Орда империясының заңды мұрагері» деген тұжырыммен келісесіз бе?

4. Бұл мерейтойдан не күтесіз, не орындалады деп ойлайсыз? 

Берік УӘЛИ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі: 

1. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттілік дәстүрдің тереңдігіне үңілу, халықтың тарихи санасын жаңғырту үшін таптырмас сәт. Мемлекеттік тұрғыдан алар болсақ, ұлтты ұйыстыратын, халық пен билікті жақындастыра түсетін шара. Биліктің бұқараның көңіл пернесін дөп басуының көрінісі. Сонымен қатар, бұл мерейтой тұтас көшпенділер мәдениетінің мұрагерінің бар екендігін байқатады. 

Жақсы ұйымдастырылған мерейтой, PR жұмыстары Қазақстанға келетін туристер санын да арттыруы мүмкін. Ең бастысы бұқара Қазақ хандығының 550 жылдығы арқылы рухани тұрғыда серпіліп қалуы тиіс. 

2. Жалпылай алғанда айғақтайды. Өйткені, тарихи құжаттар Қазақ атауымен құрылған хандықтың болғандығына куә. Алайда, Қазақстан билігі мемлекеттілік дәстүрдің тереңдігін 550 жылдан да терең екендігін өзге де шаралармен дәлелдей білуі керек. Мәселен, Моңғолия жыл сайын Ғұн мемлекеті құрылғанының, Шыңғыс хан құрған Ұлы Моңғол империясының, 1921 жылғы халық төңкерісінің атаулы күндерін жыл сайын атап өтеді. Сол себепті, Тәуелсіздік күнін тарихтағы бірден-бір азаттық алған күн ретінде емес, мемлекеттіліктің қалпына келтірілу күні ретінде бағалауды бастау керек. 

Ең бастысы, көшпенді өркениеттің мемлекеттік теориясын қалыптастыруға ғалымдарды жұмылдырған жөн. Шетелдік беделді ғылыми басылымдарға көшпенділер мемлекеттілігіне қатысты тың мақалаларды жиі жариялауға, бұл бағытта жасалып жатқан ғылыми зерттеулерге мемлекет тарапынан қолдау жасалуы керек. Академиялық ортада көшпенділердің мемлекеттілік теориясы мойындалатын болса, Қазақтың, тіпті тұтас түркі жұртының шамамен 4-5 мың жылға созылатын мемлекеттілік дәстүрі мойындалатын болады. 

3. Әpине. Міндетті түрде келісемін. 

4. Бастысы, бұл мейрам тарихи санаға сілкiніс жасайды. Алайда, материалдық игіліктер күту қиын. Себебі, мерейтойды атап өту бастамасы өте кеш көтерілді. Егер «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы сынды нақты әлеуметтік нәтижесі болатын шараларды мерейтойға орайластырған болсақ, онда бірқатар табыстарға жеткен болар едік. 

Мәселен, 1971 жылы Иран мемлекеті парсы мемлекеттілігінің 2500 жылдығын атап өтті. Осыған орай 2500 мектеп, 2500 аурухана салынды. Бизнес құрылымдары бұл шараға тартылды. Нәтижесінде Иранның білім беру, денсаулық сақтау саласында үлкен дүмпу болды. Дамыды. Өкінішке қарай, біз олай жасауға үлгермедік. Дегенмен, Қазақ хандығының 550 жылдығы халықты біріктіре түсуге тиіс. Биліктің де беделін арттыратыны даусыз. 

Ауыт МҰҚИБЕК, ақын, қоғам қайраткері: 

1. Маңызы өте зор. Ең алдымен ұлттық мемлекетіміздің тарихын көрсетеді. Сосын, «қазақта ел болмаған, мемлекет болмаған» деп жүрген сауатсыздар мен дүмшелерге ең ұтымды жауап болды. Одан да маңыздысы: ел болып ес жиғанымызды, оң-солымызды, өткен-кеткенімізді түгендей бастағанымыздың басты айғағы болмақ. 

2. Әрине! Тарихшылар қазақ мемлекеттігінің тарихы одан да арыға кетеді деп пайымдап жатыр. «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады», – деді президент. Елбасының осы сөзіндегі «Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады» деген пікірінде үлкен мағына, терең астар бар. Тіпті, осы 550 жылмен қайырғанның өзінде біз үшін бұл оңай тарих емес! Мәселе, тарихының ұзақтығымен бірге, оның бөтен жұртқа жұтылып кетпей, ел болып, ұлт болып сақталып қалуында. Ұлттық құндылығын сақтап, бүгінге аман жетуінде. Қазақтың бүгінгі күнде де бағзы замандарда мемлекет, хандық құрғанын дәлелдеп, мына жаңа Қазақстандай төрт қыбыласы тең мемлекет құра алғандығында болып отыр! Біз соған шүкір деуіміз керек! 

3. Мен тарихшы емеспін ғой. Тұрсын Жұртбай аға соңғы кезде «Қазақ хандығы – Алтын Орда империясының заңды мұрагері» деген пікірді жанын салып қорғап жүр. Басқа тарихшылар да осы пікірде. Бекер айтып жүрген жоқ, әрине! Дәлелдері жетерлік болғасын үлкен мінбелерден ортаға салып келеді. Мемлекет аспаннан түсе қалмайды, адамзаттың даму тарихында оның да өнген топырағы, тарихи негізі болады. Менің де Елімнің тарихының тереңде екеніне еш күдік-күмәнім жоқ. 

4. Тәуелсіздіктен бері көп тойлар өтті ғой. Мәселен Ұлы Абайдың 150 жылдығы бастап, үлкенді-кіші тұлғаларымыздың бәрінің тойы атаусыз қалған жоқ. Тарихқа қарап отырсақ, үш жүздің басын қосқан ұлы той-жиындардың бәрі де тек той тойлауды ғана мақсат тұтпаған. Ұлт болашағы үшін тәрихи шешімге келіп, бүгінгі тілмен айтсақ, қаулы қабылдап отырған. Ресей империясының жаулауы  қазақты дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашып жіберді. Қазір шетелде бес миллион қазақ әлі жүр. Біз тарихтың соққысын көп көрген жұртпыз. Жеріміз кең. Өзіміз тым азбыз. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деген керемет сөзі бар. Біз әлі біріге алмай келеміз. 

Сондықтан осы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаумен бірге Үкімет ұлы шешім қабылдап, «Тұңғыш президенттің Көші-қон қорын» құрса жақсы болар еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алдымен жолға қойған саясаты – Көші-қон. Тіпті, астананы Арқа төсіне көшіру мен шекараны әлемдік талапқа сай етіп бекітуден де бұрын осы шеттегі қазақтарды қара шаңырақ Қазақстанға шақыруды қолға алған. Ел тәуелсіздігін жариялай салып, не-бары он бес-ақ күннен кейін. Нақтылап айтсақ, 1991 жылдың желтоқсан айының ең соңғы күні. Сөйтіп, бүгінгі «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының түп негізі – осы Көші-қон саясатымен қаланған еді. 

Демек, Көші-қон – өз тізгінін өзі қолына алған тәуелсіз ел болғанымызды шын мәнінде әйгілеген ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ бастама! Азаттық аңсаған Алаш жұртының кеудесіне Ұлттық мемлекет құрудың үмітін ұялатқан алғашқы қарлығаш! Қазіргі жаңа Қазақстанның бар ұлы бастамаларының бәрі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Сол үшін Тұңғыш Президенттің атымен аталып, тарихқа қалуы керек! Сонда ғана Қазақ хандығының 550 жылдығы өз тарихи міндетін орындаған болар еді. 

Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» республикалық қозғалысының жетекшісі: 

1. Қазақ ұлтын және оның айналасында басқа ұлттарды біріктіру, ұйыстыру мәселесі әлі де өзекті. Ортақ ұлттық идеология бізде өкінішке қарай әлі де жоқ. Осындай жағдайда Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау – мемлекет үшін таптырмайтын иделогиялық құрал. Алайда әрине жүзеге асу жағы әлі де ақсаңдап тұр. 

2. Сөзсіз! Әрине 550 жылдық деген еш қисынға келмейді. Қазақ жеріндегі мемлекеттілік тарихы сонау сақтардан бастау алатыны талай рет дәлелденген. Тіпті бергі тарихтың өзінде Жәнібеек ханның өз әкесі Барақ Алтын Ордаға да, Ақ Ордаға да хан болғаны белгілі. Барақ хан мен Жәнібектің ісінде де, қимылында да, халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінде де ештеңе өзгерген жоқ. Сол себепті Жәнібекті әкесінен бөліп алып жеке дербес мемлекет құрды деу тағы қиын. Міне дәл осындай сұрақтар, әртүрлі гипотезалар осындай дүбірлі тойлардың айналасында жиі талқыланып, әңгімеге арқау болары сөзсіз. Сол себепті мен толығымен айта аламын, 550 жылдықты тойлау – бұл қазақ тарихын тереңінен зерттеуге тағы бір түрткі. 

3. Әлбетте! Қазақ хандығы Алтын Орданың заңды мұрагері екені сөзсіз дүние. Алтын Ордамен бірге қазақтың тек империялық басымдығы кетті, ал өз мәдениеті, салт-санасы, басқару жүйесі, тіпті династиясы және халық құрамы өзгерген жоқ. Бертінге дейін орыс тарихшылары мен зерттеушілері, тыңшылары мен көпестері қазақтарға қатысты тек «ордынцы», яғни «Алтын Ордалықтар» деген теңеу қолданғанын білеміз. Басқа бірде-бір ұлтқа, не халыққа олар бұндай теңеу қолданған емес. 

Өкінішке қарай, бүгінгі осы келеңсіздіктің салдарынан біз әлі де Алтын Орда дәуіріндегі тарихымызды ұлықтай алмай отырмыз. Кешегі Тоқтамыс пен Өзбек, Жәнібек пен Тоқта хандардың хаттары мен саяси шешімдері, ұлт үшін еткен ерен еңбектері қазір ешбір ұлтқа керек болмай қалды. Бұл өкінішті, ең құрығанда Алтын Орданы Қазақ тарихының ажырамас бөлігі ретінде терең зерттесек, бүгінгі көп сұраққа жауап алуға болушы еді. 

4. Әзірге тіпті нақты қандай іс шаралар болатынын да білмеймін. Әлемдік дағдарыс және ел ішіндегі девальвация биліктің де Ұлы тойға деген көзқарасын өзгерткен сияқты. Байқағаным тек Тараз қаласында үлкен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Бұл құптарлық іс. Бір тойдың аясында Таразға инфрақұрылымдық талай нәрсе істеліп жатыр және тағы да істелсе екен дейміз. Және ең бастысы әлі де рухы төмендеп тұрған қалық қазақ осы тойдың арқасында күш алып ұлы бастамаларға жол салса екен дейміз. 

Дайындаған Заңғар КӘРІМХАН