Тарихи сана қалай қалыптасады?
12.11.2018 2893
Елбасының тарихи сананы қалыптастыру бойынша ұсынған идеяларын одан әрі насихаттау мақсатында біз әртүрлі іс-шаралар (конференциялар, семинарлар, дөнгелек үстелдер) өткізуді жалғастыра беріміз керек

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін маңызды құжат. Қашанда белгілі бір мақсатқа жету үшін біздің ісімізден санамыз озық тұруы керек қой. Сондықтан қоғамның өрге басуы, жаңа тұғырға көтерілуі, жаңғыруы әуелі тарихи сананың жетілуіне, дамуына байланысты. Осыған орай Елбасының мақаласында ұлттық сананың қалыптасуына, тіпті оны жаңаша қалыптастыруға, тарихи сананың ұлттық идеологияға айналуында нені негізге алу керектігі нақтылы көрсетілген. Ұлттық код, ұлттық мәдениет, салт-сана, дәстүр негізгі желіге айналуы, оның озық, алдыңғы қатарлы түрлері арқау етілмесе, еш жаңғыру болмайды.

 Сондықтан біз Елбасы ұсынған озық идеяларды пайдалана отырып, кертартпа әдістерден бас тартып, егжей-тегжейлі зерттеу арқылы өзіміздің қазақстандық дербес даму үлгісін таңдап алуымыз керек. Бұл дегеніміз – ата-бабамыздың ежелгі, бүгінгі барлық салт-дәстүріміз, тіліміз, мәдениетіміз, әдебиетімізді рухани жаңғырту. Қолдануға қажетті емес деген тұстарын ой елегінен өткізіп қабылдамай, оның есесіне, озық салт-дәстүрлерді кеңінен пайдаланып, оны орынды меңгеріп, өзгеріс енгізе отырып ой-санамызға сіңіре білу қажет.

Президенттің кейбір әдеттердің жаһандық әлеммен қабыспайтындығын, одан арылуымыз керек дегенін дұрыс пайымдап, біліктілікпен іске асыру жөн. Ол үшін әуелі білім негіздерін дұрыс меңгеріп, меңгеріп қана қоймай, адамзат құндылықтарының осы бастауын ақылдылықпен дамыту. Жастарды тәрбиелеп, олардың санасын қалыптастыруда ұлттық идеологияны басты қару ету – негізгі міндетімізге айналуы қажет.

Елбасының бұл бағдарламасындағы әр бөлімде тарихи сананы қалыптастыруда айрықша қажетті міндеттер тайға таңба басқандай көрсетілген. Соның бірі – «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлімдегі қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру туралы. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, қазіргі білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты. Сонымен бірге әлемдік ғылым саласын игеру үшін бүкіл әлем қатынас жасайтын ағылшын тілін жастар тез арада меңгеруі керек.

Тарихи сананы қалыптастырудағы рухани жаңғыру дегеніміз бағдарламада көрсетілгендей, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары жүзеге асырылмақшы. Бұл жобаларды жүзеге асыру – ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы негізгі әдіс болып, сананың рухани жаңғыруына таптырмайтын құрал.

Елбасының тарихи сананы қалыптастыру бойынша ұсынған идеяларын одан әрі насихаттау мақсатында біз әртүрлі іс-шаралар (конференциялар, семинарлар, дөнгелек үстелдер) өткізуді жалғастыра беріміз керек.

 

М. Кемелбекова, Мемлекет тарихы институты

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму

тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері

 

Әдебиеттер:

Н.Ә.Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Астана, 5 сәуір 2017 жыл7 Н.Ә.Назарбаев. Тарих толқынында.  Алматы : Атамұра, 2003 жыл. Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс салтын жақсарту» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 5 қазан 2018 жыл.