Орыс хан тұсында Қазақ хандығының іргетасы қалана бастады – тарихшы
Бөлісу
14.07.20253782
Қиыр қонып, шет жайлаған қазақтың көп дүниесі хатқа түспей, тастарда там-тұмдап қана қалды. Есте жоқ ескі заманды былай қойғанда жазу-сызу болған бертінгі ғасырлардағы хандар дәуірінен жеткен қазына да тым аз. Қуантарлығы сол, бүгінде көне көршілерден көп дүние табылып жатыр. Бұндайда күн-түн демей зерттеу жасап жүрген, бір неше көне тілді жетік меңгерген шығыстанушы, қытайтанушы ғалымдардың еңбегі ұшан-теңіз. Солардың бірі – ғалым, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы. Бүгінде Жапония елінде тұратын, Токио шетел тілдері университеті Азия және Африка тілдері мен мәдениетін зерттеу институтының визитинг-профессорымен хат арқылы әңгімелесудің сәті түскен еді.
Қазақ хандарының Цинь патшалығына жазған дипломатиялық хаттары
– Сіз Қытайдың Бірінші тарихи архивінде сақталған қазақ-қытай дипломатиялық хаттарын зерттеп, ғылыми айналымға енгіздіңіз. Қателеспесек, Цин патшасы Цяньлуннің (乾隆) 1790 жылы Ханқожа сұлтанға жолдаған «Жарлық» хатын зерттеп, оның мазмұнын, тарихи маңызын және дипломатиялық контексін талдаған болатынсыз. Осыған дейінгі сұхбаттарыңызда айтқандай, магистрлік диссертация тақырыбынан басталған зерттеулеріңіз әлі күнге жалғасып келеді. Биыл «Елдік феномен: Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған бірегей дипломатиялық құжаттары туралы тарихи-деректанулық зерттеу» атты еңбегіңіз жарық көрді. Онда Қытай архивінен тапқан 160 хатты жарияладыңыз. Ең алдымен мынаны білгім келіп отыр: Бүгінде Қытай архивтері жабық. Сіз осынау хаттарға, құжаттарға қалай қол жеткіздіңіз? Мехнаты қандай болды?
– Жоңғарлар жойылғаннан кейін 1757 жылы (қазақ хаттарында үнемі «сиыр жылы» деп аталады) Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасында ресми қарым-қатынас орнап, екі жақ ара сауда-саттық істері баянды дамыды. Саяси-экономикалық барыс-келістің нығайуына байланысты қазақ жағы да белсенділік танытып, елшілер тобын жасақтап, олардан хат-қағаздар жіберіп отырды. Уақыт өте келе олардың саны да едәуір молайды. Сөйтіп бұл түрдегі хаттар патша ордасында сақталып, бүгінге жеткен. Қуанарлық жағдай, биыл наурыз айында қазақтар тарапынан жолданған осы бірегей дипломатиялық хаттарды арқау еткен зерттеу еңбегіміз Жапонияда қазақ тілінде ресми басылып шықты.
Қазақтың мұрағат құжаттарына тарихи деректану ғылымы тұрғысынан арнаулы зерттеу жүргізу – таяу заманғы қазақ тарихын, мәдениетін, сондай-ақ жазба әдеби тілінің болмысын анықтау болмақ. Бұл Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастың жай-жапсарынан толық мағлұмат алу үшін де ауадай қажет. Әрине мұндай зерттеулерде мәнжу, қытай тілдерінде жазылған тарихи деректердің орнын өгейсітуге болмайды. Әйткенмен сол тілдерде хатқа түскен тарихи жазба мұралардың қайнар көзі болып есептелетін Қазақ хандығының дипломатиялық хаттары өз алдына бір төбе.
Біз осыған дейін Бейжіңдегі Қытай бірінші тарихи архивінде сақталған төл құжаттарымызға алғаш кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіп, олардың нақты санын анықтаған болатынбыз. Бұлар жергілікті әкімшіліктегілердің мәлімдемелерімен бірге немесе айырым жеткізілген қазақ, ойрат тілдеріндегі құжаттар еді. Олар түгелдей микрофильмге түсірілген, жалпы саны – 177 парша, соның ішінде тек ескі қазақ жазба тілінде жазылғандары – 160 парша. Міне, бұл қазірге дейін жорамалданып келген қазақша құжаттардың сандық мәліметтерінен әлдеқайда көп. Осы құжаттардың ішінен 6 парша патшаның «Жарлық» хатын қоспағанда, қалғандары түгел Қазақ хандығының патша ордасына немесе оның жергілікті әкімшіліктеріне елшілері арқылы жолдаған ресми іс қағаздары.
Осылайша жоғарыдағы анықталған барлық құжаттың араб графикасындағы транслитерациясы мен латын графикасындағы транскрипциясын жасап, қазіргі қазақ тіліне аударып, құжаттардың іргелі ғылыми зерттеу жұмысын толық аяқтадым. Бұл – Қытай мұрағат қамбасында сақталған Қазақ хандығы дипломатиялық құжаттарына қатысты ел іші-сыртында алғаш жасалған, көлемді тарихи-деректанулық зерттеу жұмысы.
Осы зерттеу жұмысының нәтижесінде алғашқы, көлемді ғылыми еңбек – «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақша мұрағат құжаттары туралы тарихи-деректанулық зерттеу» (Жапония Киото университеті докторлық диссертация, 2010) жазылды. Бұнда Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан сынды қазақ билеуші элитасының Цин патшалығына жазған 37 парша дипломатиялық хаты сұрыпталып пайдаланылды әрі мысал ретінде 5 парша хаттың факсимилесі қоса берілді. Жапониядағы ғылыми зерттеу жұмыстары аяқтағаннан кейін, Қытайдағы министрлік және мемлекеттік ғылыми зерттеу жобалары аясында бұл тақырып тереңдей зерттелді. Соның нәтижесінде, 2016 жылы алғаш болып «Чжунго/Жұңго (ред.: ҚХР) бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар» атты монографиялық еңбегіміз Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан жарық көрді, жыл аяғында Алматыдағы «Елтаным» баспасынан кириллица жазуындағы нұсқасы басылып шықты. Онда докторлық диссертацияда пайдаланғандардан өзге тағы да 30 құжат қосылып, жиыны 67 құжат талқыланды, алдыңғы бесеуін қосқанда жалпы 30 парша хаттың факсимилесі берілді.
Бұл жолғы кітабымыздың басты ерекшелігі – іргелі ғылыми зерттеу жұмысы аяқталғанымен алдыңғы монографиямызға енбеген құжаттардың жалғасты зерттеліп, ғылыми айналымға түсуі. Яғни кітапқа қазірге дейін анықтап зерттелген 160 құжат түгел енгізілді (бұлардың ішінде 6 парша «Жарлық» хат та қамтылды). Сонымен қатар, алдыңғы зерттеулерімізде жариялағандарын қосып есептегенде жиыны 31 құжаттың факсимилесі берілді. Құжаттарды Оң қанат, Сол қанат және Батыс қанат бөлінісі бойынша топтастырып, сандармен көрсеттік. Осымен бірге, тот-ойрат жазуында хатталған қазақ құжаттарын да мәлімет бердік. Одан да маңыздысы – барлық қазақша құжаттарды топтастырып, хат жазылған уақыт, хат иесі, жіберген елші, қосшылардың аты-жөні, тартуға ұсынылған ат және кімге жіберілгендігі туралы жеке-жеке тоқталып, кестеге ашалап жаздық. Онан соң, аталмыш құжаттарды жеке тарауға топтап, олардың транслитерациясы мен транскрипциясын жасап, соңынан қазіргі қазақ тіліне аударып, тиісті түсіндірмелерін бердік. Осылай қазақ жерінде жазылған бірегей дипломатиялық құжаттардың сыры ашылды. Ендігі жерде қазақ тарихының қайталай зерттеліп, сарапталуына тың серпін береді деген ойдамыз.
– Осы хаттар арқылы қазақ тарихына қандай тың жаңалық енгіздім деп есептейсіз?
– Бұл хаттар жай қағаздар емес, Қазақ хандығының бір бөлім әлеуметтік тарихы хатталған бағалы құжаттар, тарихи маңызы зор, мәні айырықша. Сондай-ақ, олар ел тарихының ақтаңдақ беттерін ашып айқындауға, тарихи сананы жаңғыртып, нығайтуға тың серпін бере алатын төл жазба мұраларымыз болмақ. Бұған осы хат-қағаздарға ғылыми зерттеу жасау барысында анық көзіміз жетті. Бір ерекше қуанарлық жағдай – осындай төл жазбаларымыздың көрші елдің архив қорынан табылып, зерттеліп, оқырмандарға жол алуы. Әсіресе Цин патшалығына жолданған қазақ хаттары бұрын-соңды бұлай кешенді зерттелмеген болатын. Әрине бұндай хат-қағаздардың ғылыми айналымға түсуі қазақ тарихы үшін тың жаңалық деуге болады.
Көне жазбаларды тану мектебі қалыптаспай, тарихқа терең бойлай алмаймыз
– Құжаттардың көбі көне қазақ тілінде жазылғанын, арасында тот-моңғол тілінде жазылған хаттар да бар екенін айтасыз. Сіз ең алдымен лингвистсіз ғой. Яғни 2001 жылы түркітанушы ғалым Еркін Ауғалиұлының ғылыми жетекшілігімен «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақша ғылыми іс қағаздар тілінің лексикасы» деген тақырыпта магистрлік диссертация қорғадыңыз. Қазақ тілінің тарихын терең зерттеуіңіздің арқасында 2015 жылы «Ескі қазақ жазба тілі» атты кітабыңызды шығардыңыз. Тарихшы-картограф Нұрлан Кенжеахметпен сұхбаттасқанымызда, Тайваньнан 1883 жылы Барлық қазақтары туралы жазылған келісімшартты тапқанын, түпнұсқасы көне қазақ тілінде жазылған бұл құжат – көне қазақ тілінде жазылған тұңғыш архив екенін, қазақтың әдеби тілінің тым арыдан басталғанын дәлелдейтін құжат екенін айтып еді. Ендеше, түркі тілі, шағатай тілі, көне (ескі) қазақ тілі және тот-моңғол тілі дегендер қандай тіл? Қазақтың жазба тілі мен жазу (таңба) тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Қазақ халқының жазу мәдениетіне тоқталғанда оның тарихта қолданған жазу үлгілерін айтпай кетуге болмайды. Қазақ халқы да басқа түркі халықтары секілді сан ғасырлық тарих толқынында түрлі жазу нұсқаларын пайдаланған. Сондықтан қазақтың ескі жазба тілін жан-жақты зерттеп, мемлекет тілі аясында қарастырған жөн, немқұрайды қарамау қажет. Елімізде көне жазба мұраларды тану мектебі әлі толық қалыптаспай келеді. Соның салдарынан түпнұсқа мәтіндерге сүйеніп тарихты пайымдау жақтары кенже қалып отыр.
Көне түркі тілі дегенде көбінде Орхон-Енисей жазулары меңзеледі, бұл буындық жазу түріне жатады. Енді бір жазу үлгісі – көне ұйғыр жазуы, «соңғы соғды жазуы» деп те аталады, бұны кезінде қазақты құраған ру-тайпалар да қолданған, кейін моңғолдар, одан мәнжулар ішінара өзгерістер енгізіп пайдаланды, бүгінгі таңда моңғол, мәнжу халықтарының ұлттық жазуы ретінде қалыптасып кетті. Ал араб атты әскерлерінің Орталық Азияға жасаған жорықтарынан кейін араб-парсы мәдениеті бұл өңірлерге біртіндеп жалпыласа бастады, осымен бірге араб әліпбиі де енді, алдыңғы қолданылған жазулар бірте-бірте ығыстырылып, қолданыстан шығып қалды. Осындай тарихи жағдай астында Орталық Еуразия түркі халықтарына ортақ, араб әліпбиімен таңбаланатын көне түркі жазба тілі (бұны батыста, көбінде «шағатай тілі» деп атап жүр) барлыққа келді. Бұл жазу түрінің қазақ халқын өз ішіне қамтыған Орталық Еуразия түркі халықтарының жазу мәдениеті тарихында алатын орны айырықша, тіпті күні бүгінге дейін қолданылып келеді.
Жошы ұлысының ыдырап, қайта ұйысу қарсаңында, алдында құрамында болған халықтар өз алдыларына отау тігіп, жеке-жеке дербестік ала бастады. Солардың бірі, әрине – қазақтар. Жошы ұлысының Сол қанатына мұрагерлік еткен Орыс хан тұсында Қазақ хандығының іргетасы қалана бастады деуге болады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде жазылуынша, Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан соң ел арасына ірткі түсіп, Керей мен Жәнібектің төңірегіне жиналғандардың саны 200 мың адамға жетіп, артынан «қазақ өзбектері» деп аталады. Қазақ сұлтандары 1465/66 жылдан бастап ел басқару ісіне араласып, 1533/34 жылға дейін қазақтар нағыз билікке қол жеткізді. Осылай тарих сахнасына көтерілген Қазақ хандығы Орталық Азияның саяси өмірінде өшпес із қалдырды, іргесі бекемделіп, көсегесі көгерді. Көрші елдермен барыс-келістері жиілеп, жазысқан хат-қағаздарының саны молайып, жазу мәдениеті өркендеді. Бұнда әрине Орталық Азияға кең таралған араб графикасындағы ортақ түркі жазуынан мейілінше пайдаланды. Өйткені бұл жазу түркі халықтарының бәріне бірдей жазу нұсқасы болғандықтан, әркім өзінің төл жазуы, төл жазба тілі ретінде қолдануына құқықты еді. 2015 жылы баспадан шыққан «Ескі қазақ жазба тілі» атты кітабымыз осындай терең логикалық ойды арқау етіп жазылды әрі ел іші-сыртында тұңғыш рет Қазақ хандығының жазба тіліне байланысты жарық көрген ғылыми зерттеу нәтижесі. Ескі қазақ жазба тілі Цин патшалығына жолданған кейбір хаттарда «мұсылманша» деп те аталған. Ертеректегі түпнұсқа хаттарда нақты түрде «қазақ тілі» деп жазылмағанымен, ұқсас дәуірдегі мәнжу, қытай тілді деректерде «қазақ тілі» атауы кездесіп отырады. Сондықтан елтану ғылым тұрғысынан көз жіберіп, жазу мәдениетіміздің арыда жатқанын ескеріп, Қазақ хандығы аумағында араб әліпбиінде жазылған тарихи құжаттардың бәрін қазақ жазба тілінде хатталған төл жазба мұралар деп ұғынғанымыз жөн. Мысалы, 1730 жылы Әбілхайыр ханның Орыс патшасына жазған тұңғыш хаты қазақ жазуы тарихының арыдан басталатындығының айғағы болмақ. XX ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы бұл төл жазуымызға ішінара өзгертулер енгізіп, оқу құралдарын баспадан шығарды әрі 1929 жыл күшінен қалғанға дейін Қазақстанда қолданыста болды. Ал көрші қытайдағы қандастарымыздың арасында ресми түрде қазақ ұлтының төл жазуы ретінде күні бүгінге дейін қолданылып келеді.
Бір қызығы, Қазақ-Цин қарым-қатынастары тұсында төл жазуымыздан бөлек тот-ойрат жазуы да қолданылған, саны жағынан көп болмаса да XVIII ғасырдағы қазақ жазу тарихының маңызды мазмұнына айналып отыр. Бұған мысал ретінде 1757 жылы Абылай мен Әбілпейіз сұлтанның Цин ордасына жазған хатын айтуға болады. Бұл жазу сол кездегі кейбір қазақша хаттарда «қалмақша» деп аталған. Ол моңғол жазуымен төркіндес, бәрі де соңғы соғды жазуынан келген.
Шынтуайтына келгенде қазақ халқы өзінің шұғылалы тарихында бірнеше жазуды ауыстырды, оның пайдасын көргенімен, зиянын да тартты. Себебі адамдар көне жазуларды арнайы оқып үйренбейінше оның сырын аша алмайтыны даусыз. Осының салдарынан тарихымыздың ақтаңдақ беттері көбейіп, елеулі уақиғалар ел есінен көтеріліп отырған.
Қытай деректерімен жұмыс жасайтын зерттеуші-ғалымдардың қатары аз
– Қазақ тарихының Қытай деректері арқылы толықтырылуы қаншалықты маңызды? Бұл бағыттағы еліміздің зерттеу деңгейі қандай?
– Әлмисақтан бері қазақ халқы көп жағдайда судың тұнығы мен шөптің шүйгінін қуалай көшіп-қонып тіршілік етті, көп сандысы мал шаруашылығымен шұғылданды. Бір жерде тұрақтап отырмағандықтан жазу-сызу мәдениетіміз кенжелеп, тарихымыз жөнді хатқа түспеді. Төл жазба деректердің тапшылығынан, өткен тарихымыздың ақтаңдақ беттері толық ашылмай келеді. Осы тұрғыдан қарағанда, тарихымызды індете зерттеуге пайдалы шетел деректерін қағыс қалдырмай, сараптап, қажетке жарата білуіміз керек. Әрине, бұлардың арасында қытай деректерінің салмағы басым. Әдетте қазаққа қатысты қытай деректері туралы сөз болғанда олардың келу қайнарына баса мән берген жөн: оның бірі, қытай тілді деректер де, енді бір Цин патшалығы тұсында мәнжу тілінде жазылған тарихи құжаттар. Көне дәуірлерді айтпағанда, XVIII-XIX ғасырлардағы қытай жазба деректерінде біздің осы кезеңдерге тән әлеуметтік тарихымызды, дипломатиялық қарым-қатынасымызды зерттеуге қажетті мол ақпарат қамтылған. Бұларды қазақ тарихын толықтыруға қызмет еттіруіміз лазым. Дегенмен әрқандай шетел жазба деректерін пайдалану кезінде, «қауызын тастап, дәнін алу» қағидасын ұстанған жөн. Бүгінгі таңда қытайтанумен шұғылданатын немесе қазаққа қатысты қытай деректерімен жұмыс жасайтын зерттеуші-ғалымдардың қатары аз, саусақпен санап алардай жағдайда деуге болады. Ішінара ғылыми еңбек пен мақалаларды қоспағанда, егемендіктен бері істелген ғылыми жұмыстардың нәтижесі сын көтермейді, әлі күнге деректерді топтау басқышында жүрміз десек те артық болмас.
– «Мен Құдайға, сосын архивке сенемін» деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Бұл – дұрыс айтылым. Десек те қазақтар туралы жазылған қытайлық мұрағат деректерінің ақиқат шындығы қандай деңгейде деп білесіз. Оқиғаға, тұлғаға қатысты империялық астамшылдық ауқымында жазылған тұстары жоқ па?
– Бізше алдымен қазақтар туралы жазылған қытай мұрағат көздерін, әсіресе мәнжу тілді деректерді аударып, түбегейлі зерттеп, олардың ақиқат шындығын анықтауымыз керек. Содан кейін барып мынау пайдалы, ал мынаның қажеті шамалы деп кесіп айтуға болады. Бұндай іргелі ғылыми зерттеу жұмысы жасалмай тұрып, сырттай тон пішіп, пәтуа айтудың қажеті жоқ деуге болады. Өз тарихыңды өзің жазып қалдырмағаннан кейін, басқалардың жазып-сызғанына жүгінесің, ал олардың барлығы өз ойыңдай тарихи пайымдау бола беруі екіталай.
– Қытай деректері негізінде қазақ тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың, қытайтанушылардың арасында тарихты бұра тартатын жағдайлар кездесе ме?
– Жоғарыда айтқандай, қытай жазба деректерінен пайдаланып қазақ тарихын зерттеп жүрген отандық ғалымдардың немесе қытайтанушылардың қатары аз, «қытайтану мектебі» әлі толық қалыптаса қойған жоқ, содан да болар кейде зерттеу нәтижелеріміз саны жағынан да сапасы жағынан да ұтылып қалып жатады. Ал кәсіби зерттеуші-маман немесе қытайтанушылардың арасында «тарихты бұра тартатын» жағдайлар негізінен кездеспейді деуге болады.
– Қытай архивтерінде қазақ тарихына қатысты ашылмаған дерек әлі көп пе?
– Бұны архив құжаттарының қай тілде жазылғанымен ұштастырып айтуға тура келеді. Яғни XVIII-XIX ғасырларға тән қытай архив деректерінде бізге қатысты мынадай 4 тілдегі мұрағат құжаттары кездеседі. Бұның бірі, ескі қазақ жазба тіліндегі хаттар, жоғарыда айтқанымыздай бұл түрдегі төл жазба мұраларымыз толық зерттеліп, баспадан шықты. Енді бірі, ойрат тіліндегі хаттар, бұлардың кейбіреуіне зерттеу жасалғанымен, көп сандысы әлі толық ғылыми айналымға түсе қойған жоқ, қытай ғалымдары тарапынан зерттеліп жатқаны айтылады. Онан соң қытай тілді деректер, бұған қатысты зерттеулер болғанымен, кешенді жасалды деп айту қазірше ерте. Соңғысы – мәнжу тіліндегі архив құжаттары, олар – қазақ тарихы үшін аса қажетті құжаттар шоғыры, саны да мол. Өкінішке қарай бұл саладағы зерттеулердің де аяқ-алысы тым баяу.
Қазақтар мен Цин патшалығы арасындағы қарым-қатынас
– Қытай мұрағаттарынан табылған қазақ сұлтандары мен хандарының хаттары арқылы қазақ билеушілерінің дипломатиялық ой-өрісін, мемлекетшілдік деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– XVIII ғасырдың орталарынан бастап қазақтар мен Цин патшалығы арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастың өркендеуіне байланысты шекаралық аймақтарда түрлі оқиғалар туындады. Атап айтқанда, Цин патшалығы қазақ малшыларының ішке кіріп мал жайуларына рұқсат берген соң, қазақ жеріндегі ойраттардың шекара асып, қашып кету фактілері көп тіркелді. Бұлармен қоса қазақтардың арасынан да ауа көшіп, мал шаруашылығымен шұғылданғандар болды. Бұл кездерде тағы шекаралас аймақтарда қоныстанып жүрген қазақтар мен ойраттардың арасында мал барымтасы жиілеп, дау-дамай өршіді. Бұл мәселелерге баса мән берген қазақ хан, сұлтандары Цин патшасына, Іле генерал-губернаторына және Тарбағатайға іс басқарып отырған Хэбэй амбаньға елші аттандырып, хат жолдап, оларды дипломатиялық жолмен шешуге бар күш-жігерлерін салды, елі мен жерін қорғау жолында аянбады. Осындай маңызды ақпараттар қазақ тарапынан жазылған хат-қағазды зерттеу барысында мәлім болды. Сондықтан бұл төл құжаттар қазақтар мен Цин патшалығы арасындағы қарым-қатынастың нақты жағдайын одан әрі айшықтау үшін таптырмас тарихи материалдар болып қала беретіні айтпаса да түсінікті.
– Қытай мен қазақ арасындағы сауда және шекара мәселелері сол дәуірде қалай реттелген екен?
– Қазақ пен Цин патшалығы ресми қарым-қатынас орнатқан 1757 жылдан бастап-ақ екі жақ ара сауда-саттық жасасу мәселесі күн тәртібіне қойылған сыңайлы. Алғашында Абылай мен Әбілпейіз сауда базары Үліңгірде (көл аты, ШҰАР Алтай аймағы Бурылтоғай ауданында) болсын деген өтініштерін білдіреді. Бұған Цин үкіметінің жергілікті әкімшілігі «жер шалғай, сауда жасауға қолайсыз» деген уәж айтып, сауда жәрмеңкесі етіп Үрімжі, Еренқабырғаны белгілейді. Сөйтіп 1758 жылы тамыз айынан бастап әр екі жақ «жылқыға жібек» саудаласпақ болып келіседі. Алайда сауда жәрмеңкесі белгіленген уақыттан кешігіп 29 қазанда ресми басталады. Бұл жолы Қабанбайдың ұлы Едіге мен Томтай бастаған 57 адам мініс көліктерімен жиыны 380 неше тұяқ жылқыны айдап Үрімжіге жетеді. Бұл Қазақ-Цин саудасының беташары болды. Осылай Үрімжіден 1758, Іледен 1761, Тарбағатайдан 1764 жылы сауда жәрмеңкелері арт-артынан ашылып, екі жақ ара сауда-саттық істерінің үздіксіз дамуына қолайлы шарт-жағдай жасалды.
Түпнұсқа құжаттардан байқалғандай, екі жақ ара экономикалық байланыс тек «жылқыға жібек» саудасымен шектеліп қалмаған, қой саудасы да жасалған. Күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар, дәрі-дәрмек, азық-түлік қатарлылар да айырбасқа түскен.
Бір қызығы, кейбір хаттарда «ханның қара жолы» деп жазылып, ел шекарасы меңзелген. Алайда бұл жалпылық атау ретінде жұмсалғандықтан, нақты қай маң екенін дөп басып айту қиын.
– Жоңғар хандығы құлағаннан кейінгі кезеңдерде қазақтардың шығыстағы ежелгі жерге қайтадан қоныс аударып келуі туралы бұл құжаттарда қаншалықты нақты деректер бар? Осы тұрғыда қандай тұлғалардың есімі аталады?
– Жоңғарлар күшейген тұста қазақтарды ата қонысынан ығыстырғаны шындық. Қалдан Серен қайтыс болған соң ішкі алауыздық өршіп, билік бір жерге шоғырланбай әлсірей бастады. Ішкі-сыртқы күштердің ықпалында ең соңында Жоңғар хандығы жойылды. Осыдан көп өтпей қазақ ру-тайпалары да өз ата-мекендеріне қайта орала бастады. Бұл процестің қалай жүзеге асқаны қазақ хаттарында нақты жазылмағанымен, онда кездесетін жер-су атауларынан қазақтардың шығыс шекаралық өңірлерге табан тірей бастағаны анық байқалады. Бұған мысал ретінде «Аягөз», «Қатынсу», «Көгілдір», «Қарабұқа-Базар» (бүгінгі «Базар», «Қарғыба» өзендері), Қаратал, Көксу, Доланқара т.б. жер-су аттарын айтуға болады. Бұл арада мынаны ескере кеткен жөн: тарихи деректерден байқалғандай қазақтар кейде бұйымтайларын хатқа жазбай, елшілері арқылы ауызша да айтатын дәстүрі болған сыңайлы. Мысалы, «Цянь-Цзя-Дао үш патша тұсындағы қазақ деректері» атты қытайша жазбада былай делінеді: «... жіберген елшілерің: «Тарбағатай біздің байырғы қонысымыз, мейір-шапағатыңызды төгіп қайрандасаңыз (сыйға беру) игі еді» дегенді айтады. Біз бұл жерлерді жаңа ғана тыныштандырдық, иен жатқаны рас, қиғымыз келмейді емес, сендер енді ғана “қарадыңдар”, әлі еңбек сіңірген жоқсыңдар. Қазір сыйлай салсақ елдігімізге сын, сен де мазаланасың. Мүбәда бүлікші Әмірсананы тұтқындап берсеңдер, (бұл жерлерді) сыйға берсек берейік»... Бұл қазақ елшілерінің Цяньлунге жолыққаннан кейін патшаның Абылайға айтқаны, ал Абылайдың осы рет Цяньлун патшаға жазған хатында бұндай мәселелер көтерілмейді.
– Қазақтар шекаралас жатқан Шыңжаң өлкесінен тыс, Қытайдың Ганьсу, Цинхай жерлерін де мекендеп келеді. Бейжіңге бертін барған зиялы қазақтардың да шоғыры мол. Сіз осы қазақтардың мәдени мұрасына – тарихына, әдебиетіне, айтысына, бұқаралық ақпарат құралына, т.б. қатысты тарихи зерттеулер жүргіздіңіз бе? Жалпы, зерттеу жүргізу мүмкін бе?
– Негізгі зерттеу тақырыбым Қазақ хандығы және оның жазба мұралары болғандықтан, ол жақтағы қазақ әдебиеті, айтыс өнері т.б. салаларына ден қоя алмадым. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы мәдени байланыстар мен ғылыми ауыс-күйістер күн сайын молайуда. Егер отандық зерттеуші-ғалымдардың арасынан жоғарыдағы тақырыптарға қызығушылық танытып, зерттеу жүргізгісі келетіндер шықса, әрине қуанарлық жағдай.
– Осы сұрағыма желілес болсын, Қытай қазақтарының шежіресі, тарихи орындары, тарихи тұлғалар жайлы қандай маңызды деректер бар? Оны қалай зерттеуге болады деп ойлайсыз?
– Бізше көрші елде бұл жағында бірсыпыра зерттеулер жасалып, баспадан шықты, әлі де зерттелу үстінде. Бұндағы басты мәселе – отандық зерттеуші қосын әлсіз, табандылық тапшы. Әсіресе зерттеуші-ғалымдарымыз көрші елдер мен ондағы қазақ диаспорасының тарихы, тілі, мәдениеті және әлеуметтік өміріне қатысты іргелі зерттеулер жүргізуге тым белсенді емес. Осы жағына баса назар аударған жөн.
– Сіз бірнеше елдің ғылыми орталықтарында дәріс оқыдыңыз. Шет елдерде қазақ тарихына деген қызығушылық қандай?
– Әрине қазақ тарихы да дүние тарихының маңызды құрамдас бөлігі, шетелде де дүние тарихына, соның ішінде қазақ тарихына қызығушылық танытатын шәкірттер, зерттеуші-ғалымдар табылады, тіпті тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашып, қазақ тарихының дамуына, гүлденіп-көркейуіне үлес қосып жүрген тұлғалар да бар. Қазір мен тұрып жатқан Жапонияда осындай ғалымдарымыз бар, әлі талай игі шаруалар тындырады деп ойлаймыз. Дегенмен тарих саласында да ғылыми ауыс-күйіс жасасып, қазақтанумен шұғылданатын шетел ғалымдарымен өзара пікір алмастырып тұрудың пайдасы мол-ақ, өкінішке қарай бұл жағында кейде талғамсыздық байқалады.
– Қазақ тарихының қай тұстары әлі терең зерттелмей жатыр деп ойлайсыз?
– Бізше барлық кезеңдерін атауға болады. Көне дәуірлерді айтпаған күннің өзінде, бүгінге бір табан жақын Қазақ хандығы тарихы терең зерттеліп жатыр деп айту қиын. Айталық, Қазақ хандығының құрылу-жойылу кезеңдерін әлі бірізге түсіре алмай келеміз, әркім әр түрлі айтады. Шын мәнінде бұл өте өзекті мәселе, немқұрайлық танытпауымыз керек. Одан қалса XVIII ғасырдың 30 жылдарынан бұрынғы Қазақ хандығының бет-бейнесі жазба деректің тапшылығынан толық ашылмай отыр. Ал одан кейінгі кезеңдерге қатысты жазылған көптілді дереккөздер бола тұра, керсінше оларға көңіл бөлінбей келеді. Мысалы, қазаққа қатысты мәнжу, қытай тілді дереккөздер аз емес, алайда үнемі қағыс қалады. Осындай өзекті мәселелерге баса мән беріп, көптілді жазба деректерді ұтымды пайдаланып, оларды ел арасындағы аңыз-әңгіме, шежіре-деректермен ұштастыра зерттеп, кәдеге жаратқан жөн.
Жапонияда бастауыш және негізгі орта кезеңдерде тарихты оқытуда өз елінің тарихына көңіл бөледі
– Қазақстан мектептері мен Жапония мектептеріндегі тарих пәнін салыстырып беріңізші. Біздің балалар төл тарихын жеткілікті деңгейде танып жатыр ма?
– Бұл жақтағы тарих пәнінің оқытылуы біздегімен салыстырғанда едәуір айырмашылық бар. Жапонияның қазіргі білім беру жүйесі бойынша оқушылар бастауышты 6 жыл, негізгі ортаны 3 жыл және жоғары ортаны 3 жыл, жиыны 12 жыл оқиды. Оның ішінде бастауыш және негізгі орта міндетті болып табылады.
Жапониядағы бастауыш мектептерде оқушылар тарихты 6-сыныптың «Әлеуметтану» сабағында оқиды. Онда негізінен Жапониядағы тарихи тұлғалар мен оқиғаларды таныстыруға басты назар аударылады. Негізгі ортаға келгенде тарих пәнінің оқытылуы дүние тарихының фонына негізделе бастайды, бірақ онда әлі де жапон тарихына баса мән беріледі. Бастауыш, негізгі орта кезеңдеріндегі тарих сабағы міндетті пән қатарына жатады. Ал жоғары ортадағы тарих сабағы екі пәнге бөлінеді: «Дүние жүзі тарихы» және «Жапон тарихы», оларды таңдау пәні ретінде оқуға болады. Байқағанымыздай, Жапонияда бастауыш және негізгі орта кезеңдерде тарихты оқытуда өз елінің тарихына көңіл бөледі де, жоғары ортаға барғанда шетел тарихы қосылады. Ескере кетер бір жайт, Жапонияда 2022 жылдан бастап жоғары ортада «Жалпы тарих» міндетті пән ретінде қосылды, негізгі мақсаты – таяу заман тарихына назар аудару және Жапонияны әлемнің басқа елдерімен салыстыра үйрену.
Сондықтан, дамыған елдердің тарих сабағын оқытудағы озық тәжірибелерін қабылдап, оны ұрпақ қажетіне жарату, әрине бүгінгі заман талабы болмақ.