Абайдың қара ері мен көк ішігі

Бөлісу

28.07.2025 943

Абай Құнанбайұлының өміріне тікелей қатысты, бүгінде аса құнды саналатын заттық мұралардың жай-күйі де кез келген адамды бей-жай қалдырмайды. Ұсынылып отырған бұл тарихи-естелік мәтінде Абайдан қалған қара ер мен көк ішіктің тағдыры баяндалады.


 Әңгіме желісі автордың – Ниязбек Алдажаровтың балалық шағынан басталып, Абайдың серігі әрі туысы Мұсабай арқылы жеткізілген қара ерге қатысты әсерлі суреттеулермен өрбиді. Ер – Абайдың ұлы Мағауия қайтыс болған соң Мұсабайға тапсырылған, шебер Өтеп жасаған сәнді, үш айылы сирек кездесетін үлгіде жасалған ер-тоқым. Бұл бұйым Абайдың өзі мінген көлігі ретінде ғана емес, кейінгі ұрпақтар үшін оның рухани болмысын бейнелейтін ескерткішке айналған. Алайда 1931 жылы мұраның қараусыз қалып, қаңсып жатуы – советтік заманда ұлттық мұраларға деген немқұрайлықтың бір көрінісіндей әсер береді.

Сол сияқты Абайдың қызынан тараған Қадишаның Ниязбектің шешесіне сыйлаған, қызыл түлкі терісінен тігілген көк ішігі де ақынның көзіндей киелі дүние ретінде сипатталады. Автор оны «көкірегімнің күй сандығы» деп бейнелеп, рухани маңызын ерекше сезіммен жеткізеді. Бұл ішік те кейін белгісіз себептермен жоғалып кетіп, Абай мұрасынан айырылып қалғанына ананың өкінуі берілген.

Мәтінде Абайдың мұралары қарапайым зат ретінде емес, халқымыздың рухани қазынасы, ұлттық жады мен мәдени сабақтастықтың символы ретінде суреттеледі. Абаймен байланысты әрбір бұйым – ұлттың тарихи жадына айналған ерекше нысан. Бұл дерек қазіргі Жидебайдағы Абай музейінің экспозициялық мазмұнын толықтыруға, ұлы тұлғаның рухани әлемін заттық мәдениет арқылы тереңірек танытуға сеп бола алады.

Енді естеліктің өзіне кезек берейік. Бұл оқиға – Абай дәуірінен қалған жәдігерлердің тағдырын көзбен көріп, қолмен ұстап, көкірегіне түйген адамның шынайы толғанысы деп біліңіздер. 

«1924 жылы август айы ел бауырға түсерде біздің ауыл Жүністің қызыл шоқысына келіп қонғанбыз. Ертеңіне осы араға Мұсабайдың ауылы да келіп қонды.

Мұсабайды әкем қонаққа шақырды. Мұсабай – Алдажардың шешесі Фатиманың бауыры, Ысқақ ноғайдың кенже баласы. Қайша апам мен біз бір ауыл болатынбыз. 

Мұсабай Қайшаның есігінің алдына келіп, аттан түспей шақырды: 

– Қарағым Қайша! Бері шық, менің атқа мінсем, түсе алмайтынымды білесің ғой! – деп айғайлады. – Саған амандасайын деп тұрмын.

Мұсабай денесі ауыр адам еді. Мінгені есік пен төрдей дом болып жараған торы ат, мен қасына жүгіріп барып, аузымды ашып тұрып қалыппын. 

– Балам Ниязбек! Сенің таңырқап тұрғаның мен мініп тұрған үш айылы бар ер ғой, бұл ер – Абай атаңның ері. Мағауия өлген соң, енді мен атқа мінбеспін, көзімдей көріп мініп жүр, – деп маған беріп еді. 

Ердің төрт еліден үш айылы бар болатын. Қазақ ерінде негізі екі айыл болады, оның өзі жіңішке. 

Мұсабай мейірімді, парасатты, жақсы адам болған, оның үстіне Мұсабайдың әйелі Ғафура – Абайдың інісі Ысқақтың қызы. Мұсабайды Абай жақсы көрген. Ол ерді атақты ерші Өтеп Абайдың айтуымен қосқан (жасаған), артқы қасы үлкен, отыруға жайлы, қара сырмен боялған еді. 

1931 жылы көктемде Ысқақ ноғайдың ұрпақтары осы күнгі Молдағалиев атындағы совхозға қарасты Арқалық деген аласа адырдың бауырындағы Мұсабай қыстағы деп аталатын қорадан көшкенде Абай мінген қара ер қаңсып, жұртта адыра қалған мүліктердің бірі болып, қорада қалған. 

1937 жылы февраль айында Абайдың Мағауиясының немересі, Жағыпардың қызы Рәфила менің шешем Райханды Алматыға ертіп барды. Мұсабайдың Қадыр дейтін баласының әйелі, Абайдың Күлбадан деген қызынан туған Қадиша іші қарағайлы жердің қызыл түлкісінің жонынан жасалған, сырты көк мауытымен тысталған Абайдың ішігін менің шешеме беріпті. Сол ішікті мен кішірейттіріп екі жыл кидім. Абай атаның көк ішігі кеудемді жылытып, көкірегімнің күй сандығы сияқты еді. Өзім 1939 жылы Қызыл Армияға шақырылып кеткенімде Абай атамнан қалған мұрамен біржолата қоштасқан екем, үйде қалған еді. Менен кейін 1942 жылы армияға шақырылған Кеңесбек деген інім киіп жүріп, үйге соға алмай кетіп еді. Ішіктің қайда қалғаны белгісіз.

Шешем Райхан марқұм осы ішікті «Абай атамның мұрасы еді» деп, айырылып қалғанына өкінетін. Жоғарыдағы жағдай болмағанда, Абай атамның өзі киген көк ішік осы күні мен иелік етіп отырған Жидебайдағы Абай музей үйінде ілулі тұратын еді» деп жазады авторы Н. Алдажаров. 

Осылайша Абайдан қалған қара ер мен көк ішік – заттық мәдениеттің бір бөлшегі бола тұра, қазақ халқының тарихындағы рухани сабақтастықтың, ұлттық жадының, мәдени мұраға адалдықтың символындай елестейді.

Бөлісу