Абай балаларының ішінде ұлдары туралы ақпарат мол болғанымен, қыз балалары жайлы көп айтыла бермейді. Айталық, Абайдың үлкен қызы Күлбадан туралы мағлұматтар аз. «Абай» жеке тұлғалық энциклопедиясында «Күлбадан Абайқызы (1862-1932) – Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған қызы. Оны Абай жас кезінде Семейге орыс мектебінде оқытқан. Күлбадан Дүтбай Уандықұлының інісі Дүйсекеге тұрмысқа шыққан. Дүйсеке өлген соң Күлбаданды әмеңгерлік жолмен Дүтбай алған. Күлбаданның Дүйсекеден – Хамза, Дүтбайдан – Мүкен, Мұхтар, Мұштар, Мәкен, Қадиша деген балалары тараған.
Күлбадан туралы «Абайдың Семейдегі әдеби-мемориалдық музейі қорында сақталып келеді» деген шағын ғана мәлімет жазылған.
Ал біздің қолымыздағы Ниязбек Алдажаровтың естелігінде Күлбаданның адами қасиеттері, мінез-құлқы, табиғи болмысы жарқырап көрінеді. Онда автор кейіпкерді өз көзімен көргенін, рең-басын сипаттай келіп, бойындағы артық-ауыс қылықтарын ашық жазады. Ақын қызының өзі ұнатпаған бай Дүтбайға ұзатылғанын, Дүтбайға өлең арнағанын, ұзатыларда қызына жақсы ақыл-кеңес бергенін тәптіштеп келтіреді. Естелік ары қарай Абайдың орынсыз салт пен ғұрыпқа қарсы екендігімен, айтқан сөзінің мүлтіксіз орындалуын жақсы көргендігімен жалғасады.
Сонымен Абайдың тұлғалық болмысына қатысты және оның қыздары мен әйелдеріне байланысты көзқарастарын тануға мүмкіндік беретін естеліктің өзіне кезек берейік.
«Абайдың Ділдәдан туған Күлбадан деген қызы болды, – деп бастады естелігін Н.Алдажаров. – Күлбаданды Абай қатты еркелеткен. Семей қаласында орыс мектебінде Мағауия екеуін бірге оқытқан. Осы Күлбадан апайды мен көрдім. Ұзын бойлы, қыр мұрынды, сары кісі еді. Адуындап сөйлейтін, былапыт сөздерді араластырып айтатын бейпіл ауыз кісі еді.
Абай былай дейді екен: «Біздің қазақта мынандай әдет бар. Кейде ұят нәрсені ұятқа санамайды. Ал енді ұят еместі ұятқа санайды дейді» екен.
Күлбаданды Тобықты ішінде Көкше Дүтбай дегенге берген. Абай Дүтбайды жаратпаған. Себебі Дүтпай қулық, сұмдыққа өте жақын адам болған. «Дүтбайға» деген өлеңінде былай дейді:
Ылыққан ит сияқты
Бұлғаңдатып құйрығын, – деп әжуалаған.
Күлбаданды Дүтбайға ұзатарда Абай әйелдеріне: – Сендер Күлбаданға кимешек-жаулық салғызып, маған алып келіңдер, – депті.
Бармайын десе Абайдан қысылып, барайын десе Күлбаданның шәлкес мінезінен қорыққан әйелдер амалы құрып, ақыры Күлбаданға барып, Абай ағам «саған кимешек-жаулық салдырып алып келіңдер» деп бізді жіберді» десе, Күлбадан қиямпұрыстанбай «әкеліңдер киейін» депті. Күлбаданға кимешек-жаулық салындырып, Абайға әкеп көрсетсе, Абай Күлбаданның бетінен сүйіп: «Қарағым, кимешек-жаулық өте жақсы жарасады екен, мұны қадірлеп, басыңнан тастамай киіп жүр», – депті.
Қазақтың ескі салты бойынша ұзатқалы жатқан қыз түгілі, күйеуге шығып, бірнеше балалы болғанда да әкесіне кимешек-жаулығын көрсетпейді. Абай бұл салтқа қарсы болған.
Ал енді мына уақиғаны еске алайық: Абай қасында үлкенді-кішілі бірнеше туыстары бар, тойға бармақ болып бір топ адам келе жатып ауылға тақағанда ішіндегі бір үлкені: «Аттарыңның басын тежеңдер! Ана ауылға бармас бұрын дәретке отырып алайық», – десе, Абай астындағы атын көлденеңдетіп, ашуланып былай депті: «Бұл не, сонда ұят болып па, ол ауылдың адамдары дәретке отырмайтын бітеу деп пе едіңдер?»
Абай атам айтқанды мүлтіксіз орындауды жақсы көрген. Жазға салым Жидебайда отырғанда үйіне жыл сайын көйлек-көншек киіп, қой, тағы сол сияқты көмек алып тұратын шаруашылығы нашар адам келіпті. Әлгі адамға жақсылап сый-құрмет көрсетіпті де, әйеліне: «Мына кісіге менің бір көйлек-дамбалымды бер», – десе әйелі: «Көйлек-дамбалыңыз үшеу-ақ. Мен ол кісіге бұл берейін», – депті. Абай: «Бұлыңды әкел» – деп бұлды алдырыпты. Одан кейін «көйлек-дамбалын әкел» деп, оны бұлдың үстіне қойғызыпты. Осыдан кейін әлгі адамға: «Ертең сойғызам деп отырған бір жылқы тұр. Соны да ал!» – депті. Ана адам «алмаймын» депті. Сонда Абай әлгі адамға ұрсып: «Сұрайсың. Берсе «алмаймын» деп қипақтап-сипақтайсың» депті. Осыдан кейін жылқыны жетектетіп, қойды айдатып, бұл мен көйлек-дамбалды қойнына тыққызып, шығарып салдырыпты.
«Көйлек-дамбалың аз еді» деп Абай атамды мүсіркейін деп Еркежан шешеміз сойғалы отырған жылқы, екі қой, бұлдан айырылып, өкінішке ие болып қала беріпті.
Негізін алып қарасақ, бұл да тәрбиенің бір маңызды түрі. Ендігәрі әйелі Абайдың сөзін екі ете қоймаған шығар деп ойлаймын. Осы күні менің жұбайым үйге келген кісіге тамақ жаса десем, әлем-тапырақ болады.
Құрметті оқушым! Сіздер мен сияқты мүгедек шығарсыздар деп ойлаймын. Себебі: көпшілік әйел жолдастар күйеулеріне әрдайым бойлауық жылқының мінезін көрсететінін мен көп кездестіріп жүрмін. Шыдасаң осы, шыдамасаң жолың ашық. Қалаған жағыңа жүре бер деп қасқайып отырады. Онысы да дұрыс шығар. Балаларға алимент алады ғой. «Өзі патша, өзі қазы, өзі би, қандай ессіз нағылдың деп тергейді» дейтін шығар. Олай болмады! Қыз бен ұл ер жетіп, әлгі мықтының шақшадай басын шарадай ғып жүргендерінде кездестірдім. Амал не? Менің қолымнан келетінім: келешек ұрпақтар аманшылық ар, ұятты аяққа баспай, жоғары ұстаса екен» деймін.
27 ноябрь, 1984 жыл».