Бөгенбай батырдың 345 жылдығы тойланды

Бөлісу

08.07.2025 2300

Қанжығалы Бөгенбай батырдың 345 жылдығы, Саққұлақ бидің 225 жылдығы және Сәдуақас Ғылманидың 135 жылдығына арналған ауқымды іс-шара Ерейментау қаласының жанындағы ипподромда өтті. Айта кетерлігі, бүкіл мереке бюджет қаржысынсыз ұйымдастырылды, деп хабарлайды e-history.kz тілшісі.


Халық қаһармандарына тағзым

Биыл Бөгенбай батырдың 345 жылдығы. Абылай ханның тұсындағы батыр, атақты қолбасшы шешендігімен, әскери тактикасымен және ерлігімен ел есінде қалған. Исі қазаққа есімі мәлім, орта жүздің атақты биі, шешен, Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ би Бапанұлына 225 жыл. Көрнекті қоғам қайраткері, ақын, аудармашы Садуақас Сәлменұлы Ғылманиға 135 жыл.  Осынау тарихи тұлғаларға ереймантулықтар тағзым жасап, мерейтойлық датаны үлкен той деңгейінде өткеріп шықты. 

Мерекелік концерттен басталған жиын ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты. Басқосудың маңызы жайлы айтылды. 

Сайлау Байбосын, жазушы: “Тарихы жоқ ел төлқұжаты жоқ адам секілді. Енді робот заманы келе жатыр. Өзімізден кейінгі ұрпаққа біздің жерімізден, елімізден осындай ұлы тұлғалар өткен деп, бұл шараларды солардың саналарына жетсін деп істеп жатырмыз. Бұл қаражаттың көптігінен жасалып жатқан жоқ, бұл - өлке тарихын тірілту”.

Дүбірлі тойда Ақмола облыстық филармониясының әртістері және жергілікті көркемөнерпаздар өнер көрсетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, соның ішінде Алматы, Қостанай, Павлодар облыстарынан келген делегацияларды қарсы алу үшін 25 киіз үй тігілді. Шара аясында белгілі профессорлар мен мерекелік қонақтардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ерейменнен шыққан ұлы тұлғаларды еске алу шарасында ұлттық спорт түрлерінен де бәсекелер өтті. Көкпар, бәйге, қазақ күрестен республикалық жарыстар мәресіне жетті. Жарыстарға түрлі өңірден келген спортшылар қатысты.  

Көкпар жарысына әр өңірден жиналған 8 команда қатысты. Аламан бәйгеге 22 сәйгүлік қатысып, бас жүлдеге автокөлік берілді. Құнан бәйгеге 15 ат жарысқа түсіп, жүлдегерлерге мотоциклдер табысталды. Қазақша күрес бойынша жасөспірімдер арасындағы біріншілікте де тартысты өтті. Үш салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздарға мотоцикл және ақшалай сыйлықтар табысталды.

Мемлекет емес, халық ұйымдастырды

Ауқымды шараны «Ереймен Елі» қоғамдық бірлестігі өз қаражаты есебінен ұйымдастырды. Шараны өткізуге Ақмола облысы әкімдігі мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев мерекелік бағдарламаның орындалуын жеке бақылауына алып, барлық іс-шараларға өзі қатысты.

Шараның толық фоторепортажы: Ұлыларды тудырған Ерейментау

Бөлісу