«Қазақты қырған саясаттың артында кім тұр?» – тарихшы нақты жауап берді

Бөлісу

09.07.2025 2378

1925 жылы Филипп  Голощекиннің Қазақ өлкесіне жіберілуі ел тарихындағы ең ауыр кезеңдердің басталуына түрткі болды. Ашаршылық, кәмпескелеу, саяси қуғын-сүргін – бәрі де осы тұлғаның билікке келуімен тығыз байланысты. ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Медеубаев e-history.kz тілшісіне берген сұхбатында Голощекиннің нақты мақсаты қандай болғанын, оның саяси рөлін, ашаршылыққа қатысын және әлі толық зерттелмей жатқан тарихи тұстарды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.


– 1925 жылдың қыркүйегінде Филипп Голощекин Қазақ өлкелік атқару комитетінің басшылығына тағайындалды. Мәскеудің бұл шешіміне қандай тарихи себептер әсер етті?

– Осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1925 жылдың қыркүйек айында Ф.Голощекинді Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясы Қазақ өлкелік атқару комитетінің жауапты хатшысы қылып тағайындау туралы шешім шыққаны мәлім. Қазіргі қолда бар деректерге сүйенсек, бұған бірнеше себеп түрткі болған.

Біріншіден, 1920-жылдардың бірінші жартысында елімізде партиялық және кеңестік құрылыс үдерістерінің жүзеге асу барысы Мәскеудегі шенді-шекпенділердің көңілінен шыққан жоқ. Олар Қазақ Республикасының мемлекеттік билік құрылымдарына жиналып жатқан адамдарды большевиктердің бұрынғы саяси жаулары, соның ішінде «Алаш» қозғалысының қайраткерлері, 1917 жылға дейін мемлекеттік қызмет атқарғандар, қазақ ауылдарындағы бай-шонжарлар табының өкілдері деп санады. Бұған қоса, Мәскеу қазақ коммунистері орталықтан беріліп жатқан тапсырмаларды жеткілікті түсінбейді әрі қоғамдық-саяси өмірде кеңестік мемлекеттің жауларымен тым жақын араласып кетті деген пікірде болды.

Екіншіден, осы кезеңде КСРО коммунистерінің арасында да, әсіресе БК(б)П ОК-де билік үшін қызу күрес жүріп жатқан еді. Елдің барлық аймағын уыстан шығарып алмау үшін ел тізгінін қолына ұстағандар ұлттық республикалардағы жоғары партия лауазымдарында өздеріне берілген адамдардың отырғанын қалады. Осыған байланысты олар Голощекинді біздің елде партиялық аппаратты жасақтап, саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік саланың бәрін Қазақ өлкелік атқару комитеті мен оның аймақтық құрылымдарының толықтай бақылауына алып, Мәскеуден берілген тапсырмалар мен бұйрықтарды бүкпесіз орындап отыру үшін арнайы жіберді. Сондықтан оны елімізде коммунистік партияның толыққанды диктатурасын орнатқан адам деп қарауға негіз бар.

Тағы бір айта кетер маңызды жайт – Голощекин басқарған Қазақ өлкелік атқару комитетіне азды-көпті таныла бастаған беделді қазақ қайраткерінің бәрін елдің саяси өмірінен толықтай аластату міндеті де қойылған еді. Бұл орайда тек бұрынғы «Алаш» белсенділері ғана емес, партия басшылығының ойынан сәл-пәл басқаша көзқарасты ұстанған қазақ коммунистері де нысанаға ілікті.

– Голощекин ауылдық жерде кеңестік тәртіп орнату үшін қандай нақты қадамдарға барды? Ол қандай әлеуметтік топтарды нысанаға алды?

– Иә, қазақ халқының басым бөлігі қоныс тепкен ауылдық жерде жеделдетіп кеңестік тәртіп орнату үшін ол ең әуелі жергілікті элита санатындағы ірі байларға, дін өкілдеріне, бұрынғы шенеуніктерге қарсы белсенді саяси науқанды қолға алғаны белгілі. Голощекин мен оны қолдаған атқосшыларының пікірінше, ауылда Коммунистік партияның көздегеніндей саяси және экономикалық реформалардың жүзеге аспауына сол адамдар кінәлі еді. Ұлтжанды таптың қарсылығын басу үшін ең алдымен олардың материалдық әл-ауқатын шайқалту керек болды. Сондықтан билікті өз қолына алған соң бір жылдан кейін, яғни 1926 жылдан бастап бай-бағландарға қарсы қуғын-сүргін шаралары, атап айтқанда, олардың шабындық және жайылым жерлерін тартып алып, мал-мүлкін кәмпескелеуді бастап кетті. Голощекин бұл қылмысын қазақ қоғамында Қазан төңкерісі идеяларын іске асырып, «қанаушы тапты» жоюға бағытталған қадам деп бүркемеледі.

– Ашаршылықтың басталуына Голощекиннің тікелей қатысы бар деп айтуға бола ма?

– Шын мәнінде, тарих та ғылым секілді нақты фактілер мен дереккөзге сүйенгені жақсы. Қазіргі таңда ашаршылық зұлматының дәл осы Голощекиннің тікелей бастамасымен қолдан ұйымдастырылғанын дәлелдейтін ресми құжат жоқ. Алайда, оның партиялық көшбасшы тағындағы қызметін тиянақты зерделесек, барлық қолға алған бастамасы мен шешімдері 30-жылдардың басындағы экономикалық апатқа, атап айтқанда ашаршылыққа душар еткенін анық көруге болады.

– Ашаршылық пен кәмпескелеу науқанына қатысты зерттеулер қаншалықты терең жүргізілді? Тағы қандай деректер ашылмай жатыр?

– Кейінгі уақытта 1920-жылдардың аяғындағы халықтың жеке мүлкі мен малын кәмпескелеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мен қазақтың көшпелі шаруашылығына қатысты жүргізілген қылмыстық саясаттың салдарынан орын алған жаппай ашаршылықты тереңнен зерттеу бойынша бірқатар кешенді жұмыстар жүргізілді. Бұл Мемлекет басшысының 2020 жылдың 24 қарашасындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы туралы» жарлығы шеңберінде жүзеге асты.

Дегенмен, әлі күнге кәмпескелеу тарихы толық зерттелген жоқ. Бұл бағытта еңбек етіп жатқан отандық тарихшылар бар, алайда ашылмай жатқан тұстар аз емес. Мәселен, кәмпескелеуге іліккен адамдардың жалпы саны белгілі, бірақ бұл сан үнемі жаңарып жатыр. Олардан тартып алынған малдың да болжалды саны бар, бірақ ол да нақтылауды талап етеді. Шетелге көшкен қазақтың саны да аз зерттелген. Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға үдере көшкендердің саны кейбір зерттеулерде келтіріледі, алайда ресми статистика жоқ. Осы науқанға қатысты жаңа деректердің ашылып жатқанына қарамастан, көптеген құжаттың жойылуы немесе жасырылуы оның толыққанды картинасын жасауға кедергі болып отыр.

30-жылдардың ашаршылығында қаза тапқандардың нақты саны да әлі күнге талас-тартысты пікірге толы. Отандық тарихшылар шамамен 1,5-тен 2,3 миллион адамға дейін қырылғанын айтып жүр, дегенмен кейбір шетелдік зерттеушілер одан да көп адамның нәубет құрбаны болғанын алға тартады.

– Голощекиннің жеке өміріне қатысты, оның саяси мансабының басқа кезеңдері қаншалықты зерттелген?

– Бұл адамның жеке басына қатысты зерттелмеген дүние әлі де өте көп. Оның саяси көзқарастары мен ұстанымдары қалыптаса бастаған ілгергі мансап жылдары, оның елімізге келгенге дейінгі және 1933 жылы кеткеннен кейінгі саяси өмірбаяны күңгірт. Бізге белгілісі – өзінің де кейін қуғын-сүргінге ұшырап, 1941 жылы атылғаны. Өкінішке қарай, оның өмірі туралы архивтік құжаттар бізге қолжетімсіз. Соған байланысты, сапалы ғылыми зерттеулер де жоқтың қасы.

Ал Ресей тарихнамасында Голощекин көбіне-көп соңғы орыс патшасы мен оның отбасын жазалауға қатысқан адамның бірі ретінде еске алынады. Бірақ бұл деректің бізге қатысы шамалы екені мәлім.

– Қазіргі отандық тарихнамада Голощекиннің рөліне қандай баға беріледі? Трагедияға себепкер жалғыз тұлға ретінде қарауға бола ма?

– Әлбетте, заманауи отандық тарихнамада, академиялық және оқу әдебиетінде Ф.Голощекиннің республика басшысы кезіндегі қызметіне сөзсіз теріс баға беріледі. Ол басқарған Қазақ өлкелік атқару комитетінің шешімдері мен саясаты біздің халқымыз үшін ауыр трагедияларға әкеп соқтырғанын жоғарыда айттық. Дегенмен ол мұнда келген кезде КСРО басшылығының тапсырмасын орындағанын есепке алып, 20–30 жылдардағы зобалаңның бәрін бір адамға жаба салу да негізсіздеу екенін айту керек. Голощекин тоталитарлық коммунистік режімнің бұйрықтарын орындаушы ғана болды. Сол кезеңдегі трагедияларға жүргізілген зерттеулердің маңызды бөлігі ретінде Қазақ өлкелік атқару комитеті басшылығының өзге де белді өкілдері, атап айтқанда Е.Құрамысов, Е.Ерназаров, Л.Рошаль, С.Голюдов секілді адамдардың, коммунистік партияның өз ішімізден шыққан басқа да қанішер өкілдерінің саяси өмірбаяндарына назар аударуымыз керек деп санаймыз. Халықты қайғы-қасіретке душар еткен солақай саясат осы кісілердің де қолымен жүзеге асқаны белгілі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу