Аяққамыр мен Басқамыр қалаларының тарихы

Бөлісу

08.07.2025 2260

Қала өркениеті, мәдениеті және сәулет өнері – кез келген мемлекеттің өзіне тән ерекшелігі мен құндылығын көрсететін негізгі белгілердің бірі. Осы орайда Орталық Қазақстан ежелден-ақ тарих ғылымының, сондай-ақ этнография, демография, өлкетану сияқты өзге де ғылыми бағыттардың іргелі зерттеу нысанына айналған. Бұған себеп – өңірдің тереңнен тамыр тартқан бай шежіресі.


Зерттеушілердің пікірінше, бір ғана Ұлытау өңірінің өзінде сегіз жүзге тарта мәдени-тарихи ескерткіш бар. Отырықшы мәдениеттің айқын іздері Жезді өзенінің аңғарында сақталған. Бұл жерде аса маңызды саналатын Милықұдық, Жезқазған, Талдысай, Басқамыр, Аяққамыр сынды ежелгі қала орындары табылған. Аталған ескерткіштер туралы алғаш деректер қалдырғандардың бірі – академик Әлкей Марғұлан.

Тарихи жазбаларда Орталық Қазақстан аумағындағы ортағасырлық қалалардың көпшілігі Ұлытау мен Жезқазған өңірінде шоғырланғаны айтылған. Бұл қалалар оғыз тайпаларының VIII–XI ғасырлардағы тұрақты мекендері ретінде белгілі. Аталған қалалардың нақты орындарын анықтауға академиктер А. Ағаджанов пен Ә. Марғұлан зор үлес қосты. Олар әйгілі араб тарихшысы әл-Идрисидің «Нұсхат ал-Муштаг фи Ихтарак әл-Афак» атты еңбегі мен оған тіркелген «Сурат әл-Ард» жер бедері атты картасын зерттеу арқылы Ұлытаудағы ежелгі қалалар мен іргелі қоныс-жұрттардың орнын айқындады.

Көне деректерде Қиян қаласы оғыздардың бас қаласы ретінде аталады. Әл-Идриси картасында ол Сарысуға құятын Кеңгір өзенінің бастауында, Ұлытау тауының шығыс бетінде орналасқан деп көрсетілген. Бұл мекен қазіргі кезде «Басқа өмір» деп аталып жүрген ежелгі қаланың жұртына дәл келеді. Біздің дәуіріміздің VIII ғасырынан бастап XII–XIII ғасырлар аралығында бұл өңірде сауда, мәдениет пен көшпелі өркениеттің сабақтастығы үзілмей жалғасқан.

«Басқа өмір» туралы мәліметтер ортағасырлық тарихи жылнамаларда да кездеседі. Аяққамыр қаласы мен оның маңындағы Сарыбұлақ бұлағы, Есқұла өзені, Жезді және Талдысай өзендерінің бойындағы транзиттік сауда жолдары туралы деректер де сақталған. Бұл жолдар кезінде керуен жолы ретінде кеңінен пайдаланылған. Әлкей Қаһарұлы Марғұлан еңбектерінде айтылғанындай, Ұлы Жібек жолы пайда болғанға дейін-ақ, қазақ даласында «мыс жолы» деп аталған керуен жолы болған. Бұл жолдың пайда болуы металлургияның дамуымен тікелей байланысты еді.

Көшпелі халықтардың қалалық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етуі осы өңірдегі металлургияның дамуымен тығыз байланысты. Қалалық мәдениеттің айқын куәсі ретінде Басқамыр қаласы аталады. Бұл қала орта ғасырда Оғыз–Қимақ және Қаңлы кезеңдерінде дамыған. Басқамыр мен Аяққамыр Жезді өзенінің бойында, бір-бірінен он бес шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл екі қала туралы деректер академик Шренк, Кроссовский және Шоқан Уәлиханов еңбектерінде кездеседі.

Басқамыр – Қарағанды облысындағы ортағасырлық қамал-қала орны. Аяққамыр – XII ғасырдың соңына тән сәулет өнері ескерткіші. Жалпы Орталық Қазақстанда орта ғасырға жататын тарихи-мәдени және археологиялық қалашықтар санаулы.

Сарысу мен Кеңгір өзендері – Орталық Қазақстандағы ең ірі өзендердің бірі. Бұл өңірдегі Жезді және оның тармағы саналатын Талдысай өзендерінің бойында бірнеше ежелгі қалалар орын тепкен. Солардың ішіндегі ең ірісі – Қимақ-Оғыз дәуірінен келе жатқан «Басқа өмір» қаласы. Одан кейін Аяққамыр орналасқан. Атаулары да географиялық орналасуына сай: «Басқамыр» – жоғары жақта, «Аяққамыр» – төменгі бөлікте орналасқан қала деген мағына береді.

Алғашқы археологиялық қазба жұмыстары Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылған 1946 жылдан кейін басталды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың шақыруымен академик Әлкей Марғұлан осы өңірге арнайы экспедиция ұйымдастырды. Бұл – Қазақстандағы алғашқы кешенді археологиялық экспедиция болып есептеледі. Оның құрамында Басқамыр мен Аяққамыр қалалары зерттелді.

Басқамыр қамалының сыртқы қабырғасының қалыңдығы екі метрге жуық. Дуал іргетасы тас тақтадан қаланып, үстіне ірі шикі кірпіштермен көтерілген. Қорғаныс мұнараларының биіктігі кей жерлерде он метрге дейін жетеді. Мұнаралары домалақ және төртбұрышты, қабырғалар бойымен бір-бірінен тең аралықта тұрғызылған. Қамалдың жалпы өлшемі – 88×86 метр, биіктігі – 4 метр.

Әбу Насыр әл-Фараби де осы маңда астрономиялық зерттеулер жүргізгені туралы деректер бар. Жақын маңда қарауылдық қызмет атқарған тас мұнара орналасқан. Бұл мұнара 1510 жылы Қасым хан мен Шайбани хан арасындағы үлкен шайқас орын алған Аяққамыр маңында орналасқан.

Басқамыр Жезқазған қаласынан 83 шақырым жерде, Ұлытау ауданына қарасты Жезді кентінен 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Қала цитаделі үш жақтан мұнаралы қорған қабырғалармен қоршалған. Қалашық құрамына үйінділерден бөлек, екі мазар, Қарауыл төбесіндегі мұнара, Сарыбұлақ қайнарынан тартылған суару арықтары, тереңдігі 20 метр шахта, тас төселген едені бар жеке құрылыс енеді.

1992–1995 жылдары археологтер Жолдасбаев пен Жұман Смайылов археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, Басқамыр мен Аяққамырдың бір кезеңде салынғанын дәлелдейтін деректер жинады. Қазба кезінде табылған қыш ыдыстардың сынықтары, олардың архитектуралық құрылымының үндестігі, параллель орналасуы бұл қалалардың тарихи біртұтастығын көрсетеді.

Сырдария жағасынан Ұлытауға дейінгі ежелгі керуен жолы осы қалалардың үстімен өткен. Бұған дәлел – Басқамырдан шығысқа қарай екі шақырым жердегі төбе басында орналасқан биіктігі төрт метр Қарауыл мұнарасы. Мұнара қатпарлы тас тақталардан қаланған.

Архитектуралық тұрғыда Басқамыр – төртбұрышты, шет жақтарында мұнаралары бар, ортасына цитадель орналасқан кешен. Қазба кезінде табылған қыш бұйымдар, сүйектен жасалған тарақ пен құлақ шұқығыш көшпелі халықтардың мәдениетінің жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді. Бұл жәдігерлер қазіргі Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде сақтаулы.

Басқамырдан оңтүстікке қарай 15 шақырым жерде Жезді өзенінің оң жағалауында Аяққамыр атты ежелгі қала орны орналасқан. Қарабұлақ шатқалында ортағасырлық көне мазарлар сақталған. Бұл мазарлар маңында қыпшақтардың және Бағаналы руының таңбасы қашалған тас тақталар орнатылған. Некропольдің ортасында жергілікті халық «Темір Құтлық хан» деп атайтын кесене тұр. Аңыздар мен деректер бұл тұлғаның Тоқтамыстың немере жиені екенін растайды.

Әлкей Марғұлан мен антрополог Герасимов Аяққамыр кесенесін осы өңірдегі ең көне сәулет ескерткіштерінің бірі ретінде зерттеген. Кесене порталды-күмбезді құрылыс үлгісіне жатады. Іргетасының биіктігі – 1 метр, жалпы өлшемі – 8,10×9,84 метр. XX ғасырдың соңында оның тек кіреберіс қақпасы мен төрт қабырғасы ғана сақталған.

Фасады терең аркамен өрнектеліп, күйдірілген кірпіштен қаланған. Құрылыста 26×26,5 және 28×28,5 см кірпіштер пайдаланылған. Күмбезі жартылай оюланған тақталармен әшекейленген. Қасбеті ағаш бағаналармен тіреліп салынған, ішкі бұрыштарында сылақ іздері сақталған. Бұл құрылыс Алтын Орда дәуіріндегі сәулет үлгісіне жақын келеді. Қазіргі көрінісі – қайта жаңғыртылған нұсқасы.

Аяққамыр, Жошы хан мен Алаша хан кесенелері бір-бірімен тарихи, архитектуралық жағынан тығыз байланысты. Темір Құтлық хан 1401 жылы қайтыс болып, осы жерге жерленген. Ол – Орша шайқасында (1399 ж.) славян халықтарына қарсы тұрған жас қолбасшы еді. Жарақат алып, кейін Едіге бидің бастамасымен осы өңірге жерленген.

2000 жылдардың басында Басқамыр мен Аяққамыр тарихи-мәдени мұра нысандары ретінде мемлекет қорғауына алынып, реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Қала маңына қоршаулар қойылып, табиғи тастан төсеніштер төселді. Қазба жұмыстары кезінде ескі қаланың орны табылып, көптеген сүйектер, мысты қорыту пештері мен өңдеуге арналған құралдар, асықтар табылды. Асықтардың мүжілгені – оларды киіз өңдеуге пайдаланғанының дәлелі.

Басқамыр – Жезді кенті аумағындағы, жалпы Ұлытау өңіріндегі тарихи маңызы зор құнды ескерткіш. Бұл нысан әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Қойнауы бай, шежіресі терең Ұлытау өңірінде мәдени мұра мол. Басқамыр мен Аяққамыр ескерткіштері дәстүрлі сәулет өнерінің даму тарихына өлшеусіз үлес қосқан жәдігерлер. Оларды зерттеп-зерделеу, құпиясын ашу – келер ұрпаққа берілер ғылыми аманат.

Бөлісу