Өскенбайдың асы және қойшының ақылы

Бөлісу

29.07.2025 1101

Абайдың өз өмірі мен ұрпақтарының тағдырына бес саусағындай жетік Ниязбек Алдажаров ұлы ақынның ғана емес, оның арғы-бергі бабаларының да тағдырын жақсы білген. Ол қалдырған осы бір  естелікте Құнанбай қажының әкесі, атақты Өскенбай бидің 1851 жылы берілген асы туралы кеңінен баяндалады. Асты үш жүздің басын қосып өткізген Құнанбайдың ұйымдастырушылық қабілеті, ел ішіндегі беделі мен ақыл-парасаты нақты көрініс табады. Естелік арқылы сол кезеңдегі қазақтың үлкен ас беру дәстүрі, рулар арасындағы қарым-қатынас, ата-бабаны ардақтау мәдениеті мен елдік бірліктің мол тәжірибесі бар.


Өскенбай асына байланысты Құнанбайдың аса үлкен дайындық жасағаны – бірнеше күн бұрын 800 еркек қойды сойысқа әзірлетуі, келген әр қонақты лайықты күтуге тырысуы – қазақтың дәстүрлі қонақжайлығы мен мәртебелі адамға көрсетілетін құрметтің белгісі. Сонымен қатар арғын руының биі, атақты Алшынбайдың келуі, оны Құнанбайдың алдын ала қарсы алып, «ағаңыздың асы қайырлы болсын» деп жол беруі — қазақтың дипломатиялық ишара-салттарының бір үлгісі, Құнанбайдың ұтысқа шыққан жері.

Ас кезінде орын алған Жортар мен Құнанбай арасындағы түсініспеушілік те қазақы ортадағы билік, абырой, үлкендік, ру ішілік қатынас және ел ішіндегі беделге қатысты қалыптасқан жазылмаған ережелерді көрсетеді. Ал бәйгеге қосылған қойшының қарапайым ғана құла бестісінің 500 аттың ішінен дара келуі – ел ішіндегі қарапайым адамдардың да көрегендігі мен тәжірибесін, атбегілік өнерді бағалаудың тамаша мысалы бола алады.

Сонымен қатар естелікте тарихи тұлғалар мен оқиғалар арқылы қазақтың ас беру дәстүрі, сөз қадірін білетін би-шешендер мәдениеті, жылқы тану, ел мен жерге деген құрметі терең әрі шынайы сипатталған. Бұл дерек Құнанбайдың ел арасындағы орны мен Өскенбай биге деген ұрпақтық құрметтің ауқымын, сондай-ақ қазақ халқының тарихи тұрмыс-салт дәстүрін танып-білуге зор мүмкіндік береді. Енді естеліктің өзін оқиық.

«Құнанбайдың әкесі Өскенбай би 1778 жылы туып, 1850 жылы қайтыс болған, Өскенбайға 1851 жылы арғын руы қамбардың жері Көкшетаудағы Көкжайдақ деген жерге үш жүздің басын қосып ас берген. Асты берердің алдында Өскенбайдың інісі Мырзатай бай Құнанбайдың үйіне келсе, Құнанбайдың қабағы кірбең, көңілсіз екен. Сонда Мырзатай: «Қарағым Құнанжан, өзің көңілсізсің ғой», дегенде: «Бай, ағаңыздың асы басталғанша келген қонақтарды қалай күтуді ойлап отырмын», – депті. Сонда Мырзатай: «Ас басталғанша, қонақтарға сойысқа 800 еркек қойды айдатқаныма бүгін үшінші күн болды», – дегенде, Құнанбайдың қабағы ашылып, жадырап сала беріпті.

Ас басталардың алдында Тәттімбет бастаған бір топ адам Алшынбайға барыпты: «Мына ат төбеліндей тобықты бізді басынып, жерімізге келіп, Өскенбай биге ас бергелі жатыр», – десе, Алшынбай: – Жарайды, оны бара көрерміз, – деп, өздерін ертіп ас берілетін жерге беттепті. 

Мұны естіген Құнанбай Алшынбайдың алдынан шығып, сәлем беріп, Алшынбайға: – Ағаңыздың асы қайырлы болсын, – депті де, қайта кетіп қалыпты. Алшынбай жолдастарына: – Әлгі Құнанбайды көрдіңдер ме? Ағаңыздың асы қайырлы болсын, – деп бар салмақты бізге тастап кетті. Енді осы асты дұрыс өткізу бізге міндет, – деп, қалың арғын Өскенбай бидің асында табақшы болыпты.

Ас басталып, келген елге ет тартыла бастағанда Жортар: – Анаған бас табақ, мынаған қос табақ» деп киліге берсе, Құнанбай: Ақсақал, несіне киліге бересіз, біз бармыз ғой, – десе, – Ойбай, мына қу жалғыз, менің туған ағамның асына килікпе! – дейді, кетем деп үйді сойылдап, әлемтапырық қылыпты. 

Құнанбай сасқанынан Бәйкеге: – Мына шалды бірдеме қып тоқтат, – дегенде, Бәйке Жортарға: – Бұныңыз қалай, өз ағасының асында өзі бүлік шығарды деген атаққа қалмаймыз ба? – десе, 

– Бәйке жан-ау, онда қайттік, – депті. – Онда біз Ырғызбайдың салы болып, еш нәрсеге араласпаймыз, өз бетімізбен жүреміз, – деп, екі ақ боз ат алдырып, алдыңғы аяғын тізесіне дейін, артқы аяқтарын тілерсегіне дейін шағимен оратып, өздері өне бойын үкілеп, екеуі қатарласып жетіп келгенде, Құнанбай Бәйкеге: – Мына әкеңді бақсы қып жіберіпсің ғой, – деп күліпті. Бәйке – Мырзатайдың баласы. Жортар осы Бәйкені өте жақсы көреді екен.

Бидің асында бәйгеге бес жүз ат шапқан, бірінші болып Қошетер деген тобықты ішінде руы Мәмбетей, соның құла бестісі жалғыз қара боп үздік келіпті. Қошетер момын өте бай болған. Бір күні түс кезінде жылқышылары қымыз ішіп отырғанда бай: – Бізде қандай өнерлі жылқы бар? Бидің асына қосатын? – десе, анадай босағада түскі шайын ішіп отырған қойшы шал: – Мен қойға мініп жүрген құла бестіні қосыңыз, – десе, жылқышылар шалды боқтап: – Не оттап отырасың, басқа жылқы жоқтай, қойға мініп жүрген тұғырды қос дегені несі? – депті. Сонда бай жылқышыларына: – Сендер аптықпаңдар, не себепті құла бестіні жарат дедің, айтшы? Шал: – Мен осы бестіні тайынан қойға міндім. Әрдайым шылбырын жамбасыма басып ұйықтап қалсам, жерді тізесіне дейін қазып тастайды. Қойға қасқыр шапса екі аттатпайды. Ағынының қаттылығынан көзімнен жас парлап ұра алмаймын, – дейді. Бес жүз аттың алдынан келген осы құла бесті...»

Бөлісу