Қайролла Қызыров: Елбасыдан еңбекке шыдамдылықты үйрендік
30.11.2016 2320
1 Желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай Қарағанды тау-кен институтында Елбасымен бірге жатақханада тұрып, қатар оқыған Қайролла Қызыров Елбасы жайлы әсерлі әңгімесін баяндады

Қайролла Қызыров, техника ғылымдарының докторы, ҚарМТУ-дың профессоры

Нұрсұлтан Назарбаев 1960 жылы Днепродзержинск қаласындағы техникалық  училищені металлург мамандығы бойынша  үздік  бітіріп  Теміртаудағы өңдіріс орнына көрікші (горновой)  болып жұмысқа тұрды. Алматыдан арман арқалап, Украина еліндегі қалың орыстың ішінен бір өзі металлург мамандығын игеріп, ыстық пештің түбінде метал балқыту ісін меңгерді. Ол төзім мен жігерлікті, қайраттылықты қажет ететін мамандық. Мұндай төзімділікке  тек қана  Нұрсұлтан тәрізді өз мамандығына берілген жандар ғана жетуі мүмкін. Сол Днепродзержинскідегі училищені аяқтап келген жылы, жұмысқа тұрып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Осылайша 1962 жылы өңдіріс орнынан жіберілген ұсыным хат негізінде Қарағанды тау-кен (ҚарМТУ) институтына түсіп, «домнашы» мамандығын игеруге оқуға түсті. 

Елбасымен бір жатақханада тұрдық

Ол уақытта Қарағанды тау-кен институтында  бірінші және екінші курста жұмыс істеп оқуға болатын. Сондықтан Теміртауда біздің факультет болды. Балалар жұмыс істеп, оқып жүрді. Күндіз жұмыс, кешке оқу болып өміріміз осылай жалғаса берді. Бір жарым жыл біткеннен кейін 1964 жылы қаңтарда Қарағандыға жинады. Сонда Елбасымен жатақханада қатар тұрдық. Қасында өнеркәсіпте істеген жігіттер барлығымыз араласып тұрдық. Ол уақытта студенттер қазіргідей көп емес. Аз студент болсақ та, бәріміз бір үйдің баласындай едік. Сол кездің өзінде Елбасының ерекше қасиеті бар екенін білгенбіз. Үлкен аудиториядағы топта Нұрсұлтан ерекше  көзге  түсіп тұратын.

Днепродзержинскідегі техникалық училищені  бітіріп,  өндірісте  жұмыс істеп  келген Елбасы студент атанбай  тұрып, Қазақстан комсомолы орталық комитетінің мүшесі, бүкілодақтық комсомол  съезінің делегаты  болды. Сонда бізге Гагарин мен Титовпен түскен фотосуреттерін көрсететін. Ол жақта да қандай болғанын білдік. Оқуға алғыр, білімді, өнерлі. Нұрсұлтан Қарағанды политехникалық институтының МЧМ-62-2 тобында білім алды.  Мамандығы қара түсті металлургия. Мен машина жасау мамандығында оқыдым. Сонда біз ол кісімен үлкен аудиторияда қатар отырдық. Оқудың соңғы курстарында Теміртау қаласында Қарағанды металлургиялық комбинатының жанынан жаңадан  «Жоғары техникалық оқу орнына» (Завод-ВТУЗ) ашылды. Металлургия мамандықтарын соған көшірді. Елбасының тобы сол оқу орнына ауысты.                                                                                                       

Елбасы Қазақстан комсомолының X съезінің делегаты

Қолынан қазақтың қара домбырасы түспейтін

Сонда да бірнеше жыл бірге тұрып, бір аудиторияда дәріс тыңдап қатар отырған достар ақырғы курстарда жиі жиналып тұрдық. Соңғы курстардағы үйлену тойлары, той-думандарда басымыз қосылатын. Ол кісі тойды жақсы жүргізетін. Орысшаға да, қазақшаға да жақсы болды. Қолына қазақтың домбырасын алып қазақ әндерін, халық әндерін айтатын. Біз Елбасының қасында жүріп, жақсы орта қалыптастырып, еңбекке шыдамдылықты үйрендік.

Қарағанды металлургия комбинаты партия комитетінің хатшысы Н.Ә.Назарбаевтың күнделіктегі жазбалары

Сөйтіп Елбасы Қарағанды тау-кен институтына оқуға түсіп, завод-ВТУЗ-ды 1966 жылы  бітіріп шығады.  Сосын оқу бітіргеннен кейін бір-бірімізден «кім қайда жүр?, сен қайдасын?» «не істеп жүр?» деп сұрайтынбыз. Сонда бұл кісінің жұмыс бабымен қалай өскенін қарап отырдық. Домна цехында көрікші. Бір-екі жылдан кейін қалалық комсомолды басқарды. Қалалық партияның екінші хатшысы болды. Теміртау  қалалық партия комитетіне өнеркәсіп бөлімінің  меңгерушісі.   1977 жылы облыстық обкомның хатшысы болды.  

Әңгімені жазып алған: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)