Қан кешкен Өр Алтай-1
23.04.2019 2160
(Оспан батырдың 120 жылдық мерейтойына арналады)

Қытайдағы қазақтар тарихында және Шыңжаң тарихында «Үш аймақ төңкерісіне» дұрыс тарихи бағаланып, Шыңжаң тарихынан орын берілген. Әрине аталған үш аймақта (Алтай, Тарбағатай, Іле) қазақтар басым бола тұра, төңкерісте жетекші рөл ойнағанына қарамастан, оны ұйғырдың еншісіне меншіктейді, халықаралық таным да осылай қалыптасқан. Оған негіз 1944 жылы құрылған үкіметте басшылықта қазақтар болмады, үкімет тілі ұйғыр тілі болды, тарихи суреттерімен құжаттары да дерлік солай болды. Демек, екінші Шығыс Түркістан жергілікті халық сайламаған заңсыз үкімет еді! Егер заңды үкімет болса, тұтас үш аймақтағы 720 мың халықтың 53%-ын ұстайтын қазақ билікте болған болар еді? Кейінгі аталмыш үкімет қазақ мүддесіне саятында ешқандай жұмыс істемеді, Қытай үкіметімен келіссөзде де ұйғұрдың мүддесін алға тартты.

Ал көп жұрт назардан тыс қалдырған тағы бір үкімет болған: ол «Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі» болатын. Оның басшылары түгел қазақтар, қарулы күштері де қазақтардан құралған, десе де бұл туралы көп айтылмай тасада қалған, қатысты тарихи суреттерімен құжаттары да әлі ашылмаған. Бір қызығы, 1954 жылы сол үш аймақта «Іле қазақ автономиялық облысы» құрылған, осы облыс құрамына сол заманның өзінде 100 мыңдай қазақ қоныстанған шығыс аймақ Тәңіртау-Баркөл кірмей қалды. Қазір сол жерлерде Қытайдың үкімет санағымен 300 мыңнан аса қазақ өмір сүріп отыр. Сол заманда рухы жаншылмаған жарты миллион қазақты екі империя Ресей мен Қытай жақтырмады, ерлік тарихының өзін басқаға бұруға тырысты.

1940 жылы Өр Алтайдан басталған көтерілістен басталған күрестердің нәтижесінде 1944 жылы 24 қазанда Алтайда қазақтардың төңкерістік үкіметі орнады, 1945 жылы қазанда Шығыс Түркістанға қаратылды.

«Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі» қалай құрылды? Не үшін таратылды? Халық көңілінен қалай орын алды?» деген сұрақтардың тууы заңды, төменде осы тақырыпқа шамамызша тоқталамыз.

Үкіметтің құрылуына негіз болған тарихи тамыр

Алтайдағы  қазақтардың төңкерістік үкіметі сол топырақты мекендеген қазақтардың ұлт-азаттық күресі нәтижесінде өмірге келген. Тарихи тамырын Көгедай ордасы кезеңінен іздеген дұрыс, өйткені 1790 жылы Пекинде Мәнжоу патшасымен жолққан Көгедай орталыққа төте қарайтын, жылына 81 ат қана алман төлейтін, ішкі жақта тәуелсіз өзін-өзі билейтін шартты қабылдатып, өзі сұлтандық шен алған болатын. Өз алдына заңы бар дербес княздық ретінде өмір сүрді.

1912 жылы Мәнжоу империясы құлады да, Қытай билігі орнай бастады, Алтайдың орталық үкіметке төте қарайтын статусы жойылды, осыдан бастап Қытай билігі аудандар құрып сақшы орналастырып, алман-салықты ауырлатты, оған жүздеген адамдық қарулы қосынын бастап Зуқа батыр қарсы шықты. 1928 жылы Зуқаның басы алынды, онан кейін қарсылық танытқан Жантайлақ, Әкім батырлардың да басы алынды. 1932 жылы Баркөлде қарулы қосыны бар Әліп үкірдайдің басы алынып, 107 адам қоса қырғындалды. 

1933 жылы коммунист Шың Шысай Шыңжаң билігін тартып алды, ол бастабында қазақтарға қарата жақсы саясаттар қолданды, Шәріпхан Көгедаев Алтайдың билеушісі болып тағайындалды, сол тұста Алтайда оқу-ағарту зор табыстарға қол жеткізіп, 6000-нан аса қазақ баласы жаңаша мектептерден оқыды, Совет Одағына оқушы жіберілді. 1920 жылдары келген Алаш зиялылары да ағарту жұмыстарына аямай үлес қосты, солардың бірі Ғапбас муфти еді. Алтайда «Ерікті Алтай», «Жаңа Алтай» сияқты газет-журналдар шығып отырды. Осылайша халықтың сауаттылық деңгейі біршама көтерілді. 

Сонымен қатар Алтай бетінде көптеген қанды соғыстар да көп болған, «Беген шабылған Қара Сеңгір», «Қызыл аяқ шапқыншылығы», «Бөке ауған», «Ақ орыс шапқыны», «Қангелді-Секел қырғыны» сияқты соғыстар өткен, халықта көшпенді жауынгерлік рух сақталған еді.

Қан кешкен Өр Алтай (бірінші көтеріліс)

1939 жылы Баркөл қазақтары Шың Шысайға қарсы көтеріліп шығыс провинцияларға көшті, мұның соңы трагедялы Тибет асқан көшке ұласты. Сонымен қоса сол жылы Алтайда жиындар ашылып, «мылтық жинау» әрекеті басталды. 1930-1933 жылдары шығыс Шыңжаңда болған төңкеріске қатысқан қазақтар көп болатын, Баркөлдегі Әліптің түбіне де осы төңкерістің сәтсіз аяқталуы жеткен. Баркөл мен Алтай елі бір ел еді, Баркөл қазақтары дерлік Алтайдан барғандар еді. 1937 жылы Қытай-Жапон соғысы басталды да, Совет үкіметі Қытайды қолдап оларға қару-жарақ берді, тасымал жолы бойында қазақтар отырғандықтан түрлі сылтаулармен жол қауіпсіздігі дегенді сылтау етіп қазақтарды аяусыз басып-жаныштады. 1939 жылы Алтай аймағы бойынша Шәріпхан Көгедаев, Ақыт қажы, Бұқат бейсі, Дәлелхан, Қалел тәйжі, Сақсайбай үкірдай, Қарағұл залың басаған 40 адам қолға алынды, басқа рубасыларды да жіпке тізгендей етіп шетінен тұзаққа түсірді. Ислам дінін қорлап, Құран кітаптарын өртеді, ақыры ыза кернеген халық ақ сойылын қолға алып, атқа мінуге мәжбүр болды.

1940 жылдың басында Көктоғай ауданындағы Молқы руының үкірдайы (болыс) Есімхан Иманбайұлы мылтық жинағалы келген  аудан әкімі Шүй Ыр Линді жеті адамымен өлтіріп қаруын алды, Қарақас Ақтеке би сақшы Сарноғаймен қоса үш адамды өлтірді, осылайша екі рудан 700 түтін көтеріліске шығады (негізгі баяндаулар сол уақиғалар куәгері Уахит тәйжі Халелұлының естелігі негізінде жазылды). Оларға Шіңгілден Ырысбек бастаған 80 әскер бастықтыруға жіберіледі, көтерілісшілер оларды түгелімен жояды, тек 3-4 адам ғана құтылады, 100 түйе әскери заттар олжаға түседі. Осы соғыста Сүлеймен Нүсіпұлы мергендігімен көзге түседі. Осыдан соң Ноғайбай, Ырысхан, Зәтелбай, Мұса мерген бастаған 1000 отбасы Шіңгіл елі көтеріліске қосылады. Бір ай бойы соғыс болып Ноғайбай, Зәтелбай бастаған 40-тан аса азамат ерлікпен қаза болады, 500-ден аса Қытай әскерін жойып, 500-ден аса қару, 700 ат, 300 түйе әскери заттарды олжалайды. Көтерілісшілер тіпті күшейеді.

Одан соң Моңғолия шекарасына барғанда  Моңғол әскерлері оқ атып, қамысқа өрт қойып, 100-ден аса адам опат болады.  Есімхан, Ақтеке, Мұса мерген бастаған топ үлкен Қаптыққа кетеді, Сүлеймен бастаған 100-ден аса жігіт Қарамайлыға бекінеді. Қаптыққа беттеген елді 2000 атты әскермен қуалайды, осы соғыста жау әскерінен 3 адам ғана құтылып қалғаны түгел қырылады, Мұса мерген осы соғыста оққа ұшады, Кішікей атты қазақ орыс генералын жекпе-жекте өлтіреді. Орыс генералының басын сұрағанда Ырысхан: «Сендер бізге Мәскеуге апарып атып тастаған Әлиханның басын әкеліп берсеңдер, береміз!» деп жауап қайтарыпты.

Сол кезде Оспан батыр 40 адаммен барып 40 қанша жауды өлтіріп, 200 түйеге артылған әскери заттарды қолға түсіреді, осыдан бастап «Оспан батыр» атала бастайды. Ел Бәйтікке беттеп бара жатқанда тағы да ұрыс болып Ақтеке батыр бомбыдан қаза болады. Көтерілісшілер Тұрғындағы (жер аты) қарақас пен шерушіден 300 үйді құтқарады, Арал елімен біріктіреді.  Сүлеймен Қаратүңкеде жаумен соғысып 70-тен аса жауды жояды, Қарашорада 50-ін құртады. 1940 жылы маусымнан тамызға дейін жау қолынан  тағы 300 үйді босатып алады, Арал елінен 2000 үй көтерілісшілерге қосылады,  Сүлеймен, Оспандар 500 адаммен барып жау қолынан тағы да 400 үйді құтқарып алады. Осылайша көтерілісшілер 3000-нан аса түтінге, 2000 қарулы қосынға ие болады. Қазан айындағы соғыстарда 700-ден аса жауды қырып тастайды. Сол кезде Шың Шысай елдесу талабын қойып, үгіт қағаздарын ұшақпен бората бастайды.

Көтерілісшілер ақылдаса келе үкіметке мынадай талаптарды қояды:

1. Қолға алынған барлық Алтай уәкілдерін босату, өлгендерінің сүйегін беру;

2. Көктоғай-Шіңгілде сақшы мекемесін құрмау;

3. Алтайда қазақтар басшы болу;

4. Өткен істі қузамау;

5. Қаруды жимау;

6. Қиыншылықта қалған малшыларға үкімет көмек беру.

Әккі Шың Шысай «қару жимау» деген шарттан басқасының бәрін қабылдағанын білдіріп мақұл болады, ал Алтайға қазақтар басшы болу деген шарттың өзінен Көгедай заманынан бергі жалғасқан Алтай қазақтарының  өзін-өзі басқару дағдысын қайта жаңғырту тілегін  көруге болады. Шарт бойынша бір бөлім адамдар босайды. Бұқат Алтайға уәли, Жанымхан орынбасары болады, Дәлелхан Сүгірбай Сарсүмбенің орынбасар әкімі, Рахат халел Көктоғай әкімі, Кәдірбай Көктоғай сақшы бастығы, Көксеген Шіңгіл әкімі болады. Осыдан соң қарудың көбі тапсырылып көтеріліс уақытша тоқтайды.

Қан кешкен Өр Алтай (екінші көтеріліс)

Шың Шысай мыңдаған әскерді кен ашады деген сылтаумен Көктоғайға тасиды, Көктоғай сақшы бастығы Кәдірбай із-түзсіз жоғалады. Ырысхан ауырған кезде Жанымхан жіберген емші оған қастық жасап өлтіріпті деген сөз таралады. Рахаттың сары ізіне шөп салынып басы қатерде қалғанда қырдағы үйіне қашып кетіп үйін алдырып алады.

Осылайша көтеріліс тағы басталады да, оған Көктоғай-Шіңгілден 3800 үй, 20 мыңға таяу адам қатысады, бірақ жау әскерінің қаруы, әзірлігі күшті болады, сонда да көтерілісшілер бірнеше айда жауды әлденеше рет есеңгірете жеңіп, мыңдаған жауды қырады.

Сол жылы Өр Алтайда табиғат ана өзгеше мінез көрсетіп қар қалың жауады, бір соғыста көтеріліс басшысының бірі Сүлеймен оққа ұшады, ел ішіне іріткі түседі де, көтерілісшілер ырықсыздыққа бет алады. Қиын сәтте Жанымханды «құдай, құран» дегізіп елшілікке жібереді, оған сенген ел басылары бағынады, көтеріліс басшыларынан Халел, Рахат, Есімхан, Бұқат қатарлы 14 адам қолға алынып, Үрімжіге жөнелтіледі, олардың көбі түрмеде өледі. Дәлелханды совет консулы ұрлап Совет Одағына әкетіп екі жыл тәрбиелейді. Оспан бастаған 40 шақты адам бағынбай, құмға кіріп кетеді.

Оспан бастаған қозғалыс

Оспан құмға кіріп кеткеннен кейін оны жоюға Бөріпжап бастаған 100-ден аса әскер жіберіліп, оның екінші әйелімен үй ішін қолға алады. 1943 жылы Оспан қолы 400 адамға көбейеді. Осы жылы Алтайдағы Қытай армиясының саны 20000 нан асып кетеді. 1943 жылы Шың Шысай бұрын өзі арқа сүйеген Совет Одағынан бет бұрып, советтік мыңдаған адамды бір түнде шекарадан қуып шығады. Осыдан бастап Совет үкіметі Оспанды қолдауға өтеді.

1943 жылы шілде айында Моңғолиядан Оспан батырға елшілер келіп, кездесіп қайтады, қыркүйек айында Оспан батыр Моңғолияға Қапас, Шердиман қатарлы уәкілдерін жіберіп, ендігары Моңғол шекарасын мазаламайтынын, советтік кеншілерге тиіспейтінін, есесіне Моңғолияға мал апарып қаруға айырбастауға жол қоюын талап етті. Қазан айында Шіңгілдің Бұлғын өзені бойында «Алтай қазақтарын көркейту комитеті» құрылып, Оспан бастық болды, Сұлубай әскербасы сардар болып сайланды, әр руға хат жазылады. Осы жиында мынадай 8 түрлі мақсат алға қойылады:

1. Қазақ ұлтын еркіндік, теңдікке шығару.

 2. Алтайдың әр ауданын қазақтар өздері басқарып, өздері үкімет құру.

3. Алтайда қазақ қарулы күштерін құру.

4. Қытай үкіметі қолға алған адамдарды босатып алу.

5. Қытай үкіметінің қазақ малшылардың малына тиісуінен сақтану.

6. Үкіметке алман-салық төлемеу.

7. Алтайдан қытайларды қуып шығу, қытайлардың қоныстануын шектеу.

8. Совет Одағы, Моңғолия сияқты елдермен сауда, барыс-келісті күшейту.

Осы жиында Оспан батыр: «Ұлт мүддесін қорғайтын батырлар, менің соңымнан еріңдер! Қолдарыңа қару алыңдар! Әйтпегенде ата-бабалардың аруағына шет келген боласыңдар!» деп ұран тастайды.

Жыл соңында Оспан 300 әскермен Үрімжіге шабуыл жасамақ болады.  Осы кезде 5000-нан аса қытай әскері мұздай қаруланып, Оспанның 500 жасағына қарсы шабуыл жасайды. Соғыс Қара Бұлғын мен Дүре арасында болады, екі жақ қатты шайқасады, жау әскері он есе көп, оның үстіне танк, зеңбірегі мен соғыс ұшағы болғандықтан Оспандар шегінеді, осы айқаста қоршауда қалған Оспанды Сұлубай келіп құтқарып алады.

1944 жылы көктемде оспан Моңғолия басшысы Чойбалсанмен кездеседі, Моңғолия Оспан тобына 395 винтерка, 30 пулемет, 70 автомат  береді. Көкек айында көтерілісшілер 700 үйге көбейеді. Көп ұзамай Бұлғындағы Қытай базасына шабуыл жасайды, Моңғолия соғыс ұшағымен көмек береді, Оспанның қолы мың адамнан асып, соғыста мыңнан аса қытай әскерін жойып, Шіңгіл ауданын азат етеді, Сұлубай батыр соғыста ерлікпен қаза болады. 

Сәуірдің 24-і күні Көктоғай ауданына шабуыл жасайды, маусымның 2-і күні Көктоғай алынады, 3 мыңнан аса қытай әскері жойылады. 

Көтерілісшілердің қол астындағы халық саны 30 мыңнан асып кетеді, Өр Алтайдың екі ауданы азат болады. 1944 жылы маусымда 1000-нан аса қазақ қосыны Сарсүмбеге (қазіргі Алтай қаласы) шабуыл жасайды. Көп ұзамай батыс бес ауданға 1000-нан аса қарулы күш жіберіледі.

(Жалғасы бар)