Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА» 1 ЖЫЛ

31190
«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА» 1 ЖЫЛ - e-history.kz

2017 жылғы 12 сәуірде Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, онда қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап берген еді Өткен бір жыл ішінде бағдарлама бағыттары айқындала түсті, бұл жаңғыруға қазақстандық қоғам қолдау көрсетті. Интернет-портал да өзінің арнайы бөлімінде осы үрдісті белсенді баяндап отырды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты Ғалым Шойкин қазақстандықтардың қоғамдық санасын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырудың бастапқы қорытындыларымен бізбен бөлісті. Мемлекет Басшысының бастамасымен басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бұл – шын мәнінде, ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Ол қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтитындығымен бірегей. Оны қазіргі кезеңдегі және ұзақ мерзімді перспективадағы қазақстандық қоғам дамуының өзіндік идеалогиялық платформасы деп батыл айтуға болады. Қоғамдық сананың жаңаруы ортақ әлеуметтік кеңістікте өмір сүріп жатқан халықтың қажеттіліктерімен тікелей байланысты. Бұл ретте, Қазақстан азаматтарының қоғамдық санасының мазмұны олардың мүдделерімен, идеяларымен, құндылықтарымен тығыз байланысып, мәдениет, мінез-құлық тәжірибесі, салт-дәстүр, ғылым, адамгершілік императивін қоса алғандағы рухани негіздерге арқа сүйейді.  

Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму және сананың ашықтығы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудағы басты бағыттар екендігі белгілі.

– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымен экономикалық реформаларды жүргізіп барып, содан кейін ғана саяси реформаларды жүргізу керектігін атап өткен еді. Енді әлеуметтік өзгерістердің уақыты келді ме?  

– Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму және сананың ашықтығы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудағы басты бағыттар екендігі белгілі. Сондықтан да, күллі жер жүзі көз алдымызда өзгеріп жатқандықтан, қоғамдық сананы жаңғыртудың ерекше маңызға және өзектілікке дәл қазір ие болуы заңдылық. Жаһандық процестер күтпеген ерекше сын-тегеуріндерді, жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологияларды белсенді қолдануды қалыптастырады, өмір ырғағы мен салтын өзгертеді, ұлттық дәстүрлер заманауи элементтермен толықтырылады. Бұл орайда мықты әрі жауапты адамдардың Біртұтас Ұлтын қалыптастыру Қазақстан табысының маңызды шарты. Олай болса, сананы жаңғырту әр қазақстандыққа әсер етуі керек, өйткені заманауи сын-қатерлер жағдайында еліміздің әр тұрғыны елдің және тұтас қоғамның прогресі үшін өзінің өмірлік стратегиясын бейімдеуге дайын болуы керек. Ал, бұған тек білімнің салтанат құруы, сапалы білімге бағдарлану мен сананың ашықтығы ғана көмектесе алады.

– Осы уақыт аралығында істелген шаруалар туралы айтып берсеңіз.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2017 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Үкімет Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру бойынша Іс-шаралар жоспарын дайындап, бекітті, өңірлік жоспарларды іске асыру бойынша Жол карталарын қалыптастырған бағдарламаларды басқарудың жобалық офистері құрылды, халықаралық тәжірибені ескере отырып Ұлттық аударма бюросының жұмысы ұйымдастырылды, жергілікті органдар үшінкөшпелі әдістемелік семинарлар ұйымдастырылды. Ұлттық комиссиямен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 бағытының іске асырылуы қамтамасыз етілді. Соларға нақтырақ тоқталсақ.

Бірінші бағыт – қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі. Президент атап өткендей, бір жағынан – латыншаға көшудің терең тарихи логикасы бар, екінші жағынан – әлемде технология мен коммуникация дамуының заманауи ерекшеліктерін көрсетеді. Сондықтан да қазіргі латын графикасы жаңа технологиялармен, компьютермен, цифрландырумен байланыстырылады.  Осыған байланысты 2017 жылы мемлекеттік органдар қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиін әзірлеп, бекітті. Бұл осы жобаның бірінші кезеңі. 2017 жылғы қарашада Үкімет жанынан қазақ әліпбиінің латын графикасын көшуін қамтамасыз ету бойынша Ұлттық комиссия құрылды. Ауқымды бүкілхалықтық талқылаулардан кейін, келіп түскен барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, Елбасының 2018 жылғы 19 ақпандағы № 637 Жарлығымен әліпбидің толық аяқталған нұсқасы бекітілді. Кешенді жұмыстар аясында Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру бойынша жұмыс тобының бес отырысы өткізілді. Сонымен қоса, Жұмыс тобының меморгандармен, қоғамдық және ғылым-білім құрылымдарымен: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, Назарбаев университеті, ұлттық университеттер (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ мен ҚазҰАУ), «Қазақ тілі» халықаралық қоғамымен, Тіл білімі, әдебиет және өнер институтымен, Тарих және этнология институтымен, Философия, саясаттану және дінтану институтымен,  ҚР БҒМ Шығыстану институтымен, Халықаралық түркі академиясымен және тағы басқаларымен бірлескен отырыстары мен жиналыстары өткізілді. Латыншаны енгізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық база сәйкестікке келтіріледі. Латын графикасының негізіндегі қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігін жасаумен айналысатын орфографиялық-лингфистік комиссия құру жоспарлануда. Бұдан әрі оқу-әдістемелік, көркем әдебиетті әзірлеу мен басып шығару бойынша жұмыс басталады.

Екінші бағыт – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Қазақ тіліне аударылатын кітаптарды іріктеп алумен айналысатын Жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында ЖОО мен ҒЗИ ғалымдары және танымал саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері бар. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында оқулықтарды іріктеу бойынша Іс-қимыл жоспары жасалды. ЖОО-дың ұсыныстары негізінде 800 атаудан тұратын оқулықтардың бастапқы тізімі жасалды. Қалыптастырылған критерилерге сәйкес Жұмыс тобы оқулықтарды іріктеуді бастап кетті. Оқулықтарды қазақ тіліне аударып, басып, тарату үшін «Ұлттық аударма бюросы» коммерциялық емес қоры құрылды. Бекітілген 18 оқулықты аударып, басу құқығын сатып алу үшін шетелдік баспалармен (АҚШ, Англия, Швейцария, Франция мен Ресейдің жетекші баспалары) шарттар бекітілді. Солардың базасында оқулықтар аударылып, басылатын ЖОО-лар, кәсіби қауымдастықтар ішінен жауапты ұйымдар айқындалды, солардың қатарында: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ауыл шаруашылығы университеті,  Алматы менеджмент университеті, Сүлейман Демирел атындағы университет және ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы.  Жобаны іске асыру үшін 90-нан астам маман тартылған 17 жұмыс тобы құрылды. Алғашқы 18 оқулық мемлекеттік тілге аударылып, басылып шықты. 12 сәуірде Елбасының қатысуымен осы оқулықтардың тұсаукесері болып өтті.  Жобаның 100kitap.kz. ресми сайты іске қосылды. Жалпы, жоба, үйретудің тәсілдері мен әдістемелері спектрін кеңейтуге арналған, олар қазақстандықтарға, әсіресе, студенттер мен оқытушыларға қолжетімді болады.  

Үшінші бағыт – «Туған жер». Бұл жобаның ерекшелігі – өңірлердің белсенді қатысуы, сонымен қатар, кәсіпкерлерді, меценаттарды және мүдделі азаматтарды тарту. Туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік арқылы көрсетілген патриотизм – ұлттық-генетикалық кодтың негізі. Жоба аясында 700-ден астам нақты жобалар іске асырылды, 320-дан аса жоба іске асырылып жатыр, бүкіл республика бойынша 150-ден астам жоба бастамаланды. Меценаттар есебінен 51 млрд. теңгеден астам демеушілік көмек алынды.

Төртінші бағыт – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Бұл қоғамдағы ең танымал жобалардың біріне айналды. Осы бір жылдың ішінде барлық өңірлер өздерінің бірегей жерлері туралы айтып берді. ҚР Ұлттық музейінің жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылды. Жалпыұлттық және жергілікті киелі жерлерді іріктеу мен жүйелеу бойынша 40 ғалым мен қоғам қайраткерлерінен тұратын Ғылыми-сарапшылар кеңесі жұмыс істейді. Жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар нысандардың тізімі жасалып, жалпыұлттық маңызы бар 183 нысан анықталды. Бұл тізімге ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралары Тізіміне енгізілген тарихи және мәдени ескерткіштер енді, олар: Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Таңбалы тас петроглифтері және жергілікті маңызы бар 520 нысан.  Жалпыұлттық маңызға ие киелі нысандар бойынша 3D туры бар киелі нысандардың виртуалдық картасы әзірленді.   «Ұлытау», «Отырар» және «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының сапар-орталықтарын салу мәселесі шешілуде. «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшык» сияқты 3 республикалық музей-қорықтары жасалуда. Бүгінде Қазақстанның киелі нысандары туралы 4 фильм өндірісте, олар БҰҰ-ның 5 тілінде дубляжданатын болады. «Күлтегін» ғылыми-танымдық деректі фильмін түсіру бойынша  National Geographic, Viasat History, Discovery арналарымен бірлескен жоба іске қосылды. 2018 жылғы 15 қаңтарда Ұлттық музейде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша ІІ Республикалық форум болып өтті.

Бесінші бағыт – «Жаһандағы қазақстандық мәдениет». Жоба қазақстандық мәдениетті шетелде танымал ету бойынша жүйелі жұмыстар құруға бағытталған. Бұл ретте, заманауи мәдениетті сыртқы болмысы бойынша да, ішкі мазмұны бойынша да ілгерілетуге басымдық жасалады. 2017 жыл бойы заманауи отандық мәдениетті шетелде ақпараттық ілгерілету және танымал ету бойынша кешенді іс-шаралар атқарылды. Тәуелсіздік жылдарындағы отандық мәдениет жетістіктері түгенделді. Мәдени шығармаларды іріктеу келесі критерийлер бойынша жүргізілді: жобаға енетін шығармалар Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде өмірге келген болулары керек, олар жаңашылдығымен, бірегейлігімен ерекшеленіп, заманауи қоғамның эстетикалық және көркем талғамына жауап берулері керек. Бұдан басқа, қазақстандық және халықаралық конкурстар мен фестивальдарда бұрын алған авторлардың  объективті бағалары назарға алынады. Нәтижесінде 4 бағыт бойынша шорт-парақтар құрастырылды:   1) «Әдебиет» - «проза», «поэзия» және «зерттеу еңбектері» жанрлары бойынша 193 шығарма;   2) «Театр, кино және хореография» - 56 шығарма – көркем, деректі және анимациялық фильмдер, опера және балет қойылымдары, сонымен қатар, спектакль мен мюзикл; 3) «Классикалық және дәстүрлі музыка» - 66 орындаушы - эстрада-опера орындаушылары және вокалды-аспапты топтар;   4) «Сурет өнері» - белгілі шеберлер мен заманауи суретшілердің 177 шығармасы. 2017 жылғы 17-19 қазан аралығында Париждегі UNESCO Штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру» Бағдарламасының таныстырылымы болып өтті. Таныстырылым аясында шетелдік аудиторияға қазақстандық мәдениеттің түрлі бағыттарын айшықтайтын әртүрлі іс-шаралар өткізілді. Біздің шығармашылық ұжымдардың шетелдік гастрольдері жандандырылды.  

Алтыншы бағыт – «Қазақстандағы 100 жаңа есім», бұл 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шын мәніндегі визиттік карточкасына айналды. Бұл жоба түрлі саланың көрнекті тұлғаларын бүкіл Қазақстанға таныстырды. Бұлар Тәуелсіздік жылдарында табысқа жетіп, ел мойындаған әншілер, композиторлар, спортшылар, ғалымдар, журналистер және басқа да өз ісінің хас шеберлері. 2017 жылғы 7 маусымда «100esim.el.kz» арнайы жобасы ашылды. Қолданушылар әлеуметтік желілерде үміткерлердің «табыс тарихымен» бөлісіп, өздеріне ұнаған тарихты «лайкпен» белгіледі. 2017 жылғы 15 қыркүйекте «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша 2112 үміткер жиналды. Бұдан соң, сарапшылар мен жұмыс тобы іріктеп алған үміткерлер қоғамдық дауыс беруге қатысу үшін «100esim.el.kz» сайтына бағытталды. 340 мыңнан аса қазақстадық өз фавориттеріне дауыс берді.  «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының 102 жеңімпазы 2017 жылғы 1 желтоқсанда Елбасымен кездесті. Бұл жоба жас қазақстандықтарға, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа, олардың талапкер отандастарының кәсіби табысқа қалай қол жеткізгендерін көрсетуі керек.

– Нәтиже көңіл көншітерлік!

– Шынында да, көп жұмыс атқарылды. Жалпы алғанда, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының қорытындысы бойынша барлық бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді және болашаққа айқын жоспарлар бар. Алдағы уақытта бұдан да көп іс жасалатынына сенемін.

 

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ
 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?