Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Батыс Қазақстан өлкетануының даму тарихынан

30170

Тәуелсіз Қазақстанның даму жағдайында өлкетанудың маңыздылығы жастардың Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм мәселесімен тығыз байланысты. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деп аталатын бағдарламалық мақаласында «Өлкетануды» орта, техникалық, кәсіби және жоғарғы оқу орындарына міндетті пән ретінде енгізуді ұсынған болатын [1, 4–6 б].

Отан тарихын сапалы оқыту мен оқушылардың тарихи санасын қалыптастыру бағытында өлке тарихының алатын орны ерекше. Өйткені өлке тарихы — Отан тарихының бастауы. Өлкетану өзінің табиғаты бойынша көпфункционалды және қоғам алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде нақты ықпалды иеленеді. Өлкетанудың зерттеу обьектісі: табиғат, жер, территория, сол жердің халқы, тарихы, шаруашылығы, өнері мен мәдениеті. Өлкетану ұғымын түсіндіруде көптеген авторлар оның белгілі бір территория туралы мағлұмат жинау ғана емес, сонымен қоса бір факторлардың екінші факторларға әсерін анықтау, сол жердегі өмірдің және табиғаттың кешенді көрінісін, тарихи тұлғалардың патриоттық ерлігін насихаттап дәлелдеуге ұмтылады. Белгілі ғалым-географА. С. Барков өлкетануды «кішкене елтану» ретінде қарастырады [2,85–86 б].

Өлкетану ғылымының негізгі мәні туған өлкені әртүрлі деректер және зерттеудің соңғы ғылыми әдістерін қолдана бақылаудың негізінде жүргізіледі. Оның теориялық басты тірегі жаратылыстану мен гуманитарлық ғылым саласы болып табылады. Өлкетану терминінің ғылым ретінде дамуы негізгі үш бағытта: біріншіден, өлкетану бұл ғылымның дамуының заңды белгілі бір өтпелі кезеңі, екіншіден, өлкетану жергілікті материалдарды зерттей отыра, өткен мен болашақтың ғылыми-зерттеу дәстүрін көрсетеді, үшіншіден, өлкетану ісі ғылыми қоғамдар мен жеке ғалымдардың қызметінде көрініс табады.

Қазақ елінде тарихи өлкетанудың қалыптасуын сонау ерте дәуірден бастауымызға болады. Қазақ халқында көнеден ауызша тарих айту дәстүрі атадан балаға мұра ретінде жалғасын тапқан. Бұл біздің еліміздің территориясында өмір кешкен белгілі бір халықтың есінде өзінің өткен кезеңі туралы жүйеленген мәліметтер мен білімдер жиынтығы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа, үлкеннен кішіге бірізділікпен анық жеткізіліп отыруының негізінде қалыптасқан [3].

Өлкеміздегі тарихи оқиғаларды зерттеу тарихи өлкетанудың негізін құрайды. Өлкенің тарихы — бұл өлкетанушылық зерттеулерді талап етеді, жұмыстың ауқымдылығымен, ұзақ уақытты қамтуымен-де өте күрделі болып келеді. Тарихи өлкетану жалпы өлкетану ғылымының бір саласы ретінде өзіндік дара тарихи пән болып табылады. Ол сондықтан екі ерекшелікке ие: біріншіден тарихи оқиғаларды жекешелей қарайды, екіншіден, тарих ғылымының жеке саласы болып табылады.

Тарихи өлкетанудың негізгі дереккөздерін үш сатыға бөлуге болады: материалды дереккөздер (археологиялық, архитектуралық, өнер ескерткіштері және т.б), жазбаша және ауызша дереккөздер. Осы аталған дереккөздерді жақсылап меңгеру, материалды мәдениеттің, жергілікті ескерткіштердің тарихи құндылығын уақытша анықтауға үйрену қажет. Өлкетануды ұйымдастырудың бірнеше түрлері бар: мемлекеттік, мектептік және қоғамдық. Мемлекеттік өлкетанумен өлкелік мұражайлар, ғылыми- зерттеу мекемелері айналысса, мектептік өлкетануда туған өлкені зерттеуде оқушылар басты рөл атқарады. Мектептегі өлкетануда басты екі салаға маңыз беріледі. Біріншіден, туған өлкені жан-жақты зерттеу және өлкетанулық материалдарды жинақтау; екіншіден, жинақталған материалдарды мектептегі тарих пәнін оқытуда пайдалану. Өлкетану материалдарын пән сабақтарында, таңдау курсында, факультативтік сабақтарда, сыныптан тыс тәрбие жұмысында, оқушылардың түрлі ғылыми қоғамы жұмыстарында кіріктіре пайдалану нәтижесінде, бекіту кезеңінде негізгі мектеп оқушыларының білімі мен тәрбиелік-деңгейлерін өсіруге маңыз беріледі. Білім беру жүйесіндегі бүгінгі күндегі өзгерістер Отандық тарихтан оқу процесінде оқытудың ғылыми және әдістемелік-деңгейін көтеруді талап етіп отыр. Сондықтан жоғарғы оқу орындарында өлкетанудың элективті курсы ретінде жүруі Отан тарихын өлке тарихы арқылы тануға негіздейді. Өлкетануды ұйымдастырудың қоғамдық түріне жергілікті кәсіби ғалымдарымыздың өлке тарихынан сыр шертетін ғылыми еңбектері мен ізденістері мысал бола алады [4, 3-5б].

Ежелден Еділ мен Жайық бойын ен жайлаған ерекше өңірде із қалдырған алма-ғайып заманалар мен дүрбелең оқиғалар, ел қамы үшін жанын жалау тұтқан тұлғалар, аңызы астарласқан ауызша деректемелерге бай Қазақстанның батыс аймағында бұл күндері дәстүрлі байланыстар жаңа арнасын тауып, жандана түсті. Туған елі мен жер тарихына қатынасты өзіндік ой-көзқарастарымен, тиянақты ғылыми ізденістерімен батыс өлке тарихының кейбір, аңтаңдақ беттерін ашып көрсетуде, Батыс Қазақстан облысының тарихи, саяси, экономикалық, ұлттық-этнологиялық, демографиялық, археологиялық ахуалының дамуын танып-білуде И.Кенжалиев, Б.Қ.Бірімжаров, Т. З. Рысбеков, Ә.Қ.Мұқтар, М. Н. Сдыков, Ұ.Т.Ахметова сынды кәсіби тарихшы-ғалымдарымыздың еңбектерін атауымызға болады.

Республиканың тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып, егемен ел болуы төл тарихымызды жаңаша зерделеуге мүмкіндік берді. Осыған орай бүгінде еліміздің тарихында өзіндік терең із қалдырған тарихи оқиғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан лайықты баға беру жолында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әр кезеңде тарихи тағдырлары үздіксіз бұрмаланып келген жеке тұлғалар, тарихи оқиғалар туралы тарихи шындықты қалпына келтіру бүгінгі ұлттық тарихымыздың қалпына келуі үшін-де аса қажет. Қазақстанның көп ғасырлық тарихында азаттықты сақтауға ұмтылған ұлт-азаттық қозғалыстар аз болған жоқ. 1836–1838 жылдардағы Кіші жүз қазақтары көтерілісінің тарихын зерттеуге, көтеріліс басшыларының іс-әрекеті, Бөкей Ордасының құрылуы, шаруашылық өмірі, отарлық езгінің өршуі, ел билеушілерінің жер саясаты, қазақтар наразылығы мұрағат құжаттары мен халық фольклоры материалдарын пайдаланған И.Кенжалиевтің «Исатай-Махамбет» атты еңбегі. Ғалым Кіші жүздегі қазақтардың ХІХ ғасырдың бірінші ширегі мен 30 — жылдарында күйзеліске ұшырау себептерін анықтап, патша үкіметінің қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайын әлсіретуге бағытталған шараларын көрсетеді. Оның соңы азаттық күреске ұласқандығы дәйекті дерек, жүйелі ой негізінде сараланып, салыстырмалы негізде дәлелденді. Ғалым еңбегінің өзектілігі мұрағат материалдарының молдығы, ауызша деректердің мұрағат деректерімен сәйкестілігінде өлке тарихын ұрандаудағы үлесі болып табылады [5, 25-29б]. И.Кенжалиев 1836–1838 жылдардағы көтеріліс тарихына байланысты құнды дерек ретінде азаттық қозғалыс басшысының бірі М.Өтемісұлының жыр-толғауларын шебер пайдаланған. Көтеріліс себептері, оған белсенді қатысушылардың көзқарастары Махамбет шығармаларында анық көрініс табады. Соған орай автордың «Махамбет толғаулары» деген еңбегінде қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған ұлы тұлға Махамбет шығармашылығына тоқтала, оның толғауларын ғылыми айналымға қосқан [6].

Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуында еліміздің батыс өлкесі (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары) айтулы үлес қосқан болатын. Оның айқын дәлелі Батыс Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда мал саны өсіп, егіншілік жоғары дәрежеде дамып, нәтижесінде, бұл өлке ірі аграрлық-экономикалық аймақ дәрежесіне көтерілді. 70 жылдардың аяғы — 80 жылдардың басында Батыс Қазақстан аймағы республикалық ауыл шаруашылығы жиынтық өнімін өндіруде астық дақылдары бойынша 10 пайыз, ет өндіру 15, жүн 24 пайыз, сүт өндіру 10 пайыз үлеске ие болды. Республика жағдайындағы ауыл шаруашылығына қатынасты жетістіктер мен күрделі қарама-қайшылықтар, тежелу процестері Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығына да тән еді. Қазіргі егемендік және тәуелсіздік жағдайында бұл ауыл шаруашылығының дамуына сәйкес, тарихи күрделі процестерді, қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және әлеуметтік-демографиялық өзгерістерді шынайы тұрғыда зерделеу, оның оң және теріс ықпалдарын жан-жақты ашып көрсету, жас ұрпақты отан сүйгіштікке, сол кезеңде еңбек еткен ата бабалардың салт дәстүрлері рухында тәрбиелеу мәселелерін зерттеу тарих ғылымының алдында тұрған міндеттердің біріне айналды. Міне осы мәселе Б.Қ.Бірімжаров зерттеулерінде арнайы зерделенді. Ғалымның 2005 жылы жарық көрген «Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы 1946–2000 жылдарда» атты көлемді монографиясында ауыл шаруашылығының дамуының негізгі бағыттарына ғылыми тұжырымдамалық талдау жасаған. Еңбекте 60–70 жылдардағы ауыл шаруашылығы дамуының жетістіктері, негізгі факторлары, сонымен қатар 70- ші жылдардың екінші жартысы мен — 80-ші жылдардағы ауыл шаруашылығының дамуындағы негізгі дағдарыс құбылыстарының себептері, қайта құру және тәуелсіздік жылдарындағы ауыл шаруашылығы дамуының реформалық жолдары, ауыл-селолардағы әлеуметтік дамудың жетістіктері мен қарама-қайшылықтары, қиындықтары, әлеуметтік саланың дағдарысын нақты зерделеніп көрсетілген. КОКП ОК 1965 жылғы наурыз Пленумының шешімдеріне сәйкес қабылданған жаңа аграрлық саясаттың негізгі бағыттарының Батыс Қазақстан облысы, оның ішінде Жәнібек, Орда аудандарының шаруашылықтарында ауыл еңбеккерлерінің қол жеткізген табыстары нақты тарихи құжаттармен, мұрағат материалдарымен көрсетіледі. Әсіресе, 70 жылдардың ортасында «Куйбышев», «Тасқұдық», «Теңдік», «М.Мәметова» кеңшарларының аграрлық секторды дамытуда қол жеткізген табыстары дараланып, мал шаруашылығын дамытуда ірі жетістіктерге қол жеткізген малшы-шопандардың, еңбек озаттарының, осы кеңшарларда ұйымдастырушы-басқарушылық қызметтерді жүзеге асырған басшылардың еңбектері жеке-дара сараланып, соғыстан кейінгі жылдарындағы облыстық партия комитеті қоғамдық-бұқаралық ұйымдар арқылы өлкенің экономикасы мен мәдени-тұрмысын қалпына келтіру, дамытуға бағытталған шаралары, қоғамдық-бұқаралық ұйымдардың ішіндегі жергілікті Кеңестердің, комсомол ұйымдардың, нарықтық қатынасқа көшу кезеңінде ерекше маңызға ие болған шаруашылықты жүргізудің жаңа әдісі — шаруа қожалықтарының дамуы, ұжымшарлар мен кеңшарларды қайта құруға байланысты солардың негізінде құрылған агроқұрылымдардың қалыптасуы толыққанды тың материалдармен көрсетілген [7, 6–8 б].

Өзіндік зерттеу нысаны ретінде республикамыздың қоғамдық-саяси өмірі мәселелерін, олардың қатарында ең алдымен жергілікті кеңестердің қалыптасу, даму және нақтылы қызметі тарихы мен Қазақстан тарихы ғылымының келелі мәселелері жөнінде толыққанды зерттеу жұмыстарын саралаған ғалым Т. З. Рысбеков болды. Ол Қазақстанның Батыс өңірінің тарихының бұрмаланған мәселелерін өмір шындығына сай зерттеуге өзіндік үлес қосып келеді. Бұған «Өскен өлке тарихы», «Бөкей Орда тарихы», «Тарихпен тілдесу», «Батыс Қазақстандағы халық ағарту тарихының очерктері» тағы да басқа зерттеу еңбектері мен оқулықтары дәлел бола алады. Өлке тарихына байланысты тың деректемелерді «Этюды истории родного края» еңбегінен кездестіруімізге болады. Ғалымның еңбегінде Батыс Қазақстан өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне, Батыс Алашорда үкіметінің құрылуына, Алаш қайраткерлері Алашорда ардақтыларын алғаш айыптау мәселесіне, мемлекеттік даму мәселелерімен бірге жеке адамдардың өмірі мен қызметіне (С.Бабаджанов, Ж.Досмұхамедов, О.Исаев) қатысты мәліметтері құнды дереккөздері болып саналады. Тарихшы-ғалым аймақтағы қалалардың тарихын зерделеп, Орал қаласының пайда болу тарихына байланысты тың деректерді тұжырымдап,. сонымен қатар Кіші жүздегі қазақтар күресінің бүкіл Қазақстандағы қалың көпшіліктің қоғамдық сана-сезімнің оянуына тигізген оң әсерін атап өтті [8, 39–40 б].

Ұлы Отан соғысындағы Қазақстан тарихын, сол кезеңдегі батыс өлкедегі тарихи оқиғаларды зерттеген өлкетанушы П. Р. Букаткин болды. Ол Белоруссия, Украинаның бірінші және төртінші, Орталық майданының әскері құрамында болып, соғысты басынан кешірді. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарына арналған «Западноказахстанцы в годы суровых испытаний», «От Уральска до Эльби и Праги», «Западно-Казахстанская область -ближный тыл сталинградского фронта» деп аталатын еңбектерін жариялады. П. Р. Букаткин еңбегінің ғылыми құндылығы мен практикалық мәні 1941–1945 жж. соғысқа қатысты тарихи оқиғалардың құжаттамалық негізін жинақтап, ғылыми айналымға қосуында. Оның «Западноказахстанцы в годы суровых испытаний» еңбегінде соғыс жылдарындағы Батыс Қазақстан облысының тарихы, 152-ші жеке атқыштар бригадасының майдан жолы, батысқазақстандықтардың майдан мен тылдағы ерен ерліктері көптеген құнды мәліметтермен келтірілген. Ал «Западно-Казахстанская область -ближный тыл сталинградского фронта» деген оқу құралында Батыс Қазақстанның Сталинград майданының жақын тылындағы уақытын қамтиды [9].

Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі өлке тарихын зерттеуде тың серпілістер әкелді. Қазақ тарихының елдік, тәуелсіздік, жеріміздің тұтастығын сақтауға талпыныс, Ресей империясы сыртқы отарлау саясатына қарсы күрес кезіндегі тарихи оқиғалар ұлттық мүддеде т.ғ.д., профессор Ә.Қ.Мұқтардың зерттеулерінде жаңаша талдана бастады. Ғалым қазақ қоғамындағы біртуар қайраткерлер — Нұралы хан, Сырым батыр, Ерәлі, Айшуақ, Бөкей, Қаратай, Жантөре, Шерғазы, Арынғазы хандардың қоғамдық-саяси қызметі, олардың өзара байланысы, Ресей, Жоңғария, Ауғаныстан, Хиуа, Бұқара, Қытай елдерімен түрлі-деңгейдегі қарым-қатынастары, тарихтағы жеке тұлғалар орны т.б. күрделі мәселелерге назар аударды. Тарихшы пікірлері «Азаттық таңы жолында» (Қазақстанның батыс өңірі: ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы және ХІХ ғасырдың бірінші ширегі аралығындағы тарихи жағдайлар) монографиясында, мақалалар жинақтарында, «Егемен Қазақстан» т.б. газеттерінде жарияланған мақалаларында кеңінен қамтылған [10]. Автор зерттеген ХҮІІІ ғасырдың ІІ жартысы ХІХ ғасырдың бірінші ширегі аралығы тарихымыздағы қарама-қайшы, күрделі оқиғаларға толы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Мемлекеттілік пен елдікті сақтау үшін күрестің шиеленіскен, елдің Ресей отарына айнала бастаған сәттері-де тап осы тұста. Бұл кезең Қазақстанның батыс өңіріндегі Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Абылай, Нұралы, Уәли хандардың қоғамдық-саяси қызметтерімен сипатталады [10, 140–145 б].

ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар тоғысындағы қазақ даласының қоғамдық-саяси ахуалы Ресей империясының сыртқы саясатымен тығыз байланыста өрбіді. Міне осы кезеңде айрықша көзге түскен тұлғалардың бірі — Арынғазы хан. Осы тақырыпты алғаш зерттеген т.ғ.д Ұ.Т.Ахметова «Арынғазы хан» атты еңбегінде Арынғазы Әбілғазыұлының қоғамдық-саяси қызметіне, саяси көзқарасына жан-жақты талдау жасаған. Арынғазы сұлтанның хан сайлануы ХІХ ғасыр басындағы Кіші жүздегі үлкен тарихи бетбұрыстың бастамасы болды. Арынғазы Әбілғазыұлы халық басқарған ел басшысы, қоғам қайраткері және ұлт-азаттық қозғалысты ұйымдастырушы ретінде тарихта есімі қалды. Бұл еңбекте Арынғазы саясаткер, мемлекет қайраткері, шебер дипломат, көрнекті тарихи тұлға ретінде көрінген. Арынғазы ханның мемлекеттік басқару ісіндегі реформалары, Хан кеңесін құрып, ақсақалдарға арқа сүйеуі, қазақ сот жүйесіне өзгеріс енгізіп, сот реформасын жасауы, хандықты күшейту мақсатында салық саясатын жүргізу мәселелері еңбекте тың мұрағат деректері негізінде зерттелген. Ал ғалымның «Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясы және қазақ тарихы» атты монографиясында қазақ халқының жүріп өткен жолын тануда және оны қайта зерделеуде 1887 жылы Орынборда ашылған Ғылыми мұрағаттық комиссиясының атқарған қызметі, ғылымға сіңірген еңбегі, Мұрағаттық комиссия қалдырған ғылыми мұра қазақ тарихының деректер мен құжаттарының бай қоры болып табылатындығы, сондықтан да қазақ тарихының ғылыми зерделенуі өлке тарихын жинақтаудан бастау алғандығын ғылыми негіздеп баяндайды [11, 25–28 б].

Қазіргі таңда ұлттық тарих пен мәдениетке деген талаптың, қызығушылықтың артуы кезеңінде Орал қаласында жұмыс жасап жатқан облыстық тарих және археология орталығы еліміздегі ұлттық мәдени мұраларын және Отандық тарихымызды тануға, зерттеуге, тарих бетіне ел тарихында өзіндік орны бар есімдерді қайта оралтуда, тарихи зерттеулерді жаңаша зерттеулердің жүргізілуіне бірқатар жұмыстар атқарып отыр. Сол жұмыстарды ұйымдастыруда, ғылыми жетекшілік жасауда т.ғ.д. М. Н. Сдыков еңбектеніп келеді. Орталықтың жұмысы мемлекеттік және аймақтық бағдарламалары арқылы жүзеге асып, алдына қойған бірнеше міндеттерді атқарып отыр. Біріншіден — археологиялық ескерткіштерді анықтап, есепке алып мемлекеттің қорғауына алынған ескерткіштер тізіміне қосу болса, екіншіден — нақты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу. болса, екіншіден — нақты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу.

Аталған орталық облысымыздың барлық аудандарында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде: атасақ, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Теректі, Бөрлі, Жаңақала, Зеленов, Бөкейорда, Жәнібек, Казталовка, Ақжайық және Сырым аудандары. Нәтижесінде 6000-нан жоғары жаңа археологиялық ескерткіштер анықталды, соның ішінде, тас дәуірі адамының орны, қола дәуірі қоныстары, скиф-сақ кезеңінің обалары, Жаңақала ауданындағы «Қошқар (Узени)» қалашығы, Орал маңына жақын жердегі «Жайық" қалашығы және тағы басқалар. Жайық қалашығы Алтын Орда дәуірінде жоғарғы өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын археологиялық зерттеу нәтижелері нақты дәлелдермен көрсетіп отыр. Жайық осы бүгінгі Орал қаласының іргетасы. Археологиялық зерттеулер нәтижесі біздің өңірімізде ХІІІ ғасырда-ақ қалалық мәдениет қалыптасқандығы дәлелденді. Бұл жаңалық 2012 жылы қыркүйек айында Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығы ұйымдастырған халықаралық ғылыми конференциясында археолог ғалымдар тарапынан мақұлданды. Тарих және археология орталығының жұмысының қорытындысының нәтижесінде 320 археологиялық ескерткіштер қатарына 1646 нысан қосылды. Сонымен, қазіргі таңда мемлекеттік тізімде — 1966 археологиялық ескерткіш тіркелді, оның ішінде 8 мыңнан жоғарысы обалар болып табылады [12, 25–38 б]. Орталық мамандары соңғы кезде қолға алған бағыттың бірі — тарихи тұлғалар тақырыбы. Осы мәселе аясында Алаш қозғалысының, Алашорда мемлекетінің тарихи мәселелері және оның мүшелерінің қызметі, өлкеміздегі ұлт-азаттық қозғалыс басшысы С.Датұлы, Бөкей хандығы туралы зерттеулер қолға алынған. Аталған орталықтың құрылуы өлкетану ғылымын және өлкеміздегі мәдени мұраларды зерттеу мен қорғауды нақты ғылыми тұрғыда қарастыра бастады [13, 25–38 б].

Қорытындылай келе, қазақ халқы тарихи бастауын сонау көне ғасырлардан алады. Оны бүгінгі тарих ғылымының жетістіктерімен қайта саралап, егемен ел жағдайында ой елегінен өткізу, бұрын жарық көрмеген мұрағат деректерімен салыстыру, халқымыздың төл шежіресін ғылыми айналымға енгізу — замана талабы. Отандық ұлттық тарихымыздың, әсіресе, батыс өлкесінің тарихын бұрын көлеңкеде қалған беттерін ашуда өлке тарихын зерттеуге сүбелі үлес қосып жүрген кәсіби тарихшы ғалымдар зерттеулеріне арнайы тоқтала, қазірде-де өлке тарихы ғалымдар зерттеулерінің өзекті тақырыбы болып қалатынына көз жеткіземіз.

Әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20
қадам // Егемен Қазақстан. -№ 38(2).-10 шілде. — 2012 ж. -4-6 б.
2. Айтубаев М. Өлке тарихы — Отан тарихының бастауы // Қазақстан тарихы: әдістемелік журнал. -№ 
3. — 2010. -85-86 б.
3. Ахметова Ұ.Т. Өлкетану және қазақ өлкесін зерттеген ғылыми комиссия // Абай атындағы Қазақ
Ұлттық педагогикалық университетінің Хабаршысы. «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар»
сериясы. — 2007.- № 4 (15). — 48–51 б.

4. Кацюба Д. В. Историческое краеведение в школе и в вузе. -М. Кемерово, 1994.

5. Кенжалиев И. Исатай-Махамбет. — Алматы: Қазақстан, 1991. -192 б.
6. Кенжалиев И. Мақамбет толғаулары. Оқу құралы. — Орал, 2003. -113 б.
7. Бірімжаров Б. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы 1946–2000 жылдарда (Оқу-әдістемелік құрал). —
Орал: М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің баспа орталығы, 2006. — 244
б.
8. Рысбеков Т. З. Советы Казахстана (1938—1986 гг.) -Алма-Ата: Наука. -151стр.; Соныкі, Этюды
истории родного края. -Уральск: 2007, -196 с, соныкі, Бөкей Орда тарихы: Монография. — Орал: 2001. —
196 б., соныкі, Диалог с историей: Монография. — Уральск: 2004. — 124 ст.
9. Букаткин П. Р. Западный Казахстан в годы Великой Отечественной войны Советского Союза (1941-
1945 гг.). — Алма-Ата, 1967. — 278 с, соныкі, Западноказахстанцы в годы суровых испытаний (1941-
1945). Под ред. Т. З. Рысбекова. — Уральск: 2005. — 200 стр.
10. Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында (Қазақстанның батыс өңірі: ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы
және ХІХ ғасырдың бірінші ширегі аралығындағы тарихи жағдайлар). — Алматы: «Ғылым», 2001. —
258б.; Соныкі, «Тарих тұңғиығындағы тұлғалар» мақалалар жинағы. — Алматы: Арыс, 2008, -240
б.;Соныкі, Уәли //Егемен Қазақстан. -5 шілде. -2013;Соныкі, Жаңаша ойлау машығы (тарихшыларға
зор жауапкершілік жүктеліп отыр // Егемен Қазақстан. -9 тамыз. -2013; Соныкі, Абылай және Ахмад
шах // Егемен Қазақстан. — 4 қазан. — 2013 ж
11. Ахметова Ұ. Арынғазы хан (1786–1833). (ЖОО студенттеріне арналған оқу құралы).- Ақтөбе: «А-
Полиграфия» ЖШС, 2004.-168 б.; Соныкі, «Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы және қазақ
тарихы». — Орал: М.Өтемісов атындағы БҚМУ Баспа орталығы, 2012. -318 бет.
12. Сдыков М. Н. Степная пирамида.-Уральск, 2008. -264 стр.
13. Свод памятников истории и культуры РК. ЗКО. — Алматы: Аруна, 2010.- 328 б, соныкі,
Средневековая городская культура и кочевая цивилизация бассейна реки Урал / Материалы
международной научной конференции. / Под общей ред.проф. Сдыкова М.Н. — Уральск. 2012, — 464
стр.

Нурманова А.К.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті
Орал қаласы, aiaguz.nur90@mail.ru

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?