Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қазақстан – 2050» стратегиясынан туындайтын діни сауаттылық мәселесі

29874

Осыдан 21 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздігін алып жатқан кезде қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» [1] Қазақстан Республикасының заңы көршілес ТМД мемлекеттері кеңістігіндегі сол кездегі көзқараспен діни мәселедегі ең алдыңғы қатардағы заң болды. Бұл заңның негізгі қағидасында «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», - делінеді. Осы заңнан кейін елімізде әр түрлі діни ағымдар пайда болып, шетелден келген миссионерлерде көбейе түсті. Бұған қоса діни білім аламыз деген қазақ жастары шетел мұсылман мемлекеттеріне ағылып кете бастады. Ол мемлекеттердегі діни оқу орындары қай бағытта діни білім беретіні, діни білім беру формасы барып жатқан қазақ жастары тарапынан онша ескеріле қойған жоқ. Ал бұл кезде мұсылмандықты қатаң ұстанған мемлекеттерде, әсіресе Араб мемлекеттерінде діни тартыстар қатты және аяусыз жүріп жатты деуге болады. Осы шырғалаңға түскен қазақ азаматтарының бір бөлігі діни сауаттылығын арттырамыз деп керісінше Қазақстан Республикасы азаматтарының ұстанған діни бағытынан өзгеше дәстүрлі емес діни бағыттарға бұрылып кетті. Бұл өз нәтижесінде ел ішіндегі тыныштықтың бұзылуына әкелді. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі 2011 жылдың 11 қазанында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» [2] заңды қабылдады, ал діни мәселелерге байланысты жұмыстарды «Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі» реттейтін болды. Заңның қабылдануымен қоса үкіметтің шешімімен Қазақстан аумағындағы барлық діни конфессиялар мен діни бірлестіктер қайта тіркеуден өту керек болды. Нәтижесінде 2011 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстан өңірлерінде тіркелген 46 конфессияға біріккен 4551 діни бірлестіктердің 2012 жылдың 25 қазанындағы мәлімет бойынша 17 конфессияға біріккен 3088 діни бірлестіктері ғана қалды [3,20 стр]. Бұл Қазақстан үкіметінің діни мәселелерді реттеудегі қабылданған заңымен қосарланған үлкен игі қадамы болды. Шындығына келгенде қайта тіркеуден өтпеген діни ұйымдардың кейбіреулері тіпті жұмыс істемеген, 90-шы жылдары «діни сәнге табынушылық» есебінде ашылған қоғамдар еді. Ал кейбіреулері дін арқылы жақсылықты уағыздаймыз деп «жақсылыққа» апарар жолды террормен іске асыруды көздеп, Қазақстанның ұлт аралық бірлігін бұзуды көздеген ұйымдар болды. Олар өз идеологияларында осындай қадам арқылы жеңістерге жететініне кәміл сеніп, басқалардың бұдан зардап шегетінін ойламады. Олардың ойынша бұл нағыз дұрыс жол болды. Бұл бір ислам дініне ғана тән құбылыс деп айтуға болмайды. Қандайда бір дінді алып қарасаңыз ол діннің қасиетті, қара сөзбен айтсақ негізгі заңнамалық, «конституциялық» кітаптарында біреуді өлтір деп айтылмайды, керісінше шыдамдылық, сыйластық, бауырмалдық, достық көрсет делінген. Христиандардың библиясы «таспен ұрғанды – аспен ұр», - деп келісімге келуге, «бір бетіңді ұрса екіншісін тос», - деп шыдамдылыққа шақырса, мұсылмандардың құран хадистері мен аяттары сабырлық пен адамгершілікке, түсіністікке шақырады. Ондай болса не себепті күнделікті теледидар мен газет беттерін ашсақ негізгі халқы мұсылмандардан тұратын мемлекеттерде террорлық актілер ұйымдастырылып, лаңкестік пиғылдағы әрекеттер ұйымдастырылды деген  хабарлар күннен-күнге өршіп барады. Бұрын бұл оқиғалар Қазақстанда болуы мүмкін емес сияқты көрінетін еді, ал соңғы жылдардағы Тараз, Ақтөбе, Қазақстанның батыс өңірлеріндегі көптеген адам өлімдеріне әкелген оқиғалар бұл проблеманың шекарадан өтіп бізге де келгенін көрсетті. Осы себептер Қазақстан үкіметінің дін мәселесіндегі бірқатар ірі қадамдар жасауына әкелді. Бірнеше терроризмді, экстремизмді дәріптейтін қозғалыстар мен бірлестіктердің жабылуымен Қазақстан жерінде жұмыс жүргізуіне тосқауыл қойылды. Бірақ дәстүрлі діндерге, оның ішінде ислам дінінің дәстүрлі бағытынан бөлек жол таңдаған күштер әлі де өз жұмысын Қазақстан жерінде тоқтатқан жоқ, керісінше жандандыруға тырысуда. Ал өздерінің негізгі жұмысының бағыты есебінде өз қатарларын толықтыру мәселесін күн тәртібінің бірінші кезегіне қойып тұр. Өз қатарын толықтыруда қандайда бір қоғамдағы күш бірінші кезекте жастарға басты назар аударады. Осы жерде, қазіргі кездегі қоғамымыздағы негізгі мәселе жастардың діни сауаттылығы мәселесі бірінші кезекке шығады. ХІХ ғасырда Ресейдегі патшалық құрылыммен күрескен алғашқылардың бірі князь Кропоткин өз еңбегінде «Сол кезеңдегі қалталы азаматтар балаларына білім беру мәселесінде үйде сабақ беру үшін сол кездегі оқу орындарындағы жастарды шақырады екен», -  деп бұның себебін үлкен кісілердің ой-пікірі, ұстанымдары қатайған жаңа ізденістерге бара бермейтіндігінен көреді. Ал жастар болса әрдайым ізденіс үстінде, жаңашылдыққа құмар келеді деп, бұл жастардан балаларына түсер пайда көп деп түсіндіреді [4]. Шындығындада айналаңызға көз салып көрсеңіз я өзіңіз тұратын елді-мекендегі мешітке барсаңыз көпшілігінің дені жастар. Кеңес заманында жаңалығымен қоса жамандығы болған фактілердің бірі маскүнемдік. Қазір болса ішкілікке салынған жастар күрт азайды. Бұл жақсы нышан. Бірақ екінші жағынан қазіргі жастардың дін жолына түсуі олардың ізденіс үстінде екенін көрсетеді және бұл жолға оларды итермелеген олардың алдында тұрған бүгінгі күннің проблемалары екені жасырын емес. Көптеген жастар осы проблемалардың тұйығынан шыға алмай өздеріне-өздері қол жұмсауға да барып отыр. Бұндай фактілердің өршуі, үндемесекте, жалпы ұлттық проблема болғанын жасыра алмаймыз. Қиындыққа жолыққан жастарымыз көп жағдайда түсіністікті, проблемадан шығу жолдарын өздеріне жақындардан іздеп, осындай кезде мешіт табалдырығын аттайды. Мектепте «Дінтану» сабағында елдегі діни конфессиялар туралы мағлұмат алса олар енді сол өздері қалаған діннің тармақтарымен осы жерде таныса бастайды. Бұл жерде имамның педагогикалық шеберлігіне көп нәрсе байланысты. Имам білімді, саяси, экономикалық жағдайдан хабары бар адам болу керек. Егер имам кейбір мұғалімдер сияқты баланың сұрағына жауап таба алмай «ертең айтам» десе, мешітке келген жастарға сол жерде діннің дәстүрлі емес жолдарын тегіс, ақ жол сияқты көрсететін ағайындар табылады. Сондықтан мешіттердегі имамдардың басқа конфессиялардың діни өкілдерінің отырған орындарына сәйкестігі әрдайым назарда болуы керек. Имамдардың біліктілігіне қоятын талаптар туралы Қазақстан Республикасы Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста: «Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік Елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз» деп атап өткен болатын [5].

  Жоғарыда айтып кеткендей жастар дін туралы, діни конфессиялар туралы ресми мәліметтерін 9 сыныпта «Дінтану» сабағында алады. Бірақ бұл бұған дейін олар дін туралы ештеңе білмеді деген сөз емес. Балалар туғанынан діни жоралғылар жасалады, бұлардың көбісі қазір этнографиялық көріністер сияқты болып кетті. Балалар да бұл іс-шараларды ұлттық әдет-ғұрып есебінде қабылдап есейе келе бұның діни ерекшеліктеріне мән береді. Сондықтан осы бағытта, мектепте балаларға білім мен тәрбие беретін мұғалімдердің балаға оңы мен солын ата-анасымен бірлесе таныта білудің де орны ерекше. Осы орайда білім және ғылым министрлігінің алдында үлкен жұмыстар тұр.

  «Біз жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алуға барынша назар аударамыз. Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының басшылары үшін Дін істері агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысуымен тұрақты кеңестер өткіземіз. Аталған жұмыстар бұдан әрі күшейтілетін болады», - деді Б.Жұмағұлов. Бұрынғы білім министрінің мәлімдеуінше ел жастарының діни тәрбиесін арттыруға бағытталған шаралар осы жылдан қарқынды түрде іске асырылмақ [6].

  Бірақ біз дінге бағыт ұстаған жастардың дәстүрлі жолмен жүруін тек мектеппен имамдарға жүктегеніміз дұрыс болмас. Бірінші кезекте бұл өзімізге байланысты. Күнделікті өмірде басқаларға қайырымдылықпен қарасақ, оларды ашындыратын іс-қимылдар істемесек, бір-бірімізге түсіністікпен қарасақ түбегейлі бет бұрысты талап ететін, қоғамға ашынған адамдар азаяр еді. Бұл қоғамымыздағы тұрақтылықтың, тыныштықтың, алға өрлеуіміздің, еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығы әрқайсымыздың өз қолымызда екенін білдірер еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы// Қазақстан Республикасы жоғарғы кеңесінің жарлығы, 1992, №4

2.  «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы// Егемен Қазақстан, 2011 ж.,  14 қазан.

3.  Религиозные объединения в Республике Казахстан. Астана, 2012 г., 43 стр.

4.  Дневник Кропоткина, Петроград, 1923 г.

5.  Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі. 15.12.2011ж.// Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты.

6.  Власти изучают религиозные симпатий молодежи// Религия в Казахстане. www.Kazreligiva.kz 22 ноябрь, 2012 г.


Айтжан Жұмабайұлы Оразбақов,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік Университетінің  «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институты директоры орынбасары


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?