Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан орта ғасырлық қалалардың қорғаныс жүйесін жіктеу мәселесі туралы

29860

Сыр өңірінде қала салу мәдениетінің ерте темір дәуірінен дамығанына қарамастан [1, 90-96 бб], зерттеулердің толықтай болмай ақсап тұруына байланысты, біздің қарастырылып отырған мәселелер бойынша жан-жақты археологиялық қазба мәліметтері тапшы. Осы орайда айта кететін бір маңызды ғылыми мәселе орта ғасырлық Сырдың төменгі ағысы қалаларының бекінісі (фортификациясы) айырықша ерекшеленеді.

Сыр өңіріндегі ортағасырлық қалалардың бекіністік құрылыстарын тұрғызуда түрлі әдістер қолданылған. Әдістер негізінен бұрынғы қала салу дәстүрін сақтай отырып дамыды. Қалашықтардың қорғаныс құрылыстарын салу барысында «ленталық» және «аралас», «кісесінен», «пахсалақ», күйдірілген кірпіштен, саз кесектен қалау арқылы салынды. Сонымен қатар қорғаныс нысандарын салу барысында жер жағдайларына байланысты орналасуы маңызды роль атқарған [2, 10-12 бб].

Кез-келген бекіністі қоныстың маңызды белгілері оның жоспарлануында болып табылады. Жақсы жоспарланған елді мекен, қорғаныс құрылыстарының негізгі ерекшелігі мен оны салған қоғамның, сол дәуірдегі әскери-инженерлік құрылыс өнерінің даму деңгейін көрсетеді. Сыр өңірі орта ғасырлық қалашықтарының стратегиялық орналасуын жан-жақты талдау үшін, алдымен ескерткіштердің жергілікті табиғи орналасу топографиясын қарастыру қажет.

Шығыс Арал өңірі шөлейтті далалық алқаптар болып табылады. Өлкедегі көптеген қалалар аймақтың басты су арнасы – Сырдария өзенінің ағысына жақын орналасып, екі түрлі қорғаныс типіне бөлінеді. Бірінші топқа Сырдариядан бір фарсах (6-6,5 км) қашықтықта орналасқан, Жан-Қала ескерткішін айтуға болады. Сонымен қатар бұл топқа Сырдарияның орта және төменгі ағысының шекарасына  жақын орналасқан Сауран, Сығанақ, Аққорған, Қырөзгент ескерткіштерін кіргізуге болады. Олар өзен суының көктемгі тасып, толысуынан сақтана қашықта орналасқан. Сонымен қатар аталған қалалар ХІІ-ХІІІ ғасырлардан, кейінгі ортағасырларға дейін өмір сүргенін айта кету керек [2, 76 б]

Ал екінші топқа жататын ескерткіштер қатарына – Жетіасар мәдениеті қалашықтары түгелге дерлік және орналасқан территорияларына қарай бөлінген үш топтағы «батпақтағы қалалар», Іңкәрдария қалалар тобы, Жаңадария қалалар тобы кіреді, олар Сырдарияның ежелгі тармақтары бойында, оның иіндерінің биіктеу жерілеріне салынған. Қалашықтар шахристаны, цитаделдері мен рабадтары мейлінше анық көрінетін ескерткіштер болып табылады [3, 76 б]

Екінші топтағы қалаларды айналдыра терең ор қазылып, олардан өте алмайтындай етіліп су жіберілген. Плано Каринидің жазбаларында шыңғысхан жорықтары кезінде Бархим (Баршынкент) атты қаланың сыртқы орында су болғаны себепті, халқы ұзақ қорғанады, моңғолдар орды топырақпен, томармен толтырып өтеді [4, 41 б]. Баршынкент маңында осы күнге дейін Томарөткел атты жер атауы сақталып қалған.

Мысалы: Жанкент қалашығының жоспарында оның сыртқы қорған-қабырғасының екі рет салынғанын көреміз. Ескерткіш айналасындағы тегістіктен орташа есеппен 8 м-ге биік. Қабырға бойын айналдыра әр 25-40 м қашықтықта мұнаралар орналасқан. Қақпаның екі жағынан мұнаралармен бекітілген. Олар радиусы 30 м болатын жарты шеңбер түрінде салынған. Жақсы сақталған Шығыс қабырғасының қимасынан қабырғаның сүйек, құмыра сынықтары араласқан саз растворды нығыздап, қамыс төсеп бөлу арқылы салынғанын көреміз. Қаланың сыртынан айналдыра ор қазылған [5, 44-71 бб].

Дәл осы сияқты жоспарлау Асанас шахристанының да топографиясынан көрінеді. Асанас қаласы өзінің біртұтас қорған-қамалдық жүйесімен ерекшеленеді. Қорған қамалы құйма пахсалардан қаланған. Қабырғаның әр тұсынан дөңгелек пішінді мұнаралар салынған. Қаланың солтүстік-шығыс қақпасының алды мұнаралармен, қуатты дуалмен бекіген [6].

  Мұнаралар қорғаныс құрылыстарының маңызды бөлігі болып табылады. Бірнеше қабаттан тұратын қорғаныс құрылысы, өзінің беріктігімен ерекшеленеді. Мұнаралардың қабырға қалыңдығы әдетте 4-6 м құрайды және олар көп жағдайда қорғаныс қабырғасынан биіктеу салынады. Жоспарында мұнаралар дөңгелек, сопақша, төртбұрышты, көпбұрышты пішінде салынады. Олар бірінің үстіне бірі, бір-біріне жақын немесе ең қашығы, жебенің ұшу қашықтығы болатындай аралықта салынып отырған. Қорғаныс жүйесіндегі мұнаралардың мәні, қорғанушыларды бірнеше бөлікке бөліп, қорғаныс амалдарын сатылап орындып, қарсыластардың қоршаудың барлық жеріне бірдей таралуына жол бермеуде болып табылады. Мұнаралар салудың тағы бір мақсаты, оларды қабырғалардан шығыңқы етіп, екі жақ бүйірінен атыс ойықтарын орнатып, қабырғалардың ұзына бойын жау әскерінен қорғау, яғни жауды мұнараның екі жағынан атқылау үшін салынған. Сонымен бірге, мұнаралар қақпаларды қоғауға пайдаланылып, екі жақын орналасқан мұнаралар арасында қақпа қалдырылған. Осылайша қабырға мұнаралары тірек пункті қызметін атқарып отырған.

  Бекіністі қалашықтардың топографиялық жоспарлануы және бекіністі орналастыру барысында, ең маңызды мәселе, орналасатын жердің рельефін тиімді пайдалану болып табылады. Сыр өңірінің орта ғасырлық қалаларын осы ерекшеліктеріне байланысты тұрпаттауды, ХХ ғ. 60 жж. көне орыс бекіністерін тұрпаттаған П.А.Раппопорт ұсынған үлгімен қарастыруға болады  [7, 5-7 бб.].

1)  Орналасқан жерінің рельефін бекініс қорғанысына пайдалатын қалашықтар.

2)  Орналасқан жерінің рельефін қорғаныс жүйесінің бір бөлігіне пайдаланатын ескерткіштер;

3)  Тегіс жерге орналасқан немесе бір жағымен табиғи тосқауылға, құлама жар, өзен арнасына бере орналасқан ескерткіштер.

4)  Күрделі жоспарлы қалашықтар. Бірнеше мүйіштерді немесе біріктірілген алаңдарға орналасқан ескерткіштер.

Өз кезегінде бұл түрлердің әр қайсысын ішінен тармақтарға бөліп қарастыруға болады. Бірінші түрді көбіне биік төбелерде, тау қыраттарында, өзен мүйіштеріне, өзен иіндеріне орналасатын ескерткіштер деп бөлуге, екінші түрді де екіге – бір немесе екі құрылымды қалашықтар деп бөлуге болады. Үшінші түр – қорғаныс қабырғалары бір-біріне шоғырлас салынған, цитадельдері қорғаныс қабырға жүйісінде орналасқан, шығыңқы мықты мұнаралары бар қалашықтар деп үшке бөлінеді. Төртінші түрді – екі немесе одан да көп алаңдарды бір қорғаныс құрылысымен қоршаған ескерткіштер және өзеннің екі мүйісін ала орналасқан ескерткіштер деп бөлуге болады [7, 9-10 бб.].

Сыр бойының ІХ-ХІІ ғғ. тіршілік еткен қалашықтарын осы тұрпаттаумен қарастырып көрсек, «батпақтағы қалалар» тобы және Бештам қала ескерткішін үшінші топқа кіргізуге болатын ескерткіштер. Ал, Асанас қалалар тобы мен Жаңадария арнасы бойы қалашықтарын, екінші топқа кіргізуге болады.

Бекіністерді салу үшін, ежелгі адамдар ең алдымен табиғи тосқауылдар көптеп кездесетін жерлерді таңдайтын болған. Сондықтан жан-жағы өзендермен, тік жармен және кебір батпақпен қорғалып тұрған аудандарда қоныстарын салып отырған [7, 10-12 бб.]. Мұндай қоныстар бір жағынан өзен арнасымен қорғалса екінші жағына қолдан қорғаныс құрылыстарын салып отырған. Қорғаныс қамалдарын өзен арналарының мүйістеріне орналастыру, (б.з. алғашқы ғғ. – ХІІ-ХІІІ ғғ. дейін) ортаазиялық және Еділ бойы қалаларында кеңінен тараған құрылыс салу әдісі [8; 9.].

Сонымен, көне дәуірден өзен арналары бойында қалыптасқан Шығыс Арал аймағы қалашықтары, әрқашан арналарды жағалай қоныстанып, оны қорғаныс жүйесінде белсенді түрде пайдаланып отырған.

Келесі кезекте қалашықтарды жоспарлану пішіні бойынша жіктеп талдаймыз. Сырдарияның төменгі ағысындағы орта ғасырлық қалашықтарды пішіні бойынша екі топқа ажыратып қарастыруға болады.

І топқа жоспарында  дұрыс тік бұрышты, қорған қабырғасы ішінде донжон үстіне салынған, мықты бекіністі цитаделі бар қалашықтарды жатқызуға болады.

ІІ топты жоспарында доғал, сопақша немесе дөңгелек келген қалашықтар құрайды.

  Бірінші топты «батпақтағы қалшықтар» мен Сортөбе ескерткіштері құрайды. Олардың қатарына Жан-қала (Жент) қалашығын қосуға болады. «Батпақтағы қалалардың» үшеуінің де жоспарында тік төрт бұрышты цитаделі бар.

Қазалы ауданы Өркендеу ауылы жанындағы Жанкент қалашығы  жоспарында «Т» әрпі тәрізді, шығыс беті шығыңқы тік төрт бұрышты болып келеді. Ауданы шамамен 15 га, 415х230 (шығыс бөлігінде – 320 м) м, қабырғалар бойында аралары 25-40 м қашықтықта дөңгелек пішінді мұнаралар іздері бар. Қалашықтың солтүстік-батыс бұрышында  көлемі 110 х 110 м болатын шаршы формалы цитаделі сақталған [10, 9-10 бб.].

Жанкент қалашығының батысында 40 шақырым жерде орналасқан Кескен-күйік қала ескерткіші – бұл топтың ішіндегі ең ірісі. Қалашық шығыс жағы тік бұрышты болып басталады, екі жаққа кеңейіп барып, үлкен шеңбер болып бітеді. Ескерткіш көлемі 500х700 м, саз кесектен салынған дуалмен қоршалған. Солтүстік бөлігінде, қала табанынан 3 м биікте орналасқан, шаршы пішінді ауданы 250х250 м үлкен цитаделі бар [11, 276 б.].

Бұл тізімдегі үшінші ескерткіш – Күйік-қала қалашығы. Жанкенттен оңтүстік-батыс бағытта 55 шақырым қашықтықта жатыр. Қалашық жоспары төртбұрыш пішінді, көлемі шамамен 300х150 м. Күйік-қаланың солтүстігінде  70х40 м болатын цитаделі бар [5, 77 б.].

Бұл топқа шартты түрде «батпақтағы қалаларға» қосып қарастырылған Сортөбе қалашығы кіреді. Сортөбе қалашығы Қызылорда облысындағы Қармақшы қыстағынан солтүстік-батыс бағытта 12 шақырым жерде жатыр. Ескерткіш өзен шайып, бұзылып жатыр. Батыс қабырғасы 80 м, оңтүстік қабырғасы 70 м ұзындықта сақталған, биіктігі 3 м төбенің қалған бөлігін Сырдария өзені толық шайып кеткен [11, 4-25 бб.]. Сақталған бөлігіне қарағанда Сортөбе қалашығы кемінде 100х100 м кем емес тік бұрышты пішінде болған.

Жоспарында тік бұрышты ескерткіштер қатарына Бештам-қала қалашығы кіреді. Ескерткіш Жаңадария арнасында орналасқан. Бештам-қала ауданы 390х300 м бұрыштары иілген, дұрыс емес тік бұрыш формалы. Жоғарыда сипатталған ескерткіштерден өзгешелігі, қорғаныс қабырғалары екі қатарлы қабырғадан. Ішкі қабырға көптеген мұнаралармен бекіген және қабырға ішінде дәлізі бар мықты қорған. Сыртқы қабырғаның биіктігі ішкісінен аласа [12, 288 б.].

Жоспарында тік бұрышты пішінде қалалар қатарына Жан-қала қалашығы жатады. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батыс бағытта 115 шақырым қашықтықта орналасқан Жан-қала қалашығы – ауданы 600х500 м болатын, сыртқы қамал-қабырғасымен қоса  40 га ауданды алып жатыр. Ескерткіштің солтүстік-батыс бұрышында шаршы формалы цитаделі бар. Қорған қабырғасының сақталған бөліктерінде биіктігі 8 м құрайды [13, 139-148 бб.].

Жан-қала қалашығы  материалдары әр түрлі кезеңдермен мерзімделеді. Ескерткіштің цитаделі, жалғыз қарауыл мұнарасы мен биіктігі 2 м сақталған қорған қабырғалары кейінгі кезеңмен мерзімделеді. Қалашық ішінде орта ғасырлық, саз кірпіштермен қаланған қолдан үйілген жасанды төбешікке салынған, ауданы 20х30 м, көлемі 28х28х4,5 см күйдірілген кірпіштен салынған усадьба бар. Қалшықтың батысы бетінде трапеция пішінді қоршалған  бақшалық бар. Бұл зерттеушілер пікірінше Жан-қала билеушісінің қала сыртындағы усадьбасы болған [12, 291 б.].

Аталған қалалар ені 10-15 м кей тұстарында 20-30 м болатын ормен қоршалған. Ал, айналдыра қоршаған қабырғалар мен оларда орналасқан мұнаралар іші бітеу, төбесінде жүріп қорғанатын үлгіде салынған.

ІІ топтағы жоспарында дұрыс емес дөңгелек немесе дөңгелек келген қалашықтар қатарын алдымен – Асанас қалашығы бастайды.

Асанас – Айдарлы ауылынан оңтүстік-батыс бағытта 8 км қашықтықта жатыр. Өлшемі 450х400 м болатын қалашықтың қабырғасы биіктігі 3м, қалыңдығы 5 м. Қалашықтың сыртынан айнала қоршалған қабырға 2 км. Қабырғаның үстінен 40-қа жуық мұнара іздері байқалады. Қалашықтың 3 қақпасы болған, ішкі жағында шығыс бөлігінде 80х80 м цитаделінің биіктігі 4 м. Қорғаныс қабырға сыртынан ор қазылған [6, 127 б.].

Қожа қазған 1 ескерткіші – Жаңадария арнасының оң жақ жағалауында орналасқан. Қалашықтың цитаделі төртбұрыш пішінді, ауданы 120х120 м. Сегіз мұнарамен бекіндірілген қорғаныс қабырғасы, 4 м биіктікке сақталған. Қабырға сыртында ені 9 м тереңдігі 1 м ор бар. Қоршалған сыртқы қабырға мен цитадель қабырғасының арасы 50-70 м. [14, 80-82 бб.].

Қожа Қазған 2 қонысының цитаделі тік бұрышты аумағы 60х60 м, сыртқа қорған қабырғалары дұрыс емес жартылай шеңбер пішінде. Ескерткіштің солтүстік және солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс қабырғаларын жағалай 200 м жуық табиғи қорғаныс линиясы канал қазылған. Цитадель қабырғасы 1,5 м биіктікке сақталған, қалыңдығы 9 м. Сыртқы қабырға жалының биіктігі 1 м, ені 5 м [14, 79-80 бб.].

Сырлы там қалашық жоспарында дұрыс емес шеңбер пішінді, диаметрі 250 м, цитаделі төртбұрышты. Цитадельді қала қабырғалары үш жағынан қоршаған. Солтүстік сыртқы қабырғасы цитаделдің де қабырғасы функциясын атқарады. Аумағы 70х70 м цитадель қабырғалары мұнаралармен бекіген, қақпасының алдында 2 мұнарасы бар. Цитадельдің қалған төрт мұнарасы әр қабырғаның орта тұстарында орналасқан. Қалашық қабырғалары орташа биіктігі 3 м болатын жал түрінде сақталған, айналдыра 26 мұнарасы бар. Қалашықты солтүстік жағынан жеті мұнарасы бар қосымша қорған қабырғамен бекіткен. Бұл қосымша қабырға жоспары жартылай шеңбер түрінде, бірақ, ол толықтай бітеу болып қоршалмаған, шығыс және батыс бұрыштары ашық қалған [12, 278 б.].

Заңгар қала ескерткіші – Сырлы там қалашығынан солтүстік-шығыс бағытта 3 км қашықтықта орналасқан. Қалашық Сырлы там қаласымен бір уақытта тіршілік еткен. Заңғар қаланың да төртбұрышты цитаделі, диаметрі 300 м болатын дөңгелек қалашықтың солтүстік жағында орналасқан. Ескерткіштің барлық қабырғалары су ағынымен бұзылған. Қалашық X-XI ғғ. мерзімделді [15, 111-117, бб., 14, 80-82 бб.].

Құм қала ескерткіші – Жан-қала қалашығына қарама-қарсы Жаңадарияның сол жағасында Жан-қаладан 12 шақырым қашықтықта орналасқан. 1901 ж. Құмқала ескерткішінде болған В.А.Каллаур, қалашықты – жоспарында дөңгелек ауданы 600х500 м,  қорғаныс қабырғасы, арасы 35-40 м қашықтықта орналасқан мұнаралармен бекітілген, айналдыра қорған қабырға сыртынан тереңдігі 2-2,5 м, ені 10-15 м ор қазылыған – деп жазады.  [16, 279-283 бб.].

Жоғарыда қарастырылған, жоспарында тік бұрышты қалашықтардың керамикалық материалдары негізінен бірдей, сонымен қатар «батпақтағы қалашықтар» тобы, бір-біріне жақын әрі табиғи-ландшафты өте ұқсас территорияда орналасқан. Қалашықтардың типі, антикалық және афригидтік кезеңдегі хорезм ескерткіштерінің жоспарлану үлгісінде салынғаны зерттеулер барысында анықталып отыр [17, 11-12 бб.]. Бұл қалашықтар арасында Жанкент ерекшеленеді. Астаналық мәртебесі болған [12] Жанкент ескерткіші бір мезгілде (шамамен Х ғ. ортасы) күрделі жөндеуден өткен [18]. Кескен-күйік қала мен Күйік-қалалардың беткі қабатында ІХ-Х ғғ. материалдары болғанымен, жоспарынан кейінгі қайта жөндеулер мен құрылыстар ізі байқалмайды [17, 11-12 бб.].

Яғни аталған қалашықтар қалыптасу кезеңінде (б.з. VІ-VІІІ ғғ.) көршілес жатқан хорезм мәдениетінің ықпалында болған, жергілікті тұрғындар қолымен салынған деген болжам жасауға болады.

«Батпақтағы қалашықтардың» жоспарлануына керісінше Асанас қалашықтар тобы (Іңкәрдария арнасында орналасқан ескерткіштер) доғал немесе дұрыс дөңгелек пішінді болып келген. Көп жылдар бойы зерттеулер нәтижесінде Іңкәрдария арнасы бойындағы ескерткіштер Н.Н.Вактурскаяның көрсеткеніндей, «батпақтағы қалалар» кезеңімен бір уақытта өмір сүрген. Асанас керамикалық және т.б. материалдар тобы «батпақтағы қалалар» материалдарымен бірлігі, қалашық тұрғындарының «батпақтағы қалаларды» мекендеген халықпен бір халық екенін дәлелдейді. Оған қоса С.П. Толстов, Асанас қалашығы соғдылардың емес, жергілікті қала мәдениетін жасаушы, отырықшы, жартылай көшпелі немесе көшпелі оғыз тайпаларының салған қалашығы екенін растайды [6, 127-133 бб.].

Жаңадарияның арнасында орналасқан қалалар тобының архитектуралық құрылысы және табылған материалдарына қарап оларды ерте орта ғасырлық «оғыздық» қалаларға жатқызуға болады. X-XII ғғ. мерзімделетін керамикалық материалдары арасында хорезмдік және қараханидтік материалдар ұшырасады. Бұл олардың көршілес солтүстік-шығыс көшпелі халықтарымен қарым-қатынаста болғандығын білдіреді [3, 281 б.]. Яғни, қалашықтарды Қуаңдария бойындағы «батпақтағы қалашықтардан» бастау алатын, оғыздармен туыс тайпалар мекендеген  деп айтуға болады [14, 80-82 бб.].

Сонымен, Іңкәрдария және Жаңадария арналары бойындағы ескерткіштердің жоспарларын талдай отырып, бұл қалалар тобы қалыптасу кезеңінде шығыстан келген көне түркі тілдес тайпалар ықпалына түскен жергілікті тайпалардың қалдырған ескерткіштері деп қорытынды жасауға болады.

  Біздің топтастыруымызға сәйкес келмейтін қалашық Асанас қалашығы маңайындағы – Асанас 2 қалашығы. Қалашық жоспарында 220х210 м болатын тік бұрыш формалы. Қорғаныс қабырғалары нашар сақталған қалашықтың – сыртын айнала қорғаныс ор жоқ. Қалашықтан алынған керамикалық материал  бойынша VІ-VІІ ғғ. – ХV ғ. арасында мерзімделеді. Арасында жанкенттік керамикамен ұқсастығы бар керамика кездеседі [10].

  Асанас 2 қалашығының жоспарын сараптай келе, оны төрткүлдермен байланыстырып, бұл ескерткішті де көне түркі тайпаларының ықпалында болған жергілікті тайпалар қалдырған деген ой келеді.


Билалов Сейдали,  Амиргалина  Гульмира

(Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті)


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Құрманқұлов Ж.Қ., Жетібаев Ж.. Шірік-Рабаттағы археологиялық зерттеулер. // «Мәдени мұра». – 2009. №4.

2. Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. – Алма-Ата:. Наука. – 1986. – 256 с.

3. Мами Т. Кейінгі орта ғасырдағы Арал өңірінің қалалары (ХІІІ-ХVІІІ ғғ.) монография – Қызылорда:. – 2007. – 252 с.

4. Путешествие по восточным странам Плано Карпини и Рубрука. – Алматы: Ғылым. – 1993. – 248 с.

5.  Ежелгі қала – Жанкент. Қызылорда. «Компас Қызылорда» – 2010. – 110 с.

6. Вактурская Н.Н. Новые данные о городище Асанас. // Этнография и археология Средней Азии. – М:. – 1979.

7. Раппопорт П.А.  Древние русские крепости.– М.: Наука. – 1965. – 88 с.

8. Бернштам А.Н. Памятники старины таласской долины. – А:. – 1941. – 67 с.

9. Елеуов М.Е. Средневековая культура городов Чуйской долины VІ – начало ХІІІ в.: (Вопросы типологии и фортификации). – Автореферат на соискание ученой степени канд.ист.наук. – Алма-Ата: – 1991. – 25 с.

10. Курманкулов Ж.К., Аржанцева И.А., Зиливинская Э.Д., Рузанова С.А., Сыдыкова Ж.Т.  Археологические работы на городище Жанкент в 2005 году. – Алматы: Інжу-Маржан. – 2007. – 124 с.

11. Елеуов М., Құрманқұлов Ж. Сортөбе. Жанкент және Жент. – Түркістан: Қ.А.Ясауи ат. Халықаралық қазақ-түрік университеті, ТҰРАН. – 2008. – 93 с.

12. Толстов С.П. По древним Дельтам окса и Яксарта. – М; Издательство Восточной литературы: 1962 г. – 353 с.

13. Байпақов К.М., Ақышев К.А., Ерзакович Л.Б. Древний отрар. – Алма-Ата: Наука. – 1972.

14. Толстов С.П., Жданко Т.А, Итина М.А. Работы Хорезмской археолого-этнографической экспедиции АН СССР в 1958-1961 гг. МХЭ, выпуск 6. – М:. – 1963.

15. Ресей Ғылым академиясы. Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты мұрағаты. 1960 ж, 142 қор, 2 тізбе, ед хр 50.

16. Пачкалов А.В. О локализации города Дженда // ХVІ Всероссийская нумизматическая конференция. Тезисы докладов и сообщении. СПб.: 2011 75-77 с.

17. Аржанцева И.А., Рузанова С.А. Городище Джанкент и проблема «болотных городищ»  // Государственный музей Востока. Древние цивилизации на среднем Востоке.  Археология, история, культура. Материалы международной конференции, посвященной 80-летию Г.В.Шишкиной. М:. – 2010. – 105 с.

18. Зиливинская Э.Д., Билалов С.У., Сыдыкова Ж.Т. Раскопки жилого квартала на городище Джанкент. // Вопросы истории и археологии средневековых кочевников и Золотой Орды. Сборник научных статей, посвященной памяти В.П.Костюкова. / отв.ред. и сост. Д.В.Марыксин, Д.В.Васильев. – Астрахань: Астраханский государственный университет, «Астраханский университет». – 2011. – 202 с.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?