Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Әлемдік геосаяи жағдайдағы Қазақстанның орны

29833

Жүздеген жылдар бойы Ұлы дала аумағы тәңірілік, зәрдүш, буддизм, христиандық, иудаизм, ислам сияқты әртүрлі діндерді тұтынатын көптеген халықтардың бейбіт қатар өмір сүруімен ерекшеленді. Ежелден бастап осы күнге дейін қазақ жері Азия мен Еуропа арасындағы байланыстырушы буын іспетті қызмет атқарып келеді.

Ұзақ жылдар бойы әртүрлі этностар мен діни сенімдердің рухани мұрасынан қуат алып, байыған Қазақстан халқы толеранттылық, діни төзімділік және жаңаны қабылдауға деген айрықша қабілеттілік қасиеттерін бойына жинақтай білді.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, соңғы жүз жылдың өзінде Қазақстанға 5 миллионнан астам адам көшіп келіпті. Олардың барлығы келген сәтінен бастап қонақжай қазақ жерінің жылы мейіріміне бөленді. Қазір Қазақстан атты ортақ үйімізде 140 ұлт пен 40 конфессияның өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті тіршілік кешіп жатыр.

Мұндай ынтымақты тіршіліктің қалыптасуына бірнеше жағдай негіз болды. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Қазақстанда мемлекеттік ішкі саясаттың басты бағыттарының бірі болып ұлтаралық және конфессияаралық келісім белгіленді.

Азаматтардың ұлттық және діни тиесілігіне қарамастан, тең құқылығы принципі жоғары заңнамалық деңгейде бекітілді. Ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздыратын әрекеттерге, діни негізде саяси партиялар құруға да заң тұрғысынан тыйым салынды.

Ұлтаралық сұхбатты нығайту, сондай-ақ мемлекет тарапынан жүргізілетін саясатқа ондағы ұлттардың түгелдей қатысуын қамтамасыз ету мақсатында 1995 жылы Мемлекет басшысының бастамасы бойынша елде бірегей қоғамдық-саяси институт – Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылды.

Өткен жылдар ішінде Ассамблея республикадағы көпсанды ұлттық-мәдени бірлестіктердің қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтау жөніндегі бастамаларын өткізуіне мүмкіндік беретін өзіндік порталына айналды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға сапары кезінде біздің елдің ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі саясатын жоғары бағалай келіп, «Қазақстан аз санды ұлттар мен этникалық топтардың салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін сақтау арқылы ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізін қалап отыр» деп атап көрсетті.

Біздің ұлтаралық және мәдениетаралық сұхбатты нығайту жолында жеткен жетістіктеріміз еліміздің Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына төраға болып сайлануына зор ықпалын тигізді.

Ұлы өркениеттер түйіскен тұста орналасқан біздің еліміз мәдениеттер мен діндер арасында тұрақты сұхбаттың болу қажеттігін жете сезініп қана қоймай, осындай сұхбаттардың іске асуына ара ағайын ретінде белсене атсалысып келеді.

Бүгінгі күні Қазақстан Шығыс пен Батыстың арасын жалғайтын «көпір» ретінде бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін ашық талқылаудың қолайлы алаңына айналып отыр. 

Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша Астана қаласында өткізіліп жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері конфессияаралық және мәдениетаралық сұхбаттың озық нысанына айналды. Қазақстан Азиядағы Өзара iс-қимыл және сенiм шаралары жөнiндегi кеңесті құруға да бастамашы болды. Бұл ұйым қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі жаһандық жүйенің ажырамас бөлігіне айналып, құрылықтың азиялық бөлігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосып отыр. Осы жерде Қазақстанның мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы сұхбатты дамыту, этностар мен конфессиялардың өзара түсіністігін тереңдету ұстанымына адалдығы тұрғысынан атап өтетін бір жағдай, Біріккен Ұлттар Ұйымының 62-ші сессиясында біздің еліміздің ұсынысы бойынша 2010 жылды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы деп жариялау жөнінде қарар қабылданды.

Бүгінгі күні көптеген интеграциялық процестер аясында этникалық және мәдени әралуандық проблемасы айрықша өзекті мәнге ие болып отыр. Өйткені, барлығымыз байқап жүргендей, бұл проблема көп жағдайда дағдарыстар мен қақтығыстардың себебіне айналып отыр. Оның үстіне, бүгінгі әлемде бірен-саран болмаса, бір ұлтты мемлекетті кездестіру де қиын. Қазіргі мемлекеттердің негізін полиэтникалық халық құрайды.

Сондықтан да мәдениеттер арасындағы сұхбат арқылы толеранттылықты қалыптастыру ісі қазіргі заманғы маңызды өлшемдердің біріне айналып отыр. Мемлекеттік, мәдени және білім беру салаларын қамтитын мультимәдениетті әлемдік қауымдастықтың біртіндеп дамуы да толеранттылық мәселесінің маңызын арттыра түсуде.

Еуразиялық идеяның негізін қалаушылардың бірі болған Лев Гумилев: «Халықтың күші оның санының көптігінде емес, оның ұрпақтарға және басқа әлемге бере алар рухани мәдениетінде жатыр» деп айтқан болатын.

Осыған байланысты, ұрпақтар сабақтастығы, оның ішінде қоғамда этникалық, мәдени және діни татулықты сақтау тұрғысындағы сабақтастық мәселесі басым мәселеге айналып отыр.

Жас адамды мәдени құндылықтардың иесі ретінде қалыптастыруға, ұлттық-мәдени сәйкестік пен мәдениетаралық толеранттылықты қалыптастыру процесін үйлестіруге қабілетті педагогикалық шешімдерді жасап шығару – міне, аға буын ұрпақтың алдында тұрған міндеттер осы.

Қазір жастарымыз өмірдегі алғашқы қадамын бұрын ата-баба жинақтаған бай мұраның үстіне өзінің жаңа білімі мен құндылығын қоса отырып, аға ұрпақ қол жеткізген биіктен бастай алатындай рухани трансмиссия тетігін қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті бола түсуде.

Бүгінгі Қазақстан өткен замандардан ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің саналуандығын мирас етті. Ел аумағында тұратын жүзден аса этностық топтың өкілдері азиялық және еуропалық компоненттерді үйлестіретін бірегей мәдени нақышты құрайды. Сондықтан жаһандық мәдени стандарттар мен үлгілерді жаппай тарату жағдайларында мәдени саналуандық пен өзіндік ерекшелігі бар мәдени дәстүрді сақтау, әсіресе, өзекті мәселеге айналып отыр. Өз мәдениетін қорғау үлгілерін әр ел өз қолымен жасайтыны кездейсоқ емес.

Осы проблеманың маңыздылығын ұғынған Қазақстанда мемлекеттік деңгейде басым бағыт – мәдени саясат нысаналы түрде жасала бастады. “Мәденимұра” бірегейбағдарламасысоныңнегізінқалайды, осыбағдарламаныңелдегімәденитектікқордысақтауға,дамытументаратуғақатыстыжүйелітәсілінақтыпрактикалықіс-шаралардыңжемісіарқылыіскеасырылады.

Ел Президенті ұйытқы болған осы бағдарлама біздің қоғамымыздың мәдени және рухани жаңғыруында маңызды рөл атқарады. Посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ осы бағдарлама Қазақстан Республикасында тұратын барлық ұлттармен ұлыстардың тарихы мен мәдениетіне қатысты ескерткіштерді анағұрлым тереңірек зерделеуге, жүйелі есеп жүргізуге, сақтауға септігін тигізеді. Сөйтіп, постиндустриялы ғасырда жаһандану тегеурінінде мәдени сәйкестікті  сақтап қалу үшін өткенге қызығушылық өзекті мәнге ие болады.

Мемлекетіміз өзінің әлеуметтік және мәдени саясатын жүргізуде елдің этностық-мәдени саналуандығын, атап айтқанда, жанында этномәдени орталықтар жұмыс істейтін Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты құрылымның қолдауы арқылы сақтауға күш салады. Мәденитаралық, конфессия аралық үнқатысудың түрлі нысандарын реттей отырып, осындай құрылым Еуразия халықтарының рухани бірігуіне, тілдердің, мәдениеттер мен діндердің үйлесімді үндестігінің дамуына септігін тигізеді. Бүгінгі көп мәдениетті Қазақстанды этносаралық және дінаралық келісімнің орнықтылығы, түрлі этностық топтар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруінің бай тарихи тәжірибесі сипаттайды.

Сонымен бірге, Қазақстан нақты болмыстан оқшауланбайды, керісінше, Еуразиядағы аймақтық үдерістерге белсенді қатысады. Интеграция, жаһандану үдерістеріне белсенді қатысу, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің жаңа жүйелерін жасау істерін Қазақстан барынша ұтымдылықпен ілгері жылжытуда. Осы орайда, еуразиялық кеңістікте аймақтық экономикалық және саяси блок құру жөніндегі Қазақстанның бастамасы ерекше маңыз алады. Бұл үдеріс аймақтық блоктар құруға қатысты әлемдік үрдістерге сәйкес келеді, ол өз кезегінде көпполярлы әлем орнату мен жаһандануға қатысуға қосқан үлес болып табылады. Екінші жағынан, бұл жаһанданудың келеңсіз әсерлеріне шара қолдану тетіктерін жасайды. Нақты шындық көрсеткеніндей, тек ірі топтасулар ғана бұрын қабілетті. Еуроодақ немесе АСЕАН сияқты аймақтық бірлестіктер жаһандық экономиканың дамуына ықпал етудің нақты орталықтарына айналу жолында.

Біздің өңірімізде, одан да нақтырақ айтсақ, біздің елімізде Шығыс пен Батыстың дәстүрлері өзара сабақтасады және өзара кірігеді, мәдениеттер мен өркениеттердің ынтымақтастыққа ұласатын нақты үнқатысуы жүзеге асуда”.

Өркениетаралық үнқатысу баламаларының бірі ретіндегі еуразиялық идеяны іс жүзіне асыру ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты аймақтық экономикалық институттар мен аймақтық қауіпсіздік құрылымдары аясында кезең-кезеңімен жүретін болады.

Қазақстан – еуразиялық ірі мемлекет болып саналады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құқығын алғаннан кейін біздің еліміз сенімді әріптес, әрі тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде демократиялық институттар құрылысы мен нарықтық экономиканы дамытуда, сондай-ақ аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде елеулі жетістіктерге жеткен беделді еуразиялық мемлекет мәртебесін нақтылады.

Көптеген шетелдік сарапшылар мен талдамашылардың пікірінше, тиімді көпбағытты сыртқы саясат қалыптастыруға қол жеткізген Қазақстан Республикасы мемлекеттер арасындағы сындарлы өзара ықпалдастықты нығайту арқылы Батыс пен Шығыс арасындағы пікір алмасуды қалыптастыруға барынша бейілді әрі қолайлы үміткер. Бұл факторлар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы бағдарламасын жасау барысында есепке алынбауы мүмкін емес. Ресей газетіндегі мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі Ұйымға кірмейтін көрші мемлекеттердің қауіпсіздігімен астасып жатқандығын және оны ажыратып қарастыруға болмайтындығын айрықша қадап айтып өткен. Міне, сондықтан да қазіргі төраға ретінде Қазақстан Орталық Азия аймағы мен көрші елдерден төнетін жаңа қауіп-қатерлерді залалсыздандыруға барынша күш салып отыр.

Сонымен қатар Елбасыұйымның әрекет ету кеңістігінде ұлтаралық және дінаралық мазмұндағы, заңсыз еңбек миграциясы мәселелерінің өзектілігі артып келе жатқандығын сөз етті. Бұл мәселелерді шешу барысында әлемдік аймақтардағы ұлттардың өмір дағдысы, дәстүрі, мәдениеті мен ұлттық тарихы сияқты жәйттерді назарға алмауға болмайды, өйткені, бұл мәселелер қақтығыстың шиеленісуі мен күшеюіне әсер етуі мүмкін.

Президенттің “Қазақстан көпұлтты және поликонфессиялы мемлекет ретінде мәдениетаралық және өркениетаралық пікір алмасу идеясын қолдай отырып, Ұйымның қуатты мүмкіндіктерін ұлтшылдық, діни төзімсіздік, нәсілшілдік, ксенофобия және антисемитизм мәселелерін жеңуде тиімді пайдалануды көздейді”, деген пікірі өз еліміз үшін де, әлем үшін де өзекті болып отыр. Қазақстан басшысының бұл ой-түйінін бүкіл әлем естиді, бұл, әсіресе, ұлтшылдық, нәсілшілдік пен ксенофобиялық көзқарастар  қақтығыстарға алып келген елдер үшін өте маңызды деп білеміз.

Қазақ жері діндер тоғысқан мекен бола тұра, қаталдық пен жауыздықтан, көре алмаушылық пен іштарлықтан ада болып, осы күнге жетті. Қазақстанның ұстанған рухани бағыты айқын – әлемдік мәдениеттер мен өркениеттер үнқатысуын дамыту, ұлтаралық және конфессияаралық шиеленістерді болдырмау, лаңкестік пен экстремизмді жою.

С.Е.Сахиев, с.ғ.к.. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Қазақстан тарихы, саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?