09.04.15
2015 жылы 8 сәуір күні Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның қоғамды біріктірудегі рөлі» тақырыбында Халықарлық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ұйымдастырып отырған шараға ҚХА төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов, Украинанның Қазақстандағы Елшілігі жанындағы Украина ғылым және мәдениет орталығының директоры Петр Токарь, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков секілді қоғам және мемлекет қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар, пофессор-оқытушылар, қызметкерлер, этно-мәдениорталықтар мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері қатысты.
Шараның мақсаты — Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін 130 ұлттың өкілдері татулықта өмір сүріп жатқан еліміздің ұлттық саясат институты ретінде анықтау және Қазақстандағы этникааралық достық, ынтымақтастық пен этносаясатты насихаттау. Сондай-ақ ҚХА-ның қоғам бірлігі мен ынтымағына қосқан үлесі, ҚХА және оның қоғамды біріктірудегі рөлі, этносаясаттағы әлемдік тәжірибе, этнодемографиялық өсім, сонымен қатар ҚХА ғылыми орталықтары мен кафедралардың атқарып отырған жұмысы сөз болды.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік жиынды ҚХА төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков жүргізіп, бүгінгі басқосудың мақсат-мұраты туралы айтып берді және конференция жұмысына сәттілік тіледі. Одан кейінгі сөз кезегін Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Дихан Қамзабекұлы алып, бүгінгі жынның Отанымыз үшін, еліміз үшін маңыздылығын тілге тиек етті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Дамудың сыры бірлікте, табыстың сыры тірлікте» деген қанатты сөзін келтіре отырып, ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының атқарып отырған жұмысына тоқталды. Сондай-ақ 2013 жылы маусым айында ашылған кафедрада Парламент Мәжілісінің 9 депутаты жыл сайын тұрақты түрде ашық дәріс оқып, этно-мәдени орталық өкілдерімен әр тақырыпта кездесу өткізілетінін жеткізді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мамандардың баяндамаларымен жалғасты: Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анатолий Ничкасов «Қазақстан халқы Ассамблеясы — бірегей мемлекеттік институт», Қазақстан Республикасындағы Украина Елшілігінің жанындағы Украин ғылым және мәдениет орталығының директоры, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Петр Токарь «Төзімділік, бейбітшілік және ұлтаралық келісім моделін іске асырудағы Қазақстанның тәжірибесінің маңыздылығы», Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, «Этноархитектура» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандарбек Мәлібеков «Қазақстан Республикасында этносаралық татулық пен келісімді нығайтудағы жаңа құрылысы туралы ұсыныс», ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының директоры «Қазақ қоғамы дамуының іргелі қағидаттары ретінде мәдениеттер мен діндердің диалогы», Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры, саяси ғылымдарының докторы Наталья Калашникова «Қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің құбылысы» тақырыбында әңгіме қозғады.
Халықаралық конференция талқыланған тақырыптарды тыңдай келе арнайы қарар қабылдады. Жиын соңында конференцияға қатысушылар естелік суретке түсті.