Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Исламдық діни сәулет өнері» көрмесі шақырады

29720
«Исламдық діни сәулет өнері» көрмесі шақырады - e-history.kz

15.06.15

Биылғы жыл еліміздің мақтанышына айналған Алматы қаласы Ислам ұйымы ұйымдастырған шара аясындағы бағдарлама бойынша «Ислам мәдениетінің астанасы – 2015» болып жарияланды. Әлемдік қауымдастықта Алматы тек қаржы орталығы ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдениет тоғысқан орын екендігін әрі мегаполистің діни, ұлттық, этникалық толеранттық үлгісін көрнекі түрде көрсетіп келе жатқандығы белгілі. Осы бағдарлама аясында биыл көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. 

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі осы «Алматы – Ислам мәдениетінің астанасы» жылы қарсаңында «Исламдық діни сәулет өнері» атты көрме ұймдастырып отыр. Экспозицияға мұражай қорынан 40 жуық графика, кескіндеме және сәулет өнері фрагменттері қойылған. 

Дін мен өнердің бір-біріне ұқсастығы олардың сезімдік-құндылық табиғатының танымдық-акпараттық басымдылығында. Өнер мен діннің ұзақ тарихи дамуы және өзара байланысы барысында, әрбір әлемдік дінде соның жүйесінде басым дамыған өнер түрлері қалыптасты. Мысалы, буддизм үшін мүсін өнері мен әшекей-безендіру қолөнері, христиан діні үшін бейнелеу мен мүсін өнерлері, ал ислам дінінде адамдарды, жануарларды шынайы бейнелеуге тыйым салынды, нәтижесінде бейнелеу өнері ислам өркениетінде саналы түрде қалыптаспады. Оның есесіне сәулет өнері, қолөнер, безендірушілік ою-өрнек, каллиграфия керемет дамыды. Осы орайда, көптеген діни ғимараттар – мешіттер мен мұнаралар, медреселер сынды исламдық діни оқу орындары, керемет көрікті ескерткіш бейіттер, кесенелер салынып, біртұтас қалалар көптеп бой көтергені тарихтан белгілі. 

Орта Азияның Самарқан, Хиуа, Бұқара сынды қалаларының жалпы сәулеттік көрінісін, өмір-тынысын экспозициядағы Ү. Әжиев, В. Антощенко-Оленев, К. Зульфукаров, А. Подковыров сынды суретшілердің графикалық жұмыстарынан көруге болады. Ал, қазақ жеріндегі исламдық діни сәулет өнері халық суретшісі Ә. Қастеевтің «Ұйғыр мешіті», Қ. Қожықовтың «Түркістан қақпасы». «Алдар көсе» кинофильміне эскиз, М. Ержановтың «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі», Ә. Ысмайыловтың «Сары су даласы», А. Михеевтің «Шымды бекіністегі мешіт. Шымкент қаласы», В. Поляковтің «Семейдегі мешіт-медресе» атты түрлі мәнерде жазылған көркем туындылары мен тізбектеле намазға жығылған мұсылмандар бейнеленген мешіттің ішкі көрінісі Ә. Хайдаровтың графикалық парағында өзіндік ерекшеліктермен айқындалған. 

Көрмеде исламдық сәулет өнері бейнеленген тек графикалық немесе кескіндемелік жұмыстар ғана емес, сонымен қатар сол сәулеттік құрылыстардың қандай да бір бөлшектері орын алған. Мысалы, 11-12 ғасырларда салынған керемет сәулет өнері ескерткіші Айша бибі кесенесінің бедерлі әшекейлі плиткалары немесе Алаша хан күмбезінің (12-13 ғғ.), Қожа Ахмет Яссауи (12-14 ғғ.) мен Болған ана (12-13 ғғ.) кесенелерінің және тағы басқаларының қыш тақташалары қойылған. 

 Байланысу: Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі 050040, Алматы, Көктем-3, 22/1, тел. (327) 3945718, т/факс 3945519, e-mail: gmi_rk@mail.ru

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?