14.04.15
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2015 жылғы 16 сәуірде сағат 10.30-да хәкім Абайдың (Ибраһим Құнанбаев) туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы» атты ғылыми конференция өтеді.
Абай (Ибраһим) Құнанбаев Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.
Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» — тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады.
ҚР Ұлттық музейіндегі «Абай мұрасы» атты ғылыми конференцияға белгілі абайтанушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және Астана қаласындағы білім мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары қатысады. Таяуда ғана «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың үшінші қара сөзінен үзінді келтірсе, Семейге жасаған сапарында Мемлекет басшысы Абай мұражайына арнайы барып, ұлы ақынның өлеңін оқып, «Абайдың жолын, артында қалған өшпес мұрасын халқымызға паш етуіміз керек» деп, жиылған жұртқа ерекше ой салғаны белгілі.
Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай Ұлттық музейдің ұйытқы болуымен өтетін конференцияда Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Мекемтас Мырзахметов, Сұлтан Оразалин, Серік Негимов, Жанқара Дәдебаев, Асан Омар, Асқар Нартов, Бауыржан Ерденбеков сынды белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері ақын мұрасы жайлы арнайы баяндама жасайды. Сондай-ақ, Абайдың алғашқы шыққан еңбектері, шет тілдерге аударылған туындылары мен ақын жайлы арнайы дайындалған аудио-бейне роликтер және Ұлттық музей қорындағы Абай портреттерінен шағын көрме ұсынылады.
Конференция барысында Абай әндері орындалады және Абай оқуларының жеңімпаздары ақын өлеңдерінен, қара сөздерінен үзінділер оқиды.