09.04.15
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 10 сәуір күні сағат 15.00-де «Жамбыл өңіріндегі ашаршылық зардаптары» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі болады.
Ғылыми жинақты құрастырған белгілі зерттеуші, публицист, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші ғылыми қызметкері Тұңғышбек Байқұлов. Аталмыш жинақ Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресі, ЕҰУ «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының қолдауымен жарық көріп отыр.
Жинақтағы тарихи деректер бұрын еш жерде жарияланбаған мәліметтерден тұрады: ЕҰУ «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері 1930 жылдардағы ашаршылық туралы Жамбыл облысының жергілікті тұрғындарынан сауалнама жүргізу арқылы жазып алған және мыңдаған адамның басын жалмаған ел басына төнген нәубетті көзкөргендерден сұхбат алу арқылы ғылыми айналымға түсіріп отыр. Сондай-ақ, жинақта ауызша тарихтан бөлек мұрағат материалдары мен қосымша ғылыми мақалалар пайдаланылған.
Белгілі бір халықтың басынан өткен ең қиын-қыстау күндердiң бiрi — ашаршылық жылдары екенi белгiлi. Ашаршылықтың туу салдарының да түрлi себебi болады. Ол көбiне саяси-әлеуметтiк үрдiстерден, табиғаттың қолайсыз ахуалдарынан туындайды екен.
1930-1932 жылдары аштыққа бүкіл Қазақстан ұшырады. Мал шаруашылығы күйзелісті шығынға ұшырады. Ұжымдастыру қарсанында – 40,5 млн. мал болды. 1933 жылы 4,5 млн. мал қалды. 1930 жылы – 313 мың адам; 1931 жылы – 755 мың адам; 1932 жылы 769 мың адам қайтыс болды. 1930-1932 жылдары барлығы 1 млн. 750 мың қазақ немесе халықтың 40%-ы жаппай қырылды. Ақтөбе облысында 1930 жылы 1 млн. 12500 адам болса, 1932 жылы 725800 адамға кеміген (71%). Балқаш ауданында 1930 жылы 60 мың адам болса, 1932 жылы 36 мыңы қырылып, 12 мыңы баска аймақтарға көшіп кетті. 1930-1931 жылдар аралығында 1 млн. 70 мың адам Қытай, Иран жеріне және т.б. көшті. 616 мыңы қайтып оралған жоқ. 414 мыңы кейін елге оралды. 1930-1933 жылдары 2,1 млн. адам аштықтан қырылды. Қазақтардың осы жылдардағы саны 40 жылдан кейін, 1969 жылы ғана қалпыпа келді.
Естеліктер негізінде жарық көрген ғылыми кітап оқытушылар мен студенттерге, сонымен қатар отандық тарихқа қызығушылық танытқан оқырмандар үшін таптырмас көмекші құрал.
Шараға Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттер, докторанттар мен магистранттар және тарихқа қызығушылық танытқан қала тұрғындары қатысады.
Конференция өтетін орны: Астана қаласы, Пушкин көшесі 11, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы», Ақселеу Сейдімбек кабинеті.