Әсіресе, түркілік музыка мәдениетінің пайда болуы, қалыптасуы деген мәселеде қазақ музыкасы өзінің терең тамырлы дәстүрімен де, мейлінше төлтума қасиетімен де алдымен назар аударады [1, 10 б.].
Қазақ музыкасы адамның ішкі жан-дүниесін, яки, көңіл-күйін, сондай-ақ, қуаныш-жұбанышын, мұң-шері мен қайғы-қасіретін, арман-мақсаттарын дәл суреттейді. Сонымен қатар, қазақ халқы адамның өмірге келгеннен, қайтадан жер қойнына кіргенге дейінгі өмірінің барлық сатыларын, өмір сүру салттарын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін музыка арқылы жеткізе, көрсете білгені туралы музыка зерттеушілері айтып кеткен.
Еліміздегі халық аспаптары музыкасының өркендей өсіп, дамуы, кәсіби өнер деңгейіне көтерілуі негізінен отызыншы жылдары басталды. Халық таланттарының Бүкілқазақстандық І-ші слетінен кейін құрылған Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің өмірге келуі қазақ аспаптық музыка өнеріне өлшеусіз өзгерістер енгізіп, кәсіби биік деңгейге көтерілуіне аса зор ықпал етті. Оркестрді ұйымдастырушы және тұңғыш дирижеры, көркемдік жетекшісі А.Жұбанов болды [2, 465 б.].
Ол оркестрге байланысты жұмыстарын әрі қарай жалғастыруға мұрагер ретінде өз ісінің шебері, білікті маман – Шамғон Қажығалиевты тағайындады. Ш.Қажығалиев оркестрге дирижер боп келген күннен бастап аспаптарды жетілдіру мәселесін ойластыра бастаған. Сөйтіп ол 1957 жылы реконструкция жасауды толығымен қолға алды [3, 132-133 б.].
Сол уақытта реконструкцияға ұшыраған аспаптардың бірі қобыз аспабы еді. Өзгеріске түскен жаңа сым қобыз аспабына арнайы туындылар жазуды А.Жұбанов, Е.Брусиловский, М.Төлебаев, А.Шабельский, Қ.Мусин, В.Великанов, Л.Хамиди сынды белгілі композиторлар бастады. Олардың бастаған сара жолын жалғастырған екінші буын композиторлары: Е.Рахмадиев, М.Қойшыбаев, С.Мұхамеджанов, К.Күмісбеков, Х.Тастанов, М.Әубәкіров, Д.Жұманиязов, Н.Меңдіғалиев, Ғ.Жұбанова, Н.Тілендиевтер болды. Аға буын композиторларының ізін суытпай жалғап келе жатқан қазіргі буын композиторлары да қобызға арнап толымды туындылар жазуда.
Отандық заманауи сазгерлер шығармашылығымен заман ағымына көңіл бөлуге тырысады, өтпелі кезеңдердің мәдени және музыкадағы жалпы адамзаттық әмбебап үнін іздестіреді. Қазіргі заманғы композиторлар Қазақстан кәсіби музыкасына жаңа ағым енгізгені байқалады. Олардың ұлттық шығармашылығына еуропалық музыка әуендері араласып, жаңа синтезді музыка туындауда. Б.Аманжолов, Қ.Шілдебаев, С.Әбдінұров, Ә.Бестібаев, С.Еркімбеков, Б.Қадырбек, А.Тоқсанбаев, Е.Үсенов және т.б. заманауи композиторлар дәстүрлі стильде жаңа туындыларды жазуда ерекшеленіп, қазақ музыкасына айтарлықтай үлес қосып жүр. Аталмыш сазгерлердің арасынан лирикалық әуенділігімен және өңдеушілік талантымен ерекше көзге түсетін республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Ермұрат Үсеновтің шығармашылығын атап көрсетуге болады.
Ұлттық музыка мәдениетін дамытуға өзіндік үлесін қосып келе жаткан домбырашы, композитор Е.Үсеновтің шығармашылығын, оның қазақ музыка мәдениетінде, оның ішінде аспаптық музыка саласындағы алатын орнын зерттеу, сонымен қатар аспаптық төл туындыларының орындалу ерекшеліктерін орындаушылық тұрғыдан талдау – басты мақсат болып табылады.
Е.Үсенов әртүрлі жанрларда тартымды туындылар жазып жүрген дәулескер домбырашы, талантты да дарынды композитор. Ол 1952 жылы Алматы обылысы, Кеген ауданының Қарқара жайлауының баурайында орналасқан Талды ауылында дүниеге келген. Оның жастайынан өнерге, соның ішінде домбыра үйренуге деген ықыласы ерекше болды. Бұған мектептегі өнерлі ұстаздарының да әсері мол болғанын айта кеткен жөн. Өнерге деген сүйіспеншілігі оны 1970 жылы Алматы музыкалық училищесіне әкелді, бірақ ол жердегі емтихан комиссиясында отырған белгілі ұстаз, профессор – Х.Тастанов оған консерваторияға түсуге кеңес береді. Сөйтіп Е.Үсенов 1970 жылы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөліміне Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Б.Қарабалинаның сыныбына қабылданады. Консерватория қабырғасында оқып жүріп Қазақстанның халық әртістері - Қ.Жантілеуов, Л.Хамиди, К.Күмісбеков, өнер қайраткері, профессорлар - М.Әубәкіров, Қ.Мұхитов, оқу ісінің үздігі – У.Бекенов сияқты майталман ұстаздардан іртүрлі қосымша мамандықтардан дәріс алады. 1977 жылы мемлекеттік емтихан төрағасы болып келген профессор – Б Жүсіпәлиев Е.Үсеновтің жазған шығармаларын тыңдап, жақсы баға беріп, оған консерваторияның композиция бөліміне түсуге кеңес береді. 1979-1983 жылдары консерваторияның музыка теориясы факультетіне қайта тапсырып, Г.С.Быкова, М.Ермолов, Т.К.Жұмалиева, Ю.П.Аравин, В.И.Мавриди сынды білікті мамандардан дәріс алады. Студент кезінен республикалық композиторлар конкурсына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүреді. 1981 жылы жаңадан құрылған “Отырар сазы” фольклорлық-этнографиялық ансамблінде домбырашылар тобының концертмейстері болып жұмыс істеді. Оркестр құрамында жұмыс жасай жүріп, республикамыздың түкпір-түкпірінде болған гастрольдік сапарларда қазақ музыкасы мен өнерін насихаттауға бел шеше араласты. Мемлекет шекарасынан тыс шет елдерде де болып, ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді дәріптеп, әлем жұртшылығына паш етті [4, 3б].
1990-1994 жылдары Алматы музыкалық училищесінің шақыруымен халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1994 жылдан бастап Мәдениет министрлігінің шешімімен “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің оркестріне дирижер болып тағайындалды. Оның осы ұжыммен жасаған еңбегі де жемісті болды [4, 4б].
Е.Үсенов халқымыздың төл аспаптарының бірі де бірегейі, таңданарлық пішінімен, ғажап үнімен, бай тембрімен таң қалдыратын қобыз аспабына шығармалар жазу және өңдеуде ерекше жұмыс жасап келеді. Оның қобызға арнап жазған, өңдеген шығармалары қазіргі кезде қобызшы-орындаушылардың репертуарларынан нық орын алған.
2002 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, профессор Р.Қ.Мұсақожаева “Қобыз бен фортепианоға арналған шығармалар” жинағын құрастырып шығарды. Бұл еңбек қобызшылар репертуарын кеңейтуде бір құнды жинақ болды. Осы аталмыш жинақтың ішіне Е.Үсеновтің де туындылары енгізілген. Атап айтар болсақ, “Күзгі әуен”, “Романс”, Құрманғазының күйі “Төремұрат”, Абай әндеріне “Фантазия”.
Сазгердің “Күзгі әуен”, “Романсы”, Абай әндеріне өңдеген “Фантазиясы” өзіндік көркем дыбыстар үндестігін (гармониясын) құрайтын, тек соларға тән түрлі тәсілдермен (штрих) орындалатын күрделі әрі концерттік туындыларға жатады. Сол себепті осы туындылардың орындаушылық талдауы ұсынылып отыр.
“Күзгі әуен” - аты айтып тұрғандай, нағыз күз мезгілінің табиғатын, оның құбылыстарын музыка тілімен дәл бейнелейді. Бұл шығарма автор Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында жұмыс жасап жүрген кезінде 1994 жылы дүниеге келген. Сол жылғы 4 курстың бітіруші бір студенті мемлекеттік емтиханда орындайтын қазақша шығарма жазып беруін сұрайды. Сол студенттің өтініші бойынша алғашқыда виолончель мен оркестрге арналып жазылған. Осы аспаптың орындауындағы шығарма қобызшылардың назарын аударып, қызығушылығын оятты. Қобызшы-орындаушылар авторға өтініш білдіріп, қобыз бен фортепианоға арнап өңдеп түсіруін сұрады. Олардың өтінішін мақұл көрген автор қобыздың техникалық мүмкіншілігін ескере отырып, каденция қосып, күрделі үш бөлімді шығарма етіп қайта өңдеді. Кейін 1998 жылы бұл шығарма Алматы қаласы Орталық концерт залында автордың жеке шығармашылық кешінде Қ.Р. Мәдениет қайраткері Тұрсынхан Қарақожаевтың орындауында халық алдына ұсынылды. Сол кезден бастап бұл шығарма қобызшы-орындаушылардың репертуарынан өзіндік орнын алған шығармалардың бірі болып қалыптасты.
Кіріспе |
А |
А1 |
В |
С |
D- Каденция |
Е-Кода |
23 такт |
23 такт (негізгі тақырып) |
22 такт (октава жоғары ) |
15 такт |
43 такт (шарықтау шегі 102-126 такт) |
21 такт |
26 такт |
№ 1 кесте.
Пьеса d moll тональдігінде, 2/4 өлшемінде, жәй екпінде сүйемелдеуші фортепиано партиясымен басталады.
1 мысал. Е.Үсенов, «Күзгі әуен», кіріспе.
Әрі қарай қобыздың лирикалық ойлы әуені адам бойындағы сезімдері мен табиғаттың бір-бірімен байланысын суреттейді. Негізгі басты тақырып қоңыр, қою дыбыспен басталады да, ол біртіндеп дами түседі:
2мысал. Е.Үсенов, «Күзгі әуен».
Шығармадағы аса бай лирикалық әуен тыңдаушысын еріксіз елітіп әкетеді. Фортепианоның сүйемелдеуінен судың толқыны естілгендей болады, әрі қарай ортаңғы бөлімде шығарманың жылдамдығы артады. Каденцияға дейінгі шарықтау шегінде орындаушы дыбыс тазалығына көңіл бөлуі керек.
3 мысал. Е.Үсенов, «Күзгі әуен», шарықтау шегі.
Каденцияда әр сөйлемге, әр дыбысқа мән бере отырып, еркін түрде орындауға болады. Себебі автор каденцияны орындауда орындаушыға еркіндік, өз қалауымен ойнауға мүмкіндік берген. Жалпы бұл шығармада әуендік жағынан еуропа мен ұлттық стильдің синтезі байқалады. Композитордың көңіл-күйі мен ішкі жан-дүниесінің табиғатпен тығыз байланыстылығы, үйлесімділігі туындыда маңызды рөл атқарады.
Бұл пьесаны орындау үшін қобызшының артикуляциясы, екі қолының координациясы жақсы болуы қажет және осы екі қасиет орындаушыға дұрыс, сапалы дыбыс шығаруына септігін тигізеді. “Күзгі әуенді” ойнағанда тебіренбейтін, толғанбайтын, тербелмейтін көңіл, түсінбейтін, сезінбейтін жүрек болмас, сірә!
“Романс” – “Romans”испансөзі, жеке дауыс пен аспапқа арналған камералық вокалды шығарма. Бұл туынды классикалық музыка мен халық музыкасының дәстүрін бейнелейтін үлгі тұтарлық сәтті көрінісімен ерекшеленеді. Аталған шығарма оның композиторлық стилінінің ерекшелігін көрсетеді. Негізгі тақырып баяу, әндете орындалады, g moll тональдігінде, 2/4 өлшемінде жүреді.
Кіріспе |
А |
А1 |
В |
А2 |
D-Кода |
5 такт |
23 такт |
13 такт |
14 такт |
6 такт |
12 такт |
№2 кесте
Оны тыңдаған кезде әсем әуездік сипат байқалады. Басты орындау тәсілі – легато, дегенмен қобыз партиясы нәзік, әуенді болғанымен, сүйемелдеуші партиясы басынан-ақ, жағаға соққан теңіз толқынындай әсерде қалдыратын он алтылық ноталармен берілген.
4 мысал. Е.Үсенов, «Романс», кіріспе.
Бұл шығарма орындаушымен қатар сүйемелдеушіден де шеберлікті, көп дайындықты қажет етеді.
Қобыз партиясы әуенді негізгі тақырыппен басталады, бұл мінездеме қобызшыдан жәй, асықпай, байыппен орындауды талап етеді.
5 мысал. Е.Үсенов, «Романс»
Шығарманы орындау барысында дыбысты таза шығару үшін қобызшыдан ысқыштың және саусақтардың барлық ішектерге дәл бөлініп таратылуын талап етеді. Орындау кезінде дыбыстар арасындағы байланыс үзілмей, бір біріне жалғасуы өзендегі ағын су секілді әсер қалдыруы керек.
Әуен ырғағы басынан бастап аяғына дейін сабырлы қалыпта өтеді, әуен сазында жан сұлулығын жыр еткен ғажайып бір жұмсақ үн бар. Романс шығармасында әлдебір қасиетті биікке құлаш ұрған көрікті көңіл күй (әуен сазы арқылы бейнеленеді), тамылжыған табиғат көрінісі фортепианоның сүйемелдеу сипатында анық көрсетіледі. Лирикалық нәзік ойға толы бұл шығарманың негізгі тақырыбы орта тұсында әрі қарай дамып, poco accell. арқылы бірте-бірте шарықтау шегін дайындайды. Шығарманың 42 тактісінде дыбыстар шарықтау шегіне, яғни, өз мәресіне жетеді.
6 мысал. Е.Үсенов, «Романс».
Орындаушы шығарманың шарықтау шегінде нәзік, қоңыр дыбыспен, әуезді бұзбай ойнап шығуы тиіс.
Композитордың бұл шығармасы аспаптық музыкадағы таңдаулы туындылардың бірі. Романс баяу екпінде нәзік, ән сипатында орындалады, ол үшін ысқышты жүргізген уақытта дыбысты үзбей, бір-бірімен байланыстырып, өте жұмсақ дыбыспен ойнауы қажет. Жалпы композитордың айтуы бойынша өзінің жанына жақын тартатын аспап бұл виолончель, яғни, бас қобыз аспабы екен. Сол себепті «Күзгі әуен» сияқты «Романс» та бастапқыда бас қобызға арналып жазылған. Кейін атақты қобызшы, қазіргі кезде Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, профессор Р.Қ.Мұсақожаева сым қобызға арнап өңдетіп, өзінің орындауында Қазақ радиосының «Алтын қорына» жаздырған.
Бұл шығарма жөнінде орындаушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, профессор Р.Қ.Мұсақожаева былай деп өз пікірін білдірді: – «Шығарма шағын түрде жазылған, бірақ өзіндік даму жолымен, шарықтау шегінің толыққандылығымен, негізгі түпкі ойының айқындылығымен ерекшеленеді. Орындаушыға дыбыс тазалығына, динамикаға көңіл бөліп, біртіндеп өрлеу барысына үлкен дайындық қажет. Мұнда адам бойындағы тебіренісі, терең толғанысты сезімдері, ішкі сағынышы музыка тілінде шеберлікпен бейнеленген. Бұл шығарма менің орындауымда Қазақ радиосының “Алтын қорына” жазылған, қазіргі кезде эфирлерден беріліп тұрады»[1].
Е.Үсеновтің қазақ музыка мәдениетінде, оның ішінде қобыз музыкасы және оның репертуарын көбейту мақсатында қобызға арнайы жазған туындыларының алар орны ерекше деп айтуға болады.
Е.Үсенов өз шығармашылығында белгілі халық композиторларының және қазақтың халық әндері тақырыбына фантазиялар жазуда өзіндік қолтаңбасы бар ерекше тұлға.
Абай әндеріне жазылған “Фантазия” - негізінде ұлы Абайдың 150-жылдық мерейтойына арнайы тапсырыс арқылы оркестр мен хорға және би қойылымына арналып жазылған. Қобызшы-орындаушылардың өтінішімен қобыз бен фортепианоға арнайы өңделіп түсірілді.
Шығарма сабырлы, қою қоңыр дыбыспен басталады.
7 мысал. Е.Үсенов, Абай әндеріне «Фантазия»
Жалпы шығарма барысында фортепиано мен қобыздың партиясы бір-бірімен байланысып, жалғасып жатады. “Көзімнің қарасы” әнінен кейінгі би тектес ырғақ шығарманы көркемдеп, байыта түскендей. Стаккато штрихымен орындалатын бұл қысқа әуен қобызшының техникалық шеберлігінің өсуіне ықпал етеді.
8 мысал. Е.Үсенов, Абай әндеріне «Фантазия»
Осы шат көңілді би тектес әуен екі рет қайталанып, соңынан шығарманың шарықтау шегін дайындайды.
Бір әннен келесі әнге көшерде немесе бір тақырып пен екінші тақырып арасын байланыстыру мақсатында қолданатын қысқа да қосымша әуендерді асқан бір шеберлікпен пайдалана білуі Е.Үсеновтің фантазия жазудағы композициялық ерекшелігі. Ал “Айттым сәлем, қаламқас” әні шығарманың соңында композитордың барлық ойын түйіндегендей болады.
9 мысал. Е.Үсенов, Абай әндеріне «Фантазия»
Фантазияда музыкаға тән барлық элементтер қамтылған. Орындаушыдан үлкен дайындық пен шеберлікті талап етеді. Шығарманың түпкі ойы мен негізгі мақсаты – Абайдың болмысы мен бет-бейнесін асқақтатып, өлеңдері, қара сөздерімен қатар оның музыкасының ұлылығын паш ету, әндерін жас толқын орындаушылардың бойына сіңіріп, дәріптеу болып табылады.
Музыкалық мәдениетіміздің ұлттық шеңберде ғана шектелмей әлемдік мәдениет кеңістігінде шарықтауына үлесін қосып жүрген Е.Үсеновтің “Өмір-дастан” атты шығармасы АҚШ-тың Сан-Фрациско және басқа да қалаларының сахнасында орындалды. Негізінен бұл шығарма қыл қобызға және Қазақстанның Халық әртісі А.Қ.Мұсақожаева басқаратын “Солистер академиясы” камералық оркестріне арнайы тапсырыспен жазылған. Қыл қобызда жеке орындайтын қобызшы, ҚазҰӨУ-нің оқытушысы, профессор Р.Қ.Мұсақожаева. Бұл жаңалық туралы еліміздің ақпарат көздерінде жарияланып, көптеген жақсы пікірлер жазылды.
Қазақ халқының музыкалық мәдениетін насихаттауда, өңдеп, нотаға түсіруде, сондай-ақ, үнтаспаға, күйтабаққа, теле-радио қорына жаздыртуға сіңірген еңбегі зор.
Қазіргі таңда еліміздегі заманауи сазгерлердің ішінде өнерге шынайы болмысымен берілген Е.Үсенов – шебер оркестратор. Музыкалық шығарманы оркестрге түсіру – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Бұл салада Е.Үсенов ойы ұшқыр, қиялы күшті, ансамбль мен оркестрге түсіру өнерін жетік меңгерген білікті маман. Оркестрге түсіру өнерін көркем әдебиеттегі аударма өнерімен теңестіруге болады. Әдеби шығарманың табысына көркем аударманың үлесі қандай болса, оркестрге түсірілген музыкалық шығарманың тыңдаушы көңілінен шығып, жоғары бағалануына оркестрге түсіру өнерінің де маңызы сондай.
Домбырашы, дәулескер күйші Е.Үсенов табиғатынан мелодиялық дарынымен жаратылған және ол қазақтың бай музыкалық фольклорын бойына сіңірген. Сонымен қатар ол, сауатты да білімді, кәсіби композитор. Оның музыкасы еліміздің сахналарында ғана емес, әлемдік, дүниежүзілік сахналарда да орындалып, өзінің әділ бағасын алып жүр.
Ол қазақ музыка мәдениетінің қорына асыл қазыналар, мол мұралар, алтын құндылықтар қалдыруда да еңбек етіп жүр.
Қазақстан музыка мәдениетінің биік шыңдардан көрінуіне өз үлесін қосып жүрген Е.Үсеновтің өрениетінің келешек жас өнерпаздарға дәріптеліп, насихатталуы өз өнерімізді бағалау болып табылады.
Жансая СҰРАҒАНҚЫЗЫ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының
ғылыми қызметкері
Әдебиеттер тізімі:
1. СейдімбекА. Қазақтың күй өнері. Тарихнама. – Астана: Күлтегін, 2002 - 831 б.
2. Жумалиева Т., Ахметбекова Д., Ысқақов Б., Қарамендина Ә., Қоспақов З. Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы. Қазақ халқының атақты күйші-композиторлары мен олардың орындаушылық дәстүрлері. – Алматы: 2005. - 560 б.
3. Бейсембек Т. Шамғон Қажығалиев. – Алматы: Өлке, 2007. - 232 б.
4. Үсенов Е. Домбыра мен фортепианоға арналған шығармалар. [Алғы сөз: Жайымов А]. – Алматы: Ануар, 1999. - 106 б.
[1] Р.Қ.Мұсақожаеваның пікірі (2.07.2011)