Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мүсінші мен суретшінің бірлескен шығармашылық кеші өтеді

28928

Тілеуберді Бинашев 1956 жылы бұрынғы Шымкент облысының Байырқұм ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы көркемсурет училищесін, мүсін мамандығы бойынша бітірген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайтарткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі. 

«Қазақи қиял» көрмесі өнер иесінің алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Экспозицияға мүсінші шығармашылығындағы ертеректен соңғы уақытқа дейінгі орындалған отызға жуық мүсіндік туындылары қойылған. 

Шығармашылық дарыны кең Т. Бинашевтың мүсіндік композицияларының тақырыбы ауқымды. Оның терең мазмұн мен ой-толғауға толы әрбір мүсіндік композициясы форма, пластика, шеберлік жағынан дара туындылар. Атап айтар болсақ, «Ана», «Жеті қазына», «Байырқұмның баласы», «Мелдеш құдығы», «Қараханның қайғысы», «Сырдария», «Жылан жылаған жыл», «Тығырық», «Көкпар», «Пана», «Отар», «Сырласу», «Үштік», т.б. 

Өнертанушы Б. Қарабалаева: «Тілеуберді Бинаш – қазақ мүсін өнерінде шығармашылығы ерек мүсінші. Мүсінші туындылары қазақ халқының рухани болмысы мен бітімін сомдау арқылы, ұлы халықтың даму тарихы мен бастау бұлағынан сусындауға жол бастайды. Ежелгі балбал тастарды «мүсін өнеріне баулыған ұстазым» деп түсінетін Т. Бинаш шығармашылығындағы пішіндік туындылар тарихтың көзі іспеттес. «Балбал тас кәсіби мүсін өнерін көрсетпейді» деп өз шығармашылығынан алшақтатқан мүсіншілер бар болғаныменде, тарихи шындықпен мүсін өнерінің қайнар көзі екендігін ешқашан жоққа шығара алмайтындығымыз рас», – деп баға береді. 

Жайық Күшікбаев 1962 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Сарқанд ауданының Бақалы ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келді. 1981 жылы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1992 жылы С. А. Герасимов атындағы БМКИ көркемсурет факультетін тәмамдады. Көптеген республикалық және халықаралық көрмелерге қатысушы. 1993 жылдан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық етеді. 

Суретшінің ата-анасына арнаған «Парыз» атты жеке көрмесіндегі туындылардың басым бөлігін пейзаж жанрындағы сексенге жуық кескіндемелік композициялар құрайды. Олардың қатарынан әсем табиғаттың ұлылығы мен сұлулығын жырлайтын Алатау бөктері мен Қапшағайдың, Аралдың түрлі көріністерін тамашалауға болатын жұмыстарды көресіз. 

Өнертану ғылымдарының кандидаты О.В. Батурина: «Күшікбаев Жайық – панорамалық, өрісі мол, көрікті, жай қалыптағыдан өзгеше пейзаждардың шебері. Олардың салтанатты құрылымы белгілі бір сазға құрылады. Мұндай сәулетті кеңістіктер парасаттылық пен тәнтілікті талап етеді. Алайда бұл шеттетілген сүйсіну емес, туған жерге деген махаббатқа толы тыпыршыған жанды сезім. Ол осы сүйіспеншілігін көрермендермен бөліскісі келіп, оларды көрмеге шақырады. Көріп, батып бара жатқан күннің бояуларына, тау шыңдарындағы түстер мен қардың әсерлі қарқынмен нәзік қана құбылуына, төбелердің жұмыр бүйірлеріндегі жұмсақтық пен нәзік жылылыққа сүйсіне қарап, бірге бөліссін дейді», – деп жазады.

Көрме 2015 жылдың 11 қараша күні сағат 16.00-де ашылады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?