Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Халық жүрегіндегі қаламгер» атты көрме ашылды

28921
«Халық жүрегіндегі қаламгер» атты көрме ашылды - e-history.kz

23.07.15

Қазақ әдебиеті дамуының тарихында есімі аса құрметті орындардың бірін алатын көрнекті жазушы, ұлт рухын тірілтіп, халықтың тарихи санасын оятқан Ілияс Есенберлин – туған жеріне, өскен еліне шығармагерлік еңбегімен, талантымен, тың тақырыптарға түрен салуымен танылған ірі қаламгерлердің бірі. 

1915 жылы 10 қаңтарда, Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген жазушы 20-30 жылдардағы зобалаң шақты бастан кешірді. Жастайынан тұл жетім қалған Ілияс балалар үйінде тәрбиеленіп, кейіннен Қызылордадағы жұмысшы факультетін тәмамдайды. 

1936 жылы Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына оқуға түседі. Институтты бітірген жылы күзде Қызыл әскер қатарына шақырылып, Рига әскери-саяси училищесінде дайындықтан өтіп, Ленинградты қорғаушылар қатарында соғысқа аттанады. 1942 жылы ауыр жараланып, 1943 жылы елге оралады. 1943-1947 жылдары Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің аппаратында нұсқаушы, 1947-51 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, 1955-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, 1958-1967 жж. «Қазақфильм» киностудиясында, аға редактор, кейінгі жылдары «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарды. 

І. Есенберлин әдебиеттегі қадамын өлеңмен ашқан. Алғашында «Айша» (1945 ж.) және «Сұлтан» (1949 ж.) дастандары жарық көрді. Кейіннен өлең-жырларын іріктеп «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағын шығарды. 

1960 жылдан бастап проза жанрына қалам тарта бастайды. «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», орыс тілінде жазылған «Адам туралы ән» повестері соның нәтижесі. Одан кейінгі жылдары «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алтын Орда» романдарын жазды. «Айқас» романы үшін 1968 жылы ҚазССР Мемлекеттік сыйлығын алды. 

70 жылдардан бастап толық шығармашылық жұмысқа көшіп, қазақ әдебиетінің көркем қазынасын байытуға қомақты үлес қосқан жазушы драматургия, кино, аударма саласында да еңбек етті. 

Қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгірткен жазушының әдебиеттегі нағыз орнын белгілеген шығармалары – «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» тарихи романдары. ХV-ХIХ ғғ. ортасына дейінгі қазақ тарихы суреттелген осы романдар «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілді. Тарихи жазба деректерге, шежіре мағлұматтарына, аңыз әңгімелерге сүйене отырып, қаламгер қазақ тарихының аса маңызды тұстарын ашып, тарихи қайраткерлердің көркем тұлғасын жасады. 

Роман-эпопеяның желісі бойынша 2005 жылы «Көшпенділер» тарихи фильмі жарық көрді. Жазушының еңбектері әлемнің 30 тіліне аударылған. 

І.Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазды. «Жастар вальсі», «Қыз арманы», «Сауыншы жеңгей», «Жас түлектер әні» сияқты өлеңдеріне М. Төлебаев, Е. Брусиловский, Б. Байқадамов, Л.Хамиди сияқты белгілі композиторлар ән жазды. 

Жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Халық жүрегіндегі қаламгер» көрмесіне жазушының өмірінен сыр шертетін фотоматериалдар, құжаттар, марапаттар, қолжазбалары, өзіне тиеселі жеке заттары, белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары және жазушы мұрасы – тарихи еңбектері қойылды. Аталмыш көрме ҚР Мемлекеттік орталық музейі, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты және кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағаты қорындағы материалдар негізінде жасақталды. Көрме 2015 жылдың 1 тамызына дейін жалғасады. 

Байланыс тел.: 8(727)264-09-66, 264-46-50, 264-55-77

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?