Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сырдарияның төмендегі ағысы бойындағы қалалары: Жетісар мәдениетімен байланысы

28835
Сырдарияның төмендегі ағысы бойындағы қалалары: Жетісар мәдениетімен байланысы - e-history.kz

Араб географы және тарихшы Ибн Русте, географ Ибн Хаукаль (Х ғ.) және Туманскийдің (Х ғ. аяғы) еңбектерінде Жанкент қаласы «оғыздар патшасының» ордасы деп жазылады [1, с. 15, 184, 217]. Ортағасырлық Жанкент қаласында алғашқы қазба жұмыстарын 1867 ж. П. И. Лерх жүргізген. П. И. Лерх ескерткіштің топографиялық жоспарын жасап, сол кездегі бекіністің және суландыру каналдарының жағдайын сипаттайды. Оның жетекшілігімен жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде қала маңынан кейінгі ортағасырлық қорым табылды (ХІҮ-ХҮ ғғ.) [2, с. ІІ-ҮІІ].

1946 ж. Хорезм археологиялық-этнографилық экспедициясының (ХАЭЭ) барлау тобы барлау жұмыстарын жүргізген. Экспедиция барысында әуеден фотосы түсіріліп, археологиялық деректер жинақталып, нәтижелері әртүрлі еңбектерде жарияланды [3, с. 57-62; 4, с. 211; 5, с. 198-200]. Алынған керамикалық деректер бойынша С. П. Толстов қаланың антикалық кезеңнен (б. з. басынан) Х-ХІ ғғ. аралығында үздіксіз өмір сүрген деп мерзімдеді [3, с. 63]. Зерттеуші жазба деректердің негізінде, соңғы өмір сүру кезеңінде (Х-ХІ ғғ.) қала «оғыздар патшасының» ордасы болған деп көрсетеді [3, с. 56; 4, с. 246; 5, с. 198]. Одан кейін археологиялық жұмыстар жүргізілмеген.

С. П. Толстов ұсынған ескерткіштің мерзімі ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз қалып, тек Л.М. Левинаның жұмыстарында нақтыланып, ескерткіш ХІV ғ. дейін өмір сүрген деп болжам жасайды [6, с. 77; 7, с. 191]. 

  2005 ж. бастап қазіргі уақытта ескерткіште құрамында ресейлік ғалымдар (РҒА ЭАИ), отандық археологтар (ҚР АИ), Қызылорда мемлекеттік университетінің (ҚМУ) қызметкерлері бар «Жанкент археологиялық экспедициясы» (ЖАЭ) кешенді археологиялық жұмыстарын жүргізуде. 2005-2009 жж. зерттеу нәтижелері бірнеше мақалаларда және екі томдық есеп жинағында жарияланды [8, 124 с.; 9, с. 43-51; 10, с. 116-128].

Қазба жұмысы кезінде Жанкент қаласынан табылған заттай деректердің аздығы, ІХ-Х ғғ. мерзімделетін басқа қалалармен салыстырғанда, оның бір мезгілде келген қауіп-қатерден емес, керісінше, тұрғындардың бейбіт түрде көшіп, өздеріне қажетті мүліктерді ала кеткен деп болжауға болады. Ал бұл уақыттың шамамен Х ғасырдың 50-60 жж. сәйкес келетінін табылған монеталардағы (саманидтік фельстер) жылдардан көреміз.

Жанкент – Қазалы ауданындағы Өркендеу ауылынан оңтүстікке қарай 1,5 км жерде орналасқан, мықты бекіністі ортағасырлық қала. Қаланың жоспары шығыстан батысқа қарай созылып жатырған «Т» әрпі тәрізді, шығыс бөлігі шығыңқы тіктөртбұрышты болып келеді. Оның аумағы шамамен 15 га, 415х230 м (шығыс бөлігінде – 320 м) (1-сурет, 1; 2-сурет, 2).

Қаланың басты қақпасы шығыс қабырғасының ортасында орналасқан болуы керек, себебі бұл арада қақпа алдында салатын мұнаралардан шығарылған жартылай дөңгелек құрылыс байқалады. Сонымен қатар, қаланың батыс қабырғасының да ортасынан қақпа іздеріне ұқсас «жырық» байқалады.

Қала батыстан шығысқа қарай созылған қабырғаларға параллель  жатқан басты көше арқылы екіге бөлінген. Қалашықтың солтүстік-батыс бұрышында көлемі 110х110 м болатын шаршы формалы цитадель орналасқан. Сырт көзге ескерткіштің оңтүстік-шығыс бөлігінің төмен, яғни құрылыссыз, ал солтүстік-шығыс бөлігі биік (тығыз құрылыстар салынған) екені байқалады.

  «Батпақты қалалар» мәдениеті. Оғыз кезеңінің «батпақты қалалары» Қазалының оңтүстігінде жатқан жоспары үшбұрышты келген түбекте орналасқан. Арал теңізінің бұл түбегі солтүстігінде Сырдария арнасымен, батысында Арал теңізімен және оңтүстік-шығысында Қуаңдария өзенінің ежелгі арнасы құятын батпақты, қамысты табандықпен (Бозкөл шатқалы) шектеседі (2-сурет, 1).

Бұл қалалардың ішінде ең ірісі Кескен-күйік қала, содан кейін Жанкент және Күйік қала болып табылады (1-сурет). Барлығы дерлік пішіні төртбұрышты, дуалмен және ормен қоршалған. Әрқайсында ірі көлемді цитадель орналасқан (250х250, 50х50 м) (1-сурет). Атап кететін жайт, Кескен-күйік қала мен Күйік қаланың Жанкентпен мерзімдес (ІХ-ХІ ғғ.) археологиялық деректерімен қатар, жетіасар мәдениетіне (б. д. І мыңжылдығының басы мен VIII ғ.) өте жақын VII-IX ғғ. қамтитын деректердің басымдылығы.

Кескен-күйік қала– Жанкент қаласынан батысқа қарай 40 км қашықтықта орналасқан. [11, с. 249-250]. 1946 ж. С. П. Толстовтың жетекшілігімен ХАЭЭ-ның әуеден барлау отряды алғашқы археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген. Әуеден фотоға түсіріліп, схематикалық жоспары жасалынған [12, с. 12; 13, с. 632]. 1958 ж. Мәскеулік биолог В. М. Смириннің және 1963 ж. Б. И. Вайнбергтің басқаруымен Кескен-күйік қалада қайта деректер жинақталып, археологиялық барлау қазбасы салынған [6, с. 77].

d39cbcd0616a3864eabf134f7a53cdb1.png


2006 ж. Ж. Құрманқұловтың басшылығымен Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институты, Шірік-рабат археологиялық экспедициясының (ШРАЭ) археологиялық барлау отряды (отряд жетекшісі Ә. Ә. Тәжекеев) археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштің географиялық координаттары анықталып, қаланың үстіңгі қабатынан археологиялық заттар жинап алынды.

Қаланың жоспары шеңбер пішіндес келген (көлемі 500х700), шығыстан батысқа қарай созылып жатқан саз кесектен салынған дуалмен қоршалған. Оның ішінде солтүстік бөлігіне жақын, қала деңгейінен 3 м биік, саз кесектен салынған бөлме құрылыстары бар шаршы пішінді (көлемі 250х250 м) цитаделі орналасқан (1-сурет, 2). Дуалы көлемі 28х28 және 40х40 см аралығында шаршы пішінді саз кесектермен қаланған. Саз кесектердің басым бөлігі Хорезмнің афригид кезеңіне тән 33х33 және 35х35 см көлемді болып келеді.

Кескен-күйік қаланың керемикалық кешенін Л. М. Левина үш топтамаға бөледі: жетіасарлық, жетіасар кешенімен аралас – жетісулық және аз мөлшерде – афригидтік, хорезмдік [6, с. 77, рис. 19-21]. Сонымен қатар, жинақталған басқада деректерге: тастан және шыныдан жасалынған моншақтардың бай коллекциясы, қола сырғалар, сақиналар, белбеу доғалары және т. б. заттар жатады. Аталған деректер бойынша Кескен-күйік қала VII-IX ғғ. мерзімделеді.

Күйік қала– Жанкенттен оңтүстік-батысқа 55 км қашықтықта орналасқан [14, с. 250]. Күйік қалада археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген, тек 1946 жылы С. П. Толстовтың жетекшілігімен ХАЭЭ топографиялық жоспарын жасап, беткі қабаттан жинақталған деректер бойынша ескерткіштердің мерзімін анықтаған.

Бұл ескерткіште де 2006 ж. Ж. Құрманқұловтың басшылығымен ШРАЭ-ның археологиялық барлау отряды (отряд жетекшісі Ә. Ә. Тәжекеев) археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштің географиялық координаттары анықталып, қаланың үстіңгі қабатынан археологиялық заттар жинап алынды.

Қала пішіні төртбұрыш тәріздес, көлемі шамамен 300х150 м. Қаланың солтүстік бөлігінде солтүстік және шығыс қабырғалары 40 м, оңтүстік және батыс қабырғалары 70 м тең цитаделі орналасқан (1-сурет, 3). Қала ені 10-20 м ормен қоршалған. Қаланың беткі қабаты түсі қара топырақпен көмкерілген, бұл қаланың толықтай өртке ұшырағандығының нәтижесі деп болжауға болады. Жалпы бұл қалалардың «Кескен-күйік қала», «Күйік қала» аталу себебі осында жатыр.

Қаланың үстіңгі қабатынан құрылыс іздері байқалады, сонымен қатар керамика сынықтары (қара, сұр, кызыл, қоңыр және ангобталған), қоладан жасалған заттардың сынықтары және моншақтар кездеседі. Археологиялық деректер Кескен-күйік қаладан табылған заттарға ұқсас, яғни қала б. д. І мыңжылдығының аяғында өмір сүрген.

VII ғ. Арал маңы керамикалық кешені тұрғысынан төмендегідей аймақтарға бөлінеді: Оңтүстік Хорезм (солтүстік-шығысындағы мал шаруашылымен айналысатын өңірмен тығыс байланыста болған афригид мәдениеті), Әмударияның оң жағалаудағы солтүстік Хорезм – Кердер аймағы (кердері мәдениеті), екі ауданға бөлінетін Шығыс Арал маңы: ежелгі Қуаңдария мен Ескідариялық арналарындағы жетіасар кешені және қазіргі арнаға жақын, Сырдарияның сол жағалауындағы «батпақты қалалар» ауданы. Бұл аймақтар мен аудандардың барлығы тығыз мәдени және этникалық байланыста болған деп айтуға болады.

Сырдарияның төменгі ағысында б. д. І мыңжылдығында тұрақты, өзіндік ерекшелігі бар мәдениет өркендеген. Жетіасар І және ІІ кезеңдерінде (б. д. І мыңжылдықтың жартысы) Ортаңғы Сырдария аудандарындағы мәдениеттерден (Отырар-Қаратау, Қауыншы) басқа көршілес аймақтармен тығыз байланыста болғандығын көреміз. Халық санының көп болуына, өмір сүруге ыңғайлы факторларға байланысты, сол уакытта жергілікті жерді, яғни Сырдарияның төменгі алқабын мекен етіп қалуы мүмкін. Сол уақытта Жетіасар мәдениетінің территориясы барынша ұлғайып, Әмударияның оң жағалауы мен Сырдария өзені арасындағы аудандарды қамтып, жетіасарлық халықтың үлкен бөлігі осы аймақтарға көшеді. Л. М. Левинаның пікірінше, Жетіасар ІІІ кезеңінде (VI-VII ғғ.) Жетіасар шатқалындағы ескерткіштердің басым көпшілігі өмір сүруін тоқтады [15, с. 5-9; 16, с. 3-14].

Үшінші кезеңнің аяғында Жетіасар шатқалы шөлге айналып, жетіасар мәдениеті Сырдарияның төменгі ағысында жойылады. Бірақ, Жетіасар шатқалының солтүстік-батысында, қазіргі Сырдарияның сол жағалауында Сортөбе І, Сортөбе ІІ сияқты қалалар өмір сүруін жалғастырып [17,с. 221; 18, с. 222], Арал теңізінің шығыс маңында Кескен-күйік қала, Күйік қала, Жанкент сияқты, яғни «батпақты қалалар» қалыптаса бастайды.

Сортөбе І, ІІ қалаларына 2007 жылы Ж. Құрманқұловтың басшылығымен ШРАЭ-ның археологиялық барлау отряды (отряд жетекшісі Ә. Ә. Тәжекеев) және «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» (директоры М. Елеуов) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің археологиялық тобы Сортөбеде болып, оның жобасын сызып, суретке түсіріп, су шайып жатқан құлама жарқабағында тазарту жұмыстарын жүргізіп, судың жағасында, суда жатқан заттарды жинап, олардың суретін салды [19, 5 бет].

Батыс қабырғасы 80 м, оңтүстік қабырғасы 70 м ұзындықта сақталған, биіктігі 2,5-3 м төбенің солтүстік және шығыс қабырғаларын Сырдария өзені толық шайып кеткен. Оның өзен шайып кеткен солтүстік-шығыс бөлігінің оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа  қарай  ұзындығы  120 м,  осы бөлігіндегі мәдени қабатының қалындығы 3,5-4 м (2-сурет).

b1487a82104ce2e5d1e2e8f9f0cf088e.png


Сортөбенің керамикалық кешені өте бай, онда VII-VIII ғғ. мерзімделетін бүйірі иінді, қабырғасы бүйірінен ернеуіне қарай сыртқа иілген тостағандар (қызыл ангоб) Жетіасар ІІІ кезеңімен мерзімделетін ескерткіштерден және Отырар қаласынан табылған [6, 20, с. 91]. Сонымен қатар, Жанкент қазбаларынан табылып жүрген IX-X ғғ. мерзімделетін үстінде батырып салынған сызықты өрнектері бар қақпатар, ернеудің сыртындағы жапсырмаға қатты затпен батырып өрнек салынған ыдыстар және әртүрлі мақсатта пайдаланылған «қошқар бастар» көп кездеседі [21, 119 с.].

Ортағасырлық Сортөбенің Сырдария өзені шайып, бұзылып жатқан тік құлама жарқабағында қысқа мерзімде, шұғыл түрде жүргізілген тазарту жұмыстар барысында қол жеткен заттай деректерге қарағанда, қала VIII-X ғ. басы (не 1-жартысы) аралығында өмір сүрген ескерткіш [19, 27 бет]. Шамасы, қаладағы тіршілік Сырдария өзені арнасының ауысуына байланысты тоқтап, осындағы халық Жанкент бағытында ығысуы мүмкін.

«Батпақты қалалар» маңынан табылған деректер арасында қола дәуіріне жататын керамика фрагменттерінің кездесуі (б. з. д. ІІ – аяғы мен І мыңжылдықтың басы), осы аймақта халықтың ежелден қоныстанғандығын көрсетеді. С. П. Толстовтың пікірінше, аталған қалалардың өмір сүрген уақытындағы антикалық керамикалардың өрнектерінен қола дәуірінің дәстүрлері байқалады [5, с. 198]. Сонымен қатар, бұл кешенге қаңлы-кушан кезеңінің хорезмдік қызыл түспен жылтыратылған ыдыстар және жетіасарлық жапсырмалы ыдыстар тобы тән.

Қуаңдария, Ескідария және Сырдария өзендерінің Арал теңізіне құяр маңы, яғни Жанкент қала-жұрты оазисі көне заманнан тұрақты сауда, евразия аудандары көшпенділерінің мәдени және этникалық қарым-қатынас, сонымен қатар, көшпенділер өркениеті мен ортаазиалық отырықшы оазистерін байланыстырған аймағы болған. Осы жерде атақты сауда жолдарымен (әсіресе Ұлы Жібек жолы) бірге, тарихи миграция жолдары және олардың өзіндік тоғысулар іздері жатыр. 

Құрманқұлов Ж.Қ, (Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты),

Аржанцева И.А. (Ресей ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институты),

Тәжекеев Ә.Ә. (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ)

Әдебиеттер:

1.  Материалы по истории туркмен и Туркмении. - М. – Л., 1938. - Т. І.

2.  Лерх П.И. Археологическая поездка в Туркестанский край. - Спб., 1870.

3.  Толстов С.П.Города гузов // СЭ. - М., 1947.- № 3.

4.  Толстов С.П.По следам древнехорезмийской цивилизации. - М. – Л., 1948.

5.  Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. - М., 1962.

6.  Левина Л.М. Керамика Нижней и Средней Сырдарьи в I тысячелетии н. э. // ТХЭ. - М., 1971. - Т. VII.

7.  Рапопорт Ю. А., Неразик Е.Е., Левина Л.М.В низовьях Окса и Яксарта. Образы древнего Приаралья. - М., 2000.

8.  Курманкулов Ж.К., Аржанцева И.А., Зиливинская Э.Д., Рузанов С.А.,Сыдыкова Ж.Т. Материалы Джанкентской археологической экспедиции. Археологические работы на городище Джанкент в 2006 г. - Алматы, 2007.

9.  Сыдыкова Ж.Т. Археологические памятники Низовьев Сырдарьи (по материалам Хорезмской археолого-этнографической экспедиции). // РА. - М., 2008. - №4.

10.  Рузанова С.А., Сыдыкова Ж.Т. Археологические работы на городище Джанкент (Казахстан). // Полевые исследования института этнологии и антропологии 2005. - М., 2007.

11.  Тажекеев А.А. Городище Большой Куюк. // Свод памятников истории и культуры РК. Кызылординская область. - Алматы, 2007.

12.  Толстов С.П. Хорезмская археолого-этнографическая экспедиция Академии Наук СССР 1945-1948 гг. // ТХЭ. - М., 1952. - Т. I.

13.  Вактурская Н.Н., Воробьева М.Г. Хроника работ Хорезмкой экспедиции Академии Наук СССР. ТХЭ. - М., 1952. - Т. I.

14.  Тажекеев А.А. Городище Малый Куюк. // Свод памятников истории и культуры РК. Кызылординская область. - Алматы, 2007.

15.  Левина Л.М. Этнокультурная история Восточного Приаралья (в I тыс. до н. э. – I тыс. н. э.). - М., 1996.

16.  Левина Л.М. Этнокультурная история Восточного Приаралья (в I тыс. до н. э. – I тыс. н. э.). ЭО. - М., 1997. - №2.

17.  Курманкулов Ж., Тажекеев А.А., Кзылбаев Т. Городище Сортобе I. // Свод памятников истории и культуры РК. Кызылординская область. - Алматы, 2007.

18.  Курманкулов Ж., Тажекеев А.А., Кзылбаев Т. Городище Сортобе II.  // Свод памятников истории и культуры РК. Кызылординская область. - Алматы, 2007.

19.  Елеуов М., Құрманқұлов Ж. Сортөбе. Жанкент және Жент. - Түркістан, 2008.

20.  Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Древний Отрар. - Алма-Ата,  1972.

Курманкулов Ж.К., Аржанцева И.А., Зиливинская Э.Д., Рузанова С.А., Сыдыкова Ж.Т. Археологические работы на городище  Джанкент  в 2006 г. - Алматы, 2007. 
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?