Енді Президент тапсырмасы бойынша тарихи зерттеулердің арнайы бағдарламасы жасалады. Міне, осыған орай редакциямызға оқырмандардан, ғалым маман, тарихшылардан ұсыныс пікірлер мен қолдау білдірген хаттар келіп түсуде. Бүгін солардың бірқатарын жариялап отырмыз.
Құндызай ЕРIМБЕТОВА, Мемлекет тарихы институты, тарих ғылымдарының кандидаты:
Өмірлік мәні бар тапсырма
Ұлт тарихы – ұлт мүддесі. Ендеше Елбасы ұсынып отырған – «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы халық санасын жаһандық ауқымдағы мәселелерді екшейтіндей дәрежеге жеткізу ғана емес, жеке адамның біліктілік бәсекесіне шыдас беретін өзіндік даму зердесі деңгейін қалыптастыру арманынан туындайды. 1995 жылы Президенттің тапсырмасымен жасалып, Президент жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің мақұлдаған «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» өз қызметін атқарды. Бұл тұжырымдаманың басты міндеті – тарих ғылымының басты мәселелерін және оны шешудің мүмкін бағыттарын белгілеу, тарихи білім мен ағартушылыққа реформа жасау жолдарын қарастыру еді. Осы уақыт аралығында гуманитарлық сала ғалымдары аз жұмыс атқарған жоқ. Әсіресе, жаңа ғылыми-зерттеу тақырыптарына байланысты жобалар, «қазақ» этнониміне, қазақ халқы этногенезіне, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына, көшпелі қоғам эволюциясына қатысты зерттеулер жүргізілді.
Ежелгі және орта ғасырлар тарихына мамандардың жеткіліксіздігіне қарамастан көңіл бөлінді. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша араб, парсы, қытай, орыс және т.б. тілдеріндегі деректер жинақталды. Бірақ табылған деректер негізінде кешенді саралау мен зерделеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Қазақ тарихының тарихи кезеңдерінің тұтастай объективті көрінісін айшықтау мен жұртшылыққа түсінікті қалыпқа түсіру жұмысы өз авторларын күтуде.Уақыт талабы – заманауи тарихи сананы жаңғыртуға қалың көпшіліктен бастап ғалымдарға дейінгі жұртшылық атсалысуы қажет екендігін ескертуде. Сондықтан да бұл өмірлік мәні бар тапсырманы әрбір отаншыл қазақ пен қазақстандық менің болашағым үшін қажет дегенде ғана жүзеге асыра алады. Бұл мәселеде кәсіби тарихшыларға жауапты жүк артылып отыр.
XX ғасырдың басында зиялылар тағдыр сынын қалай көтерсе, XXI ғасыр басында да жаһандық мәселелер ортасында қиындықты жеңіп шығатын, әлемдік тарихтағы Қазақ елінің орнын ойып көрсете алатын ойшыл ғалымдар ғана жаңа тарих сахнасынан көрінері хақ. Ал халық талай рет тарихтың толқынды дауылына шыдас беріп келеді. Үкімет басшысының атап өткен ұлттық тарихтағы шешілмей келген ауқымды міндеттерін шешуде ғылыми талдауларды жаңаша көзқараспен дүниеге әкелу үлкен жауапкершлікті талап етуде. Болашақта жүзеге асырылатын «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасын – Ұлы мақсат жолындағы ұйытқы деп қабылдауға болады. Ендеше, тарихтың шынайы бетін айқындауда дәйекті ой жинақтап, өзекті мәселелер түйінін түюде кәсіби ғалымдар қауымына нәтижелі шабыт тілейік.
Жамиға ТАҢАТАРОВА, Досмұхаметов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы:
Өткенді зерделемей, мықты мемлекет бола алмаймыз. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында Елбасының тапсырмасы бойынша «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасы жасалатынын атап өтті. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстанның тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы жүзеге асыруға жағдай жасау, қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттық жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру. «Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы», – деді Марат Тәжин.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы өз сөзінде мынадай мәселелерді көтерді. Біріншіден, Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға тиістігін. Екіншіден, біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиістігін. Үшіншіден, Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлу қажеттілігін. Сондықтанда біз тарихи артефактілердің (бұл қазіргі заман тарихына да қатысты) барлық негізгі шетелдік қоймаларын ұқыпты зерттеуге, сондай-ақ ол тарихи материалдарды Қазақстанға қайтару мүмкіндігі жөніндегі мәселені қарауға, егер ондай мүмкіндік болмаса – олардың көшірмесін жасатып, болашақта зерттеушілер мен жалпы жұртшылық үшін қолжетімді етуге баса назар аударды. Төртіншіден, сіздердің назарларыңызды орталықазиялық номадтық өркениетті зерттеудің маңыздылығына ерекше аударғым келеді, қазіргі таңда ол өркениеттің сақтаушысы қазақ этносы болып отыр. Қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауды тапсырды.
Бізге Орталық Азия өңірінің тарихы мен тұтастай алғанда жалпы тарих туралы өзіміздің, ұлттық пайым-түсінігімізді қалыптастыра бастау мәселесін қарастыру керектігін. Бесіншіден, тарих бойынша сапалы оқулықтар даярлау мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғандығын атап көрсетті.
Соңғы екі жыл бойы жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасын қысқарту немесе тіптен алып тастау туралы қозғалып жүрген пікірлер көпшілікті алаңдатқаны белгілі. Кеңейтілген отырыста Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруға байланысты шараларды айқындаған маңызды баяндамасы тарихшылар қауымын ғана емес, барша жұртшылықты алаңдатқан күдіктерді сейілтіп, оқытушылар мен ғалымдарға, жалпы қоғамтанушыларға жаңа серпін беріп отыр.
Қазақстан тарихын оқу жүйесінен қысқартуға болмайды. Біз мемлекеттіміздің одан әрі дамуы үшін ұлттық тарихымыз бен өткенімізді зерделемей оны жоғары оқу орындарында оқытпай, мықты мемлекетке айнала алмаймыз. Қазақ халқының кеңестік дәуірде тарихи танымы өзгеріске, тіпті дағдарысқа ұшырады. Ұлттық тарихты жасауды, ұлттық санамызды қалыптастыруды енді ғана қолға алдық. Ал осындай кезде білім жүйесінде Отан тарихын қысқарту – мемлекеттігімізге сын. Елі мен жерін сүйетін қазақстандық жастарды даярлаймыз десек, онда оқытуды жаңа сапалық дәрежеге көтеруіміз керек. Ол үшін ғалым мен оқытушы әдіскер бірлесе отырып әр жас деңгейіндегі балалардың ерекшеліктеріне сай оқулықтар жазуы қажет.
Қазіргі ЖОО оқытушыларының алдында тұрған басты міндет – егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Үшінші мыңжылдықтың басында ақпараттық кезеңге қадам бастық. Білім беру мемлекеттік стандартының тұжырымдамасында айқын көрсетілгендей, қоғамымыздың жаңа әлеуметтік тапсырысы, өз кезегінде оқу бағдарламаларын өзгертуді, оқытудың жаңа технологияларын енгізуді көздейді.
Ұлттық тарихты халық игілігіне айналдыруымыз қажет. Ол үшін жаңа әдістерді қолдану керек. Әсіресе, тарихтың ақтаңдақтарын терең зерттеу қажеттігі байқалып отыр. Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі және басты байлығы сол елді құраған халқы болып табылады. Ал сол халықтың алға қарай адымдап дамуында тарих ғылымының алар орны ерекше. Себебі тарих халықтың өзін-өзі тануына жәрдемдесіп, ұлттық намыс, ел бірлігі және мемлекеттік мүдде деген ұғымдарды қастерлеуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға үйретеді. Ұлттың шынайы тарихы ұлттық идеологияның қалыптасуының да негізгі қайнар көзін құрайды. Сондықтан тарихи білім беруге үздіксіз көңіл бөлінуі қажет.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке жеткеніне жиырма екі жылға жуықтады. Осы мерзім ішінде саяси, экономикалық, қоғамдық өмірде және әлеуметтік салада күрделі өзгерістер орын алуда, қазақстандықтардың өмірінде алға басушылықтар байқалып, өтпелі кезеңнің көптеген келеңсіз құбылыстары артта қалуда. Халқымыздың осы бостандығының беріктігі, еліміздің саяси дербестігі, оның экономикалық дамуы және әлеуметтік өркендеуімен тікелей байланысты.
Алмас ӘБСАДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы:
АЛҚАЛЫ ЖИЫННАН КЕЙІН ТУЫНДАҒАН САУАЛ
– Бұл елдік мәселені көтерген алқалы отырыс болды. Бас баяндамашы мемлекеттік хатшы Марат Тәжин қазақ тарихы ғылымының келелі мәселелерін көтерді. Қауіпті тенденцияға айналып бара жатқан көріністер айтылды. Сондай-ақ дерексіз (первоисточник), құжатсыз, тарих жазушылардың қатары көбейгендігі де аталып өтті.
Биыл атақты хан Абылайдың 300 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Дайындық жұмыстары басталып, түрлі іс-шаралар, ғылыми конференциялар өткізіліп жатыр. Абылайтану қайта бір жандана түскендей. Дегенмен де әлі де айқындала түсетін тұстар баршылық. Осы орайда, «Айқын» газеті арқылы Абылай тарихындағы кейбір мәселелерді жұртшылыққа нақты сауал қою арқылы айқындап алғанды жөн санап отырмыз. Мұндай бастаманың түренін алғаш салғандар – ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш зиялылары еді. Мысалы, Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінің бетінде Шәкәрімнің «Қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» туралы мақала жазып, оқырмандардан «Алашы» деген сөздің қалмақ тіліндегі мағынасын сұрастырады. Оған сол газеттің бетінде Халел Досмұхамедұлы жауап ретінде «Алашы» сөзінің қалмақ арасындағы мағынасы туралы мақала жазады.
Осы дәстүрге және мемлекеттік хатшы Марат Тәжин қатысқан алқалы жиында қазақ тарихына қатысты көтерілген мәселелерге сүйене отырып, тарихшы ғалымдарға, сондай-ақ қазақ тарихының білгірлеріне, оқымыстыларға мынадай нақты сауалды тастағым келеді: «Абылайдың шын есімі Әбілмансұр деп айтылып та, жазылып та жүр. Осы есім ХVІІІ ғасырдағы Ресей, Қытай, Орта Азия хандықтарының жазба деректерінде кездесе ме? Кездессе, қандай құжат, кім жазып алған, қай жерде сақталған?»
Кісі сауалды нақтылау, шындыққа көз жеткізу, күмәннан арылу мақсатында қояды. Жасыратыны жоқ, өз басым атақты ханның есімі «Әбілмансұр» деп көрсетілген Абылай заманындағы құжатты кездестірмедім. Сондықтан күмәнданамын. Ал көкейімдегі сұрақтар мыналар:
1. ХVІІІ ғасырдағы Ресей және Қытай, Орта Азия хандықтарының деректері (Абылай хан бұл елдермен тығыз қарым-қатынас орнатқан еді) қазақ тарихшылары тарапынан біршама сүзілді, бірақ Абылайдың «Әбілмансұр» есімі неге осы уақытқа дейін кездеспей жатыр?
2. Абылайдың тікелей ұрпағы Шоқан Уәлиханов зерттеулерінде неге «Әбілмансұр» есімі аталмайды?
3. Абылайдың хандық мөріне неге «Әбілмансұр» деп таңбаланбаған?
4. Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне (мұсылмандық тәртіп қатаң орныққан жер) жерленген Абылай хан құлпытасында Әбілмансұр есімі неге жазылмаған? (Жалпақ жұрт Абай деп таныған ұлы ақынның көктасына Ибраһим деген шын есімі, қазақ-орыс Шоқан деп таныған атақты ғалымның көктасына Мұхаммед-Қанапия есімінің жазылғандығын еске түсіріңіз).
Күмәнды тарқатар құжат болса, қазақ тарихы тағы бір құнды жазба дерек көзімен толықтырылар еді. Ендеше, орта кеңейсін, тарих толсын!