Себебі, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін барлық ғылым салалары сияқты тарих ғылымы да орталықтың басқаруы мен бақылауында болды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев XXI ғасырдың білім мен ғылым ғасыры болатындығын үнемі қайталайды. Бұл — жаңа заманның талабы. Соңғы 20 жылда білім мен ғылым саласында терең, түпкілікті әрі заманауи реформалар жүзеге асырылуда. Отандық тарихнамадағы ізденістер мен зерттеулердің мазмұны түбегейлі өзгерді. Қазақстан тарихына жаңаша көзқарас өзгеріп, оны оқытудың әдістемесі де бірізділікке түсті. Дегенмен, жаңа тарихи көзқарастар бойынша жас ұрпақты отансүйгіштік қасиетке тәрбиелеу мен азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған шаралар әлі де жеткіліксіз. Бүгінгі таңда оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту мемлекеттік саясаттың ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Осы өзекті тақырыпқа байланысты Мемлекет тарихы институтының Мәжіліс залында «Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел жиыны өткізілді.
Басқосу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларды орындау жөніндегі жұмыс тобының қорытындысын талқылауға арналды.
Жиынға, ғалым-тарихшылар, ЖОО оқытушылары мен колледж және мектеп мұғалімдері, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат мекемесінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Өз кезегінде сөз алған Институт директоры, т.ғ.д., профессор Б.Ғ. Аяған қазіргі тарихты зерттеудегі өзекті әдістемелік мәселелерге тоқталды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында отандық тарихты объективті зерттеу үшін барлық мүмкіндіктердің жасалып отырғандығын баса айтты. Отандық тарихты оқытуда қазіргі заманның білім талаптарына сай туындайтын проблемалар, атап айтқанда қазіргі Қазақстан тарихын оқыту мен зерттеудің тұжырымдамасын жасау; оқулықтарда патриотизм мәселелеріне баса назар аудару; жалпы орта, кәсіптік және жоғары оқу орындарына арналған типтік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жаңарту; жаңа оқулықтар мен оқу құралдарын шығару және оған бұрынғы оқулықтардың авторларын тарту мәселесі; тарих оқулықтарын жазудың ерекшеліктерін ескеру; тарих оқулықтары бойынша тұрақты сараптамалық комиссия құру; қазіргі Қазақстан тарихынан балама оқулықтар дайындау керектігін атап өтті.
Мемлекет тарихы институтының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Ж. Қыдыралина тарихи білімді насихаттауда қазіргі кезде қолданып жүрген әдістер мен құралдарды айта келіп, соның ішінде Батыс ғылымында пайда болған жаңа әдістемелерді кеңірек пайдалану керектігіне назар аударды. Баяндамашы институт ғалымдары «Ғылыми қазына» бағдарламасы аясында «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен бірқатар ғылыми жобаларды және 4 бірдей Тарих институты бірігіп, онда жаңа әдіспен он томдық «Отан тарихы» атты кітаптардың дайындалып жатқанын атап өтті.
Бұдан әрі сөз алған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, ф.ғ.к., профессор К.Ысқақова қазіргі Қазақстан тарихын ЖОО оқытуда қазіргі уақытқа дейін жауабын таба алмай келе жатқан тың ой-пікірлерімен бөлісті.
№59 мектеп лицейі тарих пәнінің мұғалімі Ө.Р. Шнанов: «Оқулық мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмей, оқушының тақырыпты толық меңгеруіне қиындық тудырады», — деді. Оқулықтарда тарихи оқиғалар, саяси қайраткерлер мен тұлғаларға қатысты оқушыларды шынымен мезі ететін жалаң мәліметтердің бар екені анық. Мәселен, Бұланты мен Аңырақай шайқасына және Тәуке ханның билік құрған жылдарына қатысты даталар әр кітапта әртүрлі айтылады. Сонымен бірге, оқулыққа берілетін тұлғалардың суреттері мен оқулықтың көркемдік безендірілуі сын көтермейді,– деген ойды білдірді.
Жиынға қатысып отырған тарихшы мұғалімдер тарапынан оқулықтың тілі жеңіл, мәліметтері дәйекті, дәлел сөздермен берілсе, маңызы бар тарихи даталар нақты ғылыми дерек табылғанға дейін белгілі бір датаға белгіленсе және электрондық оқулықтар жасалса деген ұсыныстар айтылды.
Жиын аясында қазіргі Қазақстан тарихы бойынша кітапханаларда қолданылатын оқулық мәселесі, ғылымда жүрген кәсіби тарихшыларымыздың мұрағат құжаттарын пайдалануы, ЖОО мен мемлекеттік мекемелермен өзара ынтымақтастық байланыс орнату мәселелері талқыланды. Осы аталған мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының пайдаланушыларға қызмет көрсету орталығының жетекшісі Ә.М. Қожабекова, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының Ұлттық мұрағат қорын пайдалану қызметінің жетекшісі Б.Т. Имансерікова әңгіме қозғады.
Жиынға қатысушылар Қазақстан тарихын зерттеу мен оқыту мәселелерін ғылыми жұртшылық арасында кеңінен талқылай отыра, көзделген шараларды жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізу қажет деген қорытындыға келді.
Айтбала ӘБЕНОВА,
Мемлекет тарихы институтының қызметкері.