Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Дүбірлі дүниені» оқығанда

1329
«Дүбірлі дүниені» оқығанда - e-history.kz
Дипломат, қаламгер Мұхтар Ахатұлы Кәрібайдың «Дүбірлі дүние» атты кітабы қолымызға тиді

Сюжет желісі біртұтас көркем шығармалардай емес, алуан тақырыптардағы, көбінесе нақты оқиғалар мен белгілі шығармаларға байланысты жазылған, ұғымға жеңіл шағын көлемді мақалалар болған себепті де оқуға қолайлы болды. Кітап туралы түйгенімізді төменде қысқаша шолу ретінде жазып өтуді жөн көрдік.

Автордың бірінші бөлімді «Дүбірлі дүние» атауы тегіннен тегін болмаса керек. Дипломат қаламгер өз дәуірінің дүбірлі кезеңдерін, оның ішінде еліміздің тарихына елеулі оқиғаларын қағаз бетінде қалдыра отырып, оқырманды ойландыруға, өткеннен сабақ алуға, тәжірибе байытуға жетелейді.

«Әлемге есік ашқан Астана» атты мақаланы оқыған кезде Қазақстанның елордасы Астана қаласының халықаралық деңгейдегі бейнесінің қалыптасу тарихын, осы жолдағы Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған ел ағаларының қажырлы еңбегін сезінгендей, қарқынды құрылыстың барысын көз алдымыздан өткізгендей боламыз.

«Елдіктің бесігі – Елорда» мақаласына Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасып, даму жолы өзек болған. Қазақ халқы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті жарғысынан» бері қарай желі тартқан конституциялық дәстүрлі халық екендігі, Ресей патшалығы мен Кеңес Одағы тұсындағы парламентаризм тарихындағы ұлт зиялыларының ықпал-әсері т.б. көптеген жағдайлар шағын мақала көлемінде айтылып өтеді. Әрине, індете тарқатып жазар болса, мұндағы әр сөйлемнің ар жағында қатпар-қатпар тарих жатқаны анық.

Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың, Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі ретінде өзінің бастамашылдығымен танылып келе жатқан мемлекет. Солардың бірі ядролық қарудан бас тарту, таратпау сияқты аса маңызды істерге байланысты іс-шараларды жас мемлекетіміздің билігіндегі шыңдалған кадрлар Елбасының тікелей басшылығымен сан мәрте атқарып, үлкен мінберлерден күллі әлемге тыңдата білгені белгілі. Қарымды қайраткер, сарабдал саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәмілегерлік тұлғасын «Ұлттар ұйымы – адамзаттың үміті мен сенімі» және «Женевадан Дохаға дейін», «Дипломатиялық асулар», «Азамат.Тұлға.Ұстаз» қатарлы цикльді мақалалардан қапысыз танығандай боламыз. Асығыс келе жатып қолындағы қағаздарын шашып алған жас дипломаттың жанынан өтіп бара жатып, қағаздарын жинауға көмектесіп жатқан Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Құжаттарға абай болу керек», - деген байыппен айтқан сөзінде қаншама мән жатыр десеңізші! Автор кейіпкердің мінез-қалпын, өмірлік тәжірибе-ұстанымын ашып көрсетер мұндай штрихтарды қалт жібермейді.

Мұхтар Кәрібай

Мұнайға бай болса да мұңы көп Ирак жерінде қазақстандық жауынгерлер де БҰҰ Қарары негізінде бітімгерлік миссиясын атқарғаны белгілі. Осы миссияға қатысты өзекті ойларды «Бітімгерлік миссия мұраты» атты мақаладан оқыды. Расымен де отты нүктелерде бітімгерлік жасаудың мәні мен маңызына көз жүгірткен ләзім.

Дипломаттың жазбаларынан күні кеше ғана әлемде, Қазақстанда болып өткен маңызды оқиғалардың дүбірін сезінеміз. «Солтүстік Корея бомба жарды, Оңтүстік Корея Бас Хатшы сайлады», «Шанхай ұйымы ширығып келеді»... Тақырыбының өзі айтып тұрғандай, алып құрылық Азияның сауырындағы саяси-экономикалық ахуалдарды дипломат сезімталдықпен сараптай білген.

«Дүние тынысы» атты топтама мақалаларда қазіргі күні әлемнің мамыражай тыныштығына қауіп төндіруші діни фанатизм, лаңкестік, есірткі тасымалы және т.б. кесептаттардың алдын алу және Қазақстанның осы мақсаттағы ұстанымдары мен әрекеттері бағытын танимыз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дүниежүзі бойынша кеңінен қолдау тапқан тың бастамасы – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің маңызы мен перспективасын «Азия қауіпсіздігі» атты мақаладан көреміз. Сондай-ақ, «Ядролық қару және жаһандық қауіпсіздік», «Жолдаудың жаңғырығы» мақалалары да Елбасының ғаламдық тажал қару – ядролық бомбаларды сынайтын жарылыстарды тоқтату, Қазақстанның әлемдік экономикалық ықпалдастыққа кірігуі жолындағы қажырлы еңбегін танытады.

Автордың кітабы тек саяси-дипломатиялық стильдегі баяндаулардан, сан-деректерден ғана тұрмайды. Онда өзі куә болған елдердің географиялық, тұрмыс-салттық, экономикалық-әлеуметтік бет-бейнесі бар. «Миллиардтар елінде минуттар санаулы», «Саясат әлеміндегі әйелдер» т.б. мақаланы оқығанда осындай ойға келетініңіз анық.

Араб әлеміндегі ыстық нүктелердің бірі – Иемен. Осы бір мазасыз мемлекеттің тарихындағы аумалы-төкпелі кезеңдерде қызмет еткен тәжірибелі дипломат Самат Сіләмбекұлы Сүндетбаевтың өмір жолы арқау болған «Қазақ дипломатының ерлігі» атты тілі шұрайлы, тартымды мақала танымдық, өнегелік тұрғыда маңызды.

«Тарихтан тыс қалмау» атты мақаласында автор қоғамды жайлаған індет – жемқорлық, өзімшілдік туралы тереңнен толғана отырып, терең суреткер жазушыларымыз Асқар Алтайдың «Көзжендет», Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» туындыларында айтылар ойды меңзейді. Жаңашылдық, жаңғыру, демократиялық құндылықтарды санаға молынан сіңіру – жетістік кілті деген ой айтады. «Демократия – саулау ғана емес, таңдау» атты мақала да осы ойды кеңейте түскен. Сайлау мәдениетін қалыптастыру – қоғам дамуының басты критерийлерінің бірі деген ой айтады, көсемсөзші.

«Алтын діңгек» атты екінші бөлімде руханитымыздың алтын діңгегі болған асқақ тұлғаларымыз бен, өлмес туындыларымыз жайындағы терең танымдық, тағылымды талдаулар мен зерттеулер қамтылған.

М.Әуезов – қазақ халқының, руханиятының бағына ғайыптан тайып тірі қалған өлшеусіз олжа. Осы аман қалуға негіз болған – 1932 жылы 10 маусымда жазған ашық хаты болатын. Автор осы мақаланы жазу кезіндегі қазақ даласындағы саяси-әлеуметтік жағдай, әдеби ахуалдарды терең талдай келеді де, «өзіне тағылған айып сөздерді тырнақшаға алып жазуынан-ақ оларды Әуезовтың  өзі толық мойындамайтыны анық көрінеді», -деп тұжырымдайды, «М.Әуезовтың ашық хаты» атты талдау мақаласында. Мақала оқырманға үлкен ой салары анық. Мұхтар Ахатұлы «Әуезовтың қоғамдық саяси оқиғаларға қатысын тарихи фактілер мен шығармашылығына қатысты байланыстыра отырып, цикльді мақалалар жағанын көреміз. Солардың бірі – «Қараш-Қараш оқиғасы» және қоғам» деп аталады. Мақаланың жазылу концепциясына байыпты талдау жасап, тұжырымдайды: «Осындай адал азаматты бүкіл әулетімен қоса құрбан етіп, Жарасбайларды ойыншық қылып отырған зұлымдық ұясы алыста, сонау империя ордасынан тарайтын алапат, жаһандық ауқымдағы тала-тартыс, бақталастық пен ашкөздіктен туындап жатқанын Бақтығұл, әрине, білген жоқ», - дейді автор. Кешегі дәуірде таптық тұрғыдан талдайтын таптаурыннан мүлде бөлек бұл тұжырымға әбден келісеміз. «Қорғансыздың күні» - көмескіленбеген қасірет» атты мақаласын ұлы шығарма деп атай отырып, автор қорғансыз кәрі әже, соқыр ана, өрімдей қыз үштігін сол замандағы (Патшалық Ресей мен Кеңестік) көкпарға түскен ҰЛТ, ӘЛЕУМЕТ, ХАЛЫҚ тағдырымен өре сипаттаған нышан деген ой айтады. Бұл мақала қаламгердің шығарманы жан-жақты, терең талдай білу әлеуетін молынан ашқан еңбек екенін атап өткен жөн.

«Елдің ары, жоқшысы» мақаласына қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан қаламгер Ілияс Омаровтың ізгі бейнесі арқау болыпты. Талантты ғалым, әдебиет сыншысы, аудармашы Сайфулла Құспановтың шығармашылық ғұмыры туралы біз «Оралу» атты шағын мақаладан танып білеміз.

«Неге біз осы..» атты сыни мақаласында классик жазушы Оралхан Бөкей концепциясын жақсы ашып кеөрсетеді. Ұлт тағдырының бүгіні мен келешегін Таған мен Еріктің тартысы арқылы бейнелеген жазушының шеберлігінің өзгеше қырларын лупамен қарағандай көз алдыңа әкеледі, туындыны қайта оқып шығуға жетелейді. «От ойлы Оралханды» да осы сарында жазылған тың дүние деуге болады. Осы бөлімде жинақталған өзге шағын мақалалардың әрбірінің айтар ойы анық, әлеуметке ой салар, жинақы дүниелер.

Мұхтар Ахатұлының дипломаттық, қаламгерлік сан салалы кәсіби, шығармашылық іс-әрекетінің бір парасы – әлемдік көркем классикадан аударма жасау екенін оның кітап соңындағы екі тәржіма еңбегінен танығандаймыз. Француздың әйгілі жазушысы Альбер Камюдің «Неміс досыма хат» атты танымал туындысын құнарлы тілмен, қазақ оқырманының таным-түсінігіне сай сәтті аудара білген.

Дипломат – тұтастай бір елдің сенімін, ауыр жүгін арқалаған аса жауапты тұлға. Елдің сырт елдегі айнасы. Арпалысқан дүбірлі дүниені сыртта жүріп бағамдайтын, елдің ішкі жанына сырттағы елмен салғастыра отырып баға беріп, тың қорытынды жасайтын сергек сана иесі. «Дүбірлі дүниенің» авторы Мұхтар Ахатұлының сергек ой, сезгір жүректен туындаған еңбегіне жылы лебіз білдіре отырып, алдағы алар асулары биік, қалам тербер сапары ұзақ та, сәтті болсын демекпіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?