Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қытай Шыңжаңды қайтарғысы келеді

2296
Қытай Шыңжаңды қайтарғысы келеді - e-history.kz
1864 жылы Сыздық төренің Цин гарнизонына қарсы өте сәтті операциясынан кейін күллі Шыңжаң көтеріліп, Шығыс Түркістан Қытай қармағынан шығып кетті

6 жылдың ішінде Сыздық сұлтан қоқандық әріптесі, стратег Жақып-бек әмірмен тізе қосып, өз-өздеріне бек болған тәуелсіз хандықтарды жойып, баршасын біріктіріп Иетишаар мемлекетін тұрғызды. Қазақшаласақ, Жеті шаһар деген мағына береді.

Сол заман үшін, Жақып-бектің армиясы тәртібі темірдей, жақсы қаруланған әскер еді. Бірақ, 1870 жылдарға қарай Мәнжүр билігі Ішкі Қытайдағы көптеген бүлік ошақтарын талқандап, енді уыстан шығып кеткен Шыңжаңға көз аларта бастады. Жақып-бектің қолында 45 мыңдық армия, оны талантты қолбасшы Сыздық төре басқарып тұр. Үрейге себеп те жоқ сияқты. Бірақ, көптің аты көп емес пе?!

Сыздық төре Үндістанға бара жатыр

Әйтеуір бір күні құмырсқадай қаптаған қытай әскері Шығыс Түркістанға лап қоярын Жақып-бек жақсы білді. Миллионға жалғыс қарсы тұра алмайсың. Әмірші, қолбасшылық қабілетімен бірге дипломатиялық өнерге де жетік Сыздық төрені өзіне шақыртып, ұзақ ақылдасты. Сөйтіп, 50 адамнан тұратын елшілер тобын Сыздық сұлтанға бастатып, әуелі Үндістандағы ағылшындарға, сосын Стамбұл барып, Осман падишасымен келісуге жұмсады. Мақсат – Қытайға қарсы қару-жарақпен көмек берсе, соғыс тәсілін үйрететін офицерлер қосынын жіберсе, мүмкін болса, зауыт-фабриканың аппараттарын, инструкторларды қоса берсе...Һәм ең бастысы Жетішаар мемлекетін тәуелсіз ел деп таныса.

Үндістанға жеткен Сыздық төрені ағылшын губернаторы өте жақсы қарсы алды. Британияның мұншама жылышырай танытуындағы бар сыры – Жетішаар мемлекеті арқылы Қытайды әлсірету еді. Ағылшындар Жақып-бектің армиясын күшейтсе, сөйтіп көтерілісшілер Цин империясының армиясын Шыңжаңда тас-талқан етіп жеңсе... Дәл осы сәтте Ұлы Британия десант түсіріп, Қытайдың теңіз жағасындағы шаһарларын жаулап алмақты ойға алды. Бұл – бір. Екінші жағынан, Жетішааардың күшеюі – Орта Азиядағы түрік-мұсылман ұлттарының сепаратистік пиғылын оятады. Сөйтіп Ресейді де әлсіретуге болады деп сенді. Не керек, 1868 жылы ағылшындар Сыздық төреге 52 түйеге артып, винтовка берді. Ағылшынның алтыатар мылтықтарын Құлжаға әкеп төгіп бола салысымен Сыздық төре Стамбұлға жүріп кетті. Осман Сұлтанының жеке қабылдауында болып, оны күллі мұсылманның халифі, ал Шығыс Түркістанды халифаттың қамқорындағы мекен деп мойындады. Тиісінше, осман сұлтаны Жақып-бекке «әмір» деген атақ беріп, империядағы ең мықты деген 17 түрік офицерді инструктор ретінде Шыңжаңға жұмсайды.

Сыздық төренің әккілігі арқасында Британ үкіметі Шыңжаңға ағылшынның үздік он шақты әскери маманын, экономисті де ерте келіп еді. 1875 жылғы орыс тыңшыларының дерегіне сенсек, осы уаққа дейін ортағасырлық қарумен жарақтанып келген Жақып-бектің армиясы әп-сәтте су жаңа винтовкалармен қаруларын, жаңаша соғысудың тәсілдерін меңгеріп алған. Ағылшын және түрік мамандарының көмегімен, Құлжа, Үрімжі шаһарларында винтовка, зеңбірек шығаратын шеберханалар пайда бола бастады.

1876 жылы Шыңжаңда саудагер кейпінде барған капитан Алексей Куропаткин Сыздық төреге тікелей бағынатын «қызыл сарбаздар» (таңдаулы әскер, қазіргі тілде «арнайы жасақ» секілді) қолында америкалық спенсер винтовкасы мен Кольттің револьвер тапаншалары бар екенін жазады. Куропаткиннің сөзінше, Сыздық төре ерлік көрсеткен әр сарбазға хадия ретінде револьвер-тапанша табыстайтын болған.

Жап-жақсы қаруланған «Бақ-Дәулеттің» армиясы күллі Шыңжаңды уыста ұстап тұруға мүмкіндік берді. Бірақ, дәл осы қуатты армия – Жетішаар жұртының ашу-ызасына да себепкер болды. Өйткені Жақып-бектің әкімшілігі, армиядағы негізгі басшылық қызметтерді жергілікті қалың ұйғыр емес, өзбек, қазақ жігіттері ұстап отырды. Одан бөлек, жас жігіттерді күштеп әскерге алу, қарапайым шаруаға ауыр салықтар салу – халықтың ығырын шығарды.

Сыздық төренің «сарбаздары», 1873 жылғы ағылшын фотографиясы

Бір сөзбен айтқанда, Жақып-бектің мемлекетінде ішкі ахуал күн санап, құлдырай бастады. Жергілікті жұрт келімсек қытайды жек көрді, қытайдан да ары өзбек-тәжік-қазақтың сарбаздарын да ұнатпайтын еді. Әлгі орыс тыңшысы Куропаткин: «Жақып-бектің армиясы Қытай әскерінен қарағанда өте жақсы қаруланған. Бірақ, рухы күн санап, сынып барады. Жергілікті жұрт Жақып-бектің армиясына бармауға тырысады» деген дерек қалдырыпты. Дәл осы кезде Цин империясы ішкі Қытайдағы бүлік-бұлғақтың баршасын талқандап, Шыңжаңға қарай жорыққа шықты.

Стратегиялық маңызды мекен үшін соғыс

Шығыс Түркістанға жету – Қытай үшін Тынық мұхитты кешіп, Австралияға жетуден де қиын сапар. Неге? Себебі, Қытай мен Шыңжаң арасында 400 шақырымдық құм жатыр. Иә, ұйғырдың ең шеткі Баркөл, Құмыл қаласымен Қытайдың Ганьсу шаһарының арасында 400 шақырымдық Такла-Макан шөлі жатыр.

Бір сәтте Ганьсудан Шыңжаңға тек 700-800 адаммен жете аласың. Үлкен армия 400 шақырымдық құмды кешіп өте алмайды, себебі жолай 3-ақ құдық бар, су жетпей, қаталап өледі. Цин империясы әуелі Шығыс Түркістанға ең жақын нүкте – осы Құмыл, Баркөлге аз-аздап әскер жіберіп, әбден күш толыққанда, қалың қолмен Жетішаарға лап қоюды ойластырды. Ал егер бұл шаһарларды Жақып-бек басып алар болса, Шығыс Түркістанға Қытайдың тісі батпас еді. Әлгінде айттық. Қалың қолмен 400 шақырым құмды кешіп өту мүмкін емес. Ал, кішігірім топпен өте бастасаң, Жақыпбектің армиясы біртіндеп талқандап отырады.

Орыстың атақты саяхатшысы және әскер тыңшысы Николай Михайлович Пржевальский Баркөл, Құмыл аймағында талай болып, ол аумақ туралы мынадай ой айтыпты:

«По своему положению Хамийский оазис весьма важен как в военном, так и в торговом отношениях. Через него пролегает главный и единственный путь сообщения из Западного Китая в Восточный Туркестан и Джунгарию. Других путей в этом направлении нет и быть не может, так как пустыня пересекается проложенною дорогою в самом узком месте на протяжении 380 верст, да и здесь путь весьма труден по совершенному почти бесплодию местности. Справа же и слева от него расстилаются самые дикие части Гоби…

Таким образом, Хами составляет с востока, т.е. со стороны Китая, ключ ко всему Восточному Туркестану и землям притяньшаньским. Раз этот пункт будет занят неприятелем – вся китайская армия, находящаяся к западу, будет отрезана от источников своего снабжения, т.е. от собственно Китая…

Трудно сказать, почему притяньшаньские мусульмане, освободившись в начале шестидесятых годов от китайского владычества, не поняли всей важности стратегического значения Хамийского оазиса и не напрягли все свои силы, чтобы утвердиться в нем, как не сделал этого и умный Якуб-бек кашгарский, тем более, что из Турфана ему было уже недалеко до Хами. А между тем, доколе описываемый оазис находился бы в руках инсургентов, дотоле китайцы ничего не могли б им сделать, несмотря на свое численное превосходство».

1876-1880 жылдары Н. М. Пржевальскийдің құрастырған картасы. Бұл картада Ішкі Қытайдан Шыңжаңға жеткізетін шөлдаладағы жалғыз аяқ жол тәптіштеп көрсетілген.

Атақты саяхатшы Пржевальский «Жақып-бек Қытайдың қалың армиясын Шыңжаңға алып келер жалғыз аяқ жолда жатқан мықты бекіністер – Баркөл мен Құмылды неге жаулап алмады?» деп таңғалады ғой. 

Негізі, Қашғарда көтеріліс бұрқ еткен сәтте-ақ жергілікті мұсылман жұрты Қытайдың жолында жатқан екі қаланы өздеріне қаратуға тырысып еді. Қытай үкіметі де тыныш жатпады. Шыңжаңдағы соңғы тұяқ тірер қамалдарына баруға асықты. Бірақ, сол «плацдармға» алып баратын Ганьсу, Шанеьси аудандарында дүнгендер көтеріліп, быт-шыт боп жатқан. Тізеден қан кеше жүріп, 10 мың шеріктің тек мыңға таяуы ғана әлгі Баркөл, Құмылға жетіп еді. Бұл кез 1864 жылдың күзі болатын.

Жергілікті ұйғырлар қаланы 1 жыл бойы қоршауға алып, үнемі шабуылдаумен болады. Бірақ, барлық шабуыл нәтиже бермей, сәтсіз аяқталады.  Болмаған соң, ел-жұрт Үрімшіні тыныштандырып, сұлтандық құрып отырған Сыздық төреден көмек сұрайды. Қазақ сұлтаны «қытай толы» қамалды келіп қоршайды. Орыс тыңшылары, Сыздық төре, Құмылды шабу барысында әкесі Хан Кененің «тактикасын» қолданды дейді. Яғни, таң алагеуімде шабуыл бастаған. Ол кезде таңғы салқыннан шық тұрып, оқ-дәрі суланып-намданып, зеңбірек оталмай қалады екен. Бірақ, таңғы шық – капсульді мылтықтарға еш зияны жоқ. Қытай солдаттарының қорған төбесінен жаңбырша боратқан мылтық оқтарынан қорғану үшін Сыздық төре әскерге баялдыр, жыңғыл секілді майысқақ, бірақ берік бұталардан қалқан тоқып, соны қалқалап баруды бұйырады. Винтовкалардың оғы осы батысқан, шиеленісе тоқылған қалқандарға тіреліп қалады екен. Не керек, 3 сағатқа созылған шайқаста қазақ-ұйғыр қолы бар-жоғы 18 сарбазды шығын етіп, Комулды құлатады. Қырғыннан қашқан қытайлар құм ішіндегі Баркөлге барып тығылады. Бұл Қытайдың Шыңжаңдағы соңғы бастионы еді.

Такла-Макан шөлінде жатқан, Шығыс Түркістанның қақпа қаласы – Құмыл. 1875 жылғы фотосурет

Сыздық төре қашқан қытайларды қуалап отырып, Баркөлді келіп қоршайды. Қала сыртында қазақ жігіттері қоршаудағы бауырларына ұмтылған 5 мыңдық цин корпусын талқандап тастайды. Төре бірден жігіттерін құм ішіндегі құдықтарды күзетуге жұмсап жіберіп, өзі жергілікті тараншы жұртымен қалаға шабуылды бастайды. Қандай айла-тәсілді жасағанмен, қамаудағы қытайлар берілмейді, жан аямай соғысады. Осы кезде Сыздық төрені Жақып-бек әмір өзіне шақырып, бірлесіп жаңа тәуелсіз ел тұрғызуға көмектесуін өтінеді. Қазақ сұлтаны бұл ұсынысты құп алып, Жақып-бектің жанында 2 жылдай болып, шашауы шыққан Шығыс Түркістанды бір мемлекет етіп біріктіреді. Содан кейін ғана яғни 1867 жылы Баркөлді келіп қоршап, бекіністі құлатады. Сосын... Сосын Үндістанға, Осман империясына елші болып кеткен еді. Осы кезде цин әскері Құмыл және Баркөл шаһарларын өзіне қаратып үлгеріпті.

Саяси саяхаттан келе сала Сыздық төре «плацдарм» қалаларды кері қайтаруға әміршіні үгіттеумен болады. Қош, қолбасшының айтқан уәждерін құп алып, Жақып-бек 10 мың әскермен 1872 жылы Құмыл мен Баркөлді қоршауға алады. Былай қарасаң, қос бекіністі қайтарып алуға жетішаарлықтардың шамасы да, күші де жететін. Тек қытайдың азғыруға түсіп қап, үлкен шабуылды кешеуілдете береді.

Бейжің реваншқа дайындалуда

Ағылшындарға, түріктерге елші жіберген Жетішаар қожайыны әу бастағы қожайын Бейжіңді де ұмытпайды. Жақып-бек Цин армиясын 3-4 соғыста жеңгесін, «Бейжің мені Шыңжаңның әміршісі деп амалсыз бекітеді. Ол үшін өзімді вассалмын деп мойындасам болды» деген дәмеде жүрді. Расымен, 1870 жылдары Бейжіңде Шыңжаң мәселесіне қатысты үлкен пікірталас жүріп жатқан. Билік басындағы біраз шенеунік алыстағы қымбат әрі күрделі соғысқа қарсы шықты. Мысалға, Чжили провинциясының әкімі Ли Хунчжан;  «Жақып-бек бізге формальді түрсе бағынса, жылына екі рет алым-салық жіберіп тұрса, жетеді» дегенді баса айтты. Жеңіспен аяқталуы күмәнді соғысқа соншама шығынға батқаннан гөрі сол ақшаға елдің теңіз жағасындағы қала-бекіністерді мықтайық. Шыңжаңды қайтару соғысына ақша жұмсағанша, Еуропадан бумен жүретін темір кемелер алайық деп кесіп айтты. Бірақ, жеме-жемге келгенде, бұл позицияға қарама-қарсы пікірдегі партия ұтып кетті. Императордың туысы боп келетін Чунь кінәз «егер Шыңжаңды қайтармасақ, Қытай ерні жұлынған ит сияқты, тұмсығы адырайып қалады» деген аргумент келтіріп, дебатта жеңіп шығады.

Чунь ханзада (1840–1891),  XIX ғасырдың суреті

Алыстағы Шығыс Түркістанды Қытайға қайта қарату үшін Цин империясы Цзо Цзунтан дейтін қолбасшыны жұмсады. Ол 1866 жылы тайпин бүлікшілерін тас-талқан етіп жеңеді де, алғыс ретінде Шыңжаңға шекаралас Шаньси және Ганьсу провинцияларына әкім ретінде тағайындалады. Бейжіңдегілер «бұлғақты басуда бұдан асқан тәжірибелі адам жоқ, одан қалды өзі де Шығыс Түркістанға жақын отыр. Барсын» деп бір-ақ шешкен.

1875 жылы жорыққа шығардың алдында Цзо Цзунтан ресми түрде «дубань Синьцзян цзюньу» дейтін мәртебе алады. Қазақшаласақ:  «Шыңжаңдағы әскери істер бойынша императордың арнаулы комиссары» деген мағынаға келеді. Не керек, сол «комиссар» Цзо: « Өте көп әскерсіз және аяусыз қырып-жоймай, мұсылмандардың көтерілісін баса алмаймыз» деп Бейжіңге хат жөнелтеді. Арғы жақтан көп көлемде ақша және не істесең де өзің біл деген рұқсат келеді. Сонымен 70 мың солдатты ертіп, Цзо Цзунтан Қашғарға қарай жүріп кетті. Бір қызығы,  Шыңжағы жорығына қатысқан әскерге өте үлкен айлық төленген екен. Мысалға, ішкі Қытайда әскери қызметте жүрген гвардия сарбазы ай сайын 4 лян күміс алса, ал Цзо Цзунтанның қарапайым солдаты 7 күміс лян алған. Қазіргі теңгемен есептесек, 180 мың теңгеге пара-пар. Бұл сол кездегі солдат үшін сұмдық көп ақша.

Жорық кезінде Цзо Цзунтан әскерінің санын 95 мыңға бір-ақ көтерді. Орыс агенттерінің мәліметінше, жазалаушы әскердің 60%-ында еуропалық винтовка болған. Ал кавалеристер алтыатар спенсер карабин ұстаған.  

Цзо Цзунтанның әскері Ганьсу арқылы Шыңжаңға жорыққа шықты. 1875 жылғы фотосурет

Цзо Цзунтан армиясында 570 зеңбірек болды. Бұл артилериялық қарудың ішінде, заманауи құрылғылардың қарасы да көп болды. Енді, осыншама әскер осыншама қару-жараққа кеткен шығын 113 тонна күмісті құрады. Цин империясы мұндай көлемдегі қаржыны ағылшындардан үлкен пайызбен кредитке алды.

Бейжің «батысқа жорық» атты операцияны дайындап жатқанда қытайдың әккі саясаткерлері Жақып-бектің қырағылын түсіруге тырысып, оған өтірік уәделерді үйіп-төгумен болды. Қашғар әміршісі әне-міне Бейжің Жетішаар мемлекетін тәуелсіз ел ретінде таниды дегенге бек сене бастады. Сол себепті 1873 жылдан бастап, Жақып-бектің әскері ақырын-ақырын Баркөл, Комулға келіп жатқан цин армиясына қарсы соғыс ашпай, тыныш жатты. Ал Сыздық төре болса, империя еш уақытта «кешірмейтінін», мұның бәрі алдаусырату екендігін айтумен болды. Бірақ Жақып-бек төренің бұл уәждеріне бір жібімей қойды.

1876 жылдың көктемінде Цин империясы уыстан шығып кеткен Шығыс Түркістанды қайта бағындыруға әбден дайын еді. «Жетішаар» мемлекетінің әмірі де, қолбасшысы да өмір бойы Ресеймен соғысып өткенін ескеріп, орыс билігі де цин әскеріне көмектесетін болды. Екі алып жау, екі жақтан келе жатты. 

Келесі мақалада Сыздық сұлтанның Цин армиясымен ұрыс кезінде қолданған, соғыс тарихында теңдесі жоқ стратегиялық маневрлары мен ерліктерін сөз етеміз.

Жалғасы бар...

 

Әдебиеттер:

  1. Гейнс А. К. О восстании мусульманского населения или дунгеней в Западном Китае. Журнал «Военный Сборник», №8, 1866
  2. Иванов А. Несколько сведений о Кашгаре и о последнем восстании против китайцев. Материалы для статистики Туркестанского края. Ежегодник, Выпуск II. СПб., 1873
  3. Венюков М. Очерки современного Китая. СПб., 1874
  4. Куропаткин А. Н. Кашгария: Историко-географический очерк страны, её военные силы, промышленность и торговля. СПб., 1879
  5. Пантусов Н. Н. Война мусульман против китайцев. Казань, 1881
  6. Совский И. Управление и работа китайской военщины в Синь-Цзяне. Л., 1932
  7. Фань Вэнь-Лань. Новая история Китая. Том I, 1840–1901 гг. М., 1955
  8. Шан Юэ. Очерки уйгуро-дунганского национально-освободительного движения в XIX в. М., 1959
  9. Ходжаев А. Цинская империя, Джунгария и Восточный Туркестан (колониальная политика цинского Китая во второй половине ХIХ в.) М., 1979
  10. Исиев Д. А. Уйгурское государство Йэттишар (1864–1877). М., 1981
  11. Валиханов Ч. Ч. О состоянии Алтышара, или Шести восточных городов китайской провинции Нан-лу (Малой Бухарин) в 1858–1859 гг. Собр. соч. в пяти томах. Т. 3. Алма-Ата, 1985
  12. Ходжаев А. Карательные походы цинского правительства против народов Джунгарии и Восточного Туркестана в 1878–1881 гг. М., 1987
  13. Китайские документы и материалы по истории Восточного Туркестана, Средней Азии и Казахстана XIV-XIX вв. Алматы, 1994
  14. Дубровская Д. В. Судьба Синьцзяна. Обретение Китаем «Новой границы» в конце XIX в. М., 1998
  15. Моисеев В. А. Россия и Китай в Центральной Азии. Барнаул, 2003

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?