Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

400 жаралыны құтқарған дәрігер

2736
400 жаралыны құтқарған дәрігер - e-history.kz
Екінші дүниежүзілік соғыста ер азаматтармен қатар қыздар да өз еріктерімен майданға аттанды. Солардың арасында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Жайылма ауылында туған Рәзия Ысқақова да бар еді

Ол 1936 жылы жеті жылдық мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы медициналық училищені бітіріп, фельдшер мамандығын алады. Еңбек жолын ауылдан бастағалы отырған кезде соғыс өрті тұтанады. Рәзия майданға өзі сұранып, 1941 жылдың қазан айында әскери фельдшер болып соғысқа аттаныпты. Бұл кезде Разияның жасы он тоғызда ғана болатын.

Украина майданында генерал-полковник П. Рыбалко қолбасшылық еткен атақты танк армиясының құрамындағы 55-бригадада фельдшер болған Рәзия жауып тұрған қорғасын оқтың арасынан талай жаралыны аман алып шықты.

1943 жылдың жазында Курск доғасындағы Прохоровка елді мекенінің маңында танк үстінде лаулап жанған оттың қызыл жалыны қара түтінмен айналасындағылардың бәрін қырып, қара металдың өзін балқытуға шақ қалғанда Рәзия төрт бірдей танкішіні оттан алып шықты. Лаулап жанған киімдерін сөндіріп, төртеуінің жарасын таңып, бәрін медсанбатқа жеткізді. Дәл осы күні басқа да жаралы жауынгерлерді ажал аузынан арашалап қалған екен.

Фельдшер Рәзияның бұл ерлігі жөнінде дәрігерлік қызмет бригадасының бастығы, майор Багусловский: «Медицина қызметінің лейтенанты Ысқақова нағыз ерлік көрсетті. Ол жанып жатқан танктен батальон командирі Федоров пен оның экипажын алып шықты. Оның есебінде өлімнен аман қалған 4 экипаж мүшесі мен айқас алаңынан сүйреп алып шыққан жаралы 15 адамы бар, – дейді. – Бұл Сандомир шайқасында болған еді»

Сталинград, Курск шайқасынан кейін Харьковты, Киевті, Варшаваны азат етуге қатысқан ержүрек дәрігер қыз құзғындардың ақырғы ұясы Берлинді алу операциясының да бел ортасынан табылған екен. Осы шайқастарда қан кешіп жүріп, жаудың қарша бораған оғының арасынан тағы да 44 жаралы жауынгерге медициналық көмек көрсетіп, майдан шебінен ерлікпен алып шыққан. Қансырап әбден жараланған жауынгерлерге қажет болған жағдайда өзінің қанын да құйған. Сөйтіп соғыстың өзі қатысқан жылдарында 400-ден аса жауынгерді ажалдан құтқарған ерлігі атын шығарды.

Рәзия Ысқақова соғыс кезінде ерен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа да медальдармен марапатталса, соғыстан кейінгі 1975 жылы Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флоренц Найтингейл» медалін де кеудесіне таққан. Әсіресе жойдасыз ірі апаттарда жаралылар мен ауруларға көмек көрсеткен, оларды ажалдан құтқарған, мейірімді жүрегімен қамқорлық жасаған медбикелер ғана марапатталатын «Флоренц Найтингейл» медалімен Совет Одағы бойынша 26 медбике, ал Қазақстаннан 5 фельдшер марапатталған болса, сол бесеудің бірі Рәзия Ысқақова екені лайықты мойындалған.

Рәзияны майдандастары кейде «Қазақстан Розасы, қазақтың гүлі» деп те атайтын. «Қазақтың бұл гүлінде он адамдық жігер бар» деп те мақтан тұтады екен.

Соғыстың басынан аяғына дейін Рәзия Ысқақова 55-танк бригадасында болды. Осы танк бригадасының командирі генерал-полковник, екі мәрте Совет Одағының Батыры Давид Абрамович Драгунский соғыс аяқталған соң жазып шығарған кітабына Рәзия Ысқақованың ерліктері жайлы повестті қосқан. 

Табиғатынан ержүрек әрі мейірімді қазақ халқына тән қасиеттерді бойына сіңірген соғыс және еңбек ардагері, ССРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда облысының құрметті азаматы Рәзия Шәкенқызы Ысқақова 2010 жылы өмірден өтті.

Рәзия Ысқақованың суреттері мен өмір жолдары жайлы және ерліктері туралы құжаттары Лондон мен Мәскеудегі, Көкшетау мен Шымкенттегі музейлерде, Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейіне қойылған.

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?