Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАЗАҚҚА ЖАҚЫН ОРЫС ҒАЛЫМЫ ГРИГОРИЙ ПОТАНИН

2896
ҚАЗАҚҚА ЖАҚЫН ОРЫС ҒАЛЫМЫ ГРИГОРИЙ ПОТАНИН - e-history.kz
Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан әйгілі орыс саяхатшысы, этнограф, фольклорист және публицист Григорий Николаевич Потанин (1835-1920) – Қазақстанның тумасы

Ол қазақ халқының шынайы жақсы көрген тұлғасы болып табылады. Ақмоланың тамаша болашағын көре білді.

Балалық шағы. Григорий Николаевич Потанин 1835 жылы Ямышевск станицасында, болашақ Семей облысының аумағында дүниеге келген. Атасы Илья ірі мал саудасымен айналысқан, Абылай ханмен хат алысып тұрған.

Әкесі казак офицері болған Николай Потанин ХІХ ғасырдың басында сауда керуендерімен Семейден Орталық Азия аумағына дейін барған. Өз уақытында білімді де сауатты адам болған. Географияны, әскери тарих пен ішкі саясатты ерекше білетін. Ол жолдар мен мекендердің сипаттамасын жасаған. Орталық Азияның экономикалық және әскери жағдайын барлап отырған. Николай Потанин Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыспен достық қарым қатынаста болған. Олардың арасындағы достық кейінірек балаларының арасында да орын алған.

Ертістің табиғатынан ерекше әсер алған және әкесінің саяхаттары туралы естеліктерін ой елегінен өткізгеннен кейін Григорий туған жері мен басқа да мемлекеттер мен халықтар туралы зерттеулер жүргізуге ынта-ықыласы ояна бастады. Жасынан ол қазақ тілін жетік меңгерді.

Кейінгі жазған естеліктерінде ол былай деп жазды: «Ямышевка тұрғандары, оның ішінде біздің отбасы орыс тілінде де қазақ тілінде қарым-қатынас жасадық. Станицалық қыздар мен жігіттер орыс тілінде де, қазақ тілінде де ән айтты. Орыс дәстүрін ұстандық, қазақы дәстүр де шет қалған жоқ».

10 жасында ол Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түседі. Ол бұл жерде әкесінің досы Шыңғыстың ұлы – Шоқанмен танысады. Сондақтан да оның жақын досы Шоқан Уәлихановтың болуы кездейсоқ емес. Шоқан Григорийге қазақ халқының өмірі мен тұрмыс салты туралы көп айтқан. Григорий болса оның айтқан әңгімелерін қағазға түртіп отырған. Шоқан болса, оған мәтіндегі қазақтардың тұрмыс-салтын, киім-кешектермен ат-әбзелдерін, қару түрлерін суретпен көркемдеуге көмектесті.

Кейінірек Григорий былай деп еске алады: «... екеумізді де қырғыз (Қазақ - авт.) даласы мен Орталық Азия қызықтырған болатын. Ерекше ынтамен Палластың кітабын оқыдық, әсіресе өзіміздің туған жеріміз жайлы жазылған беттерін парақтадық. Оқи отырып қабілетіміз шыңдала түсті».

Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Н.Ф. Костылецкий дала мәдениеті мен тілінің, халық поэзиясы, тарихы мен этнографиясын зерттеуге деген ынтасын тудырған. Григорий Белинскийді, Герценді, Грановскийді көп оқыды және жалпы адамзаттық құндылықтарды ерекше түйсінді.

Григорий мейірімді әрі зерделі жан болған. Ол алдыңғы қатардағы демократиялық және гуманистік көзқарастары арқылы ерекшеленіп тұратын. Ол адалдықты қалайтын әрі ұстанымы берік болатын. Кейінірек гимназия мен жоғары оқу орындарының кедей отбасынан шыққан студенттеріне оқудың ақшасын төлеуге жәрдемдескен. Осы қасиетіне қарай замандастары Григорий Потанинді «ар-ұждан рыцарі» атаған.

Ғалым және қоғам қайраткері ретінде қалыптасуы. Оқуы аяқталғаннан соң жас хорунжий Г.Н. Потанин Семейге жолдама алады. Әскери қызметте бола отырып, ол Қазақстанның бірнеше аймақтарына – Қапалға, Верныйға, Алтайға саяхат жасайды.

Сәлден соң Омбыға қайтқан ел біраз уақыт бойы мұрағатта жұмыс істеп, Сібір, Қазақстан, Жоңғария туралы қызықты мәліметтер алады. Бұл жұмыс барысында оны Омбы арқылы Тянь-Шаньға барар жолда белгілі географ және саяхатшы П.П. Семёнов-Тянь-Шанский кездестіріп қалады. Оның көмегімен Г. Потанин 1859 жылы наурызда жұмыстан шығып, Санкт- Петербург университетінің физика-математикалық факультетіне оқуға түседі.

Ол бұл жерде Сібір студенттерінің арасынан табылып, Сібір жерлестер ұйымы құрды. Сібір өлкесін зерттеу үшін құрылған студенттердің үйірмесі көп кешікпей саяси бағытқа көше бастады. Олар 1860-шы жылдардың басында Ресейдегі демократиялық реформалардың жүргізілуін қолдап саяси қозғалысқа қатысты. 1861 жылы Г.Н. Потанин студенттік қозғалысқа қатысқаны үшін ұсталып, Сібірге жер аударылды.

Ғылыми және оқытушылық қызметі. Өзінің барлық ғұмырында Потанин өзінің туған жері туралы аз мақала жазған жоқ. Ол қазақтардың мәдениеті мен тұрмысы, қазақ-орыс қатынастары, Ертіс өңіріндегі казак тұрғындары туралы жан-жақты суреттеді.

1862 жылы алғашқы рет Жайық даласына ғылыми экспедицияға аттанады. Келесі жылы Зайсандағы экспедицияға қатысады. Көкпектіде, Марқакөлде болған ол тек өлкенің тұрмысын, шаруашылығын және географиясын ғана зерттеп қана қойған жоқ, сонымен қатар кептірілген өсімдіктер топтамасын жинады. Григорий Потаниннің бар ынта-ықыласымен тыңғылықты жұмыс жасауының нәтижесінде, жергілікті халықтың тұрмыс салты, мақал-мәтелдері, жұмбақтары мен әндері, ертегілері айқындалды.

Экспедициядан кейін ол, бірнеше уақыт бойы Омбы генерал-губернаторлығында татар және қазақ тілінен тілмаш болып қызмет жасады. Томскідегі статистикалық комитетте хатшылық қызмет жасады. Ол бұл жерде Орыс географиялық қоғамының Шығыс-Сібір бөлімін басқарды. Кемел жасқа келгенде ол «Сібір өлкесін зерттеу және тұрмысын түзету» қоғамын құрды.

ХІХ ғасырдың 70-90 жылдары Потанин Сібір өлкесіндегі, Қазақстандағы, Орталық Азиядағы толық зерттелмеген аймақтарына саяхат жасап оның тарихына, этнографиясына, географиясына, ботаникасына, экономикасына байланысты құнды деректер жинақтады. Ол алаш қайраткерлері Ә. Бөкейхан, Ә. Ермековтардың қолдау көрсетуімен Семей облысы, Қарқаралы уезіндегі қазақ ауылдарын аралады. Сонымен қатар, Томскіде біраз уақыт бойы әйелдер мен ерлер гимназиясында тарих пәнінен сабақ берген.

Г.Н. Потаниннің қазақтар мен қазақ-орыс қатынастары туралы. Г.Н. Потанин қоныс аударушы орыстар мен жергілікті қазақтардың арасындағы өзара түсіністік жайлы айтып кеткен. «Сібір казак әскерлері туралы жазбаларында» орыстардың арасында қазақ тілінің ауызекі сөйлеу құралы ретінде кең таралғанын айтып кетті. Сонымен бірге, орыс казактары қазақ дәстүрінің көбісін бойына сіңдіріп алғандығын келтірген. Олар әсіресе Коряков және Ямышевск өңірлерінде тығыз өзара әрекет жасады.

Саяхатшы қазақтардың отырықшылыққа көшуге деген талпынысын, орыстардың құрал-саймандары мен керек-жарақтарының қазақтар арасына тарауы туралы: «Казактар балық аулауға бара жатып, өздерімен бірге Көкпекті дүкенінен бірнеше тауарларды өздерімен бірге алып жүреді, олар бұл тауарларын қырғыздарға балыққа, мал және егін өнімдеріне айырбастайды».

Оның «Қазақ-қырғыз және Алтай аңыздары мен ертегілері», «Соңғы қазақ ханзадасының киіз үйінде», «Шоқан Уәлиханов туралы биографиялық мәліметтер» атты еңбектерінде Қазақстан мен қазақ халқы туралы көптеген мәліметтер жазылған. Ол барлық жан-тәнімен даланы және оның халқын жақсы көрді, олардың өткені мен бүгінін белсенді түрде зерделеумен айналысты.

Жергілікті халық пен тығыз байланыс жасап араласа отырып, орыс қоғамына қазақтар туралы жан-жақты таныстырды. Ол көшпенді халықтың әлемдік мәдениетке қосқан үлесін жоғары бағалады.

Григорий Потанин мен Шоқан Уәлихановтың достығы. Григорий мен Шоқанның достығы кадет корпусының қабырғасында басталып, жалғаса түсті. Бұл туралы Григорий былай деп жазды: «Біз Шоқанмен жиі кездесіп тұрдық. Ол бірінші Петербургке барып, университетте дәріс тыңдаймыз деген жоспар құрды. Одан кейін университтен шығып, Орталық Азияға саяхаттамақшы болған едік».

Олар қазақ ауылдарына жасаған саяхаттары туралы мақаланы бірге дайындады. Қазақ ағартушысының жазбаларында Потаниннің қолтаңбасы қалды. Потанин Тарбағатайда «Қозы-Көрпеш» пен «Итыгиль» ертегісін жазып алғандығы туралы сонда баяндалады.  Григорий Потанин Шоқанға Санкт-Петербург университетіне оқуға түсуге ұсыныс жасаған. Сонымен қатар досы Потаниннің белгілі бір дәрежеде ғалым-этнограф ретінде қалыптасуына зор үлес қосқан. Сондықтан да қазақтардың ауызша таралған өлең жазбаларын қағазға түсіру дарынды орыс ғалымының өлшеусіз еңбегі болып табылады.

Тек Шоқан Уәлихановтың өлімі ғана олардың байланыстарын үзген. Григорий Шоқанның алғашқы екі томдық жинағын дайындаған. Ерте өмірден кеткен досының өмірбаянын жазып қалдырған.

Григорий Потаниннің идеялық және саяси көзқарастары. Григорий Потаниннің демократиялық көзқарастары Омбыда оқу орнының қабырғасында оқып жүргенде қалыптасты. Оған орыс және шетел интеллигенциясының алдыңғы қатардағы идеялары ықпалын тиізді.

Идеялық және саяси көзқарастарының қалыптасуына ықпал жасаған досы Шоқан болатын. Жас ғалым Шоқан Потанинді еркіндік сүйгіш поэзия падишасы Гейнемен таныстырған. Дуровпен Г.Н. Потанинді Шоқан таныстырған еді. Дуровпен танысып, сұхбаттасқаннан кейін Г.Н. Потаниннің саяси көзқарастары өзгеріп, петрашевшіл болған. Осылайша Шоқанның Потанинге ықпалы көп тиді. Әрі Шоқан сол кездегі орыс қоғамы мойындаған адамдармен, белгілі зиялылармен араласқан, дәмдес болған. Мұндай байланыстары томаға-тұйық болмай, қасындағы Г.Н. Потанин сияқты достарын да араластыра жүрген.

Санкт-Петербургте оқып жүрген кезде, «Сібір областничествасындағы» Н. Ядринцевпен, Ф. Усовпен, А. Щаповпен танысады. 1865 жылы Г.Н. Потанин Сібірді Ресейден бөліп алу идеясын насихаттаған үйірмесін ұйымдастырды деген күдікпен ұсталып, 1868-1871 жылға дейін Финляндияда, кейінгі үш жылда Вологодск губерниясында айдауда болады. Бұл жерде оның хал-жағдайын білуге туыстары мен достары, сонымен қатар қазақтар да аз болмаған. Соның ішінде Шоқанның туысы поручик Сұлтанғазы Уәлиханов та бар болған.

         Г.Н. Потаниннің Қазақстан тарихындағы рөлі мен орны. Ұлы ғалым, орыс халқының лайықты ұлы, Ресей империясының барлық езілген халықтарының қорғаны ұрпақтарының жадында мәңгіге қалды. Ол Қазақстанның тарихы, этнографиясы, географиясы және табиғатының аса ірі зерттеушісі ретінде есте қалды. Сібір мен Қазақстан туралы материалдар оның ғылыми мұрасындағы негізгі бағытты құрады. Сондықтан да өзінің 80 жасқа келген жылы оның бір уақытта бірден Том, Омбы және Красноярск қалаларының құрметті азаматы атағын алуы кездейсоқ емес еді. Ал 1918 жылы оған Уақытша Сібір үкіметі «Сібірдің құрметті азаматы» атағын берді. Оның Сібірдегі беделінің жоғары болғаны соншалықты оған Уақытша үкімет те, большевиктер билігі де дербес зейнетақы тағайындаған болатын.

         Григорий Потанин алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары арасында да зор құрметке ие болды. Мысалы, ол тек Шоқан Уәлихановпен ғана емес, өз жерлестері Мұса және Сәдуақас Шормановтармен, Имантай Сәтпаевпен де достық қатынаста болды. Өз досы Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлихановқа перзенттік құрметпен қарады. Қарт сұлтанмен әсерлі кездесулердің бірінен соң ол «Соңғы ханзаданың үйінде» атты тамаша мақаласын жазды.

         Потанинді Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, С.Торайғырұлы, Ж. Ақбайұлы, М. Жұмабайұлы, Ә. Ермеков және басқа да Алаш қозғалысының серкелері мен қатысушылары ерекше құрметтеп, қарым-қатынаста болды. Әлихан Бөкейхан ол туралы өте тебіреністі естеліктер қалдырған: «Ол қазақтарға өз туғандарына сияқты өте жылы қарады. Оның еңбектері, оның сипаты әулие адамның өміріне ұқсас».

         Қазақ демократиялық элитасы оны тіпті «қазақ мұңшылы» деп те атады, себебі ол еркіндігі мен тәуелсіздігін патша үкіметі тежеген қазақ халқының болашағы үшін қатты уайымдайтын. Ол өз отаны Қазақстанды өте жақсы көрді. Бірде ол: «Біз өмір сүріп отырған мына жерлер адамның нағыз отаны... Адам ата мен Хауа ананың жұмағы Ертістің жоғарғы жағында болғанына менің күмәнім жоқ», – деп жазған болатын.

         Григорий Николаевич қазақ және орыс халықтары достығының нағыз жақтасы болды. Өз жерлестері қазақтардың болашағы үшін алаңдады, олардың ізгі ұлттық сипаттарын атай отырып: «қазақтар – сергек, салауатты, өмірге құштар халық: олар көңіл көтергенді ұнатады, киім кигенде ашық түстерді, өмірде мерекелерді жақсы көреді» деп көрсетті.

         Ұлы ғалымды Даланың болашағы да алаңдатпай қойған жоқ. Бұл туралы қазақ халқының шынайы досы Григорий Потанин: «Егер біз Қазақстанның автономиясына қол жеткізе алсақ Қараөткелді (қазіргі Астана – авт.) Алаштың (қазақтың – авт.) астанасы етеміз, егер осы жерде қазақ ұлдары мен қыздарын оқытатын университет ашсақ, онда Еуропа «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» жырын жазған, Шоқанды, Абайды, Ахметті, Міржақыпты дүниеге әкелген қазақтардың кім екенін таныр еді... Болашақта қазақтар әлемнің басқа халықтары арасында ең лайықты орын алады», – деп жазды.

         1915 жылы қазақ зиялылары ұлы ғалымның мерейтойын жарқын түрде атап өтіп, көптеген Алаш қайраткерлері ол жөнінде жылы лебіздер жазды. Соның ішінде, Міржақып оны «Сібірдің құрметті ақсақалы» деп атап, оған «Ардақты қарт! Келдім бүгін тойыңа» деген өлеңін жолдады. Аса көрнекті қазақ ағартушысы, лингвист, публицист және ақын А. Байтұрсынұлы да оған өлең жолдарын арнады. Потаниннің құрметіне көптеген отандық қалаларда – Астанада, Алматыда, Павлодарда, Семейде, Петропавлда көшелер аталған. Потанин атымен мектеп және Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі аталған, оның құрметіне Павлодар облысы Черное селосында ескерткіш орнатылған.

Дала тұрғында оны «сұлу жанды ақсақал» деп атады. Бұл оның ел алдындағы еңбектері үшін жоғарғы баға болатын. Қазақ халқы және Сібір мен Қазақстанды мекендеген барлық этностар өкілдері оның есімін өз жадында мәңгіге сақтайды.

Зиябек Кабылдинов

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?