Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

КӘРІС ХАЛҚЫ ТАРИХЫНЫҢ ҚАСІРЕТТІ КЕЗЕҢДЕРІ

2283
КӘРІС ХАЛҚЫ ТАРИХЫНЫҢ ҚАСІРЕТТІ КЕЗЕҢДЕРІ - e-history.kz
Кәріс халқының тарихы Қазақстан тарихымен тығыз байланысып жатыр. Осыдан 80 жыл бұрын, 1937 жылдың тамызында кәріс халқының жер аударылуы қасіретті кезеңдердің бірі еді

ХХ ғасырдың басы кәрістерді Қазақстан аумағына қарқынды және айрықша көшіру кезеңі болды.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін КСРО-да 1926 жылы алғашқы халық санағы өткізілді. Оның деректері бойынша кәрістер Ақмола, Семей, Сырдария облыстарында тұрған. Кейбір кәрістер Қарағанды, Қызылорда және Қазақстанның басқа да аудандарында тұрған.  

20-шы жылдары күріш шаруашылығының дамуына байланысты, Қазақстанда Одақтың түрлі өңірлерінде күріс өсіру тәжірибелерін зерделеу басталды, сұрыпты сынау басталды. Осы жұмыстар кезінде Қиыр Шығыста кәрістердің күріш өсіру тәжірибелері зор қызығушылық тудырды.  Келесідей қорытынды шығарылды: күріш егуді дамыту ісінде Қазақстан Қиыр Шығыстың жүрген жолымен жүруі керек. Қиыр Шығыста кәрістер жерді ауыр жағдайда жалға алатын, ал Қазақстанда бұл жағдайлар әжептәуір жақсы болатын, республика басшылары, бұл кәрістерді Қазақстанға қоныс аударуға итермелейді деп санады. 

Осылайша, күріс өсіруде тәжірибе жинау үшін кәрістерді Қазақстанға шақыру туралы шешім қабылданды.

1928 жылдың көктемінде, Қазақстанның егіншаруашылық халық комиссарының шақыруы бойынша Жетісу губерниясына Қиыршығыс өлкесінің Владивосток округінен күріш өсіретін және жібек мамандарынан тұратын 300-ден астам кәрістер, 70 отбасы келді. Олар «Қазақ күріші» кәрістердің ауыл шаруашылық еңбек артелін» «Казахский рис» (Казрис)ұйымдастырды. «Казахский рис» (Казрис).

1929 жылдың қаңтарында-ақ кәрістер басқа шаруашылықтар үшін күріш тұқымдарын жібере бастады. Осылайша, Қазақстан 1931 жылы елдегі күрішті ең көп егетін өлкеге айналды.   

Бірақ 1937 жыл қатерлі жыл болды. Кеңес басшылығының бұйрығы бойынша Қиыр Шығыстың кәріс халқы Орта Азия мен Қазақстанға күштеп көшіруге ұшырады. Тыңшылық маниясына ұшыраған партиялық элита тұтас халықтарды сатқындықта айыптады.   

«Қиыршығыс өлкесінің шекаралас аудандарынан кәріс халқын көшіру туралы» КСРО ХКК мен БКП (б) қаулысы

 

        Мәскеу қаласы                                 

1937 ж. 21 тамыз

Аса құпия

Айрықша папка

ССР Одағының Халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП (б) Орталық Комитеті қаулы етеді:

Қиыршығыс өлкесіне жапон тыңшылығы енуінің алдын алу мақсатында келесі іс-шаралар өткізуді:

1. БКП (б) Қиыршығыстық өлкелік комитетіне, өлкелік атқару комитетіне және Қиыршығыс өлкесінің НКВД Басқармасына Қиыршығыс өлкесінің: Посьет, Молотов, Гродеков, Ханкай, Хороль, Чернигов, Спасск, Шмаков, Постышев, Бикин, Вязем, Хабаров, Суйфун, Киров, Калинин, Лазо, Свободненск, Благовещенск, Тамбов, Михайлов, Архаринск, Сталин және Блюхер шекаралас аудандарының барлық кәріс халқын Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал теңізі мен Балқаш аудандарына және Өзбек КСР-іне көшіру ұсынылсын. Көшіру Посьет ауданы мен Гродековқа жақын орналасқан аудандардан басталсын.

2. Көшіруге жедел кірісіп, 1938 жылдың 1 қаңтарына қарай аяқталсын.   

3. Көшірілуге жататын кәрістерге өзімен бірге мүлкін, шаруашылық құралдарын және малын алуға рұқсат етілсін.

4. Қоныс аударушыларға олар орнында қалдырған жылжымайтын мүліктің және егістіктің құны орнына келтірілсін.

5. Қоныс аударылған кәрістерге шетелге шығуға ниет білдірген болса, бөгет көрсетілмесін, шекарадан өтудің жеңілдетілген тәртібі рұқсат етілсін.

6. КСРО Ішкі істер халық комиссарына кәрістер тарапынан қоныс аударуға байланысты мүмкін болатын эксцесстер мен тәртіпсіздікке қарсы шара қолданылсын.   

7. Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-і Халық комиссарларына кеңесі орналастыру аудандары мен пункттері дереу айқындалып, қоныс аударушылардың жаңа орындағы шаруашылық игеруін қамтамасыз ететін шаралар белгіленсін, оларға керекті көмек көрсетілсін.

8. ҚЖХК (НКПС) Далькрайисполкомның тапсырысы бойынша қоныс аударылатын кәрістер мен олардың мүлкін Қиыршығыс өлкесінен Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-не тасымалдау үшін вагондарды уақытында ұсынуды қамтамасыз етуге міндеттелсін.

9. Далькрайком БКП (б) мен Далькрайисполком үшкүндік мерзім ішінде қоныс аударуға жататын шаруашылықтар мен адамдар хабарлауға міндеттелсін.

10. Қоныс аудару барысы, аудандардан жіберілген қоныс аударушылар саны, орналастыру аудандарына келгендер саны мен шекарадан шыққандар саны туралы әр он күн сайын телеграф арқылы жеткізіліп тұрсын.

11. Кәрістер көшірілген аудандардағы шекараны күзетуді нығайту үшін шекара әскерлері 3 мың адамға арттырылсын.

12. КСРО Ішкі істер халық комиссарына шекарашыларды кәрістер босатқан үй-жайларға орналастыруға рұқсат етілсін.

КСР Одағы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В. Молотов

БКП (б) Орталық Комитеті хатшысы И. Сталин

 

 

Қоныс аударушылар облыстарға қоныстанып, бейімделмеген жағдайда өмір сүрулеріне тура келді. Жуырда ғана ауыр нәубет – аштықты басынан кешірген қазақ халқы кәрістерге түсіністікпен қарап, қазақы мәдениетке тән, қолындағы соңғы түйір нанымен бөлісті.

Қазақ жерінде тұрған уақытта кәрістердің арасынан талай талантты әртістер, дәрігерлер, спортшылар, оқымыстылар, сәулетшілер, жазушылар, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері шықты. Кәрістер спорттағы жетістіктерімен де белгілі. Түрлі чемпионаттарда Қазақстан туын бірнеше мәрте желбіреткен қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүрдегері Денис Тенді білмейтін қазақстандық жоқ деп айтуға болады.  Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза мен Светлана Подобедова сынды олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиелеген, ауыр атлетикадан қазақстандық жаттықтырушы Алексей Геннадьевич Ниді де атап өткен жөн.  

Бұл Қазақстандағы кәрістер тарихының аздаған бөлігі ғана. Осы жерде олар өздеріне жаңа отан тапты, ал олардың қазақ даласындағы терең тамыры кәрістердің Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерімен өзара түсіністікте және бірлікте өмір сүретіндерін көрсетеді.  Осы жылдар ішінде кәрістер өздерін еңбексүйгіш әрі бейбіт халық ретінде көрсетті, олардың тарихы қазақ халқының тарихының ажырамас бөлігі болып табылады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?