Оралдың «Алтын шіркеуі»
Оралдың орталығында қызыл қасбеті, ақ өрнектері мен алтын түстес күмбездері бірден көзге түсетін сәулетті ғимарат бар. Қала тұрғындары оны «Алтын шіркеу» деп атайды. Ресми атауы – Христос Құтқарушы ғибадатханасы. 1891–1907 жылдары салынған бұл ғимараттың тарихы бір ғасырдан астам уақытты қамтиды. Оның қабырғалары патшалық Ресей дәуірін, кеңестік кезеңдегі діни ғимараттарды жабу науқанын, музей мен планетарий болған уақытты және ХХ ғасыр соңындағы қайта жаңғыруды көрді. Бүгінде храм – Оралдағы жұмыс істеп тұрған православ ғибадатханаларының бірі әрі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.
Храм тұрғызу туралы бастама 1886 жылғы 26 қарашада көтерілді. Орал казак әскерінің бірнеше станицасынан келген өкілдер оның Ресей мемлекетіне қызмет етуінің 300 жылдығына арнап Оралда Христос Құтқарушы атындағы храм-ескерткіш салуды ұсынды. Құрылысқа қажетті қаржыны негізінен ерікті жарналар арқылы жинау көзделді. 1887 жылы жобаның бастапқы құны 100 мың рубль деп белгіленді. Алайда қаражат жинау оңайға түспеді. 1888 жылдың маусымына қарай небәрі 8 мың рубль жиналған еді. Соған байланысты құрылыс жоспары бірнеше рет кейінге қалдырылды.
Жобалау тарихының өзі бірнеше кезеңнен өтті. Алғашқы жобаны Орал казак әскерінің сәулетшісі Иван Тец әзірледі. Оның ойынша, Оралдағы жаңа ғибадатхана Мәскеудегі Христос Құтқарушы храмын еске түсіруге тиіс болған. 1889 жылы Тец қайтыс болғаннан кейін жоба қайта қаралды. 1891 жылға қарай инженер Деминев алғашқы нұсқаны өңдеп шықты, ал кейін құрылыс В.Н. Чагиннің жобалық шешімдерімен жалғасты. Қазақстанның республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қазіргі мемлекеттік тізімінде нысанның сәулетшісі ретінде В.Н. Чагин көрсетілген.
Ғибадатхана салынатын орын 1888 жылғы 29 шілдеде Орынбор және Орал епископы Макарийдің қатысуымен қасиеттелді. Құрылыс үшін сол кездегі Икан алаңы таңдалған. Ал храм тарихындағы ең маңызды күндердің бірі – 1891 жылғы 31 шілде. Осы күні Оралға тақ мұрагері Николай Александрович – кейін Ресей императоры болған II Николай келді. Ол Шығыс сапарынан оралып келе жатқан еді. Икан алаңындағы салтанатты рәсім кезінде тақ мұрагері салынып жатқан ғибадатхананың қабырғасына тарихи оқиғаны баяндайтын үлкен күміс ескерткіш тақтаны өз қолымен орналастырды. Осы жайттың арқасында ғибадатхананың іргетасын қалау рәсімі Орал тарихындағы ірі оқиғалардың біріне айналды.
1891 жылы басталған құрылыс 1907 жылға дейін созылды. Бұған қаражаттың жеткіліксіздігі ғана емес, жобаның бірнеше рет өзгеруі мен құрылыс сапасына қатысты мәселелер де әсер етті. Бастапқы іргетас кейін жарамсыз деп танылды. 1902 жылдың маусымына қарай бұрын салынған іргетас толықтай бұзылды. 1891 жылы Николай Александрович салған күміс тақта кірпіш қабырғасымен бірге абайлап алынып, арнайы қапқа салынып, уақытша сақтауға жіберілді. Сол жылдың шілдесінде құрылыс қайта басталып, жаңа іргетас құйылды. 1903 жылы іргетас жұмыстары аяқталып, 5 мамырда қабырға қалау басталды. Күміс ескерткіш тақта жаңа қабырғаға қайта орналастырылды. Құрылыстың ауқымын мына бір деректен-ақ байқауға болады: 1903 жылғы маусымнан бастап жергілікті әскери кірпіш зауыты бес ай ішінде храм құрылысына 600 мыңнан астам кірпіш жеткізген. 1904 жылдың соңына қарай негізгі күмбездің барабаны (күмбездің негізі және оны ғимараттың қабырғаларынан жоғары көтеріп тұратын цилиндр немесе көпқырлы пішінді тірек бөлігі) мен кіші күмбездер қаланып бітті.
Храм негізінен қайырымдылық пен жиналған қоғамдық қаражаттың есебінен салынды. Батыс Қазақстан облысының архив құжаттарындағы есеп бойынша, ғибадатхананың қоңырауларына 10 500 рубль, ал иконаларына 14 мың рубль жұмсалған. 1907 жылғы 4 қарашада жаңа қоңыраулар салтанатты түрде қасиеттеліп, мұнараға көтерілді. Үш күннен кейін, 7 қарашада, Орынбор және Орал епископы Иоаким жергілікті дін қызметкерлерімен бірге Христос Құтқарушы ғибадатханасын қасиеттеді. Салтанаттың ауқымы ерекше болды: храм қасиеттелген кезде екі зеңбіректен 21 дүркін салют атылып, ғимарат алдынан әскери бөлімдер салтанатты шерумен өтті.
Оралдықтардың ғибадатхананы «Алтын шіркеу» деп атауы оның алтын жалатылған күмбездерімен байланысты. Қызғылт-қызыл қасбет, ақ сәндік өрнектер және жарқыраған күмбездер ғимаратқа ерекше көрік береді. Орал епархиясы оны жеті күмбезді храм ретінде сипаттайды. Ғибадатхана айналасындағы сәулеттік шешім де назар аудартады. Оны сегіз бастион қоршап тұр. Алдыңғы екеуінде «1591» және «1891» деген жылдар белгіленген. Бұл – ғибадатхана арналатын үш ғасырлық кезеңнің басталуы мен аяқталуын білдіретін даталар. Бастиондарға кезінде әскери жорықтарда қолға түскен трофейлік зеңбіректер де қойылған.

1917 жылғы революциядан кейінғибадатхананың өмірінде мүлдембасқа кезең басталды. 1920-жылдардың соңында кеңестік билік Оралдағы бірнеше діни нысанды жабу мәселесін көтерді. 1929 жылғы 10 тамызда Христос Құтқарушы ғибадатханасын музей қажетіне беру туралы шешім қабылданды. Сол жылдың желтоқсанында оның қабырғасында музей жұмыс істей бастады. Кейінгі ондаған жылда ғимарат әртүрлі мәдени-ағарту мақсатында пайдаланылды. Мұнда тарихи-өлкетану музейінің бөлімдері орналасып, кейін планетарий ұйымдастырылды. Ал 1983 жылы ғимаратта Орал облыстық атеизм музейі мен планетарий ашылды. Бір кездері діни рәсімдер өткізілген кеңістіктің кеңестік кезеңде атеизмді насихаттайтын музейге айналуы – ғимарат тарихындағы ең үлкен өзгерістердің бірі болды.
1980-жылдарығибадатханаға қалпына келтіружұмыстары жүргізілді. 1987 жылдың жазында жөндеу кезінде күмбездердің бірінде өрт шықты. Кейін ғимарат қайта жөнделді. Көп ұзамай атеизм музейі де жұмысын тоқтатты. Бос қалған ғимаратта табиғат және экология музейін ашу қолға алынды. Алайда дәл осы кезеңде Оралда храмды бастапқы қызметіне қайтару туралы қоғамдық талап күшейе бастады. 1990 жылғы маусымда ғибадатхана алдында пикеттер ұйымдастырылды. Тұрғындар храмды діндарлар қауымына қайтаруды талап етіп, қол жинады. Бірнеше мың адамның қолы жиналды.
Тамыз айында ғимаратта табиғат музейі ашылды. Бірақ ол ұзақ жұмыс істеген жоқ. Қыркүйекте музей жабылып, Орал қалалық кеңесі ғимаратты православ қауымына беру туралы шешім қабылдады. Ал 1990 жылғы 30 желтоқсанда Христос Құтқарушы ғибадатханасы қайтадан қасиеттелді. Осы кезден бастап ғимарат өзінің бастапқы діни қызметіне біржола оралды.

Храм қайтарылғанымен, оның бұрынғы ішкі көрінісі сақталмаған еді. Сондықтан 1990-жылдары ауқымды қалпына келтіру басталды. Жаңа үлкен шам орнатылып, Киров облысында ағаштан ойылған иконостас жасалды. Оралға украиналық суретшілер тобы шақырылып, ғибадатхананың қабырғалары жаңадан безендірілді. Қабырға суреттерін жасау жұмысы 1997 жылы аяқталды. Кейін шатыр жаңартылып, алтын жалатылған жаңа күмбездер мен кресттер орнатылды, иконостас пен киоттар жасалып, алтынмен көмкерілді. Ғибадатхана айналасына темір қоршау орнатылып, ауласына тас төселді.

Ғибадатхананың қайта жаңғыруындағы ерекше оқиғалардың бірі 1995 жылдың күзінде болды. Мәскеуде арнайы жасалған жаңа қоңыраулар Оралға жеткізіліп, ондаған жыл бойы үнсіз тұрған қоңырау мұнарасына қайта орнатылды. Ең үлкен қоңырауға «Святослав» деген ат берілді. Онда оның Мәскеу қаласынан Оралға сыйға тартылғанын білдіретін жазу бар. Жаңа қоңырауларды жасатуға Оралдың бұрынғы тұрғыны, кәсіпкер Валерий Сурков қаржылай қолдау көрсетті.

Бүгінде Христос Құтқарушы ғибадатханасы – жұмыс істеп тұрған православ храмы. Мұнда күн сайын құлшылық жүргізіледі. Қалпына келтіру барысында жоғалған қабырға суреттері жаңадан салынған, иконостас жасалып, қоңыраулар мен күмбездер жаңартылған. Ғимарат мемлекет қорғауында. Қазақстанның қолданыстағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде ол «Христос Құтқарушы храмы, сәулетші В.Н. Чагин, 1891–1907 жылдар» деген атаумен тіркелген.