Тазы ұстаған танымал тұлғалар
Қазақтың дәстүрлі тұрмысында иттің орны бөлек болған. Аңшылыққа шыққан адамға ат, бүркіт және тазы қатар серік болған. Бірақ осы үштіктің әрқайсысының қызметі әртүрлі еді: ат аңшыны жеткізсе, бүркіт биіктен шолып, ал тазы аңды қуып жететін. Сондықтан құмай тазы қазақтың аңшылық мәдениетінде ерекше орын алды. Тазының қадірі оның жүйріктігімен ғана өлшенген жоқ. Жақсы тазының тұқымы, бабы, аң алуы, тіпті аты ел ішінде есте қалған. Қасқыр алған тазылардың атағы ауыл-аймаққа тараған, ал кейбір жүйріктердің есімі иесінен бөлек айтылмайтын болған. Бүгінде тазыға деген қызығушылық тек ұлттық дәстүрді жаңғырту деңгейінде емес, ғылыми зерттеу нысаны ретінде де күшейіп келеді.
Кенесары хан және Көкдауыл
Тазыға байланысты ең қызықты тарихи әңгімелердің бірі Кенесары ханның атымен байланысты. Кенесарының тазысы жайлы қазақ-қырғыз арасында сақталған тарихи-этнографиялық әңгімеде сөз болады. Әңгімеде Кенесарының қырғыздармен соғыстарының бірінде Қалша есімді батырды тұтқынға алғаны айтылады. Қырғыз жағы тұтқынды босатуды сұрап елші жіберген кезде, Кенесары белгілі бір шарт қояды. Қалшаны босату үшін Баястанның Көкдауыл атты тазысын беруді талап етеді. Көкдауылдың атағы сол кезде қазақ пен қырғыз арасына кең тараған екен. Деректе оның тоғыз қасқыр алғаны айтылады. Кенесары тазымен танысып, қатты ұнатқаннан кейін тұтқынды босатқан.
Ақан серінің қасқыр алған Базараласы
Тазы мәдениетімен ең тығыз байланыстағы тарихи тұлғалардың бірі – Ақан сері Қорамсаұлы.
Сал-серілік дәстүрді ұстанған Ақан үшін өнер мен аңшылық бір-бірінен бөлек дүниелер болған жоқ. Оның жанында жүйрік ат, қыран бүркіт пен құмай тазы жүрген. Қазақстан тарихына арналған материалдарда Ақанның осы үштікті серілік өмірінің ажырамас бөлігі еткені айтылады. Ақан серінің тазыларының ішінде елге аты шыққаны – Базарала. Деректерде бұл иттің қасқыр алғаны айтылады. Бұл жай ғана аңшылық көрсеткіш емес. Қазақ қоғамында тазының бағасы оның қандай аң алғанымен өлшенген. Қасқыр алу – иттің жүйріктігімен қатар жүректілігін, қайратын және бабын көрсететін белгі. Сондықтан Базарала тәрізді иттің аты ел жадында сақталуы заңды. Ақан сері туралы Мағжан Жұмабайұлы де оның өмір салтын сипаттай отырып, жүйрік сәйгүлік, құмай тазы және қыран бүркіт ұстағанын жазады
Сәкен Сейфуллиннің тазысы
Тазы ұстағаны туралы дерек нақты сақталған қазақ қаламгерлерінің бірі – Сәкен Сейфуллин. Оның аңшылыққа қызығушылығы отбасылық ортадан бастау алған. Сәкеннің әкесі Сейфолла аңшылықты жақсы көрген, ал Сәкен бала кезінен қыран құс ұстап, тазы баптаған.
Бұл жөніндегі мәліметтер Сәкеннің өмірбаяндық деректерінде ғана емес, оның шығармашылық мұрасында да көрініс табады. Ол қазақтың аңшылық дәстүрін сырттай бақылаушы емес, оны тұрмыста жақсы білген адам ретінде сипаттайды. Сондықтан оның шығармаларындағы дала табиғаты, аң-құс, жүйрік ат пен тазы бейнелері нақты өмір тәжірибесімен сабақтасып жатады.
Сәкеннің балалық шағында көрген аңшылық ортасы кейін оның әдеби танымына да әсер етті. Осы тұрғыдан алғанда, оның тазы ұстауы – жеке қызығушылық қана емес, сол кезеңдегі қазақ даласының күнделікті тұрмысында болған аңшылық мәдениеттің бір көрінісі. Ал бұл тәжірибе оның табиғатты, аңшылықты және адам мен жануар арасындағы байланысты суреттеуіне нақты өмірлік негіз болды

Мұхтар Әуезовтің Аққасқасы мен Сарықасқасы
Мұхтар Әуезовтің өміріне қатысты естеліктерден оның итке, соның ішінде тазыға жақын болғанын аңғаруға болады. Алайда жазушының үйінде болған барлық итті тазы деп қабылдауға болмайды. Мәселен, естелік деректерде «Дос» немесе «Шындос» деп аталатын ит туралы мәлімет кездеседі. Оның сыртқы бейнесі де сипатталған: басы арыстанның басындай, қара ауыз, шолақ құйрықты, тайыншадай сары ит болғаны айтылады. Жазушы Құлтөлеу Мұқаштың жазбаларында оның немістің боксер тұқымына жатқаны көрсетіледі.
Жазушының тазылары Аққасқа мен Сарықасқа туралы деректің жөні бөлек. Әлкей Марғұланның естелігі бойынша, 1926 жылы Баянауылдан Әуезовке қасқыр алатын екі аққасқа тазы жеткізілген. Жазушы олармен аңға шығып, тазының қасқыр алудағы әрекетін өз көзімен көрген. Оның зайыбы Валентина Николаевна да осы тазыларды жақсы білген. Естелігінде олардың Мұхтар Омарханұлының аяқ жағында жататынын, кейде көрпесінің ішіне кіріп кететінін жазады.
Бұл шағын деталь Әуезовтің тазылармен қарым-қатынасын жақсы аңғартады. Тазы оның өмірінде тек аңшылыққа пайдаланылатын жануар ғана болмаған, күнделікті тұрмыста да қасында жүрген. Мұндай естеліктер қазақтың дәстүрлі ортасында тазының адамға жақын серік ретінде қабылданғанын көрсететін этнографиялық мәні бар дерек саналады.
Әуезовтің тазыға қатысты өмірлік тәжірибесінің «Көксерек» повесімен байланысы да осы тұста қызықты. Шығармадағы қасқыр, аңшы, ит және дала табиғатының арақатынасы жазушыға таныс орта еді. Сондықтан «Көксеректегі» аңшылық көріністерін Әуезовтің өз көзімен көрген өмірлік тәжірибесінен бөлек қарау қиын.
«Көксерек» Джек Лондон шығармаларына еліктеуден туған деген пікір де кездеседі. Алайда мұны дайын ғылыми қорытынды ретінде қабылдауға болмайды. Әуезовтің шығармасында дала табиғаты, қасқыр мен иттің қарым-қатынасы, аңшылық тәжірибе сияқты қазақы өмірге тән материал мол. Сондықтан шығарманың табиғи негізін ең алдымен жазушының өз ортасынан, қазақтың дәстүрлі аңшылық мәдениетінен және оның табиғатты бақылау тәжірибесінен іздеген орынды.
Мұхит Мералыұлы және Қара қаншық тазысы
Батыс Қазақстанның дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Мұхит Мералыұлының аты тазыға қатысты әңгімелерде де кездеседі.
Мұхиттың аты «Қара қаншық» атауымен байланыстырылады. Кейбір жарияланымдарда «Қоянды шалмай алар қара қаншық» деген жолдар Мұхиттың әнімен сабақтастырылады.
Бұл мәселе қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі тазы бейнесінің кең таралғанын аңғартатын қызықты мысал. Қазақтың ән-жырында, әңгімелерінде және аңшылыққа қатысты сөз қолданысында жүйрік тазы, қыран құс, жүйрік ат сияқты ұғымдар жиі қатар жүреді. Тазының қасиетін сипаттайтын мұндай тіркестер оның аңшылық кәсіптегі практикалық маңызымен бірге, халықтың эстетикалық танымында да орныққанын көрсетеді.