Заңғар заңгер

36
Заңғар заңгер - e-history.kz

Елордада белгілі заңгер, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің басшысы, «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Ахметжанұлы Қасымовтың 75 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«1920–1950 жылдардағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау саласындағы С. Қасымовтың ғылыми-әдіснамалық қызметі» тақырыбымен ұйымдастырылған жиынның мақсаты – сталиндік кезеңдегі жаппай саяси қуғын-сүргін мәселелерін зерттеудің өзекті бағыттарын талқылау, архивтік құжаттарды ғылыми айналымға енгізудің әдіснамалық негіздерін жетілдіру және саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді толық ақтау мәселелерін жан-жақты қарастыру.

Шараны алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізді.

Конференцияда Сабыр Қасымовтың ғылым мен құқық саласына, сондай-ақ тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Оның жетекшілігімен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 2,5 миллионнан астам бұрын құпия сақталған архивтік құжаттың құпиялығы алынып, 311 мыңнан астам қуғын-сүргін құрбаны анықталды. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері бойынша 95 томдық ғылыми жинақ жарық көріп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеудің әдіснамалық тұжырымдамалары мен өңірлік комиссиялардың жұмыс тәжірибесі жүйеленді.

Мерей той иесіне жылы лебіз білдірген Мемлекеттік комиссияның алғашқы төрағасы, саяси ғылымдарының докторы Қырымбек Көшербаев: 

«Құрметті зиялы қауым!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның атқарған жұмысы Қазақстан тарихы үшін айрықша маңызды деп есептеймін.

Оның себебі – көтерілген тақырыптың ауқымы мен орындалған жұмыстардың маңыздылығында. Комиссия өз жұмысын аяқтағанға дейін үш жылдан астам уақыт бойы қажырлы еңбек етіп, архивтердің шаңын жұтып, ХХ ғасырдың 20–50-жылдарын қамтитын тарихымыздың көптеген көмескі беттерін ашты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізілді. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар мен ведомстволарда арнайы жұмыс топтары құрылды, қажетті мамандар тартылды, ұйымдастыру және қаржыландыру мәселелері шешімін тапты. Орталық және өңірлік комиссиялардың отырыстарында жұмыс топтарының есептері жүйелі түрде қаралып, бағдарламалардың орындалуы тұрақты бақылауда болды.

Комиссия, біріншіден, зерттеу, іздестіру, жинақтау және талдау жұмыстарына баса мән берді. Екіншіден, осы жұмыстарды үйлестіру мақсатында Сабыр Ахметжанұлы Қасымовтың жетекшілігімен Жобалық кеңсе құрылып, оның құрамына белгілі ғалымдар, танымал зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Тарихқа аса ұқыптылықпен әрі жоғары жауапкершілікпен қарайтын осы азаматтардың еселі еңбегінің, жемісті жұмысының куәсі болғанымды мақтан тұтамын. Біз зерттеп тапқан, қол жеткізген материалдар мен тарихи құжаттарды іріктеп, сұрыптап, бірге талдап, талқыға салдық. Оларды нақты тақырыптар мен кезеңдерге бөліп қарастырдық. Уақыттың терең қойнауында қалған құнды тарихымыз біртіндеп жарқырап көріне бастады. Комиссияның алғашқы төрағасы ретінде өзімнің де дайындаған жазбаларымды комиссия мәжілістерінде талқылап, кейін «Ғұмырнама» атты жеке кітап етіп шығардым. Бұл – менің ел алдындағы перзенттік жауапкершілігім. Қазір бұл кітапты ғылыми сараптамаға тапсырып отырмын.

Осы уақыт ішінде қол жеткізген әрбір деректің астарында қазақ халқының қилы тағдыры жатыр. Мемлекеттік және ведомстволық архивтерден табылған халқымызға қатысты әрбір құжат жүректі елжіретеді. Қазақ деген жанкешті жұрттың маңдайына жазылған тағдырды көріп күйінесің. Санаңа мызғымас ақиқат болып орныққан көптеген түсініктердің көз алдыңда өзгергеніне таңғаласың. Қандай жүйенің, қандай сұмдық саясаттың қол астында өмір сүргеніміз еріксіз ойға оралады. Өткен үш жыл ішінде Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан астам маман өңірлік комиссияларда еңбек етті. Олар жабық қорларда сақталған 688 мыңнан астам архив ісін48 мыңға жуық есепке алу ісін қарап шықты. Президент Архивіне өткізілген 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан «құпия» деген белгі алынып тасталды. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік комиссия әзірлеген материалдардың көлемі бүгінде 72 томнан асты. Бұл – шын мәнінде баға жетпес ғылыми мұра. Оны әрі қарай зерттеу, талдау, ғылыми айналымға енгізу – келесі буынның еншісіндегі міндет. Өйткені ұлы тарихтың әрбір қыры ашылған сайын оның асқақ тұлғасы бұрынғыдан да айқындала түседі. Біз тарихтан басқа біреуді емес, ең алдымен өзімізді көреміз.

Құрметті зиялы қауым!

Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Көкірегі ояу, ұлтын сүйетін әрбір азамат өткеннен тағылым алып, қорытынды жасауы тиіс. Сұрапыл жылдары халқымыздың басына түскен нәубет пен қасіреттің ауқымын саралай отырып, қазақтың ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен, сансыз теперіштен аман қалып, бүгінгі тәуелсіз ел дәрежесіне жеткеніне таңғаласың. Алла тағалаға, халқымыздың тағдырына, ата-бабаларымыздың қайсарлығына, өмірдің бітпейтін күрес екеніне тәнті боласың. Сан рет қанаты қайырылды, топшысы майырылды. Бірақ ел еңсесін түсірмеді, рухын сындырмады. Өлсе де жығылмады. Туа біткен қайсарлығының, Тәңір маңдайына жазған төзімінің арқасында ұлт өзінің алтын арқауын үзбей бүгінге жеткізді. Сол тарихи шындықтың бірден-бір зерттеушісі, соның бірегей жаршысы – бүгінгі мерейтой иесі Сабыр Ахметжанұлы Қасымов. «Қиянат жасау – кешірілмес қылмыс, ал оны түзету – қатқан сеңді бұзумен тең» дейді. Біздің ұрпақтың маңдайына сол қиянатты көру емес, оны түзету міндеті жазылғанына шүкіршілік етуіміз керек. Осы тарихи істің басында болып, өзгеге үлгі көрсеткен ұлтжанды азамат, қайсар қайраткер, нағыз патриот, ғалым, ұстаз Сабыр Ахметжанұлы, мерейтойыңыз құтты болсын! Еліңізге елеулі, халқымызға қалаулы қызметіңіз жалғаса берсін! Сексенге сергек жетіңіз, тоқсанға тоқтамай жетіңіз! Жүз жасқа келгеніңізде де осындай ғылыми конференцияда бас қосып, еңбегіңізді бірге дәріптеуді Алла нәсіп етсін!», -деді.

Жазушы, Мемлекеттік сыйлық иегері Сауытбек Абрахманов Сабыр Қасымовтың есімі тек саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарымен ғана емес, Желтоқсан оқиғасының тарихи шындығын қалпына келтіру үдерісімен де тығыз байланысты екенін атап өтті. Жазушы бедел сөз барысында: 

«Ең алдымен, конференцияның тақырыбына байланысты бір мәселені атап өткім келеді. «1920–1950 жылдардағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау саласындағы С. Қасымовтың ғылыми-әдіснамалық қызметі» деген тақырыптың өзі үлкен мәнге ие. Жақында ғана Егемен Қазақстан газетінде осы кезеңге арналған, Астана филиалы директорының өте жақсы мақаласы жарық көрді.

Бірақ жаңа ғана Ирак бауырымыз өте үлкен мәселені қозғап өтті. Мен де Орталық комитетте бірге қызмет атқарған адам ретінде, уақыттың аздығына қарамастан, сол мәселеге тоқталғым келеді. Кеше телефонмен сөйлескенде Сәкеңе: «Құдай қаласа, сіздің ел алдындағы ұлы еңбектеріңізді айтамыз. Бұл – мақтау үшін емес, тарихи шындық үшін айтылатын сөз», – дедім.

Шын мәнінде, Сабыр Ахметжанұлы Қасымов қазақ үшін, халқымыз үшін, әділет үшін ұлы деуге лайық істер атқарды. Ол Орталық комитетте әкімшілік органдар бөлімінде қызмет атқарды. Кейін Әділет министрі болды. Одан бұрын оны Мәскеудегі академияға оқуға жіберу мәселесі көтерілгенде: «Егер көмектескілеріңіз келсе, мені Мәскеудегі академияға жіберіңіздер», – деген еді. Сөйтіп, ол оқып келді. Мен нақты бір тарихи шындықты айтқым келеді. Желтоқсан оқиғасының ақиқатын ашудағы бетбұрыс 1988 жылдың жазынан, нақтырақ айтқанда, Сабыр Қасымовтың Орталық комитетке келуінен басталды. Сабырдың келуімен бұл мәселе мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Өйткені дәл Сабырдың бастамасымен, оның табандылығының арқасында, Геннадий Васильевич Колбиннің қабылдауынан кейін Орталық комитеттің Желтоқсан оқиғасына деген көзқарасы өзгере бастады. Содан кейін Желтоқсан шындығын Орталық комитет деңгейінде зерттеу кезеңі басталды. Комиссия құрылды. Оның құрамын жасақтау, жұмысын ұйымдастыру сияқты аса маңызды жұмыстардың барлығының басы-қасында Сабыр Қасымов жүрді. Сол кезде Сәкеңнің қабылдауына келетін адамдардың саны бүгінгі қоғамдық қабылдауға келетін адамдардың санымен шамалас болатын. Бұл – ешқандай әсірелеу емес. Елдің бәрі: «Осындай азамат келіпті, мәселені қолға алып жатыр екен», – деп ағылып келетін», - деді. 

Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, архив саласының мамандары қатысады. Олардың қатарында ҚР Сенатының экс-төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Мемлекеттік комиссияның алғашқы төрағасы, саяси ғылымдарының докторы Қырымбек Көшербаев және басқа да қоғам қайраткерлері бар.

Іс-шара барысында  Сабыр Қасымов, заңгер, қоғам қайраткері:

«2,5 миллионнан астам бұрын құпия болған құжаттар ашылды, 311 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды анықтадық. 95 том шығардық. Соның ішінде көптеген концепциялар, әрбір топты зерттеудің әдіснамалары, өңірлік комиссиялардың жұмыстары қамтылды. Жобалық кеңсе ауқымды жұмыс атқарды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр», – деді.

Өз кезегінде Дихан Қамзабекұлы Сабыр Қасымовтың ғылыми мұрасына жоғары баға берді.

Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА академигі:

«Қазір жарық көріп жатқан академиялық жеті томдықтың бірнеше бөлімі дәл осы кезеңге арналған. ХХ ғасырдың 20–30 және 50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін, сондай-ақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты құқықтық және саяси мәселелердің барлығы Сабыр Ахметжанұлының ғылыми еңбектері, баяндамалары мен сұхбаттарында жан-жақты көрініс тапқан. Біз оны көрнекті ғалым ретінде ерекше бағалаймыз», – деді.

Конференцияға тарихшылар, архив саласының мамандары, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысып, саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеудің жаңа ғылыми нәтижелері мен архив материалдарын зерделеудің заманауи тәсілдері жөнінде пікір алмасты. Жиын соңында Сабыр Қасымовтың жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шара барысында Мәжіліс депутаты болған Айдос Сарым Сабыр Қасымовтың қоғамдық-саяси қызметіне тоқталып, оны тарихи әділеттілік пен шындық жолындағы еңбегі үшін ерекше бағалады. Ол өз сөзінде: 

«Байқап отырсам, бүгін жақсы бір дәстүр қалыптасқан сияқты. Әрбір сөз алған адам өзінен бұрын сөйлеген азаматтарға алғыс айтып жатыр. Мен де сол дәстүрден аттамайын.

Ең алдымен, Сәкеңе және осы жиынды ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін.

Шынын айту керек, мұндай үлкен жиында сөз сөйлеу оңай емес. Өз басым көп ойландым. Сабыр Ахметжанұлы туралы айтқанда, оны бір-ақ сөзбен қалай сипаттасам екен деп толғандым. Сөйтіп, өзімше бір сөз тапқандай болдым.

Сабыр Ахметжанұлы – шырақшы.

Әділеттің шырақшысы. Ғылымның шырақшысы. Демократияның шырақшысы. Тарихтың шырақшысы. Шындықтың шырақшысы.

Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы. Алдыңғы буын ағаларымыз айтып өтті. Желтоқсан комиссиясы болды, «Азат» қозғалысы болды, Парламент алдындағы митингілер болды. Сол кезеңдердің бәрін жақсы білеміз. Мен ол кезде мемлекеттік қызметке енді ғана келіп жатқан жас жігіт едім. Бірақ сол уақытта ел ішінде үлкен қозғалыстар жүріп жатты. Павлодардан да, басқа өңірлерден де мықты азаматтар келетін. Архивтерді ашу, тарихи шындықты қалпына келтіру, әділет мәселесін көтеру сияқты жұмыстардың ешқайсысынан қазақтың жанашыр азаматтары сырт қалған жоқ. Солардың арасында Сабыр ағамыз да болды. Кейде алдыңғы қатарда көрінбесе де, әрдайым сол істің қасында жүретін. Адамдардың сөздерін дайындайтын, бағыт-бағдар беретін. Бір жағынан билік ішінде жүрді, екінші жағынан азаматтық қоғамдағы адамдармен де тығыз байланыста болды. «Мынаны осылай айтыңдар, мына мәселені былай көтеріңдер. Ана жерде артық эмоцияға берілмеңдер. Бұл жерде орыс ағайындар бар, басқалары бар, бәрінің көңілін ескерейік», – деп әр нәрсені үйлестіріп жүретін азаматтардың бірі осы Сабыр ағамыз еді.

Сондықтан мен үшін Сабыр аға – ұйымдастырушылықтың, қайраткерліктің, кемеңгерліктің үлкен үлгісі. Тағы бір ерекшелігі – аты көп айтыла бермейді. Бірақ үндемей жүріп, талай үлкен істі бітіретін адам. Қазақстанда екі үлкен тарихи өзгерістің басы-қасында болды деп ойлаймын.

Біріншісі – 1990-жылдардың басындағы архивтік революция. Қаншама құжат ашылды, қаншама тарихи шындық жария болды.

Екіншісі – кейінгі жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы. Қазақстанда кеңестік кезеңге қатысты бұрын құпия сақталған миллиондаған құжат ашылды. Жүздеген мың архив ісі ғылыми айналымға енгізілді. Әйтпесе олардың көбісі уақыт өте жойылып кетуі де мүмкін еді. Осының бәріне қаншама мекеме қатысты: Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, басқа да мемлекеттік органдар. Бүгін айналамызға қарасақ, ондаған емес, жүздеген том болып жарық көрген құжаттар жинағы тұр. Бұрын ешкімнің қолы жетпеген материалдардың жариялануына мүмкіндік туған болса, соның басы-қасында жүрген азаматтардың бірі – Сабыр Ахметжанұлы. Бұл – үлкен ерлік. Сондықтан ақтау, әділетті қалпына келтіру мәселесінде Сабыр ағамыздың еңбегі орасан зор. Мұны көп адам біле де бермеуі мүмкін. Өйткені бұл – көзге көп көрінбейтін еңбек. Бұл – шырақшылық қызмет. Шындықтың шырағын сөндірмей сақтау, оны келесі ұрпаққа жеткізу, үн-түнсіз еңбек етіп, тарихи әділеттің салтанат құруына үлес қосу – Сабыр ағамыздың басты қасиеттерінің бірі. Сондықтан осы жерде отырған барлық азаматтардың атынан өзіңізге үлкен рақмет айтқым келеді. Аман болыңыз!

Қазірдің өзінде ағамыз бірнеше заң жобасын әзірлеуге атсалысып жүр. Құдай қаласа, олардың да қабылдануына бәріміз үлес қосайық. Әділет жолындағы бастамалар жалғасын тапсын. Бүгінгі қолға алған жұмыстарымыз толық жүзеге ассын. Ал біздер де өзімізге жүктелген аманатқа адал болып, үндемей еңбек етіп, осы буынның ісін лайықты жалғастыра білсек, ертең жетпіс, жетпіс бес жасқа келгенде біз туралы да біреу: «Ел үшін еңбек еткен азаматтар еді», – деп жылы сөз айтар», деді.

Конференция барысында тарихшылар, заңгерлер, архив саласының мамандары мен қоғам қайраткерлері Сабыр Ахметжанұлы Қасымовтың ғылым, құқық және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы еңбегіне жоғары баға берді. Жиын соңында қатысушылар ғалымның жаңа еңбегінің таныстырылымына қатысып, оның мерейтойымен құттықтап, шығармашылық және ғылыми қызметіне табыс тіледі.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз