Зайсанға жасаған сапарымыз барысында өңірдің өткені мен бүгіні туралы көбірек білу үшін аудандық тарихи-өлкетану музейіне арнайы атбасын бұрдық. Өлкенің мыңжылдық тарихы, сақ дәуірінің құпиялары, Алаш қайраткерлерінің ізі мен шекаралық өңірдің тағдыры туралы әңгіме өрбіткен музей қызметкері Нұрлыбек Қалибаев бізді Зайсанның әлі толық ашылмаған тарихи әлемімен таныстырды.
Алғашқы әсердің өзі ерекше. Өйткені Зайсан тарихи-өлкетану музейі жай ғана жәдігерлер сақталған орын емес, өңірдің өткен ғасырлардағы өмірінен сыр шертетін тарихи ғимараттың ішінде орналасқан. Музей орналасқан нысанның өзі бүгінгі экспозициялардың ең құнды жәдігерлерінің бірі деуге болады. Бұл ғимарат XIX ғасырдың соңында, шамамен 1894–1896 жылдары салынған. Ол кезде Зайсан қаласы Шығыс Қазақстандағы маңызды сауда орталықтарының бірі саналған. Қытаймен арадағы сауда жолдары осы өңір арқылы өткендіктен, қалада саудагерлер, көпестер мен қолөнершілер көп шоғырланған. Солардың бірі – жергілікті кәсіпкер әрі көпес Бидахмет Бобкин болатын. Ғимараттың құрылысын сол кезеңдегі белгілі құрылысшы Байезит Сәтбаев жүргізген. Нысанның сәулеттік келбетінен сол дәуірдегі көпестер үйлеріне тән ерекшеліктерді байқауға болады. Ғасырдан астам тарихы бар бұл нысан бүгінде Зайсан өңірінің мәдени мұрасын сақтап тұрған рухани орталыққа айналған. Музейге келген адам ең алдымен экспозицияларды емес, осы қабырғалардың өзінен тарихтың тынысын сезеді. Өйткені бұл ғимарат патшалық Ресей кезеңін де, төңкеріс жылдарын да, кеңестік дәуірді де, тәуелсіз Қазақстан кезеңін де бастан өткерген үнсіз куәгер іспетті.

Музей залдарын аралау барысында Нұрлыбек Қалибаев әңгімені Зайсан өңірінің көне тарихынан бастады. Оның айтуынша, көпшілік бұл өлкенің тарихын терең біле бермейді.
– Қазір көп адам Зайсанды шекаралық аудан немесе көлдің атымен ғана байланыстырады. Бірақ бұл өңірдің тарихы мыңдаған жылдарға кетеді. Зайсан аумағында археологиялық зерттеулер әлі де жалғасып жатыр. Соңғы жылдары Сарыжыра маңындағы көне қала орнына қатысты жұмыстар қарқын алды. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жер кезінде Ұлы Жібек жолының солтүстік тармақтарымен байланыста болған ірі қоныстардың бірі болуы мүмкін. Сондықтан археологтар үшін бұл аумақтың маңызы өте жоғары. Сонымен қатар Айнабұлақ пен Темірсу өңірлерінен энеолит дәуіріне жататын ерекше археологиялық олжалар табылды. Солардың ішінде әйел бақсының жерлеу орны ерекше қызығушылық тудырып отыр. Қазба барысында оның жанынан бақа бейнесімен безендірілген қола айна шыққан. Мамандардың айтуынша, мұндай жәдігер әзірге Орталық Азия аумағында кездеспеген. Сондықтан бұл жаңалық тек Қазақстан археологиясы үшін ғана емес, бүкіл аймақ тарихын зерттеу тұрғысынан маңызды саналады. Археологиялық деректерге қарағанда, Зайсан өңірі ежелгі дәуірлерден бастап-ақ адамдардың тұрақты мекені болған. Мұнда түрлі мәдениеттер мен тайпалардың ізі сақталған. Сондықтан әрбір жаңа қазба жұмысы өлкенің өткеніне қатысты тың мәліметтер беріп келеді. Бүгінде біз білетін тарихтың өзі толық емес болуы мүмкін. Алдағы зерттеулер әлі талай жаңалық ашуы ықтимал.

Зайсан өңірінің археологиялық даңқын әлемге танытқан ең маңызды орындардың бірі – Шілікті жазығы. Бұл өңір Қазақстан археологиясында ерекше орын алады. Өйткені дәл осы жерде археолог, профессор Әбдеш Төлеубаев зерттеген әйгілі сақ дәуірінің ескерткіштері орналасқан. 2003 жылы Шілікті жазығындағы қорғандардың бірінен табылған сақ билеушісінің жерлеуі ғылыми ортада үлкен жаңалыққа айналып, кейін халық арасында «үшінші Алтын адам» деген атаумен кеңінен танылды. Нұрлыбек Қалибаевтың айтуынша, Шіліктіден табылған жәдігерлердің құндылығы тек олардың алтыннан жасалуында емес, ең алдымен технологиялық деңгейінде жатыр.
– Көпшілік «Алтын адам» дегенде бірден Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерін еске алады. Бірақ Шілікті жазығынан табылған сақ билеушісінің қабірі де әлемдік деңгейдегі жаңалық болды. Бұл жерден табылған алтын бұйымдардың жасалу технологиясы бүгінге дейін ғалымдарды таңғалдырып келеді. Сақ шеберлері көлемі бір миллиметрге де жетпейтін алтын түйіршіктерді біріктіріп, күрделі композициялар жасаған. Мұндай бұйымдарды жасау үшін металлургияны ғана емес, физика мен химия заңдылықтарын да жетік меңгеру қажет болған. Әбдеш Төлеубаев арнайы ғылыми зерттеулер жүргізіп, бұл алтындардың сырттан әкелінбегенін дәлелдеді. Сараптамалар олардың дәл осы өңірдегі кен орындарынан алынғанын көрсетті. Бұл сақ дәуірінде жергілікті металл өңдеу ісі өте жоғары деңгейде болғанын аңғартады. Яғни біздің ата-бабаларымыз тек алтын бұйым тұтынушы ғана емес, оны өндіріп, өңдеп, күрделі технологиялық әдістерді меңгерген шеберлер болған.
Музей қызметкерінің айтуынша, Шілікті жазығы тек бір қорғанмен немесе бір тарихи жаңалықпен шектелмейді. Бұл аумақта жүздеген сақ дәуірінің қорғандары орналасқан. Археологтар оларды Қазақстандағы ең көне патша қорғандарының қатарына жатқызады. Сондықтан Шілікті жазығы бүгінде еліміздің ғана емес, бүкіл Еуразия көшпелілер өркениетін зерттеудегі маңызды археологиялық орталықтардың бірі саналады.

Әңгіме барысында Нұрлыбек Қалибаев Зайсан өлкесінің тарихы тек сақ дәуірімен шектелмейтінін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл өңір – ежелгі көшпелілер өркениетінен бастап Түрік қағанаты, Жошы ұлысы, Қазақ хандығы дәуірлеріне дейінгі тарихи кезеңдердің куәсі. Сондықтан Зайсанның тарихын бір ғана кезеңмен байланыстыруға болмайды.
– Біз көбіне сақ дәуірі туралы көп айтамыз. Себебі Шілікті жазығындағы жаңалықтар әлемдік деңгейде мойындалды. Бірақ Зайсан тарихы одан әлдеқайда ауқымды. Бұл жер арқылы әртүрлі кезеңдерде маңызды тарихи үдерістер өткен. Өңірде Түрік қағанаты дәуірінен қалған көптеген іздер бар. Мысалы, Қытаймен шекараға жақын орналасқан Шағаноба деген жер бар. Сол аумақта көне түркі кезеңіне жататын балбал тастар сақталған. Бұл ескерткіштер ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырып келеді. Оларды зерттеу үшін жапон және еуропалық мамандар арнайы келген. Кейбір зерттеушілер балбал тастардағы жазулар мен тарихи мәліметтерді Батыс Түрік қағанатының билеушілерінің бірі Тардуш қағанның дәуірімен байланыстырады. Жалпы алғанда, бұл ескерткіштер көне түркілердің дүниетанымы, мемлекеттілігі және мәдениеті туралы маңызды ақпарат береді. Сондықтан Шағаноба маңындағы тарихи нысандар тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін құнды мұра болып саналады.

Оның айтуынша, Зайсан өңірі кейінгі ғасырларда да маңызды стратегиялық аумақтардың бірі болған. Әсіресе Қазақ хандығы дәуірінде және Абылай хан заманында бұл жердің маңызы арта түскен.
– XVIII ғасырда қазақ-қытай қатынастарының тарихында маңызды оқиғалар дәл осы өңірде өткен. Абылай хан дәуірінде шығыс шекара мәселелері, дипломатиялық байланыстар мен сауда қатынастарының бір бөлігі осы аумақпен байланысты болды. Сондықтан Зайсанды тек табиғатымен немесе көлмен ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің тарихымен де байланыстыра қарау қажет. Кейде адамдар тарихты тек кітаптан іздейді. Ал шын мәнінде сол тарихтың ізі біздің айналамызда жатыр. Балбал тастар да, көне қорғандар да, ескі қоныстар да өткен дәуірлерден жеткен үнсіз куәгерлер. Зайсан өңірінің ерекшелігі де осында.
Нұрлыбек Қалибаевтың сөзінше, өңірдегі тарихи ескерткіштердің көпшілігі әлі толық зерттеліп болған жоқ. Сондықтан алдағы жылдары жаңа археологиялық және ғылыми жұмыстардың нәтижесінде Зайсан тарихына қатысты тың деректердің ашылуы әбден мүмкін.

Зайсанның бай тарихы оның табиғатымен де тығыз байланысты екенін белгілі. Өңірдің тарихи ескерткіштері қаншалықты құнды болса, табиғи мұрасы да соншалықты ерекше дейді Нұрлыбек аға.
– Зайсанды табиғи геопарк деуге толық негіз бар. Мұнда табиғаты жағынан бір-біріне ұқсамайтын, ғылыми тұрғыдан да қызығушылық тудыратын көптеген нысандар бар. Соның ең танымалы – Киін-Керіш шатқалы. Соңғы жылдары бұл жерді жұртшылық «қазақтың Марсы» деп атап жүр. Түрлі түске боялған сазды жыныстардан құралған шатқалдың келбеті шынында да басқа ғаламшардың пейзажын еске түсіреді. Киін-Керіштің ерекшелігі тек сыртқы көрінісінде емес. Ғалымдар бұл аумақтан ежелгі жануарлардың қалдықтарын, палеонтологиялық олжаларды анықтаған. Сондықтан бұл жер туристерді ғана емес, зерттеушілерді де қызықтырады. Бұдан бөлек Ашутас, Ақсиыр сияқты табиғи нысандар бар. Олардың әрқайсысының өзіндік геологиялық ерекшелігі бар. Кей аумақтардан көне дәуірлерде өмір сүрген жануарлардың сүйектері табылған. Мұның бәрі Зайсан өңірінің табиғи тарихы миллиондаған жылдарға созылатынын көрсетеді. Жалпы бұл өңірдің әлеуеті өте жоғары. Біз көбіне тарихи орындар туралы айтамыз, бірақ табиғаттың өзі де үлкен мұра. Егер осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса берсе, Зайсан болашақта еліміздегі ең ірі тарихи-танымдық және экологиялық туризм орталықтарының біріне айналуы әбден мүмкін.
Әңгіме барысында біз тек Зайсан өңірінің көне тарихы туралы ғана емес, аудандық тарихи-өлкетану музейінің бүгінгі қызметі жөнінде де көптеген мәлімет алдық. Бүгінде музей қорында өңір тарихының әр кезеңін қамтитын мыңдаған жәдігер сақтаулы. Олардың қатарында археологиялық қазбалардан табылған бұйымдар, этнографиялық заттар, сирек фотосуреттер, тарихи құжаттар, тұрмыстық бұйымдар мен табиғатқа қатысты құнды материалдар бар. Музей экспозициялары бірнеше бағыт бойынша жасақталған. Мұнда Зайсан өңірінің ежелгі дәуірінен бастап қазіргі кезеңіне дейінгі тарихы қамтылған. Сақ дәуірінің мұралары, Шілікті жазығынан табылған археологиялық жаңалықтар, көне түркі кезеңіне қатысты деректер, қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы, Алаш қозғалысына қатысты мәліметтер мен тәуелсіздік жылдарындағы өңірдің дамуы біртұтас тарихи желі ретінде көрсетілген. Экспозиция залдарын аралау барысында өңірден шыққан көрнекті тұлғаларға арналған арнайы стендтер де назар аудартты. Мұнда ғалымдар, жазушылар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері мен мәдениет өкілдері туралы мол мағлұмат берілген. Әсіресе Зайсан тарихын зерттеуге үлкен үлес қосқан өлкетанушылардың еңбектері ерекше орын алады. Олардың жинаған деректері бүгінде өңір тарихын зерттеушілер үшін маңызды ғылыми базаға айналған.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, соңғы жылдары келушілер саны да айтарлықтай артқан. Әсіресе жаз мезгілінде Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Қытайдан келетін туристер мен қандастар жиі атбасын бұрады. Көпшілігі Шілікті жазығы, Киін-Керіш шатқалы, Зайсан көлі сияқты нысандарды аралаумен қатар, өлкенің тарихымен де жақынырақ танысуға қызығушылық танытады.
Сүт пісірім уақыт ішінде өрбіген әңгіменің өзінде Зайсан туралы бұрын білмеген көптеген деректерге қанықтық. Бұл өлкенің тарихы бір ғана дәуірмен немесе бір ғана оқиғамен шектелмейтіні анық байқалды. Мұнда сақ патшаларының ізі де, көне түркі өркениетінің мұрасы да, қазақ хандығы кезеңінің тарихы да, табиғаттың миллиондаған жылдық шежіресі де қатар сақталған. Осындай бай мұраны бір сапарда толық танып шығу мүмкін емес. Сондықтан сәті түсіп жатса, Зайсанға қайта оралып, бұл өлкенің көпшілік біле бермейтін өзге де тарихи орындары мен тағылымды оқиғалары туралы әңгімемізді жалғастыруға келістік.