Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бөрші: ұлы көш тарихы

3954
Бөрші: ұлы көш тарихы - e-history.kz
Бөршілердің тегі қасқыр тотемді қазақ жерінің орталық бөлігін мекендеген көне қауымдармен байланысты. Оның дәлелі – қай жерде Бөрші атасын көрсең, сол жерде бөрі туралы аңыз жүреді

Бөрші тегі туралы

Бөршілер Арғын ішінде  Мейрам сопының үлкен ұлы Қуандықтың алты ұлының бірінен тарайды, яғни өзге Арғынға қарағанда жолы үлкен саналады. Бөршіні көрші ағайындары «Қотыр Бөрші» атайды. Қорғалжын-Теңіз аймағын мекендейді. Қуандықтың Алтай, Темеш сияқты аталарының балалары бір облыс халқын құра алады, ал Бөршілердің ХХ ғасыр басында саны екі ауылнай ғана, бір болысқа жетпеген. Құпия неде?

Соңғы жылдары осы мәселемен анда-санда бас ауыртып анықтағаным мынау болды. Бөршілердің тегі қасқыр тотемді қазақ жерінің орталық бөлігін мекендеген көне қауымдармен байланысты. Оның дәлелі – қай жерде Бөрші атасын көрсең сол жерде бөрі туралы аңыз жүреді. Түркістандық Мотай ақсақал «Біздің атамыздың аты Жақсылық екен...Қасқыр жылқыға ұмтылған кезде ақырып қарсы алдынан шыға Жақсылық бабамызды көріп жата қалады екен. Сөйтіп бұзау тіс қамшысымен қақ маңдайдан бірақ ұрып құлатады. Содан кейін көпке дейін қасқыр біткен жылқыға жоламайтын болыпты. Мұның бәрін сыртынан көріп тұрған жылқышы жігіттер:

– Мынау нағыз бөрінің пірі екен. Нағыз бөріші екен деп атапты. Жұрт бұдан кейін Жақсылық атын ұмытып Бөрші деп атап кеткен», – дейді.

Қорғалжын-Теңіз өңіріне танымал Сағындық ақсақал да: «Ертеректе Үш жүздің бай-бағландарының басы қосылған бір үлкен жиын болған екен... Осы жиынның ортасына кілең арлан қасқырдың терісінен басынан – аяғына дейін ішік киінген бір топ кісіні бастап бір батыр адам келіп түседі. Содан жұрт қасқыр ішіктілер жайында сұрастыра бастайды.

– Бұл келген Арғын Қуандықтың ұрпағы Жақсылық. Бұл өзі батыр адам, қасқырдың пірі. Тек арлан қасқыр аулап, терісінен ішік, етік, бөрік тіктіріп  киеді,- дейді білетіндер. Осыдан Жақсылық аты ұмытылып Бөріші аталып кеткен екен»,- деп бұл іңгімені толықтыра түседі.

«Тәңірі бақытты етіп жаратқан Бөрте қасқыр зайыбы Гуа маралмен талай теңіз дарияны кешіп келіп Онон өзені бас алған Бурхан-Халдун тауын тұрақ қылды» дейтін әңгіменің біздің Бөршілерге қатысы жоқ па екен? Егер қатысы болса онда Қият-Боржігін деп жүргеніміз Қият-Бөрші немесе Қият- Бөрші ғұн болуы мүмкін, яғни Қияттың қасқыр тотемді тармағы. Қият – қазақ даласын біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда мекендеген халық (хион, һон, хионит). Рашид-ад дин мен Әбілғазы Сүйініш ханның Ұлытау мен Кіші тауды жайлап жүрген жерінен Моңғол жұртын шауып, осы қырғыннан аман қалған Қиян мен Нүкістің Ергенеқонға барып жан сақтағанын жазады. Бұл – шамасы біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ мыңжылдықта қазақ даласында өріс алған кен орындары үшін болған жаугершіліктің салдары. Сонымен Қияндар шығысқа қашты және олардың ішінде Бөршілердің атасы болды деп болжам жасаймыз.

Бөршілердің байырғы отаны

Қонысы: Манчжурия (Шүршіт), Моңғолия және Сарыөзенге (Хуанхэ) дейінгі Қытай жері

Дәлелі: Бөрші бары-жоғы Жоламан, Алатау және Аяпберген деген үш атадан тұрады, соның бірі – Аяпберген тобы  Қытайда қалды деген аңыз бар. Қорғалжын бөршілерінің екі ауылының бірі Сарыөзен деп аталуы да дәлелдің бірі, бұл елді мекен маңында Сарыөзен деп айтуға тұратын өзен жоқ.  Маньчжур (чжурчжен, шүршіт) тайпаларының арасында борчжи, ал батыс моңғолдарының  арасында борчжи және борчит атанып жүрген этникалық топтар, Сарыөзен бойындағы Бөрші күміс кендері, Онон өзенінің жоғары жағындағы Ботокан-Бөрші аталатын жерлер Бөршілердің Орталық Азияның шығыс аймақтарына қатысы барын дәлелдейді.

Әдебиет: Бушаков В.А. Тюркская этноойкономия Крыма. – М, 1991; Лебедев Е.П. К  вопросу  о  родовом  составе  монголов //  Филология  и  история монгольских народов. - М.: 1959; «Моңғолдың құпия шежіресі». Баян-Өлгий, 1979.

Сарыарқаға қайта оралу

Қонысы: Қорғалжын-Теңіз өңірі, Таулы Алтайға жапсарлас Бөрілі (Бурлинский район) аталатын қоныстар

Дәлелі: Шығыс Ғұн империясы бірнеше ғасыр Орталық Азияны билеп тұрды, бірақ дүниеге келген әр құбылыстың басы мен аяғы бар.  Б.э.б. 72-інші жылы қыс өте ауыр болды, қар құрық бойы жауып, адам  да, мал да қырылып ғұн елі сұмдық апатқа ұшырады. Қапысын аңдып отырған қытайлық Хан билігі ғұнға қарсы 100 мың әскер аттандырды. Қытай деректерінің терең білгірлерінің бірі Нығмет Мыңжанұлы «Бұл орайдан пайдаланған үйсіндер қалың қолмен келіп ғұндарға батыс жақтан шабуыл жасады. Динлиндер менн ухуандар ғұндардың солтүстік және шығыс жағынан келіп тиді. «Үш елдің әскері ғұндардың он  мыңдаған әскерін өлтіріп, қыруар малын олжалады, соғысқа жұт апаты қосылып Ғұн халқы ашаршылықтан қырылды. Ғұндардың халқының 30 пайызы, малының 50 пайызы шығанға ұшырады» дейді. Қалың ел қонысын тастап батыс өлкеге, яғни Сарыарқаға қарай көше бастады. Бөршілердің үштен екісі (Жоламан, Алатау) Сарыарқаға келді, бір бөлігі (Аяпберген) Сарыөзен аймағында қалды. Кейбір аталар (Шуша) жартылай Сібір аймағында қалды, жартылай Сарыарқаға келді.

Әдебиет: Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. Т.1-2. М.-Л.,1950. т.3. М.,1953; Ежелгі үйсін елі. Құрастырған Ш.Ахметұлы. Үрімжі,2005; Мыңжан Н. Қазақ тарихы. Алматы, 1993.

Бөршілер Қап тауында

Қонысы: Әзірбайжанның Қазақ ауданы, Таулы Қарабақ (Шуша, Таулы Қарабақты оңтүстік жағынан айналатын Аракс өзенінің бір саласы Қотыр өзені (Қотыр Бөрші), бұл Иран мен Әзірбайжанның шекара аймағы және осы бұрыштың ішіндегі Қаракент, Қарақойын, Бергішет, Шалбұлақ, Қарқар, Татыр, т.б. атаулар, Грузияның Әзірбайжанмен шекарадағы Боршалы (қазіргі атауы Квемо-Картли), Оңтүстік Дағыстанның Хнов, Бөрші (Бурж), Бурши-Мақа, Арменияның Әзірбайжанмен шекаралас аймақтары.

Дәлелі: «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» еуропалық тарихшылар жазып жүргендей герман тайпаларының қоныс аударуынан емес, Орталық Азияның таулы аймақтарынан қоныс аударған ғұндардан басталды. Алдымен ғұн қауымы екіге бөлініп кетті. Қытай ордасы Хуханьені (Қоқан) таққа отырғызды, бірақ Чжичжи (Шөже)  оған келіспей, қытай елшісін өлтіріп, Қаңлы еліне барып бекінді (Қаңлы Ұлы Даланы мекендеген  ел деген мағына білдіреді) және Қытай экспансиясына қарсы күресті.

Осыдан кейін протектор Янь шеу мен генерал Чень Тхан Батыс өлкесіне аттанып Тараз қаласы маңында ғұн-қаңлының біріккен әскеріне соққы беріп, Чжичжиді өлтірді. Ғұн тайпаларының Батысқа және Оңтүстікке жылжуы күшейе түсті. Шамамен біздің заманымыздың ІІІ ғасырында олардың алдыңғы топтары Каспий теңізінің солтүстік жағындағы аймаққа келіп табан тіреді, бұдан әрі  теңізді жағалап Дербентті бағындыру қалды. Осы кезеңде Кавказдың ең стратегиялық кіндік ортасын бақылап Римнің «12-ші легионы» тұрған болатын. Қазіргі күні Әзірбайжан, Грузия, Армения арасына бөлініп кеткен «Боршалы (Бөрші) даласы» осылай пайда болды. Оның халқын көрші елдер «бұнтүріктер» деп атады деген дерек бар. Ортағасырлық саяхатшы Гардизи оны «Бөрші шөлі» дейді, парсы деректері «Гурдман», яғни Қасқыр адамдар, грузиндер «Гурдис хеви», яғни «Қасқыр даласы» дейді. Қазіргі күні «қазақ кілемдері» деген атақты бренд осы Бөрші келіншектерінің қолынан шығады. Бөршілер көп қоныстанған Шуша (Степанакерт) қазіргі заманғы әзірбайжан музыка өнерінің негізін салған Узейр Гаджибеков  пен Болат Бюльбюль оглының отаны. Атақты елгілі американдық зерттеуші Рональд Сюни  пікірі бойынша «әзірбайжандық мұғам өнерінің пайда болуы тікелей Шушамен байланысты».

Әдебиет: Алиева И.Х. Из этнической истории азербайджанцев Борчалы до 1846 года // http://www.clio-caucasus.org/ assets/ files/ Алиева;  Ronald Grigor Sunu. Armenia, Azerbaijan and Georgia. http://A Contry Study Glen E. /Curtis (ed). Diane Publishing,1996; Ру Жан-Поль. История Ирана и иранцев. От истоков до наших дней (Пер. с фрац.). Спб.,2012.

Половец Бөршілер

Қонысы: Қазіргі заманда «оңтүстік орыс даласы» аталатын аймақтың орталық бөлігі. Егер біз Мәскеу мен Киев арасында түзу сызық жүргізсек, соның оңтүстік жағы. Бөрші атауы «Борча», «Борчиха», «Борчук», «Борча-Бала» түрінде бұл үлкен аймақта жиі кездеседі, соның ішінде Ресей, Украйна және Белорусь шекарасындағы Брянск облысының жері.

Дәлелі: Ғұндардың батысқа қарай қозалысы кезінде олардың бір бөлігі малға ыңғайлы, егіні шығымды, өмір сүруге жағымды Каспий мен Қара теңізден солтсүтікке қарайғы далалы-орманды аймаққа орналасты. Оларды орыс жылнамаларында «половец» деп атайды және қыпшақтармен байланыстырады. «Сары» деген сөз түрік тілдерінде «батыс» деген ұғымның баламасы, кейде «құба» деп те айталады, мысалы «құба қалмақ», яғни шығыстағы «қара қалмақ». Сөз жоқ, қыпшақтар бұл ұлы қоныс аударуға қатысты, бірақ мәселе половцылардың ішінде басқа да ру-тайпалардың көп болғаны. Солардың ішінде Бөршілер де бар.  АҚШ-тың Раттерс университетінің профессоры П.Голден көп жылдар құман, қыпшақ және қаңлы ру-тайпалық құрамын зерттеумен айналысып бірнеше мақала жариялады. Сол мақалалардың бірі «Кумано-кипчакские племена и роды» деген атаумен орысша жарияланды. П.Голден қыпшақ құрамында аталатын Бурдж оғлы тайпасы туралы былай дейді|: «В русских источниках это наименование пишут как Бурчевичи, у аль-Димашки (араб авторы – Ж.А.) – бурджоглу. Нувейри, Ибн Халдун пишут-бурджоглы. Источники дают противоречивое расположение этого племени: одни указывают на район между Днепром и Орлом, другие-степи Хорезма. В исторической литературе до сих пор нет убедительного объяснения этимологии слова бурч (бурдж)».

Татар ғалымы Д. Исхаков «Юго-Восток Татарстана: проблема изучения этнической истории региона ХІV-ХVІ веков» деген мақаласында «Дафтар – и Чингиз-наме» атты ортағасырлық қолжазбаны талдайды. Оның пікірінше осы қолжазбада айтылатын «бараж» және басқа деректердегі «бурчевич», «бурч-оглы» атаулары моңғол заманына дейін белсенді қолданыста болған «бурч»  этнонимімен байланысты: «Мне представляется, что этот этноним находит аналогию  с кыпчакским домонгольским этнонимом «бурч»- «борч» (от него -Бурч оглы или Бурчевичи)».

Сонымен «Бурдж оглы» атаумен Бөршілердің бір үлкен тобы ХІ-ХІІ ғасырларда Днепр өзенінен бастап Хорезм маңына дейінгі аймақты мекендеді деп біз жоғарыдағы ақпаратқа қарап айта аламыз. Олармен қатар жайлаған елдерді Ибн Халдун былайша тізімдейді: «1. Тоқсоба (Тоғыз рулы ел деген мағынада – Ж.А.), 2. Ета (Бұл қазақтың Жетіру деген атауының арабша хатқа түскен түрі – Ж.А.), 3. Бурджоглы, 4. Бурлы (Елбурлы, Елбөрі деп те жазылады – Ж.А.), 5. Кангуоглы (Кангароглы деп те жазылады – Ж.А.), 6. Анджоглы (Бұл Қанжығалы болуы мүмкін деген жорамалымыз бар – Ж.А.), 7. Дурут (Қазақта Төртуыл атанып жүрген ел сол заманда осылай хатқа түскен – Ж.А.), 8. Қарабароглы, 9. Джузнан (Джерсан), 10. Қарабиркли (Қарабөрікті), 11. Котян (Қотан)».

Әдебиет: Голден П. Кумано-кыпчакские племена и роды // Историко-культурное наследие кимаков и кипчаков. Павлодар, 2006; Исхаков Д. Юго-Восток Татарстана: проблема изучения этнической истории региона ХІУ-ХУІІ веков// http://www.tataroved.ru/publication/almet/7/5/; Плетнева С.А. Кочевники средневековья. Поиск исторических закономерностей. - М., 1982.

Бөршілер Қырымда

Қонысы: Қырымның орталық бөлігі, яғни бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Симферополь) маңы, Красногвардейский ауданындағы Бөрші (қазір Полюшкино), Бөрші-Кондараки (қазір Колпино) ауылдары, осы ауылдарға жақын орналасқан Қотыр Бөрші ауылы, Первомайский ауданындағы бұрынғы Ор бұғазы (орысша Перекоп) уезі Ақжар болысындағы Ұлық (Биюк) және Кішік (Кучук) Бөрші ауылдары (қазір Дальнее), Шуша (Линейное), Шуша немецкое (Межевое), т.б.

Дәлелі:  Қырымның байырғы жер-су атауларын орыстар 1948 жылы түбегейлі өзгертіп жіберген, бірақ ескі карталарды қарасақ, тұнып тұрған өзіміздің тарих, Найман, Қоңырат, Дулат, Қыпшақ бәрі осы жерде. Қазақта «ұлың Ұрымға, қызың Қырымға»  деген сөз бар, бала кезде үйдегі шаруаны тастап, ойға-қырға кетіп қалып үлкендерден  «Ұрым мен Қырымға барып келдің бе?» дегенді талай естідік.  Қазір соны еске алып Қырым мен Ұрым біздің ата-бабаларымызға тым алыс жер болмағаны-ау деп ойлайсың.

Бөршілер Ғұн көшінің ішінде Қырым жеріне біздің заманымыздың ІІІ-ІV ғасырларында «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» барысында аяқ басқан болуы керек. В.А. Бушаков түрік тілді қауымдардың Қырымға қоныстану тарихын төрт кезеңге бөледі: «Сами татары Крыма делили тюркское население полуострова на «шеэрнен даг халкъи» (жители Симферополя, Карасубазара, Феодосии и Евпатории, говорящие на кипчакском наречии, и жители гор и морского берега – потомки давнего населения, говорящие но османском диалекте и «дала халкъи» (жители степей – потомки племен, пришедших с монгольскими завоевателями), а также  ногайцы поселившиеся в степном Крыму в ХУ в. при хане Сеадат-Гирее».

Зерттеушінің есебі бойынша  қыпшак атауы  27 рет, қият - 26, қоңырат - 19, найман - 17,  үйсін (қырғыз, қырық, тама) - 13,  кенегез - II, күрлеут - 9, алшын, ас - 8, ойрат и керей - 7, меркіт - 6, арғын, барын, жайчи, ички, канлы и сиджеут – 5 реттен кездеседі. Ал Бөрші атауы туралы  автор «этноним бурчалы (бурчевичи) сопоставим с ойк. Бурчи, Буюк и Кучук-Бурчи» дейді. Біз осы сияқты деректердің негізінде Бөрші Қырым жеріне Орталық Азиядан аттанған алғашқы топтармен келді деп есептейміз.

Әдебиет: Бушаков В.А. Тюркская этноойконимия Крыма. – М, 1991; Мухин С. А. Военно-топографическая карта полуострова Крыма. – С-Пб.: 1817; Старые названия и исчезнувшие города Крыма. Топонимическая карта. – М., 2009; Сейдахметов Э.А. Эмиграция крымских татар в ХІХ-ХХ веках; http://krymology.info/images/1/15/.

Еуропа Бөршілері

Қонысы: Солтүстік-Шығыс Испания (Валенсия, Каталония), ежелгі Арагон корольдігінің Бөрші (Borja) қаласы, Италияның оңтүстігіндегі  Бөрші (Borja) қаласы т.б.

Дәлелі: Батысқа жылжыған ғұндар угор (естек) тілдес елдерді бағындырып, одан әрі алан, славяндарды қосып алып, Боспор патшалығын талқандап, 376 жылы Римге найзасын тіреді. Баламер ханның заманында Еуропаға енген  ғұндар, Ругел тұсында орнығып, Аттила (Еділ-Едіге) тұсында жаулап алу аяқталды. Бұл дәуірдің ең ұлы оқиғасы деп тарихшылар 451 жылы Франция жеріндегі болған Каталаун шайқасын атайды. Рим мен Ғұн арасындағы соғыста 200 мың адам қырылған екен. Герман тарихшысы Иордан «Каталаун соғысында қан су болып ақты... – екі жақтан 165 мың адам, 15 мың гепид пен франкіні есептемегенде, өлді» дейді. Герман тайпалары амал жоқтықтан бірі Рим жағында, екіншілері Ғұн жағында шайқасты.

Міне, осы алапат қозғалыс кезінде Бөршілердің алдыңғы қосындары вестготтарды ығыстыра отырып Солтүстік-Шығыс Испания өлкесіне барып қалды. Олардың табан тіреген жері Арагон карольдігінің орталығы Сарагоса қаласынан алпыс шақырым жердегі шағын қалашықтардың бірі Бөрші (Borja). Еуропа тарихының орта ғасырларында Бөршілердің атын әлемге шығарған Борджиа әулеті осы Арагон өлкесінің тумалары. Арагон корольдігіне ол кезде Католония мен Валенсия бағынышты. Бөрші қалашығынан шыққан Эстебан де Боржа реконкиста уақытында, яғни ХІ ғасырдың соңы-ХІІ ғасырдың басында, арабтарды қуып шығу кезінде көтерілді. Француз тарихшысы И. Клула былай деп жазады: «На их гербе изображен бык «цвета пасти», как он назывался в геральдике, то есть красного: животное, символ их пастушеского происхождения, было воплощением грозной храбрости воинственного рода. В XIV веке старшая ветвь Боржа покинула завоеванные земли, добравшись до Неаполитанского королевства, но их младшие ветви остались в Испании».

Арабтарды ығыстырғаннан кейін Испания жерінде ислам орыны төмендеп шіркеу күш ала бастады. Бөрші әулеті де осы өзгерісті мықты пайдаланды: «Они сблизились через брачные союзы, сохранявшие единство владений, в которых работали умелые мавры (арабтар). Ислам сменился культом мосарабов или беженцев-христиан, его богослужения совершались в великолепной готической часовне Сан-Фелиу, построенной на середине склона, около замка, среди пышных кипарисов и рожковых деревьев». Осылайша Арагон өлкесінде билік құрған жауынгер Бөрші әулеті кейіннен Италия ақсүйектерінің қатарына кірді де Борджиа, нақтырақ Борджа (италиян тілінде – Borgia) аталды. Испандық оригиналды транслитерацияда Борха деп те аталады, ал Арагон өлкесінің өз тілінде  Borcha немесе өзге көрші испандық иеліктерде (Каталония, Валенсия) Borja түрінде жазылады. Арагон тілі  жергілікті испан тілімен қазіргі күні жоғалып кеткен ғұн тілінің араласуынан туған тілдердің бірі. Біздің пікірімізше бұл тіл біздің қазақ тіліне негіз болған көне түрік тіліне жақын  болса керек. Оны арагондық «Борджа» мен қазақтық «Бөрші» атауларының жазылуының және айтылуының ортақтығы мен ұқсастығынан да аңғарамыз. Борджиа әулетінің гербі (ел таңбасы) – қызыл бұқа. М-Ж. Көпейұлының Алтай батыр туралы әңгімесіндегі «Алтай-Арғынның сәуірі» деген дерегін еске түсіреді. «Сәуір» деген сөз бұқа болып аударылатыны бізге белгілі. Борджиа әулетінен католик әлемін билеген Римнің екі папасы және жиырма шақты кардинал шықты.

Әдебиет: Клула И. Борджиа (Перевод с французкого языка). Ростов-на-Дону, 1997; Тененбаум Б. Великие Борджиа. М., 2011; Иордан. О происхождении и деяниях гетов. М.,1960; Прокопий Кессарийский. Война с готами. М.,1996; Исидор Севильский. История готов, Вандалов и свевов//Памятники средневекеовой латинской литературы ІУ-ІХ вв. М., 1979.

Бөршілер Мысыр жерінде

Қонысы: Мысыр қаласы, Шам аймағы

Дәлелі: Тарихшы Ибн Шаддад Байбарыс сұлтанның туған жылы 1225 жыл деп көрсетеді. Деректерге қарағанда Моңғол шапқыншылығы кезеңінде жаудан қашқан Байбарыс елі Бұлғар мемлекетінің патшасы Анар ханнан Қырымдағы Судақ теңізі арқылы өткізуді, жер беруді сұрайды. Хан оларға екі тау бөктеріндегі орынды береді де, көшіп келе жатқандарында аярлықпен шабуыл жасап, біраз адамдарын өлтіріп, біразын тұтқынға алады. «Тұтқынға түскендердің ішінде мен және Байбарыс болдық. Сол кезде оның жасы шамамен он төртте еді. Тұтқынға түскендерді Кіші Азиядағы Сиуас құл базарына жөнелтті. Содан мен Байбарыстан ажырап қалып, кейін Алеппо қаласындағы Хан ибн Қылыш базарында кездестік» деп әңгімелеген екен Байбарыспен бірге тұтқынға түскен оның жерлесі және туысы Байсары.

Байбарысқа арнап салмақты кітап жазған, араб елдерінде көп жылдар елшілік қызмет атқарған Қайрат Сәки мысырлық тарихшы әл-Айнидың жазғандарына сүйеніп «Байбарыс ұлты Қыпшақ, түркінің Барш уғлу тайпасына жатады» дейді. Қайрат Сәки араб тарихшыларының тайпа атауын «Бардж», «Бурдж» деп жазатынын ескертеді. Сонымен қатар, тарихшы ан-Нуайри «Ниһая ал-араб фи фунун ал-адаб» кітабында «Мысыр жеріндегі түркі мемлекетінің төртінші патшасы, нағыз патша Байбарыс ас-Салихи-ұлты түркі, Елбөрілі (Ал-Бурули) тайпасынан» деп жазғаны да белгілі. Бұл жерде біз Бөршілердің ортасында тұрақты түрде Бөрші атауын бөрімен байланыстыратын жорамалды еске түсіргеніміз жөн.

Байбарыстың кресшілердің жорықтарын тоқтатқаны, Мансурия соғысында Франция королін тұтқындағаны, моңғолдың Кетбұқа ноян бастаған әскерімен соғысы т.б. біздің оқырманға белгілі. Оның Мәдина мешітін, Иерусалимде Кубба ас-Сахра мешітін, Мысырда әл-Азхарды қайта қалпына келтіріп, жаңғыртқаны туралы мәліметтер бар. Ал оның жүздеген мешіт, керуен сарай, медресе мен көпірлер салдырғанын, мұсылман әлемінде жаңа сәулет өнерінің үлгісін қалыптастырғанын жұрт білер ме екен? Бізге қызығы, Байбарыстың 1260-1270 жылдардың басында Қырымда мешіт салдыруы. ХVІІІ ғасырда Қырымды аралаған П. Кеппен бұл мешіттің іргесі мәрмәр таспен көмкерілген, ал күмбезі порфирден деп сипаттайды. Қазіргі күні Ескі Қырым аталатын Солхатта заманында бұл мешіттен артық сәулет өнерінің туындысы болмаған.

Байбарыстың мешітті өзге жерге салмай, Қырымды таңдауы не себепті? Зерттеушілер екі түрлі пікір білдіреді: біреулері Мысыр саудасы үшін Қырым керек болды десе, екіншілері атақты сұлтан өзінің туып-өскен, балалық шағы өткен отанына салды дейді.  Біз осы соңғы пікірді жақтаймыз, себебі Байбарыстан кейін Мысыр билігіне келген және Қырымға көмекті жалғастырған Қалауынның да шыққан тегі Бөрші елінен. Тарихшы Ал-Макризи (1356-1441 жылдар) Қалауын туралы «Нәсілі Қыпшақ, Бурдж оглы тайпасынан. Мысырға кішкентай кезінде әкелінген. Оны сұлтан бектерінің бірі – Ақсұңқар Сақи бір мың динарға сатып алған, сондықтан ол «Ал-Алфи», яғни «Мыңдық» деген атпен белгілі болды дейді.

Сонымен Қырым мәселесі Байбарыс пен Қалауынға байланысты қайта-қайта алдымыздан шыға береді. Бөршілердің осынау табиғаттың ғажап сыйындай Қаратеңізге сұғынып тұрған жарты аралда ерте заманнан бері қоныс салғанын біз атап өттік, ал сол Қырымда тамаша мешіт салған Байбарыс пен Қалауын сол Бөршілерге туыс емес пе екен деген ой қылаңдайды.

Әдебиет: Сәки Қ. Қыпшақ мәмлүктер. Астана, 2006; Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды / извлечения из арабских сочинений, собранные В.Г.Тизенгаузеном. – Т.1. - СПб., 1884, Алматы, 2005; Мечеть Бейбарса в Старом Крыму — самая древняя мечеть в Украине//http://crimeanblog.blogspot.com/2012/02/mechet-beybarsa.html.

Соңғы көш

Қонысы: Қорғалжын-Теңіз өңірі, Түркістан шаһары, Қарнақ қышлағы, Аша ауылы және Шорнақ қалашығы, Қырғызстан-Ош аймағы-Қара өзені.

Дәлелі: Бөршілер, Сарыарқаның өзге де қазақтары сияқты, хандық дәурен аяқталып, Ресей округтер (дуан) аша бастаған 1830 жылдарға дейін Түркістан өңірімен байланысты болды. Олардың ішінде «Ақтабан шұбырынды» жылдары көшуге жағдайы келмей, не отырықшы дәстүрге үйреніп сарт (қазіргі уақытта -өзбек) болып кеткендері де бар. Біздер ондай бөрші-өзбектерді Қарнақ қышлағынан кездестірдік. Кейіннен Ресей қазақ даласына билік жүргізе бастағанда Сыр бойында тұрақтап қалған бөршілер де аз емес. Түркістандық бөршілердің арасынан оңтүстік өңірге белгілі Қонақбай датқа, Шәутібай балуан сияқтылар шықты. Қонақбай датқа Түркістан билігі қазақ хандарының қолынан кеткен уақытта қалған қара халыққа тұтқа болған азаматтардың бірі.

Шәутібай жайында ел аузында әңгімелер көп, соның бірі: «...Шәутібай сол заманда тасы өрмелеген адам болған. Бір өзінде 500 түйе болған болады. Оның ішінде 200-і түрікмендік қызыл нар екен. Осы нар түйелерінің арқасында сол өңірдегі саудаға қатысы бар адамның бәріне танымал болады. Бір жағы Ресей, екінші жағы Қытай, үшінші жағы Бұхара аймақтарына кіре тартатын, керуен жүргізетін саудагер-байпатшалар Шәутібайсыз ештеңе де шеше алмаса керек. Саудасы гүлденген Шәутібай Түркістанда жер-жерден дүкендер ашып, ал Тастақ деген жерден үлкен керуен сарай салдыртады. Түркістан жерінің базарының билігі осы кісінің қарамағында болды».

Осы Шәутібай батыр Кенесары көтерілісі кезінде орыстың жазалаушы отрядтарынан қырғын көріп Сарыарқадан ауып барған, қырғызға тұтқынға түсіп содан қашып шыққан қазақтарға көп көмек жасаған екен дейді.

Бөршілер Кенесары көтерілісіне белсене қатысқаны деректерден белгілі. Ең алдымен  Ақмола дуанының алғашқы орталығы Тайтөбенің Бөрші қоныстарына жақын салына бастағанын айту керек. 1832 жылы тамыздын 22-інде округ ашылуына байланысты мерекелік іс-шараларға Тоқа, Тінәлі, Қаракесек, Төртуыл, Ораз Темеш, Айтқожа, Тама, Алтын Жағалбайлы, Алтай, Таракты, Қарпық руларының басшыларымен бірге Бөрші көсемдері де қатысады. 1835 жылғы алғашқы санақтардың бірінде Бөршілер Ақмола дуаны құрамындағы Төбет Темеш болысының құрамында аталады. Болыстың басшысы Қасым төре әулетінен сұлтан Қоназ Есенгелдіұлы. Осы болыстың 13-ші ауылының құрамында Бөршілердің Жоламан атасы да жеке ауыл есебінде тізімде бар. Бұл атаның биі Жұрынбай Кеншімбаев. Санақ мәліметтеріне қарасақ Жоламан ауылында  есепте 66 үй саны бар, ер адам саны 198, әйел адам-204, жылқы 2300, түйе-360, қой-ешкі  3750, сиыр-180.

Бұл санақта Бөршілердің екінші бөлігі Түнқатар-Қарпық болысының құрамында делінеді. Бұл болыстың басшысы сұлтан Байғара Даиров. Бөршілер бұл жерде 1 ауыл, үй саны 52, ер адам-156, әйел-212, жылқы 370, сиыр 110, қой-420, түйе-25. Бөршілердің бұл ауылын би Айнабек Көшенаев басқарады. Түнқатар-Қарпық болысында статистикалық есепке қарасақ барлығы 14 ауыл бар. Сонымен Бөршілер Ақмола дуанының құрамында екі старшын ел болған еді деген әңгіменің шешімі шығады. Кейіннен Бөршілердің Сарыөзендік және Сабындылық болуының да шешімі осында.

Ақмола дуанының ашылуы осы жердегі қазақ баласының шаруашылығын бірден ойсыратып түсірді. Мал жайып Есілдің бойына жақындау қиындады, Қараөткелдегі қызу сауда тоқтады, орыс қолынан өлген адам шығыны көбейді.  Ресейдің шектен шыққан отаршылдық саясатына наразылық 1837 жылы Кенесары бастаған  қуатты бас көтеруден өз жалғасын тапты. Міне, сол заманда ту ұстап елдің алдына шыққан батырлардың ішінде Бөрші ағайынды Әліке, Базар батырлар ерекше аталады.

Кенесарыұлы Сыздық сұлтанның естеліктерінде Кенесары ханды қырғыз басшылары Орман, Кәрібоз және Жантайдың мойындамай қойғаны, қайта өзінің адамдары арқылы қырғыздарды айдап салғаны айтылады. Қырғыздар осыдан кейін 30-40 адам болып Кенесарының жақтастарының жылқысына тиісе бастады. Сыздық «Кенесары  хан  Бөрші руынан Әліке батыр мен Базар батыр, Шұбыртпалы Ағыбай батыр және Табын Бұқарбай батыр бастаған шағын жасақты қырғызға қарсы аттандырды» дейді. Кенесары жау қолына түскенде Бөрші азаматтарының ішінде де «Төре қалды, біз де қаламыз, қырғыз да мұсылман, орыстың тепкісінде өлгенше қырғыздың қолынан өлейік, елден батыр болып шығып, ханымызды тастап қатын болып қашпайық, жақсы ит өлімтігін көрсетпес, біз жеңілдік, ханымызды тастай қаштық деп елге барғанша, төре не көрсе бірге көріп, Алланың басқа салғанын көріп алайық» деп қолға түскендері аз болмаған. Солардың бірі Қорғанбай деген азамат Кенесары әскерінің тылын басқарған екен, үйір-үйір  жылқы, табын-табын  түйе,  отар-отар қой  бар, дүние-мүлік, қару-жарақ, ханның қазынасымен бірге қырғыз қолына түсіпті. Кейін бір замандар өткенде Қорғанбайдың балалары тұтқыннан қашып шығып Түркістанға келіп  Шәутібай батырдан жәрдем алып Аша деген жерге қоныстанған екен.

Шәутібай Кенесарының орыс патшасының қызметіне кірген балалары Тайшық және Ахмет сұлтандармен жақын қарым-қатынаста болады. Сол заманда Черняев бастаған Ресей әскері келіп Түркістанды жан-жағынан қоршап, зеңбірекпен атқылағанда «бейбіт халық Әзіреті Сұлтанға келіп тығылады. Орыстар енді бүкіл түрік баласы, мұсылман жұрты қадірлейтін ескерткішті ата бастайды. Содан зеңбіректің екі оғы кесенесінің қабырғасына тиеді. Бейбіт ел қырылатын болған соң Шәутібай батыр Ахмет сұлтанды араға салып барып орыс әскерінен бейбіт халыққа оқ атпауын  өтінген екен.  Осылайша Түркістандағы Әзіреті Сұлтан қираудан аман қалған» дейді қариялар.

Әдебиет: М.-Ж.Көпейұлы. Шығармалары. 1-20 тт. Павлодар, 2013; Национально-освободительное движение казахов под предводительством К.Касымова. Алматы,2002; Омари Ж. Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз. Астана, 2012.

Міне, осымен қазақтың шығын ғана бір атасы Бөршілердің ұлы көшіне жасаған шолуымыз тәмам. Қазақтың әр руының осындай тарихы бары сөзсіз, тек тереңдеп зерттеу керек. Бір қарағанда ертегі сияқты, бірақ сәйкестіктерді және деректерді қайда қоямыз?!

Корытындылай келсек, ғұндар бастаған «халықтардың ұлы қозғалысы»  әлем тарихында орта ғасырлардың қақпасын ашып, феодалдық дәуірді бастап берді. Ғұн соғысынан кейін құл иеленуге негізделген Рим империясы ыдырап, Еуропада ұлттық мемлекеттер пайда болды. Бұл Еуропа тарихы үшін үлкен прогресс еді.

Болашақта қазақтың жас тарихшылары бұл тақырыпқа терең барады, өздерінің Еуропа, Қырым мен Қап тауындағы қандастарын түгендеп алады деп сенеміз. Біздің мақсат – аңыздық мәліметтерді беру, себебі онсыз біз Бөрші тақырыбын, оның Қырым мен Кавказға, одан әрі Еуропаға бару тарихын  аша алмаймыз.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?